ГлавнаяБлог

1000 жылдық із. Сіз тастаған қоқыс ғасырлар бойы қандай күйде жатады?

Адамдар тұрмыс қалдығын сұрыптап, қайта өңдеуге бірте-бірте дағдыланып келеді. Мұның қоршаған орта мен адам денсаулығына пайдалы екені жиі айтылады. Ал қоқысты мүлдем сұрыптамасақ, не болуы мүмкін? Мысалы, қазір қалдырып жатқан қоқысымыз 1000 жылдан соң қоршаған ортаға қалай әсер етеді?

Kazwaste қауымдастығының мәліметінше, Қазақстанда жылына 5 миллионнан астам қатты тұрмыс қалдығы шығады. Коммунал қалдықтардың үлесі жыл сайын 5% өсіп отырады. Егер қалдықтарды рет-ретімен сұрыптайтын болсақ, оны басқа нәрсеге жаратуға немесе қайта өңдеуге болады. 2020 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда қайта өңделген және жарамды болған қатты тұрмыс қалдығының үлесі 15,8%-ке жеткен. 

Сонымен қатар әр қазақстандық жылына 165 келі қоқыс шығаратын көрінеді. Сонда бір адам күніне шамамен жарты келі қоқысты лақтырады. Мұндай деректі Статистика комитеті 2018 жылы жариялады. 

100 жылдан соң бізден не қалады? 

Электрон қалдықтарға істен шыққан смартфон, теледидар, кір жуатын машина және тағы басқа техника кіреді. Мұндай қалдықтарды кей елде жинап, өртейді. Бірақ электрон қалдықтардың қоршаған ортаға зиянын бұлай азайта алмаймыз. Себебі олар жанғанда құрамындағы ауыр металдар ауаға тарайды. Ал жанбағаны қоқыс полигонында қала береді. Сосын жарамсыз техникадан ауаға, топырақ пен суға зиян келеді. Кез келген электрон қалдықтың бір бөлшегі бір квадрат метр жерді ластай алады. Сосын ол жерге бірнәрсе егіп, өсіру қиындайды. 

Мысалы, Гана республикасында электрон қалдықтарды жинайтын полигон бар. Сол жерде дүниежүзінен істен шыққан техниканы әкеліп, ашық жерде өртейді. Тіпті, ешқандай қорғаныс құралы қолданбайды. Ал Аккра қаласының халқы сол полигонда жұмыс істеуге мәжбүр. Елде 30 жастан асқандар арасында өлім көбейген. Адамдардың репродуктив жүйесі зақымданып, кейінгі жылдары ауру балалар дүниеге келіп жатыр. 

Электрон қалдықтар әдетте қоқысқа жатпайды. Себебі оның кез келген түрін бөлшектеп, басқа аппараттарға пайдалануға болады. Мұндайда қазақстандықтарға «Промтехноресурс» ЖШС көмектесе алады. Бұл ұйымның бірнеше қалада электрон қалдықты салып кетуге болатын жәшіктері бар. Үйде тұрған істен шыққан техниканы да тегін алып кететін қызмет ұсынады. Ұйым қалдықтарды сорттап, керек зауыттарға өткізеді әрі қайта өңдейді. 

Instagram желісіндегі парақшасы — @util.kz.

Шыны бөтелке табиғи жолмен шіруге 1000 жылдан артық уақыт қажет етеді 

«Тұрмыс қалдығы» дегенде пластиктің ұзақ жыл шіритіні айтылады. Негізі пластиктен де көп жыл шірімей, жата беретін материал – шыны. Шыны табиғи жолмен шіріп кетуі үшін шамамен 1000 жылдан артық уақыт қажет екен. Демек, адамзаттың бүгін қоқысқа лақтырған шыны бөтелкесі бірнеше ұрпақ жалғасса да, жерде жата береді. 

Егер бізден кейінгі адамдар таза ортада өмір сүрсін десек, кез келген шыны қалдықты арнайы орындарға өткізіп, қайта өңдей аламыз. Шыны қалдықтың бір ерекшелігі оны көп рет өңдеуге болатынында. Мысалы, Алматыда шыныны Ecosen орталығы, макулатура және қайталама шикізат қабылдайтын KWR ұйымы және тағы басқа экологиялық қозғалыстар қабылдайды. 

Instagram желісіндегі парақшалары — @ecosen, @kwr.kz.

Пластик 800 жылға дейін шірімейді 

«Пластмасса» деп жалпы атағанымызбен бұл материалдың бірнеше түрі бар. Әрқайсысы жасалу күрделігіне байланысты әр уақытта шіриді. Пластик бөтелке 450 жылда шірісе, су ішетін түтікше 200 жылда жойылып кетеді. Ал пластмассаның өте күрделі, қатты түрі 800 жылға дейін табиғи жолмен шіри алмайды. Себебі пластмассадағы молекулалар өте мықты, бір-бірімен берік байланысқан. 

Бүгінде дүкендегі тауардың біразы пластикке қапталған. Пластмасса тым көп. Жылдан жылға артпаса, азайып жатқан жоқ. Тек құрлықта емес, суға да кетіп, теңіз жануарының өміріне де әсер ете алады. Оның үстіне 100 жылдан кейін де адамның жайлы өмір сүруіне кеңістік азая береді. Сондықтан да оны қайта өңдеу проблемасы көп айтылады. 

Қазақстандағы пластикті жинайтын, өңдейтін ұйымдар:

  • Ecosen
  • Rocket plastic
  • Kazakhstan Waste Recycling (KWR)
  • Plastnet
  • Ecoworld.kz
  • Zeta.kz
  • Lemonadoff.kz
  • Ecodom.kz және тағы басқа. 

Батарея табиғи жолмен жойылуға 100 жылдан аса уақыт қажет етеді 

Кей елдерде батареяны «үнсіз өлтіруші» деп атайды екен. Байқасаңыз, оның сыртында үсті сызылған жәшіктің суреті тұрады. Бұл белгі тауар утилизацияға жіберілуі керек екенін айтып тұр. Себебі батарея табиғи түрде жойылғанынша 100 жылдан аса уақыт қажет. Ал ол жатқан жерін 20 шаршы метрге дейін улай алады. Себебі оны жасаған кезде қорғасын, кадмий, сынап, никель, цинк және сілті қосылады. 

Батареяны Промтехноресурс ұйымының жәшіктеріне және Технодом дүкеніне өткізуге болады. 

Тұрмыс қалдығын қайта өңдемесек, не болуы мүмкін? 

Қазақстанда қоршаған ортаның тазалығына алаңдап, ерікті түрде экологиялық жобалар жасап жүрген адамдар бар. Соның бірі Recycle birge жобасының негізін салушы — Әлия Сәлменова. Біз Әлиядан адамзаттың бүгін шығарған қалдығы кемі 100 жылдан кейін қалай әсер етуі мүмкін екенін сұрадық. 

«Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. 100 жылда адамзат игілігі үшін ғылыми жаңалықтар ашылып, жап-жасыл дала мен дені сау халық қалыптасуы мүмкін. Олай болмаса, қазіргіден де бетер қокыс полигондарын, түтіндеп тұрған зауыттарды, техноген апаттар мен өмір сүруге келмейтін табиғатты қалдырамыз. Бәрі адамның қолында. Екінші сценарийге қол жеткізу үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ. Табиғи ресурсты ойланбастан ысырап ете берсек, сол жетеді. Ал бірінші пунктегідей нәтижеге жету үшін әр адам өмір сүру салты мен көзқарасын қазір өзгертуі керек, — дейді экобелсенді Әлия Сәлменова. 

Әлия Сәлменованың айтуынша, адам өмір салты, өнім шығару, экономиканы дамыту ісі айналаға ғана емес, біріншіден өзіне зиян екенін түсінуі қажет. 

«Тауарды шектен тыс өндіруді және бәрін бей-берекет қоқыс полигонына төге беруді біз тоқтатуымыз керек. Біз — планетаны құртып жатқанымызды түсінген алғашқы ұрпақпыз. Ендеше оны жақсартып, жүйені өзгерту және келешекке дұрыс орта қалдыру да біздің қолымызда. Бәрін билікке тапсырып отыра берсек, бізден кейінгі жас ұрпақ ересектерден қандай үлгі алады? Қоршаған орта таза қалпына келсін десек, балаларымызға үлгі бола алуымыз маңызды», — дейді Әлия. 

Қоршаған ортаны таза күйінде сақтауға қайта өңдеу емес, тұтынбау көбірек көмектесетінін айта кету керек. Бәрін жаңа зат сатып алмаудан, өнімді тұтынбаудан бастаған дұрыс. Одан кейін ғана қоқысты сұрыптау, оны қайта өңдеу көмектесе алады.