Мари Кондо кім?
Мари Кондо тазалық сарапшысы, бестселлер болған кітаптардың авторы, Netflix-те хит болған «Мари Кондомен тазалық» атты ток-шоудың жұлдызы, KonMari Media компаниясының негізін қалаушы. Үй жинауға бала кезден үйір болған Мари тазалық сарапшысы ретінде кәсібін 19 жасында Токио университетінде оқып жүргенде бастады. Бұл күнде Мари адамдардың үнемі шашыла беретін үйін тыныштық мен шабыт мекеніне айналдырып жүр.
New York Times бестселлері атанған «Өміріңді өзгертетін ғажайып тазалық» атты кітабында Мари тазалықты жаңа бір деңгейге көтерді. Осы кітап бойынша айналаңызды бір рет дұрыстап ретке келтірсеңіз, екінші рет бұл сұрақ мазаламайды.
The New York Times, The Wall Street Journal, London Times, Vogue, Стивен Колбертпен өткен шоу, Эллен шоу, сондай-ақ 50-ден астам жапондық теле және радио бағдарламалары Мари туралы жарыса айтты. Ол Time журналының «Әлемдегі ең ықпалды 100 адам» тізіміне енді.
КонМари әдісі дегеніміз не?
Көптеген үй жинау маманы үйді «бөлме-бөлме» немесе «күнде аз-аздан жинау» әдісін ұсынады. Алайда бұл тәсілдермен сіз үйдегі қажет және қажетсіз заттардан ешқашан көз аша алмайсыз.
Ал Конмари әдісі үйді «бөлме-бөлмемен» жинауды емес, барлық затты категорияға бөліп жинауды ұсынады:
- ең бірінші үйдегі барлық киімді;
- содан кейін барлық кітапты, қағаздарды;
- майда-шүйде заттарды;
- ең соңында естелікке толы заттарды реттестіріңіз.
Ең бастысы, өзіңізге қуаныш сыйлайтын заттарды ғана қалдырып, жағымды эмоция тудырмайтын заттардан құтылыңыз. Ол заттарды сізге көрсеткен қызметі үшін алғыс айтып шығарып салыңыз.
Маридің тапқан бұл әдісінің әлемге әйгілі болуы оның тиімділігінде ғана емес, терең философиясында жатыр.
КонМари әдісі бойынша тазалық жасаудың 6 негізгі ережесі
1. Тазалыққа жеке уақыт арнаңыз
КонМари әдісіне үйде тазалық жасау деп қана қарамау керек. Оның қағидаларын ұстану – бүкіл өміріңізді жаңартуға мүмкіндік.
Тазалық жасауға шынайы ниеттену, яғни тазалыққа қажет уақыт пен күш жұмсауға дайын болу – тазалық жолындағы алғашқы қадам. Өзіңіздің тазалық мерекеңізге айқын мақсатпен және нық сеніммен кіріссеңіз, барлық затыңызды бір дегенде реттестіріп тастауға қажет энергия мен мотивация пайда болады.
Бұл еңбегіңіз еш зая кетпейді. Өйткені сіз айналаңыздағы жақсы көретін заттарды шынайы бағалауды үйрену арқылы өмірден ләззат алып, арманыңыздағы бақытқа қол жеткізудің алғашқы қадамын жасайсыз.
2. Арманыңыздағы үйді елестетіңіз
Мари ұсынатын тазалық жай ғана үй жинау немесе қонақ күтуге дайындық емес. Бұл – өміріңізге қуаныш сыйлайтын және өміріңізді мәңгілікке өзгертетін тазалық.
Сіз қандай үйде тұруды қалайсыз және онда қалай өмір сүргіңіз келеді? Ең бірінші осы сұраққа жауап беріңіз. Ойыңыздағы көріністі суретке түсіріңіз немес дәптерге жазып сипаттаңыз. Болмаса, журналдардағы суреттерді қиып алыңыз.
Арманыңыздағы үйді елестеткенде неліктен үй жинау керек және оны қалай жинау керек екені түсінікті болады.
Тазалық жасау – өміріңізге үлкен өзгеріс алып келетін құбылыс. Сондықтан сіз армандаған тазалық қандай болуы керек екенін жақсылап ойланыңыз.
Мари бізге осыны үйретеді.
3. Ең бірінші артық заттардан арылыңыз
КонМари әдісін қолданып, іске кірісерде ең алдымен көңіліңіз қимайтын затқа баса назар аударыңыз. Көңіліңізге жақын, сізге қуаныш сыйлайтын заттарды алып қалып, қалған заттың барлығына рахмет айтып шығарып салыңыз.
Артық заттардан арылу КонМари әдісінің негізгі идеясы болмаса да, оның маңызды бір бөлігі. Өйткені бұл сізге өткеннен сабақ алуға мүмкіндік береді. Егер тастап жатқан затыңызды ешқашан қолданбаған болсаңыз, демек ондай затқа өміріңізде орын жоқ. Тастап жатқан заттың әрқайсысына мән беріп ойлану болашақ өміріңізге, әсіресе жаңа зат сатып алу әдетіңізге үлкен өзгерістер әкеледі.
Іс жүзінде бірінші болып қолданылмайтын заттардан арылсаңыз, өміріңізге керек, күнделікті тұрмыста қолданатын заттардың нақты мөлшері белгілі болады. Содан кейін ғана ойыңыз бен көңіліңізді тек қуаныш әкелетін қалған заттарға арнай аласыз.
4. Заттарды тұрған жеріне қарай емес, категориясына қарай жинау
Біз ең бірінші бір сөрені не шкафты, болмаса бір бөлмені жинап, сосын келесі бөлмеге көшеміз. Дәл осы тәсіл жинаған үйдің қайтадан тез шашылып, өмір бойы жиналмайтын үйдің суретіне әкеледі. Сондықтан үйде толығымен тәртіп орнатып, өміріңізді мәңгілікке өзгерту үшін заттарды тұрған жеріне қарай емес, категорияға бөліп жинап бастау керек.
Адамдар көбіне бірдей типтегі заттарды бір емес, бірнеше жерде сақтайды. Сол үшін үйіңіздің әр бұрышын бөлек-бөлек жинағанда, бір істі қайта-қайта әр бөлмеде жасап шығасыз. Осылайша үйіңізде қажет, қажет емес заттардың жалпы мөлшерін көре алмағандықтан, үнемі үй жинаудан көз аша алмайсыз.
Заттарды категория бойынша, ең бірінші үйдегі барлық киімді, сосын барлық кітапты, сосын майда-шүйде, бағалы заттарды реттеп, жинастырып бастасаңыз, сізді сәттілік күтіп тұр.
5. Дұрыс тәртіпті ұстаныңыз
Үй жинауда дұрыс реттілікті ұстану шешуші роль атқарады. Маридің өзі КонМари әдісінің осы маңызды қадамына клиенттермен өткізген сабақтардың нәтижесінде қол жеткізді. Заттарыңызды киім, кітап, қағаз, майда-шүйде және сентименталдық заттар деп категорияға бөліп жинау ең тиімді тәсіл екені дәлелденді.
Киімнен бастап (салыстырмалы түрде жеңіл) және сентименталдық заттармен (қиын) аяқтау арқылы дұрыс шешім қабылдауды үйренесіз. Киімнің бірінші орында тұруының тағы бір себебі – жасаған ісіңіздің нәтижесін, өміріңіздегі өзгерістерді салыстыруға мүмкіндік береді. Күнде таңертең тұрғанда ұқыпты жиналған шкафыңыздан тек қуаныш сыйлайтын сүйікті киімдеріңізді көру – өміріңізге үлкен мен беріп, ары қарай ұмтылуға жетелейді.
Келесі бір категорияға өткен сайын энергияңыз бен құлшынысыңыз арта түседі. Физикалық тұрғыдан шаршауыңыз мүмкін, бірақ қажетсіз былықтардан арылған сайын жігерлене түсесіз. Бүкіл жұмыс барысында сіз бұл әдіспен қоса өз-өзіңізді терең түсіне бастайсыз.
6. Көңіліңізге қуаныш сыйлай ма?
Сізді қандай заттар, қандай орта бақытты қылатынын сіз ғана білесіз. Бұл – КонМари әдісінің негізгі мәні және басқа әдістерден басты айырмашалығы. Басқа да үй жинау әдістерінің көбі әр адамның жеке ерекшеліктерін ескермейді, барлық адамды бір қатаң ережеге бағындырғысы келеді. «2 жыл ішінде қолданбаған заттарды тастаңыз» немесе «жаңа нәрсе сатып алған сайын ескі нәрседен арылыңыз» дегенді көп естіген шығарсыз. Бірақ Маридің әдісі мүлдем басқа.
КонМари әдісі бойынша шешім қабылдаудағы негізгі критерий – сіздің сезіміңіз және не нәрсе сізге қуаныш тудыратынын ceзіне білу. Мұны анықтау үшін үй жинағанда әр затты жеке-жеке алып, өзіңізден «Бұл көңіліме қуаныш сыйлай ма?» деп сұраңыз. Өзіңіздің денеңіздің реакциясына назар аударыңыз. Қуаныш әркімнің жеке сезімі, сол үшін бұл қуанышты әркім әртүрлі сезінеді. Мари мұны «Денеңіздің жасушалары ақырындап көтеріліп бара жатқандай, кішкене толқыныс, бақыт ұшқыны» деп сипаттайды.
Өзіңізге тек қана қуаныш сыйлайтын заттарды таңдау арқылы не ұнайтынын және не қажет екенін анықтай аласыз.
КонМари әдісі неге тиімді?
Тазалық жасау – өте мықты құрал, бірақ бұл соңғы аялдама емес. Тазалық жасаудағы негізгі мақсат – қажетсіз заттардан құтылып, қалағаныңыздай өмір сүру. Үйіңізді КонМари әдісімен жинай бастағанда ішкі даусыңызды тыңдауды үйренесіз.
«Маған не керек?» деген сұраққа жауап беру арқылы қалай өмір сүргіңіз келетінін түсінесіз. Әр затыңызды жеке-жеке бағалап, үйіңізді жинастыру өміріңіздегі үлкен өзгерістердің бастауына айналады. Сондықтан бұл әдіс «таңғажайып тазалық» деп аталады.
КонМари әдісі қазаққа жат нәрсе ме?
Атам қазақ әрбір заттың киесі бар деп сенген. Жақсы кісінің жолын берсін деп сол кісінің киімін сұрап киген. Қайтыс болған кісінің заттарын лақтырып тастамаған, жақындарының арасында бөлістіріп көзінің қарашығындай сақтаған. Ұл туу ниетімен қызға ұлдың бір киімін кигізу немесе ұл туған әйелдің дамбалын сұрау әлі күнге дейін бар. Біздің дініміз де ысырып жасамай әрбір затқа ұқыптылықпен қарауды әмір етеді. Мари Кондо да осы ақиқатты дәріптеп жүр.
Расында үйдегі әрбір затқа, әсіресе киімдерімізге асқан ұқыптылықпен қарайтын болсақ, ол киімдерді кез келген жерге лақтырмаймыз, қалай болса солай шкафқа тастай салмаймыз. Оларға деген көзқарасымызды өзгерте алсақ, шашылған зат мазамызда алмайды, әдемі боп жиналып бізді қуантып, ұзақ қызмет жасайды. Міне Мари, Кондо осы ақиқатты насихаттайды.
Өкінішке қарай, салт-дәстүріміздегі керемет ақиқатты біле тұра оны өзіміз қолдана бермейміз. Ал Мари Кондо сол ақиқатқа көп жылдың нәтижесінде қол жеткізген. Оның практикада көзі жеткен ақиқаты дініміз бен салтымызда бар болғандықтан өзіме жақын тарттым.
КонМаридың сертификатталған консультанттары
Кейінгі 2 жылда әлемнің төрт бұрышында, әсіресе АҚШ-та КонМари әдісін жаңа мамандық ретінде оқып меңгерген арнайы сертификатталған мамандар көбейіп жатыр. Өйткені АҚШ-та КонМари әдісімен өз өмірін өзгерткісі келетін адамдардың саны артқан. Бұл тренд ерте ме, кеш пе Қазақстанға да келетініне сенімдімін. Мен де қазір сол КонМаридың ресми сертификатталған маманы атану жолындамын. Оқуын оқып, қазір тәжірібиден өтіп жатырмын.
Гонконгтағы кәсібім
КонМари әдісі Гонконгта да үлкен сұранысқа ие. Гонконг үйлері өте шағын, ал заттары өте көп. Сол шағын үйлерді жайлы қылап орналастыруға көмектесемін. Дәл қазіргі клиентіммен бір айдан аса уақыт жұмыс істеп жатырмын. Аптасына екі рет барып, жатын бөлмеден бастап бүкіл үйіне ғажайып тазалық жасауға көмектесемін.
Add comment