ГлавнаяБлог

Eco-friendly өмір салтын қалыптастыруға көмектесетін қарапайым әдеттер

Жердің экожүйесін қорғау және сақтау үшін не істей аламын деп ойландыңыз ба? Келер ұрпаққа тіршілік етуге жарамды ғпаламшар қалдыру үшін қандай шара қабылдау қажет? Климаттың өзгеруі, ауа мен судың ластануы сізді де алаңдататын шығар? Барлық мәселені бірден шешіп тастау мүмкін болмаса да, аз-аздан үздіксіз қадам жасауымыз керек. Мысалы, қажетсіз қаптамаларды пайдалануды доғарып, ресурстар мен материалдарды саналы түрде таңдай аламыз, осылайша қоршаған ортаға қамқорлық жасауды үйреншікті іс-әрекетке айналдырамыз.

Пластик пакеттен, ыдыстан, бөтелкеден бас тарту

Бұл – кез келген эко-белсендінің, экологтың және жай ғана қоршаған ортаны ойлайтын адамның негізгі ұстанымы. Өкінішке қарай, дүкен сөрелеріндегі тауардың басым көпшілігі пластик ыдыста орналасқан. Сіз күнделікті тұтынатын полиэтилен өнімдерінің ағаш пен мұхиттардан, қала берді жан-жануарлардың асқазанынан табылғанын қаламасаңыз, пластиктен бас тартқаныңыз абзал. Оның үстіне бұл өнімдердің ыдырауы да ұзақ уақыт алады. Альтернатив ретінде матадан тігілген шоппер, қарапайым сөмке немесе сауда себетін пайдалануға болады. 

Қайта пайдалануға болатын шыныаяқ алып жүру

Көпшілік бір рет қана қолдануға болатын қағаз шыныаяқтарды экологиялық таза деп есептейді, бұл – жаңсақ пікір. Қағаз тамақпен не сумен жанасқанда еріп кетпеуі үшін полиэтилен пленкамен қапталады. Бір реттік қағаз ыдыс – әртүрлі материалдың қосындысы, яғни композит материал. Композит өнімді өндіруге көп ресурс қажет, бірақ оның қолданысы ұзаққа бармайды. Ал әлемде композит материалды қайта өңдеу күрделі саналады. Нәтижесінде, қағаз шыныаяқ, қағаз тәрелке деген өнімдер қоқыс әлемінен ары аса алмайды.

Дәретхана қағазын дұрыс таңдау

Дәретхана қағазын жасау үшін көп ағаш кесілетінін білетін шығарсыз? Ал оның дүкен сөрелерінде қайта өңделген қағаздан (макулатура) жасалған түрі барын білетін бе едіңіз? Қағаз қоқысқа түспей, қайта өңделген. Үш-төрт адамнан тұратын отбасы макулатурадан жасалған дәретхана қағазын пайдалану арқылы бір жылда бір ағашты сақтай алады екен. Макулатурадан жасалған дәретхана қағазының жапсырмасында «қайта өңделген» деген жазу болады. 

Батареяларды қоқысқа тастамай, өткізу

Батареяда кадмий, қорғасын және мырыш сияқты қоршаған ортаға қауіпті заттар бар. Істен шыққан батареяны қоқысқа тастаудың орнына, қабылдау пункттеріне өткізген дұрыс. Мұндай пункттер батареяларды утилизациялайтын компанияларға жібереді, олар қауіпті элементтерді жеке бөліп алып, қайта өңдеу процесін бастайды. 

Лампаларды да тастамай, өткізген жөн

Жарық лампаларының бірнеше түрі бар: сынапты, жарық диодты, галоген және тағы басқалары. Сынапты лампаны қауіпсіздік үшін қабылдау пунктіне өткізген жөн. Қалғандары қауіпсіз, бірақ оларды да қоқысқа тастамаған абзал: дұрыс өңдеген жағдайда олардан пайдалы заттарды алуға болады.

Электр энергиясын үнемдеу

Электр энергиясын өндіру үшін газ және көмір зауыттары күн сайын өте көп мөлшерде көмірқышқыл газын шығарады. Қажет емес кезде шамдарды және пайдаланылмай тұрған электр құрылғыларын өшіру арқылы сіз коммуналдық қызметтерге де әдеттегіден азырақ төлейсіз және атмосфераның ластануын азайтуға үлес қосасыз. Заманауи электр құрылғылардың энергияны үнемдейтін функциясы бар, сондықтан олар қоршаған ортаға зиянсыз. Температурасы реттелетін электр шәйнек — соның дәлелі. Шаңсорғыш, тоңазытқыш немесе кір жуатын машина сатып аларда энергия балансына назар аударып, энергия тиімділігі бойынша класы А немесе одан жоғарыларына басымдық берген жөн. Сондай-ақ қарапайым лампаның орнына жарық диодты лампа қоюға болады. Олар кәдімгі жарық лампасына қарағанда 50 есе ұзақ қызмет етеді және энергияны 10 есе аз тұтынады.

Суды ұқыппен пайдалану

Тұрмыс-тіршілікте үйге суды жеткізу не жылыту үшін де көп энергия жұмсалады. Үйді сумен қамтамасыз ету мөлшері көп болса, көмірқышқыл газы да ауаға көп таралады. Кез келген ресурсты үнемдеу және ұтымды пайдалану — eco-friendly өмір салтының қағидасы. Ванна толтыру үшін көп мөлшерде су керек, сондықтан душты пайдаланған абзал. Тіс тазалаған кезде суды өшіріп қою керек. Жеміс-жидек пен көкөніс жуған кезде де суды барынша аз ағызуға тырысқан жөн. Eco-жуу түймесі бар дәретхана су шығынан азайтуға мүмкіндік береді. 

Отандық өнімдерге басымдық беру

Шетелден тауар тасымалдау отын шығынын арттырады, нәтижесінде ауаға зиян қалдықтар тарайды. Өнімдер кеденнен өтіп, дүкендерге жеткенше бұзылып кетпес үшін түрлі химикат қолданылады. Сондықтан мынаны есте ұстағаныңыз жөн: өнім сізге неғұрлым жақын өссе не өндірілсе, оған соғұрлым химикат аз жағылады не мүлдем жағылмайды, тауар тасымалдау үшін әлдеқайда азырақ отын жұмсалады. 

Қоғамдық көлікке басымдық беру 

Атмосфераға таралатын улы заттардың 70-80%-ын автомобиль шығаратынын ескерсек, қоғамдық көлікпен немесе велосипедпен жүрген тиімдірек. Уақыт болса, жаяу жүрудің пайдалы екенін біз айтпасақ та білесіз. Формула оңай: кептелісте тұратын көліктер аз болған сайын, қоршаған ортаның ластануы азаяды. Көлік сатып аларда, гибрид не электромобильдерге назар аударған жөн. 

Тұрмыс-тіршілікте химияны азырақ пайдалану

Экологтар құрамында химикат бар өнімдерді азырақ пайдалануға шақырады. Рас, бұл заманда мұндай шешімге бірден тоқталу оңай емес, басты принцип: аз-аздан, үздіксіз. Ас содасы, қыша, кір сабын сияқты қауіпсіз тауарларды қолданған дұрыс, есесіне әлдеқайда арзан және қауіпсіз. Назар аударыңызшы, жыл сайын кір жуғыш ұнтақтардың құрамындағы жүзмыңдаған тонна фосфат, фосфонат су көздеріне кәріз жүйесі арқылы түседі. Осылайша адамдар өзендер мен көлдерге үлкен зиян тигізеді: фосфат, фосфонат пен хлор араласқан су амалсыздан батпаққа айналады. Сіз бен біз күнде пайдаланатын ыдыс не кір жуғыш ұнтақтың көптеген компоненті қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына, әсіресе балалар үшін қауіпті, сондықтан бұл — олардан бас тартудың тағы бір себебі.

Бамбуктен жасалған тіс щеткасын пайдалану

Жоғарыда композит материал туралы айтқанымыз есіңізде шығар, тіс щеткасы да осы қатардан табылады. Ол қайта өңделмейді, өндірісіне шамадан тыс ресурс жұмсалады және оны жиі ауыстыру қажет. Байқасаңыз, көпшілік пластиктен не ағаштан жасалған тіс щеткасын қолданады. Пластиктің қоршаған ортаға зиянын білесіз, ал әлемдегі орманның жағдайы мәз емес. Осындайда бамбуктен жасалған тіс щеткасын пайдалануға болады, себебі бамбук ағашқа қарағанда жылдам өседі. Мұнда да мұқият болу артық етпейді. Бамбуктен жасалған тіс щетканы таңдағанда міндетті түрде FSC сертификатының бар-жоғына көңіл бөлу қажет, себебі FSC сертификаты, ағаштың, біздің жағдайда бамбуктің жауапкершілікпен әрі қамқорлықпен жиналғанына кепілдік береді. 

Климаттың өзгеруі, орманда болып жатқан өрт, жан-жануарлардың тіршілік ортасына төнген қауіп-қатер, табиғи апаттар өздігінен пайда болмайды. Әлемді дұрыс жаққа өзгерту сіздің қолыңызда, ал еco-friendly өмір салтын ұстану — соның алғашқы қадамы.