ГлавнаяБлог

Комедия және режиссер деңгейі. Қазақстанда кино саласы қалай дамып жатыр?

Қазақстанда кино саласы Art Cinema (авторлық), коммерциялық, мемлекет тапсырысымен түсірілетін фильмдер бағытында дамып жатыр. Алайда киносыншы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі Дана Әмірбекова 5Q Media-ға берген сұхбатында фильмдердің сапасы сын көтере бермейтінін айтып, режиссерлар ескеруге тиіс маңызды жайттарды атады.

«Авторлық фильмдерден ұлттық болмыс пен құндылықтарды табу қиын».

Art Cinema — әлемді мойындатып, қайталанбайтын қолтаңбасы бар, түсіру мәнерімен ерекшеленген суреткерлеміз пайда болып жатқан бағыт. Жас буыннан − Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Шәрипа Оразбаева, аға буыннан Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Рашид Нұғманов сияқты режиссерлар авторлық фильмдерімен танымал.

Авторлық фильмдерде көбіне суреткерлерімізді толғандыратын келеңсіз оқиғалар, әлеуметтік мәселелер, оларды қолдауы немесе қарсы болуы көтеріліп жатады. Мұндай фильмдер әлемнің ең үздік киногерлерімен текетіреске шыға алады.

«Бір қынжылтатыны — туындылардан ұлттық болмыс пен құндылықтарды таба алмайсыз. Адамзатқа ортақ толғандыратын мәселелер көтерілетіндіктен кез келген көрерменге түсінікті. Қазақ ұлтына ғана тән деп қарастыра алмаймыз. Бұрындары Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов сияқты режиссерлардың туындыларынан кәдімгі қазақтың иісі аңқып тұратын.

Қазақтың болмысын, дүниетанымын, өмір сүру салтын бәрін өз фильмдерімізден таба алатынбыз. Жанымызға жақын тұтқандықтан қазірге дейін ол фильмдерді сүйіп көреміз. Себебі олар дала академиктері еді. Олар қазақтың дүниетанымын, өмір сүру салтын бойына сіңіріп, бала кезден батырлар жырын оқып, қазақтың әдебиетімен сусындап өскен. Кәсіби киноға келгенде кез келген режиссер көрерменге өзінде бар нәрсені ғана суреттеп, көрсете алады. Сол себептен олар бойға сіңген қазақилықты жеткізе білді», — дейді Дана Әмірбекова.

Киносыншының пікірінше, бүгінгі режиссерлар батыс әдебиеті мен философиясына, дүниетанымына еліктейді.

«Батыс мамандарының туындыларын қайталап, Феллини, Годар, Трюффо болғысы келеді. Олардың ешқайсысы Шәкен Айманов болғысы келмейді, Абдолла Қарсақбаев сияқты түсіруге тырыспайды. Өкінішке қарай, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын, Қазақ ұттық өнер университетін бітірген білікті режиссерларымыздың басым көпшілігі авторлық фильмдерге бет бұрады. Олардың саналарында «нағыз режиссер авторлық фильм түсіріп, фестивальдерден жүлде алып, тарихта аты қалу керек» деген ой қалып қойған. Сол ойды өзгерту керек. Бүкіл режиссер авторлық фильм түсіруге міндетті емес. Бейнелеу өнерінде Сальвадор Дали, Пикассоны алсақ, олар — ең алдымен академиялық деңгейде білікті маман екенін дәлелдеген суретшілер. Одан кейін ғана Дали сюрреалист болды, Пикассо кубизмге бет бұрды. Кеңес одағы кезінде режиссерға көрерменге арналған фильм түсіру міндеттелді. Көрермен көңілінен шығатындай туынды жасай алса кәсіби білікті маман саналып, әрі қарай авторлық фильм түсіруге жолдама алды, — дейді маман.

Зрительский зал

Коммерциялық фильмдер. Сапасыз комедия − режиссер деңгейі

Коммерциялық фильмдер киноға өнер ретінде емес, өнім ретінде қарайтын, көрерменнің көңілін көтеріп қаржы табуды көздейді. Дана Әмірбекованың пікірінше, біздің елде оның түп негізі КВН-нен басталды. Фильм түсірушілердің басым көпшілігі — әуесқой режиссерлар мен басқа саладан келген продюсерлер.

«Олар «голливуд», «болливуд» сюжеттерін қайталайды. Әбден таптаурын болған шаблондарды, «тізесі шыққан» сюжеттерді байқаймыз. Голливудтың үздік фильмдерін сапасыз деңгейде қайталап түсіреді. Бұның бәрі осы бағытта кино түсіретін режиссерлардың кәсіби білігінің жетіспеуінде деп есептеймін. Голливудта, Францияда, Испанияда кәсіби режиссерлардың білімін пайдалану арқылы сапалы туындылар жасайды. Ал біздің елімізде КВН-нен келген продюсерлер кәсіпқой емес режиссерларды шақырады. Олар ешқашан кәсіби режиссердың деңгейіне жетіп сапалы туынды жасай алмайды. Нұрлан Қоянбаев, Баян Алагөзова, Нұртас Адамбаев сияқты кинодан ақша таба алатын мықты продюсерлер білікті кәсіби режиссерлармен бірге туындылар жасаса, коммерциялық фильмдер сапасы, түпкі мән-мағынасы, берілу формасы, жалпы қай жағынан алсақ та, деңгейі әлдеқайда жоғары болар еді», — дейді Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі.

Комедия жанрында фильм көптеп түсіру көрермен деңгейімен байланысты емес. Маманның айтуынша, Қазақстанда көрермен деңгейі өте төмен емес. Қазіргі көрермен таңдап көреді, оларға сапасыз дүние өтпейді.

«Неге комедиялық фильмдерге бет бұрады?» десеңіз, бұл жерде психология жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Таң атқаннан кеш батқанша қалай отбасымды асыраймын, қалай ақшамды жеткіземін деген оймен жүргенде одан да терең күйзеліске итеретін, ауыр фильмдерді көргілері келмейді. Өмірдің қиындықтарын бір сәтке болса да ұмыту үшін комедиялық фильмдер тамашалайды. Бұл фильмдерді аттракцион деп қарайық. Керемет эмоция сыйлайды. Адам күйзелісті, қиындықтың бәрін бір сәтке мидан шығарып, жақсы әсермен демалып қайтады. Фильмді талдап, терең үңіліп миын шаршатқысы келмейді, — дейді Дана Әмірбекова.

Киносыншының ойынша, көрерменнің емес, комедия жанрында жұмыс істейтін киногерлердің деңгейін көтеру керек. КВН-де кез келген ситуация абсурд болған сайын қызық. Олар шынайылықтан қашады, адам миына қонбайтын нәрселерді көрсетеді. Қазақ киносына да сол бір абсурд ситуациялар келді.

«Жауыр болған, белден төмен әзілдеді айтатынына налимын. YouTube желісінде жарияланған фильмдерге көрермендер «Неге болмайтын қалжыңдарын қайталай береді?», «Көрермен деңгейін осыншама төмен деп санай ма?» деп пікір қалдырған. Олармен толыққанды келісемін. Комедия жанрын меңгеру басқа жанрларға қарағанда қиын. Анайы қалжың көрерменге ұнайды, ұятсыз болған сайын рейтинг көтеріледі, себебі көрермен соны қалайды деген пікір қалыптасқан. Олай емес. Мұны режиссер өресінің төмендігінің көрсеткіші, көрерменді сыйламау деп есептеймін», — дейді ол.

Мемлекеттік тапсырыс. Ұрандату. Жағымпаздық. Қаржыны ақтамау

Сыншы көрермен тарихи фильмдерден де жалыққанын айтты. Оның ойынша, «Баяғыда керемет ұлт болғанбыз» деп ұрандата бергеннен пайда жоқ. Фильм түсірушілер тарапынан билікке жағымпаздану байқалады.

«Фильмге міндетті түрде тұңғыш президент сөзін қосуды, сол жайлы қатар-қатар тоқтамай фильм түсіруді доғару керек сияқты. Мұны мемлекет тарапынан міндеттеліп отыр деп ойламаймын. Жағымпаздық – біреуге ұнауға, көңілінен шығуға тырысу қоғамда қалыптасып қалған нәрсе. Ондайдан ада болу керек. Өнер шынайылықты ғана жақсы көреді. Идеологияны алға тартып ұрандатып фильм түсіре беру дұрыс емес», — дейді Дана Әмірбекова.

Маман мемлекет есебінен түсірілетін туындылар қаржысын ақтамайтынын айтты. Себебі халық саны аз, кинотеатр жеткіліксіз. Ауылда мүлдем жоқ. Пандемия алдында 350-ге жуық үлкен экран жұмыс істеді. Карантин деп кейбірі жабылуға мәжбүр болды. Фильм салынған қаржыны ақтау үшін көрермен қайталап көре беретіндей тартымды, қызық болуы керек. Ауқымды жобаларды шетелге шығаруға тырысу қажет.

«Рүстем Әбдірашев, Ақан Сатаев сияқты режиссерлар мемлекет тапсырысымен идеологиямызды алға тартатын фильмдер түсіреді. Олардың туындыларынан да қазақи болмысты таба алмайсыз. Көбіне Голливудтың тарихи фильмдер түсіру мәнерін қайталап жүр. Солардың сюжет құру әдістерін алады. Кейде эпизодымен, кадр қойылымына дейін қайталайды. Голливудты қайталап көрсетуді көрерменді құрметтемеу деп санаймын. Бүгінгі көрермен ақылды. Оларды ақымақ көріп, деңгейіне сай фильмдерді қабылдай береді деген ойдан арылу керек. Керемет суреткер көрерменнің төмен деңгейіне ешқашан түспейді, керісінше көрерменді өзіңнің биік деңгейіңе көтеруге тырысады. Осы тұрғыда режиссерларымызға фильм сапасын жақсартуға, таптаурын сюжеттерді қайталаудан алшақ болуға, өзіндік түсіру мәнерімен түсіруге бет бұрғаны жөн», — дейді ол.

«Авторлық фильмдерді көрермен көре алмайды»

Сыншы авторлық фильмдердің касса жинамау себебін режиссерлардың қазақ көрерменіне көрсетеміз деп үміттенбеуімен байланыстырды. Себебі оларға ешбір жолмен жетпейтінін біледі.

«Кез келген режиссер туындысын бүкіл әлеммен бөліскісі келеді. Режиссерлар «Көрсеткіміз келмегендіктен емес, көрсетпегендіктен фильмдер көрерменге жетпейді» деп ренішпен айтады. Неге жетпейді? Кинотеатрлардың бәрі жеке кәсіпкерлердікі немесе көрсететінін өздері шешеді. Ұлттық киноны қолдау орталығы немесе «Қазақфильм» міндеттей алмайды. Кино — олар үшін бизнес. «Авторлық фильмдерді бұқараның көруге зауқы жоқ» деп экраннан көрсетуден қашады. Көрермендер қайдан тамашалауды білмейді. Интернеттен іздейді. Телеарналардан күтіп жүріп көруге тырысады», — дейді киносыншы.

Қазақстанда авторлық, тарихи фильмдер өте көп. Жанрлық бағытта қарасақ, 70%-і комедия жанрында түсіріледі. Хоррор, драма, триллер деген жанрлар жоқтың қасы. 3 жыл бұрын хоррор жанрында «Қарагөз» деген фильм түсірілді. Сыншының айтуынша, деңгейі жағынан өте төмен.

«Бүкіл зал қарқылдап күліп отырды. Киногерлердің осы бағытта жұмыс жасай алмауы кәсіби білімінің жоқтығында деп есептеймін. Көптеп түсіру керек, сан болса, сапа шығады. Сапасыз комедиялар өте көп. «Жаным, айтсаң сенбейсің» сияқты жақсы туындылар да шығып жатыр. Триллер жанрында «Қараман» деген туынды өте сәтті шықты. Сюжет желісі жағынан олқылықтар бар. Түсіру командасы тағы жұмыс істесе, сапалы фильмдер шығарады деген сенімдемін. Комедиядан басқа да жанрларға бет бұрып, кәсіби киногерлер мықты продюсерлермен бас қосса, жақсы фильмдер көрерменін табады деген сенімдемін, — дейді Дана Әмірбекова.