ГлавнаяБлог

Ағылшын тілін үйренуге арналған сервистер топтамасы

Тіл меңгеру үшін міндетті түрде қымбат курс алуым керек деп ойламаңыз. Он жерден қымбат сервиске қосылсаңыз да, өзіңіз тиісті дәрежеде көңіл бөлмесеңіз, бәрі бос әуре болады.

Тегін сайттар

Begin English деген сайт бар. Интерфейсі өте қарапайым әрі түсінікті. Сайттың жоғары жағындағы мәзірде тақырыптар бойынша ағылшын тілін үйренуге болады. Күнделікті жаңа сабақтар қосылып тұрады. Бастамас бұрын тіл білу деңгейін анықтауға арналған сынақтан өтіп көруге кеңес береміз.

Puzzle English интернет-ресурсын тегін қолдануға болады. Бірақ жақсырақ үйренгісі келгендерге мүмкіндігі молырақ ақылы бөлімі де бар. Тіл үйренуді құдды пазл құрастырғандай сезіндіреді. Өйткені ең бірінші тіркелгенде қолданушы шет тілін меңгерудегі мақсатын таңдаудан бастайды. Қызмет бабымен, оқу үшін, саяхаттауға немесе өзіңізді дамыту үшін бастап жатсыз ба — көрсетесіз. Осы мақсатыңызға жетелеу үшін алдағы уақытта сабақтар соған сай жүргізіледі.  

Delight ресурсын толықтай тегін қолдана аласыз. Сайтта электрон оқулық, видеокурс, аудиокурс және субтитр қосылған фильмдер бар. Ресурстың кемшілігі сол — геймификация элементтері жоқ. Әркім өздігімен бақылап, процесті басқарып отыруы керек. 

Lingualeo интернет-порталы да көпшілікке таныс болса керек. Мұнда ақылы да, тегін де сабақтар бар. Қолданушыларға мақалалар оқып, ән тыңдап, жаңа сөздер жаттауға көмектеседі. Әр кезеңді аяқтаған соң үй тапсырмасын орындап отырасыз.

Ойна да оқы!

Қазір адам тез жалығады. Сондықтан көп жерде геймификация қажет. Бұл — ойын түрінде, іш пыстырмай ақпарат беру тәсілі. Айталық, түрлі байқау ұйымдастыру, промокодтар тарату да — ойынның бір түрі. Тіл үйрену өте қажырлы еңбекті талап ететіндіктен, қызық формада берілмесе, бастапқы құлшынысының күл-талқаны шығуы тез-ақ.

Ағылшын тіліндегі сөздерді дұрыс айта білу маңызды. Сондықтан қай сөздің қалай айтылатынын үйрететін Forvo тегін сервисін қолданып көріңіз. Мұндағы бір ерекшелік — түрлі акцент пен диалектісі бар адамдардың бір сөзді қалай айтатынын тыңдауға мүмкіндік беретіні. Өйткені британ және америкалық ағылшын тілінің өзінде айырмашылық көп. Ал одан бөлек, әр ұлт өкілдерінің өздеріне сай акценті бар екенін ескерсек, кей сөзді түсіну қиынға түсіп жатады. 

AudioRazgovornik интернет-ресурсы ағылшын тілін нөлден бастап жатқандарға жақсы көмектеседі. Ондағы ақпараттар тақырыптарға бөлінген. Одан бөлек, сайтта фразеологиялық сөздік те бар.

Englex.ru онлайн-мектебі ағылшын тілін үйретеді. Бұл жерде әркім өз деңгейінде дайындала алады. Beginner-ден Advanced деңгейге дейін үйренуге болады. Сабақтарды кәдімгі мектептегідей оқытушылар өткізеді. Курстар да бар. Бірақ ақылы екенін ескеріңіз. Сабақ құны рубльмен есептеледі. Ең арзаны 700 рубльден басталады. Бұл пакетте 40 сабақ болады. Кейде акциялар жүргізіліп тұрады. Айтпақшы, алғашқы сабақ тегін.   

Study.ru — түрлі курс агрегаторы. Мұнда курстар, онлайн-мектептер мен онлайн-оқытушылардың тізбегі жасалған. Сонымен бірге сайтта анықтамалық, тест сынды пайдалы базалар бар.

Duolingo.com — Google компаниясы ұсынған интернет-ресурс. Сервисті тегін де, ақылы да қолдануға болады. Ақылы нұсқасының айырмашылығы — жарнама жылт етіп шыға бермейді, еш шектеусіз қолдана аласыз. Сабақтар ең оңай түрінен біртіндеп қиындай беретін қылып жасалған. База күнделікті жаңартылып, толықтырылып тұрады. Қолданушылар арасында рейтинг жүргізіледі. Әрі жетістігіңіз үшін линготтар беріледі. Бұл дегеніміз тегін бөлімде тестілеуден өткенде меңгерген машықты тезірек бекітіп тастауға мүмкіндік береді.

Englishspeak.com — қарапайым әрі тегін ресурс. Назарыңызға 100 сабақ ұсынылады. Оған қоса, ағылшын тілінде ең жиі қолданылатын 1000 сөзден тұратын сөздік бар.  

Сөз жаттауға көмектесетін сервистер

Тіл меңгеруді бұрын-соңды оқуды қолға алған болсаңыз, сөз жаттаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы білуіңіз керек. Себебі сөздік қор көп нәрсені шешеді. Сондықтан осыған машықтанған адамның нәтижесі көп күттірмей байқала бастайды.

Quizlet.com интернет-ресурсы арқылы карточкалардан сөз құрауға болады. Ол үшін алдымен тіркелесіз. Google немесе Facebook профайлы арқылы жедел тіркеуден өтуге мүмкіндік бар. 

Memrise.com — визуал карточкалар жасайтын интерактив интернет-ресурс. Видео не мем қарау арқылы ойнап отырып, сөз жаттай бересіз.

Esl.fis.edu. Интерфейсі өте түсінікті әрі артық жері жоқ. Ағылшын тілін енді қолға алып жатқандарға арналған тест беріледі. Нәтижесі де бірден шығады. Сөйтіп қолданушы базалық ағылшын тілін қаншалықты білетінін тексере алады. Тестілеуден бөлек, грамматика сабақтары, диалог түріндегі шағын ойындар бар. 

Ағылшынша шығармалар жиынтығы

Rong-chang.com және eslfast.com деген сайттар бар. Толықтай ағылшын тілінде жасалған. Мәтіндер бастапқы және жалғастырушы деңгейдегілерге арнап бөлінген. Әр сабақта бірнеше мәтін бар. Тақырып таңдаған кезде мәтінге қоса аудио нұсқасы да беріледі. Сабаққа қатысты сөздікті шолып шығып, шағын тест жасап, сөзжұмбақ шешіп, диктант жаза алады.

Newsinlevels.com. Сайтқа алған кірген кезде ағылшын тілі деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін тесттен өтуге ұсыныс жасалады. Бар болғаны үш минутта анықтап береді. Бұл кейін сізге қандай жаттығулар ұсынуға болатынын нақтылау үшін қажет. Әрине, қаламасаңыз, терезені жауып тастап, тестіден өтпесеңіз де болады. Тапсырмалардың үш түрлі қиындық деңгейі бар. Біріншісінде — оңай, одан — орташа, үшіншісінде грамматикасы қиын деңгейдегі видео назарыңызға ұсынылады. Бұл сервис деңгейі ортадан жоғары қолданушыларға жақсырақ. Өйткені енді бастағандарға бұл біршама ауыр болуы мүмкін.

Айта-айта ағылшынша…

Грамматикасы қанша жерден жақсы болса да, ағылшындармен тең диалог құру көпшілігіне қиындық тудырып жатады. Себебі сөздерді айтып, сөйлесу тәжірибесі жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыруға көмектесетін онлайн-ресурстар яки сөздіктер бар.

Lingvo.ru. Бұл — электрон сөздік. Мұнда ауызекі ағылшын тілінде ең жиі қолданылатын сөздердің бәрінің айтылуы сақталған. Ақылы лицензия арқылы қолдануға мүмкіндік бар. Қолданып көріп, сатып алу не алмауды шешу үшін 15 күн сынақ түрінде тегін қолдануға болады. Егер ұнамаса, 15 күн ішінде жазылымды алып тастап үлгерсеңіз жеткілікті. Сөздікті мектеп оқушысынан бастап жұмыс барысы ағылшын тілін қажет ететін мамандарға дейін қолданса болады. Кәсіби деңгейге дейін апгрейд жасауға болады. Оның ішінде медицина, ақпараттық технология, биология және өзге де салаларға қатысты 33 сөздік бар.

Lingvolive.com. Сөздерді ағылшыншыдан — орысшаға немесе керісінше аударуға мүмкіндік береді. Сервистің барлық қызметін қолдану үшін Google, Facebook немесе VK арқылы авторизациядан өтіп, болмаса тіркелу қажет. Сайтта «Сұрақ-жауап» айдары бар. Сол бөлімде қолданушылар өзара тілдесе алады.

Howjsay.com — ағылшынша сөздерді айна-қатесіз айтуды үйренгісі келетіндерге арналған онлайн-сөздік. Сайттың базасында 180 мыңнан астам жазба бар. Бар болғаны өзіңізге керек сөзді жазсаңыз жетіп жатыр. Қаласаңыз, аудиосы автомат түрде қосылатындай етіп баптап қоюға болады. 

Жазуға машықтану

Шетелде оқып не жұмыс істеуге ниетті болсаңыз, сөйлей алу жеткіліксіз. Оған қоса, жазу қабілеті де жақсы болуы міндетті.

Rong-chang.com. Сайтта әртүрлі деңгейдегілерге арналған қысқаша диктанттар жиынтығы бар.

Really-learn-english.com. Шынайы диалогтардың мысалынан құралған, тыныс белгілерді дұрыс қоюға баулитын тегін анықтамалық. Үйренемін деушілерге сайтта видео, диктант және оқуға арналған жаттығулар да бар.

Daily Writing Tips. Порталда жарияланған мақалаларда метафора, синоним және өзге де ережелер түсіндіріледі. Орта деңгейден жоғарыларға арналған жақсы сервис. 

Мобайл қолданбалар топтамасы

Компьютер не ноутбукке үңіліп отырғыңыз келмесе, оның баламасы — смарфтонға арналған мобайл қолданбалар тізбегін де әзірледік. Бар болғаны ұялы телефоныңызға орнатып аласыз да, әрмен қарай ойын ойнап отырғандай тіл үйрене бересіз. 

Duolingo. Деңгейіңіз көтерілген сайын тапсырмалар да біртіндеп қиындай береді. Телефоныңызға ескертпе ретінде хабарлама жіберіп, тіл үйренуді әдетке айналдыруға көмектеседі. Рейтинг жүргізіліп, өзіңіздің нешінші орында келе жатқаныңызды бақылап отыра аласыз.  

Memrise. Сабақ оқу әдісі дәл ойын түрінде жасалған. Ақылы да, тегін де түрі бар. Егер ақылы жазылатын болсаңыз, мем-бот, грамматик-бот, аудио, қиын сөздер, ағылшындар түсірген видеолар беріледі. Түрлі тапсырма орындайсыз.

Simpler. Егер ақпаратты визуал түрде жақсы қабылдайтын болсаңыз, онда бұл қолданба сізге ұнауы мүмкін. Себебі мұндағы тапсырмалар шағын деректі оқиғалар түрінде беріледі. Орындаған сайын одан әрмен үйренуге құлшына бересіз. Бұл тәсіл тіпті балалардың өзін қызықтырады. Сондай-ақ грамматиканы бекітуге арналған арнайы жаттуғылар да бар. Қиынырақ деңгейге өтіп, тапсырмаларын орындау үшін сізге жұлдызшалар жинау керек болады. Егер сабақ барысында тым көп қате жіберсеңіз, қатемен жұмыс модулі ашылады.