Синопсис:

Фильмнің бас кейіпкерлері – Исабек, Мұсабек, Нұржамал атты ауыл қариялары. Екі дос жас кезінде Нұржамалды ұнатқан. Қыз екеуіне де бұйырмайды, басқа жанға тұрмысқа шығады. Күйеуі қайтыс болған соң ауылдағы екі шал кемпірдің достарына айналған. Қариялардың күні ұрыс-керіссіз өтпейді. Дегенмен ешкім ешкімге ренжімейді. Бүгінде екі шал арасында Нұржамал әжейге деген бәсеке бар. Екеуі кемпірдің үй шаруасына көмектеседі. Шай ішіп, дастархан басында жаңалықтарды талқылайды. Асүйдегі кәдімгі әңгіме сияқты көрінгенімен, қариялар саясат пен спорт «сарапшысына» айналған. Айтпақшы, Головкинге жанкүйер.

Фильм не жайлы?

Фильм Алматыдан 108 шақырым жердегі Бесмойнақ ауылынада түсіріліп жатыр. Режиссер Ермек Тұрсынов бастаған түсірілім тобы наурыз айынан бері сол жақта.

Бесмойнақ – тау етегіндегі ауыл. Біз барғанда түсірілім жұмыстары екі қабатты ғимаратта өтіп жатты. Сценарий бойынша ауруханада ақ халат киген дәрігерлер кіріп-шығып жүр. Ермек Тұрсынов түсірілім кезінде жұмыстан басқаға назар аудармады. Эпизод түсіріліп біткен соң ғана журналистермен сөйлесті.

Кинорежиссер бірнеше ауылды аралап жүріп Бесмойнаққа тоқтаған. Ермек Тұрсынов “Шырақшы” фильмін түсіргенде де Нарынқолдың төңірегін шолып шыққан. 

Бесмойнақ – қазақтың кәдімгі қарапайым ауылы. Тау етегіне қым-қиғаш салынған кішкентай көшелер, ескі үйлер, қаңырап қалған бес қабатты үй көзге түседі. Жөнді жол жоқ, түсірілм тобындағылардың айтуынша, кейде жарық болмайды.

Фильм атауы белгісіз. Режиссердың ойына әзірге ешқандай ат келмеген. Дегенмен кинокартинада қарапайым ауыл тұрғындарының шынайы өмірі бейнеленеді. Драма. Экшн жоқ. Арасында күлдіреді, ойланатын тұстары да аз емес. Ермек Тұрсынов мұндай жанрдағы фильмдер Қазақстанда өте сирек жарық көретінін айтады. Сол себепті фильмнен бұрынғы кино мектебінің қолтаңбасы сезіледі деп сендірді.

«Қысқа қайырғанда, бұл – ауылмен қоштасу оқиғасы. Мен білетін, мен туып өскен ауылдан айырылып қалдық. Ақиқат – осы. Кинокартинаны түсіремін деп елімізді екі рет айналып шықтым. Ит өлген жерлерді де көрдім. Қайда барсаң да, адамдар қонақ қылады, әңгімесін тыңдаймын. Бұрынғы ауылдан жұрдай болдық. Ауыл құлдырап бара жатыр, тіпті құлдырап бітті деп айтуға болатын шығар. Бір сөйлеммен қорытындыласақ, бұл фильм – ауылмен қоштасу», – деді кинорежиссер Ермек Тұрсынов.

Режиссер нағыз ауылды көрсету мақсатын көздейді. Оның сөзінше, бұрынғы ауыл мен бүгінгі ауылдың арасы жер мен көктей. Ал онда тұратын адамдарының табиғаты өзгермеген. Сол бұрынғы ақкөңіл, дарылдақ ауыл тұрғындары.

«Ауылдың келбеті өзгерді. Бұрынғы ауыл жоқ. Жол өздеріңіз көргендей. Шоқалағы көп. Кейде жарық өшіп қалады. Картинада кішкентай ауылдың оқиғалары суреттелген.

Тәжірибелі көрермен қазіргі ауылдың жағдайын ғана емес, бүкіл ел тағдырын көре алады.

Жастар да қажетін алып, ой қорытар деген ойдамын», – деді киногер.

Ермек Тұрсынов кейіпкерлердің әңгімелерінің астарынан өзінің көзқарасын байқауға болатынын ескертті. «Астарлап айтуға тырысамыз. Оны естір құлақ болса», – деді ол.

Түсірілім командасында кімдер бар?

Режиссердың айтуынша, түсірілім жұмыстарына мықты мамандар жиналған. Актер, продюсер, гриммер, барлық топ – өз ісінің шеберлері. Екінші режиссер шетелден шақырылған.

Ермек Тұрсынов актер құрамын жасақтағанда бір ережені ұстанады. Ол – жаңа бейнелерді экранға шығару.

«Актерлар сәтті таңдалды. Жиналған ансамбль бір-біріне сай, өте тәжірибелі. Бұл фильмде тәжірибесі мол – Алдаш аға ғана. Қалғаны – жаңадан шығып жатқандар. Ішінде жастар да бар», деді киногер.

Актер Алдабек Шалбаев бас кейіпкердің бірі Мұсабекті сомдайды. Өзі де ауыл мәселесін бір кісідей біледі. Кәсіби мамандығы актер болса да, ауыл шаруашылығы саласында жүргеніне 30 жылдан астам уақыт болған.

«Ауыл мәселесі бәрімізге белгілі.

Кейінгі жылдары ауылдан қалаға 1 миллионға жуық халық көшіп кетіпті. Онда тек қана шал-кемпірлер қалды.

Өнер саласында жүргеніммен, тірлігім – ауылда. Бұл образ маған өте жақын. Ермек Тұрсынов ауылдың ахуалын кинода көрсетейін деп жатыр. Кім болса да, мұндай жұмысты жаман деп айтпауға тиіс. Халық бағасын бере жатар», – деді Алдабек Шалбаев.

Ол фильмнің негізі жастарға тәлім-тәрбие беру екенін айтты. Кинотуындыдан мемлекеттік жүйеге қатысты «астарлы шындықты» да көруге болады.

«Кинода образ шығару оңай емес. Исабек екеуміз бір кемпірді ұнатамыз. Біздің жасымызда ғашық болу артықтау шығар. Бірақ адам ретінде сыйлай білудің өзі – жақсы көрудің белгісі. Бұл образ маған өте жақын. Актер үшін үлкен-кіші рөл бола қоймас. Әр рөлге үлкен көңіл бөлемін», – дейді актер.

Мұсабектің досы Исабектің рөліне Мұрат Бекқожин таңдалған. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында аға оқытушы, көп жылдан бері студенттерге режиссурадан сабақ береді. Актер ретінде біршама кинотуындыға түскенімен, Исабек – басты рөлдегі алғашқы жұмысы.  

Фильмдегі Исабек – білімді, қияли шал. Ауылда тұрса да, күнделікті жаңалықтардан хабардар. Мұсабек екеуі Нұржамалдың көңілінен шығу үшін бәсекелеседі. Исабек құлпынай апарса, Мұсабек бал апарады. 

«Исабек – ауылда қалған үш-төрт шалдың бірі, қияли кейіпкер. Ауылда жүрсе де, өз заманында не болып жатқанын теледидардан, газет пен кітаптан біледі. Кез келген тақырыпта сөйлесіп кетеді. Рөлім оң жамбасыма келді. Исабектің мінезі маған ұқсас. Студент кезімде достарым «Что? Где? Когда?» деген карикатура жасаған. Онда көзілдірік тағып, кітапты қолтықтап бір жаққа жүгіріп бара жатырмын. Дәл осы кейпім кинодағы образыма сай. Исабектің жартысы – мен. Өмірге әрдайым таңдана қарап, құпия сырларын ашқымыз келеді», – деді актер.

Мұрат Бекқожин орысша білім алғандықтан, түсірілім кезінде тіл жағынан қиындықтар барын, әріптестері барынша көмектесетінін жеткізді.

«Барынша ойнап жатырмын. Ермек Тұрсынов – өте талапшыл режиссер. Өзі көрген дүниені актердан шығарып алғысы келеді. Өз ісінің шебері. Рөлді қалай көрсе, актерді жетектеп сол жолмен апарады. Ал біздің міндетіміз – режиссер ойына ілесу. Фильмге мықты команда жиналған. Бұл оқытушы ретінде маған үлкен мектеп болып отыр. Ермек Тұрсыновтың жұмысын, осы жерден көріп білгенімді ертең студенттеріме айтамын», – деді Мұрат Бекқожин.

Актер Ермек Тұрсыновпен ойы ұқсас екенін, ауыл ахуалы мүшкіл екенін жасырмады. Оның сөзінше, «Дипломмен ауылға», «Ауылым – алтын бесігім» деген бағдарламалар сөз жүзінде қалып отыр. 

«Ауылда туып өстім. Спорт залдары, кітапхана, кинотеатр, мәдениет үйі жұмыс істейтін. Қазір ауылда оның бірі болса, бірі жоқ. Урбанизация заманында ауыл қаңырап қалды. Жан бағу үшін бәрі қалаға көшіп жатыр. Ермек Тұрсынов ауыл мәселесін көтеріп, оны кейіпкерлердің тілімен жеткізуді мақсат еткен. Ол – мықты режиссер ғана емес, елі үшін жүрегі ауырып жүрген азамат. Ауыл тақырыбын көтеріп жүрген Ерекеңе алғыс айтуымыз керек», – дейді Мұрат Бекқожин.

Кинотуынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр. Жоба 2019 жылы өткен питчингте жеңіске жеткен. 2020 жылы пандемия өршіген соң түсірілім жұмыстары кейінге шегерілген. Бюджеті – 400 миллион теңге. Қыста бір-екі күндік съемка қалған. Содан кейін монтаждау жұмысы басталады. Үлкен экранға қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Қанат Төребайдың сөзінше, қазір өндірісте құны 6 миллионнан 1 миллирд теңгеге дейінгі 41 жоба бар. 1-2 жылда Алашорда қайраткерлері, Ахмет Байтұрсынов, Жамбыл Жабаев туралы туындылар жарық көруі мүмкін.