Айтып отырғанымыз – таңда ояну салты. Адам қалай және қашан оянғанына және алғашқы сағатты қалай өткізгеніне қарай өмірін де өзгерте алады. Стресс деңгейі төмендейді, денсаулық жақсарады, әр таң сайын сергек болып, бойдағы қуатпен оянады. Жұмысының өнімі артып қана қоймай, аса маңыздысына назар аударуға мүмкіндік туады. Ал ең бастысы, әлем әлі ұйқыда жатқанда өзінің өмірлік міндетін, тіршілік етіп жүргендегі мақсатын түсінуге мүмкіндігі артады екен.

Steppe and World баспасының негізін қалаушылардың бірі, пианист Гүлфайруз Шаует бір жылдан бері таңертең әдеттегі уақытынан бір сағат ерте тұрып жүр. Гүлфайруздан бұлай оянудың өміріне қалай әсер еткенін сұрадық.

«Жұмысы түнде өнетін адам едім»

«Бұрын жұмыстың басталар уағына туралап оянатынмын. Жұмысым 8-де, сондықтан сағат 7-де тұрып, жиналып кете беретінмін. Бұл уақыттан бір сағат ерте тұруды Хэл Элродтың «Таң шапағаты» кітабын оқыған соң әдетке айналдыра бастадым», – дейді Гүлфайруз Шаует.

Ерте тұратын адам ерте жатады. Гүлфайруз бұрын өзін жұмысы түнде өнетін адам қатарына жатқызатын. Өте кеш ұйықтайды. Солайша, таңертең кеш оянады.

Кеш жатуды әдетке айналдырып кеткен адамның денсаулығы нашарлауы мүмкін. Өйткені дәл ұйықтағанда бөлінетін гормондар бар. Олар уағында бөлінбесе, организмдегі мөлшері азайып, күндіз жұмыс істеу қабілетіне әсер етеді.

Мысалы, ұйқы гормоны мелатонинді алайық. Ол тәулік бойғы организмнің ырғағын реттейді, гормон жүйесі мен  қан қысымын қалыпқа келтіреді, иммун жүйесіне әсер етеді. Мелатонин сағат 00.00-ден 4.00-ге дейін бөлінеді. Ең көп бөліну уақыты – 2.00. Бұл уақытта адамның ояу жүруі денсаулыққа айтарлықтай кері әсер етеді.

«Қазір 22.00-де жатып қаламыз. Негізі оятқыш қоямын. Дегенмен адамның денесі режимге үйреніп кетеді екен. Таңертең оятқыш шырылдамай тұрып аламын. Оған денем де, миым да үйренді», – дейді Гүлфайруз Шаует.

Жай ғана ерте ояну емес, әдеттегі уақытынан ерте тұратын адамдар көбіне депрессиядан аулақ жүреді. Өмірге сергек қарайды, иммунитеті мен есте сақтау қабілеті жақсарады.

«Таңертең қыж-мыж боп ояну қалыпты болып кеткен еді. Сол күнгі жұмыстар да нәтижелі болмай, денем де дел-сал болып жүреді. Ерте жатып, ерте ояна бастағанда ой-санам да демалатын болды. Күні бойы өзімді жеңіл сезінемін. Бұл әдет өмірімді өзгертті, өмірге бұрынғыдан да сергек қараймын», – дейді ол.

Гүлфайруз қазір сағат 6-да тұрады. Бұл уақытта медитация жасайды, денесін шынықтырады. Күні бойы істейтін шаруаларының біразын бітіріп қояды. Ондай іс күндіз немесе кешке баяу істелгенімен, таңертең жылдам бітеді екен.

Здоровый сон

Таңды шаруаның ең күрделісінен бастаған жөн

Негізі таңды шаруаның ішіндегі ең күрделісінен немесе мойын бұрғыңыз келмейтінінен бастаған жөн. Өнімділік жөніндегі танымал эксперт Брайан Трейси осылай дейді. Бұлай ету арқылы біз психологиялық қиындықты болдырмай, өмірдің жаңа биігіне сатылап көтеріле аламыз. Оған қоса, бұл күні бойғы істің жемісті болуына әсер етеді. Өйткені таңның бір сағаты күннің 3 сағатына татиды.

«Бұрын аптасына бір рет йогаға және балетке қатысатынмын. Дегенмен оларға жұмыстан кейінгі кешкі уақытта ғана үлгеруші едім. Кейде кешке басқа шаруалар шығып, бармай да қалатыным бар», – дейді Гүлфайруз.

Ол денені шынықтыруды таңертеңге жоспарласа, оның міндетті түрде орындалатынын айтады. Өйткені бұл уақытта өзіңмен-өзің оңаша қала аласың.  Дене де тұра сала жаттығуға үйренеді. Бой ауырлап тұрса, жаттығу бәрін жазып жібереді.

«Демалыс күндері «Бүгін демалыс қой, таңертең асықпай оянсам да болады» деп ұйықтауым мүмкін. Бірақ дене үйренгенін ұмытпайды екен. Күнделікті тұрып жүрген уағымда оянып аламын. Сосын таңертең 10 мың қадам жүріп қайтамын», – дейді ол.

Оған «Бір істі әдетке айналдыру үшін 21 күн сол әрекетті қайталай беру керек» деген формула әсер етпепті. Іс әдетке айналуы үшін 21 күннің үшеуі, яғни 66 күн қажет болған. Осынша уақыттан кейін ғана ерте ояну әдеті қалыптасқанын айтады.

Әдеттегі уақыттан ерте оянатын топқа қалай қосылуға болады?

Адам мақсатына қалай қадам басып бара жатқаны туралы өзгеге есеп беріп жүрсе, діттеген межесіне жету мүмкіндігі артады. Жұрттың істеп жүргенін көргендер де өзіне сенімді бола бастайды.

«Таң шапағаты» кітабының дәл осы идеясын қазақша оқитын оқырмандар іске асырып жүр. Facеbook желісінде Гүлфайруз Шаует таңертең ертерек оянғысы келетін кітап оқырмандарына арнап топ ашып қойған. Қазір топқа 1,6 мың қолданушы тіркеліпті. Онда әр ай сайын «Таңғы уақытты өзіме арнаймын» деген 30 күндік марафон жарияланады.

Марафон қатысушылары күнделікті тұратын уақытынан 30-60 минут бұрын тұрып, өзін тұлға ретінде дамытуға уақыт бөледі. Марафонның шарттары мынадай:

  • марафон туралы пост астына «Табанды боламын» немесе «Бірге дамып, бірге ілгерлейік» деп жазу. Бұл ерте тұруға ниетті екеніңізді білдіреді. Сосын қатысушыға жеке нөмір беріледі;
  • «Таң шапағаты» кітабын оқу, бастау;
  • топ админі таңертең жариялаған постына қатысушы ұйқыдан тұрған уақытты және сол кезде немен айналысқанын жазады;
  • марафонға қатысар алдында ерте тұрған уақытты қалай жұмсайтыныңыз туралы жоспарлау керек. Есепті топқа немесе басқа танысыңызға беруге болады.

Топ мүшелері ерте оянғанда мынадай 6 түрлі іспен айналысып үйренуі керек. Бұл тізім кітапта берілген:

  1. Тыныштық. Таңғы уақыт қарбаластың азар алдындағы мезгілдей көрінуі мүмкін. Бұл адамның тынышын алады. Оны болдырмау үшін немесе мөлшерін азайту үшін 10-15 минут тынышықта отыруға тырысыңыз. Бұл уақытта дұға етуге, медитация жасауға, терең тыныс алып, оны қайта шығаруға, осы күнге алғыс айтуға, ойлануға болады.
  2. Аффирмация немесе «Жақсы сөз – жарым ырыс». Біреу «сен бай боласың» десе, «қайдағы байлық» деп басты ала қашпай «әумин» дей берген дұрыс. Өйткені ой материяға айналады.
  3. Визуализация немесе елестету. Жоспарлаған істі қалай атқаратыныңызды бір елестетіп алсаңыз, оларға кірісуге дайынсыз деген сөз. Шаруаны атқаруға кедергі табылса, оны да қалай шешу қажет екенін ендігі білесіз.
  4. Дене шынықтыру. Жаттығу тиімді ойлануды, ең маңызды нәрсеге зейін қоюды үйретеді.
  5. Кітап оқу. Күніне 20 беттен оқып отырған адам жылына 30 кітап бітіре алады.
  6. Күнделік жазу миды қозғап, мазалап жүрген мәселенің шешімін табуға, ойдың түйінін ағытуға көмектеседі.