Oxford университетінің ғалымдары коронавирус пен ментал бұзылыс арасындағы байланысты анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізді. Осы орайда сарапшы мамандар коронавирус жұқтырған соң бойын үрей билеп, депрессияға шалдыққанын айтқан 70 миллион АҚШ тұрғынының медициналық картасын талдады. Нәтижесінде науқастардың 18%-інде психикалық аурулардың белгілері бары анықталды. Осылардың ішінде 5,8%-інде психикалық ауруға шалдыққаны бірінші рет анықталып отыр. Ғалымдар мұның барлығын коронавирус жұқтырғаннан кейінгі психикалық күйзеліс пен физикалық жай-күймен байланыстырды.

«Күйеуіне ашуланған әйел сәбиін үшінші қабаттан лақтырмақ болды»

Психоаналитик Анна Құдиярова пандемия кезіндегі депрессия қазақстандықтарды да айналып өтпегенін айтады. Осы орайда ол маманға қай кезде жүгіну қажет екенін түсіндірді.

«Шындыққа жақын адам айналасында не болып жатқанын түсінеді. Бір адамның бойында болашаққа күмән басым болса, екінші бір адам ашу қысқаннан айқайлағысы келуі мүмкін. Адам «Мына жерде қызғанып қалдым», «Мына жерде іштарлық таныттым» деген сияқты ой мен сезімді бойынан байқаса, онда міндетті түрде психологқа жүгінгені жөн. Мысалы, жас қыз-келіншектер «Кейінгі кезде салмағым көбейіп бара жатыр», «Өзіме де, күйеуіме де ұнамай жүрмін», «Балама көп қол көтеретін болдым» деп кемшілігін шынайы қабылдайды. Жағымсыз әрекеттер жасап жатқанын сана деңгейінде түсінеді. Осы кезде психолог маманға жолығу қажет.

Былтыр бір келіншек 3 ай бойы ешкіммен араласпай қиналғанын айтып келді. Үйінде өзі, күйеуі және 2,5 жастағы баласы ғана болған. Сонда бір күні күйеуіне қатты ашуланып тұрып қолындағы баласын үшінші қабаттан лақтырып жібермек болыпты. Өзінің осы әрекетінен шошып жүгіріп келді. Осыған ұқсас жағдайлар жетерлік.

Мұның барлығы – коронавирус пандемиясының депрессия сияқты ауруларды өршітіп жібергенінің белгісі. Өзі өлімге дайын адам өзгелерді аямайды. Баласын да өлімге қиюы мүмкін. Қайта әлгі келіншек өзін дер кезінде тоқтатып, психоаналитик кабинетіне жетіп үлгерді», — дейді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры.

Депрессияға шалдыққан адамның белгілері қандай?

«Депрессия» — латын тілінен аударғанда «басу», «тұншықтырып тастау» деген мағынаны білдіретін психикалық ауру. Бұрын оны «меланхолия» деп атайтын. Қазір екеуі екі бөлек мағынада қолданылады. Ересектерге қарағанда депрессия балаларда аз кездеседі. Сондай-ақ бұл ауруға шалдыққан адам ішімдік ішіп, шылым шегуі мүмкін.

Депрессияға шалдыққан адамның бойында төмендегідей белгілер байқала бастайды:

  • үнемі көңіл-күйі түсіп, қуанышты сезіне алмайтын ангедония күйіне түседі;
  • пессимист ойлардың жетегінде кетіп, ойлау қабілеті бұзылады;
  • өзіне берер бағасы да, өмірге қызығушылығы да төмендейді;
  • күш-қуаты азайып, қандай да бір шешім қабылдауға қабілетсіз келеді;
  • тәбеті тұрақсызданып, не қатты семіреді, не қатты арықтап кетеді;
  • көп ұйықтайды немесе керісінше ұйқысыздық мазалайды. 

Депрессия табиғаты туралы 1917 жылы Зигмунд Фрейд «Қайғы мен меланхолия» атты мақаласында алғаш рет сөз қозғады. Бұл мақаладағы басты ой — меланхоликтің жоғалтқан махаббат объектісін интроекция жасауы. Кейін осі өзінен теріс айналған объектімен идентификация болып, оны жазалауы.

«Бұдан соң депрессия туралы Фрейд 1923 жылы «Невроз бен психоз» атты мақаласында жазды. Сол мақаласында оны «нарцисстік невроз» деп сипаттайды.

Қарапайым сөзбен айтсақ, депрессия — жақсы көрген адамды немесе дүниені жоғалту.

Психиканың ереже, мораль, ар-ұят және тағы басқа тыйымдардан құралған «Супер-Эго» деген бөлігі болады. Көптеген адамда осы «Супер-Эго» жазалаушы Әзірейілдің ролін атқарады. Құдды адамның басында бөлек бір сынағыш адам өмір сүріп жатқандай. Өзі қатты жақсы көріп, кейін жоғалтып алған қандай да бір жақын адамы психикасында осы «сыншыға» айналады. Не істесе де, мін тағып, жазалап отырады, яғни депрессия психикадағы осы «сыншының» адамның ішкі меніне шабуыл жасап, қысым көрсетуі. Егер адамның психикасындағы «Мені» мықты болса, онда депрессияға төтеп бере алады. Ал керісінше іштегі сыншы жеңіске жетсе, адам мең-зең күйге түседі. Мұны психоанализде «психоз» деп атайды. Бір сөзбен айтқанда депрессия — адамның сүйе білу қабілетіне жек көру сезімінің араласуы», — деп түсіндірді психоаналитик Жанар Оспанова.

«Депрессияға шалдыққан адамды терапияға күштеп әкелудің қажеті жоқ»

Маманның айтуынша, депрессия кезінде барлық либидо адамның өзіне бағытталатындықтан, бұл — «нарцисстік невроз». Көптеген жыл бұрын осы психикалық ауруды емдеу мүмкін емес болған. Өйткені бұл ауруға шалдыққан адамдардың іштегі жағымды-жағымсыз сезімді психоаналитикке тасымалдау қабілеті жоқ деген түсінік тарады. Алайда Кохут сияқты зерттеу жүргізген психоаналитиктер, тіпті нарцисстерді терапияда емдеу мүмкін екенін дәлелдеді.

Психоаналитик Анна Құдиярова депрессияға түскен адамды терапияға күштеп әкелудің қажеті жоқ екенін айтады.

«Адамды емдеу үшін зорлап тек психиатрға апаруға болатын шығар. Ал психолог, психоаналитикке адам өз еркімен келуге тиіс. Иә, кейде аяғы сынып, өзі жете алмайтын кездері болады. Мұндайда керісінше көмектесу қажет. Әдетте күштеп әкелуге әрекет етсек, «Мен жынды емеспін, бармаймын» деп қашады. Бірде клиентіме «Өзің 4 жылдан бері психологқа барып жүрсің. Әлі күнге дейін отбасын құра алмадың. Терапиядан не пайда?» деп қарсыласқан екен. Сондықтан, ең алдымен, жақынын күштеп әкелгісі келіп отырған адамның өзі емге қаншалықты сенетіні маңызды. Егер өзіңіз психоаналитик кабинетіне келіп көрген болсаңыз, емнің қалай жүретінін түсінесіз. Осының барлығын ескерсек, жаны ауырған адамға жанашырлық танытудың өзі жеткілікті. Жақыныңыз психологқа сенбесе де, сізге сенуі мүмкін. Кейін ол осы сенімнің арқасында өз еркімен келеді», — дейді Анна Құдиярова.

Ал психоаналитик Карл Абрахам депрессияның сәбидің ана омырауынан ажыратылған сәтпен байланысты екенін айтады.

«Байқасаңыздар депрессияға көбінесе күз мезгілінде түседі. Өйткені қазақ қоғамында шөлдеп қалмасын деп күзде омыраудан шығарып жатады. 7-9 ай аралығында омыраудан шығармау маңызды. Не оған дейін, не одан кейін. Бұл аралықта бала кімнің «жақын немесе алыс» екенін ажырата бастайтындықтан, кейін шизофрения сияқты салдары болуы мүмкін. Сондай-ақ ересек өмірдегі депрессияға сәби шақта омыраудан дұрыс ажыратпау әсер етеді. Бізде түрлі дәрі жағып шошытып немесе туыстардың үйіне апарып тастайды. Мұның орнына сөзбен түсіндіріп, мөлшерді азайтып сүттен шығарған дұрыс», — дейді Жанар Оспан.

«Депрессияның емі өзіңді сүю»

Психоаналитик Мелани Кляйн депрессияны жаңаша қырынан зерттеді. Маман оның пайдасы барын алға тартады. Айтуынша, дер кезінде сүт бермесе, сәби омырауды жаман деп қабылдайды. Ал керісінше болса, оны жақсы объекті деп біледі. Сәбидің психикасы алғашқы 3 айда шизоид-параноид позицияда болады. Әлемді ақ-қара деп қабылдайды. Кейін 3-6 ай аралығында депрессив позицияға өтеді. Омыраудан ажырағаны үшін өзін кінәлі сезінеді. Бірақ бұл депрессияда кешетін сезім әлемді ақ-қараға бөлгеннен әлдеқайда жақсы.

Осы орайда мамандар депрессияның әртүрлі уақытта емделетінін айтады.

«Әр адамның тұлғалық құрылымы әртүрлі болатындықтан, емге де әркімге түрліше уақыт қажет. Мұндағы басты ем — адамның өзін сүйе білуі. Психоаналитикалық терапияның түпкі мақсаты — адамның өзіне өзі әке-шеше бола алатынын түсінуі, бәріне әлем мен әке-шешені кінәлауды доғарып, ересек адамның позициясына өтуі. Бұған дейін айтып өткенімдей, депрессия – жақын адамдарымызды жазалаудың бір түрі. Бірақ мұнда біз жақындарымызды ғана емес, бірінші кезекте өмірімізге балта шабатынымызды түсінсек, игі. Сол үшін өзімізді жақсы көруге шақыратын едім. Егер өз бетіңізше жағдайыңызды түзете алмасаңыз, міндетті түрде маманға жүгінген абзал», — дейді Жанар Оспанова.