№1. Барлығына ыңғайлы байланыс құралын таңдаңыз
Әдетте, пошта – іскерлік қарым-қатынастың негізгі құралы. Алайда мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы қызмет мәселесімен байланыс жасайтындар да аз емес. Қай құралды пайдалансаңыз да, әуелі сөйлесетін адамыңызға қайсысы ыңғайлы екеніні біліп алғаныңыз жөн.
№2. Әуелі жазыңыз, қоңырау шалмаңыз
Бірден қоңырау шалу немесе аудио хабарлама жіберу кез келген мәселені тез шешудің әдісі болғанымен, қазіргі кезде әдепсіздікке жатады. Екінші адам қоңырауыңызды күтіп отырмаған шығар, қызметте немесе жеке жұмысын істеп жатуы мүмкін. Сондықтан ұялы телефонына хабарласпас бұрын жөніңізді айтып, мәтін жазып, қоңырау шалуға рұқсат алғаныңыз абзал.
Қазір мессенджерде ғана емес, барлық әлеуметтік желіде аудио хабарлама жіберуге болады. Алайда бұрын сөйлесіп көрмеген адамға бірден аудио жіберу – сұхбаттасушыны құрметтемеу. Ол сіздің бір минут сөйлегеніңізді тыңдап отыруға міндетті емес. Сондықтан кейде хабарламаңызды мүлде ашпауы да мүмкін. Онымен тез байланысқыңыз келсе, шағын, түсінікті мәтін жіберуге тырысыңыз.
№3. Хабарламаны жауапсыз қалдырмаңыз
Сізге жіберілген кез келген хабарламаға 15-30 минут ішінде жауап беруге тырысыңыз. Тіпті, қолыңыз бос болмаса да, хабарламаны көргеніңізді, кейін жауап жазатыныңызды ескертіп қойған жөн.
№4 Онлайн кездесулерге алдын ала дайындалыңыз
Сізде ZOOM немесе Google Meet-те ресми кездесу бар. Бірақ байланыс нашар яки үйде балалар шулап, жұмысыңызға кедергі келтіріп жатыр. Мұндай жағдайда да онлайн кездесуге қатысуға болады, бірақ жұмыс өнімді өтпеуі мүмкін. Сондықтан алдын ала тыныш жер тауып, үйдегілерден сізді мазаламауын сұраңыз және интернетті тексеріңіз.
№5 Жұмыс уақытынынан тыс кезде ешкімді мазаламаңыз
Қазір кейбірі қашықтан жұмыс істегендіктен жұмыс уақыты мен демалысқа аса мән бермейді. Кейде шаруамызды тез шешкіміз келіп, бейтаныс адамға жұмыс уақытынан тыс кезде жазуды қалыпты санаймыз. Бірақ мұндай әрекет этикаға жатпайды. Сондықтан өте маңызды шаруа болса, дыбыссыз хабарлама жіберіп, кешірім сұрауды ұмытпаңыз. Ең бастысы – өзгенің жеке шекарасын сақтаңыз.
№6. Хабарламаны бөлек-бөлек жібермеңіз
Бейтаныс адамға мәселеңізді жазғанда мәтінді түсінікті, шағын етіп, ойыңызды бір хабарламаға сыйғызып жолдауға тырысыңыз. Бұл этикетті бейтаныс адаммен сөйлескенде ғана емес, жалпы мессенджерде, әлеуметтік желіде барлық адаммен байланысқанда сақтағаныңыз жөн.
№7 Толассыз ашық хат жіберудің қажеті жоқ
Әсіресе, мереке, мейрам, туған күн болғанда бәріне бірдей ашық хат жібергенді ұнататындар болады. Олар ашық хат арқылы ізгі ниетін білдіргісі келеді. Мұны жақындарыңыз дұрыс түсінгенімен, кейбірі жақтырмайды. Себебі спам, ашық хат гаджеттің жадын толтырады. Сондықтан біреуді құттықтағыңыз келсе, тілегіңізді мәтін түрінде, шынайы етіп жазып жібергеніңіз жөн.
№8. Тоқетерін бірден айтыңыз
Бейтанысқа немесе көптен сөйлеспеген адамға қандай жұмыспен хабарласқаныңызды бірден жазғаныңыз жөн. Сонда мәселеңіз де тез шешіледі.
Ыңғайлы және тиімді қарым-қатынаста ең бастысы – сыйластық. Жұмысыңызды жылдам бітіріп, басқалармен жақсы байланыс орнатқыңыз келсе, бірінші кезекте олардың жағдайын ойлаңыз.
Add comment