1. Quantym STEM school
Quantum STEM School – 2021 жылы 1 қыркүйекте елордада ашылды. Мектептің білім беру жүйесі Сингапур мен АҚШ мектептерінің озық тәжірибелері негізінде құрылған. Математиканы, ғылымды және инженерияны тереңдетіп оқытады. Оқу процесінде оқушылар дәстүрлі оқумен (мұғалім-оқушы) қатар Integrated engineering program-ды оқиды. Мұнда шәкірттер electrical engineering, mechanical engineering, chemical engineering, civil engineering сияқты инженерияның барлық негізгі түрімен танысады.
Бұл курстар Project based learning (жоба қызметі) және Inquiry based learning (сұрақтар қою негізінде оқыту) әдістемелеріне негізделген. Бастауыш сынып (1-6-сынып) оқушылары “сингапур математикасы” және ғылым сияқты пәндерді ағылшын тілінде оқыса, 7-9-сыныптар авиамодельдеу, 3D-модельдеу, бионика және зымырандық модельдеу, бағдарламалау (Python және Java тілдері) үйреніп, мобайл қолданбалар жасайды. Ал жоғары сынып оқушыларына College Board білім беру ұйымынан Advanced Placement халықаралық бағдарламасында берілген пәндерді таңдап оқу ұсынылады. Нақтырақ айтқанда AP Calculus, AP Physics, AP Biology, AP Chemistry, AP Economics, AP World History, AP English Language and Composition және тағы басқалары.
Осылай олар мектепте оқып жүріп университеттің екі семестрінің бағдарламасын меңгереді. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларына инженерия бойынша жеке зерттеу жұмысын жасап, оны шетелдік мамандар бағалауға жағдай жасалған.
Мектепке түсу үшін әр сынып тапсыратын емтихан әртүрлі. Мысалы, 9-11-сыныптар инженерлік тақырыпта эссе жазып, ағылшын тілінен тест тапсырады. Quantym STEM school – ақылы мектеп, бір жылға – 2 500 000 теңге.
2. STEAM мектеп-лицейі
Бұл білім ордасы ағылшын тіліндегі STEAM қысқарған сөзінен шыққан: science – ғылым, technology – технология, engineering – инженерия, робототехника, art – өнер, музыка, math–математика. Мектептің оқыту бағдарламасы ҚР мемлекеттік білім беру жүйесіне негізделген. Оқушылар жаратылыстану, география, математика пәндерін шетелдік мұғалімдермен ағылшын тілінде оқиды.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзив оқыту, инклюзив спорт деген сабақтар да бар.
Ал ІТ саласына келсек, робототехника мен бағдарламалау пәндері өтеді. Мектепте әзірше 1-5-сыныптар ғана бар. Оқушылар мектепке қабылдануы үшін математика, ағылшын, қазақ немесе орыс тілінен тест тапсырады. Оқу ақысы айына – 202 000 теңге.
3. High Tech Academy
2017 жылы кәсіпкер Еркін Татишев негізін қалаған. Мектеп Алматыда орналасқан. Үш тілде білім береді: қазақ, орыс, ағылшын. Оқыту бағдарламасы фин технологиясы мен қазақстандық білім беру жүйесін өзара біріктіру негізінде жасалынған. Мектепалды және бастауыш сыныпта сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Дегенмен оқыту ойын түрінде (play based learning) болатындықтан балаларға тілді түсіну қиындық тудырмайды.
Ал 5-9-сыныптар қазақ, орыс, ағылшын – үш тілде қатар оқиды және оларға Project based learning бағдарламасы бойынша білім беріледі. Project based learning деп бір жобаны алып, соны зерттеу негізінде қалыптасқан білім мен дағдыны айтамыз, яғни білімді теориялық тұрғыда емес, практикалық жол арқылы үйренеміз.
Мектепте инженерия, бағдарламалау, дизайндық ойлау, кәсіпкерлік негіздері сияқты пәндер оқытылады. High Tech Academy мектебі Korda Institute for Teaching ұйымымен серіктестік орнатқан. Мектепте инклюзив білім беру жағы да қарастырылған, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жағдай жасалған. Олар 12 мүшесі сау балалармен бірге сабақ оқи алады. Бірінші және үшінші тоқсан аяғында оқушылар SLC (Student Led Conferences) өткізеді. Бұл кезде мектептегі шәкірттер бір тоқсан бойы не үйренгенін эссе түрінде немесе презентация жасап айтып береді. Сондай-ақ оқу жүйесіне қатысты ойын ашық білдіре алады.
Мектепте дәстүрлі бағалау, яғни “2”, “3”, “4”, “5” деген баға жоқ. Оның орнына POL деген бағалау әдісін қолданады. Бұл бойынша “2” деген баға – көмекке мұқтаж, “3” күткен нәтижені сәл қанағаттандырады, “4” күткен нәтижеге сай келеді, “5” күткен нәтижеден де асып түсті деп бағаланады. Ал үй тапсырмасы дәптерге емес, Google Classroom платформасында орындалады.
Мектепте түсу үшін 30 минуттық әңгімелесуден өту керек. Оқу ақысы – жылына 5 040 000 теңге.
4. Neotech Digital School
Neotech Digital School – еліміздегі IT бағыттағы мектептердің бірі. 2021 жылы 15 қыркүйекте ашылған. Нұр-Сұлтанның сол жағалауында орналасқан. Білім ордасында оқушылар бағдарламалау негіздерін бастауыш сыныптан бастап оқиды. Ал мектепті тәмәмдағаннан кейін олар ІТ саласында белгілі бір маман болып жұмыс істей алатындай дәрежеде болады. Шәкірттерге бағдарламалау негіздері, 3D моделдеу, сайт жасау, компьютерлік ойын әзірлеу, графикалық дизайн сабақтары өтеді.
Білім беру жүйесінде мемлекеттік стандарт пен шетелдік білім беру жүйесінің тәжірибесін біріктірген. Сондықтан ІТ дәрістерімен бірге мемлекеттік стандарттардағы пәндер де оқытылады.
Мектеп 1-9-сыныптарды қабылдайды. Оқуға түсу үшін қабылдау емтихандарын тапсырып, сұхбаттасудан өту керек. Жекеменшік мектеп болғандықтан оқу ақылы, жылына – 1 миллион теңге.
5. Smart Technological School
Smart Technological School – Нұр-Сұлтандағы жекеменшік мектеп. Білім ордасы мемлекеттік стандарт негізінде оқытады. Сабақтар орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Ал ІТ саласынан робототехника мен бағдарламалау негіздері үйретіледі. Бұдан бөлек каратэ, кикбоксинг, хореграфия сияқты үйірмелер бар.
Мектептің Smart Technological School деп аталу себебі: білім мекемесі кейінгі жаңа технологиялармен жабдықталған. Мысалы, сабақ смарт экрандар мен смарт тақталар арқылы жүргізеді.
Smart Technological School жекеменшік болғандықтан ақылы білім береді. 5-9-сыныптар үшін айына оқу құны – 239 445 теңге.
Add comment