ГлавнаяБлог

Тарих пен мотивация. Майя Веронская көруге ұсынған 6 фильм

5Q Media тілшісі тележүргізуші Майя Веронскаямен әңгімелесіп, оқырмандарымызға ұсынатын фильмдер тізімін жазып алды.

Майя Веронская фильмдерді қалай таңдайды?

Ең алдымен, түрлі кинофестивальде жүлделі орындарға ие болған фильмдердің тізімін ақтарады. Сондай-ақ қоғамда үлкен пікір-талас тудырған, үлгілі тұлғалар көруге кеңес беретін фильмдерді қарайды. Қорқынышты фильмдерді  мүлде көрмейді. 

Майя Веронская

Өйткені жағымсыз эмоциялар өмірде де кездеседі. Соған бола уақытымды бөлгім келмейді, — дейді Майя Веронская. 

«Томирис» фильмі

Массагеттерді билеген патшайым Томирис пен Кир II туралы түсірілген қазақстандық көркем фильм.

«Бұл тарихи фильмді көру арқылы  қазақ киносының ілгерілегеніне көз жеткізесіздер», — дейді тележүргізуші.

«Анаға апарар жол» фильмі 

Майя Веронская Ақан Сатаевты «Қазақ киносын үлкен белеске көтерген тұлға», «Оның барлық туындысы жоғары деңгейде түсірілген» деп есептейді. Сондықтан режиссердың «Анаға апарар жол» фильмін де көруге ұсынды.

Оқиғаның негізгі желісі қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген: ұжымдастыру, жұт, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар. Картинаның басты кейіпкері Ілияс ерекше рухты, отансүйгіш, қайсар. Тағдырдың ауыр соққыларымен бетпе-бет келеді: балалар үйі, сұрапыл соғыс, тұтқынға түсу, жазасын өтеушілер лагеріне тап болуы. Осынау ауыртпалықтарды еңсеруге оған анамен жүздесу мақсаты күш береді. Фильм өмірлік құндылықтардың мәні мен тіршіліктегі құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға жол сілтейді. 

«1+1» фильмі

«Егер мұңайып, көңіл-күйіңіз болмаса, позитивке толы фильмдерді көруге кеңес беремін. Менің жақсы көретін режиссерларым  Оливье Накаш пен Эрик Толедано түсірген «1+1» фильмі. Фильм әзіл-қалжыңға толы. Осы фильмді көріп шықсаңыз, алдағы уақытта өміріңіздегі кемшіліктерге емес, жарқын тұсына басымдық бересіз», — дейді Майя Веронская.

«Соңғы би» фильмі

«Соңғы би» – баскетболдың мегажұлдызы Майкл Джордан туралы түсірілген деректі сериал. Фильмде Джорданның   достары, әріптес спортшылары ғана емес, қарсыластары да интервью беріп, арасында жылап та алады. Фильмде спорт әлеміндегі бәсекелестік пен спортшылардың өзара құрметі туралы көп айтылады.

Бұл фильмде Джорданның жетістіктерге қол жеткізу үшін қалай еңбек еткені көрсетіледі. Адам бойындағы дарынды бала кезінен байқап, дамыту керек екені нақты мысалмен көрсетіледі.

«Дарынды» фильмі

«Кез келген адамның бойында бір емес, түрлі талант болады, оны тек байқап, көңіл бөліп, дамыту керек.   Дәл осы ойды «Дарынды» фильмі де жалғастырады. Оны, әсіресе бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға көріп шығуға кеңес беремін», — дейді Майя Веронская.  

«Шал» фильмі

«Кей фильм кітап желісі бойынша түсіріледі. Біреулері фильмді кітап мазмұнына ұқсатып түсірсе, кей режиссер кітапты негізге ала отырып, өзгерістер енгізіп басқаша түсіреді. Алдымен, кітапты оқысаңыз, кейіннен фильм көру өте қызық болады. Кезінде Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» кітабын оқыдым. Содан Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі шыққан кезде, бірден қарап шықтым. Ерекше әсер алдым. Сіздерге де алдымен, кітапты оқып, содан фильм көруге кеңес беремін», — дейді тележүргізуші.