Операторлар жыл сайын мобайл интернетпен қамту аймағын кеңейткенімен ірі қалаларда желілер шалыс істейтін «ақ дақтар» бар. Биыл ел үкіметі сапасыз қызмет көрсететін операторларға айыппұл сала бастады, дегенмен кей жағдайда желінің дұрыс істемеуіне басқа факторлар әсер етіп жатады. Бірінші кезекте бұған тұрғындардың базалық станцияны орнатудан бас тартуы себеп болып отыр. 

Интернет пен желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін неше станция қажет?

Қазақстан мобайл трафикті қолдану бойынша әлем рейтингінде бесінші орында тұр. Әлемде трафиктің орташа қолдану межесі 9,9 Гб құраса, бұл көрсеткіш елімізде 14,4 Гб-қа жеткен. Ал ел аумағында мобайл интернет істеп тұруы үшін базалық станциялар орнатылған. Мысалы, Beeline компаниясының Алматының өзінде — 700, Астанада 400 станциясы бар. 

Базалық станцияның радиожиілік диапазоны неғұрлым төмен болса, қамту радиусы соғұрлым үлкен болады. Мысалы, дауыстық трафик (2G) 75 метрлік станцияның көмегімен ары кетсе 32 шақырымға таралуы мүмкін. Ал 3G және 4G станцияларында жиілік диапазоны жоғары болғандықтан, қамту радиусы 5 шақырымға жетеді. 

Дегенмен желінің қамту радиусына көп фактор әсер етеді. Антенна қуаты, оның биіктігі, станция орнатылған аумақтың жер бедері және құрылыс тығыздығы әсер етеді. Алматы секілді ғимараттар тығыз орналасқан қалада станцияны әр 200-300 метр сайын орнатуға тура келеді. Бұған қоса мобайл интернетті қолданатын тұрғындар саны да күн сайын артып келеді. Бұл станцияға қосымша жүк артып, интернет жылдамдығының төмендеуіне әкеп соғады. Мұның алдын алу үшін операторларға қамту аймағын кеңейтуге тура келеді. 

«Былтыр Beeline-ның негізгі шығыны 57,7 млр теңге болды. Биыл 2 мыңға жуық базалық станция тұрғыздық. Біз Алматыдағы «ақ дақтарды» жабу үшін 100 базалық станция орната аламыз, алайда ертең-ақ VR-фильм секілді жаңа форматтағы контент пайда болады. Ал оны қайта қамтамасыз ету үшін тағы да базалық станцияларды орнату керек», – деп түсіндірді Beeline компаниясының техникалық директоры Олег Снимщиков.

Базалық станциялар кімге кедергі?

Оператор үшін станцияны орнату процесі барынша жылдам болғаны маңызды. Бірақ көп жағдайда бұған абоненттердің өзі кедергі келтіреді. Тіпті, кейбір тұрғын үй кешенінде станцияны орнатуға қарсы келіп, алып тастауды талап етеді екен. 

«Операторлар тұрғындардың «өтінішімен» кеткенде ол аумақта желі де өшеді. Былтыр радиофобия салдарынан Beeline жоспарлаған базалық станцияның 40%-ы орнатылмады. Биыл болса, дәл осы себеппен 250-ден астам станцияны алып тастадық», – деп атап өтті Олег Снимщиков.

Жақында Алматыда осыған ұқсас жағдай болды. Central Avenue ТК тұрғындары желі байланысының жоғын айтып шағымданған. Компания тұрғын үй кешенінің аумағында базалық станция орнатуды ұсынған. Алайда тұрғындар станция зиян екенін айтып бас тартқан. Бірнеше аптадан кейін тұрғындар «сәулелендіру» зияны аз тиеді деген себеппен станцияны жер асты паркингте орнатуды ұсыныпты.

Алматының қай аумағында «ақ дақтар» бар:

«Өте қызық ұсыныс болды. Әдетте барынша үлкен аумақты қамту үшін станцияны жоғары жерге орнатады. Компаниямыздың техникалық қызметкерлері тұрғындармен келіссөз жүргізгенімен соңында станцияны орнатудан қайта бас тартқан» – дейді компания өкілі.

Компания жұмысында мұндай жағдай жиі болып тұрады. Бұған қоса биыл сапасыз телеком-қызметі үшін айыппұл мөлшері 10 есе артқан. Тұрғындар арасында радиофобияның бар екенін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де мойындап отыр. Бұл мәселені шешу үшін операторларға базалық станция орнатуға жер телімдерін бөліп берген. Алайда заңдастыру мен орнату жұмысына кем дегенде жарты жыл уақыт қажет. 

Қазіргі уақытта тұрғындардың басым көпшілігі қарсы болса, операторлар ол аумаққа станция орната алмайды. Қыркүйекте министрлікке тұрғындардың 90%-ы қарсы келген жағдайда ғана станция орнатуға тыйым салынатын заң қабылдауға ұсыныс жасалды. 

Астананың қай аумағында «ақ дақтар» бар:

Радиофобияның себебі неде?

Зерттеушілер пікірінше, радиофобия «қырғи қабақ соғыс» уақытында пайда болған. Артынша Чернобыль экологиялық апаты да радиофобияның артуына әсер етті. 

Радиофобиядан бөлек тағы бір проблема бар. Көп тұрғын сигнал күшейткіштерін орнатады. Ал бұл өз кезегінде мобайл интернет желісі жұмысына кедергісін тигізеді. Мысалы, Кеңдала ауылында 300 үйдің 70-інде күшейткіш орнатылған. Ал ауыл тұрғындары желінің нашарлығына шағым түсірген. 

Базалық станцияның радиациясы соншалықты зиян ба?

Мобайл байланыс телефон мен базалық станция арасындағы радиодиапазонда ақпарат алмасу арқылы жұмыс істейді. Адам ағзасы үшін ренгтен кабинетіндегідей гамма және рентген сәулелері зиян. Ал радиотолқындардың адам үшін еш қауіпі жоқ. 

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, әр ас бөлмесінде бар қысқа толқынды пеш (2400 МГц) базалық станциядан (800 Вт) едәуір көп толқын шашады. Бұл 30 мобайл байланыс желісінің базалық станциясымен тең. Қазіргі уақытта Қазақстандағы базалық станция құрылғылары барлық халықаралық және ұлттық қауіпсіздік стандартына сай келеді.