ГлавнаяБлог

Орыс тілін қалай жылдам үйренуге болады?

Қазақстанда мемлекеттік тілден кейін әсіресе орыс тілін білудің маңызын, қажеттілігін жіктеп түсіндірмесек те, айдан анық. Тіл меңгеру деңгейіңізді көтеріп, білім мен қызметте пайдасын көремін десеңіз, біз ұсынған тәсілдер мен тегін ресурстар кәдеңізге жарап қалар.

Нақты мақсат

Кез келген тілді тез меңгерудің басты құпиясы оның мақсатында. Егер тілді ерекше мотивациямен, шынайы қажеттіліктен туындаған ниетпен үйренуден бастаңыз, онда соңына дейін жеткізуге мүмкіндігіңіз көп. Көп адамның мақсатына жетудегі басты кедергісі – оны шынайы қаламауы. Егер орыс тілін жай ғана “үйрену керек еді”, “тіл білген жақсы ғой”, “ана досым орысшаға мықты, мен де сол сияқты болайын” деген сияқты әлсіз идеямен бастасаңыз, ұзаққа шаппауыңыз әбден мүмкін. Сол себепті тілді жақсы меңгеруіңіз үшін мақсатыңыз айқын болсын.

“Егер орыс тілін бір жылда сауатты меңгеріп шықсам, потенциалымды аша түсуіме мүмкіндік пайда болады, қызметімде жалақымды 500 мың теңгеге дейін арттыруыма көмектеседі” немесе “коммуникациямды дамытып, бизнес серіктестерімнің санын, сапасын көбейтемін, кәсібімнің масштабын кеңейтемін” деген сияқты мотивацияны керек етпейтін шынауы қалау болуға тиіс.

Бұндай мақсатты айқындау үшін өзіңізге сұрақ қойыңыз. “Мен не үшін орыс тілін үйренуім керек?”. Егер осы сауалға шынайы жауап берсеңіз, көп мәселенің басы шешілетіні анық. Бәлкім, сізге орыс тілін меңгеру аса қажет емес шығар. Дәл қазіргі тіл білу деңгейіңіз жеткілікті болар. Мүмкін күш-қуатыңызды, фокусыңызды басқа арнаға бұрғаныңыз тиімді. Барлығы жоғарыдағы сұрақтың жауабына байланысты.

Кеселді ойлардан аулақ болыңыз

Тіл меңгеру, емтиханға дайындалу, марафонда жүгіру, жарысқа дайындалу тәрізді баспалдақтар түрлі кедергіден тұрады. Міне, сапарға шықтым, енді міндетті түрде діттеген жеріме жетемін деген кепілдік жоқ. Бәрін тастап, жол ортадан айналып кету де оңай. Бұған көп жағдайда себеп болатын нәрсе – адамның өзіне сенбеуі, қолды бір сілтеп жеңіле салуы.

Орыс тілінің грамматикасы басқа тілдердікіне қарағанда қиын екені рас. Бірақ сіз филолог, орыс тілі пәнінің мұғалімі болайын деп жатқан жоқ шығарсыз. Сол себепті қиындатпай, әуелі ең маңызды, ең қажет деген тұсына фокус жасаңыз. “Менің қолымнан келмейді”, “өмір бойы осылай шала болып қаламын” деген сияқты сенімсіздіктен, кеселді ойлардан аулақ болыңыз.

Дедлайнды белгілеңіз

Бұл жерде “келесі жылы орыс тілінде сауатты сөйлеп, жаза аламын” деген сияқты айы-күні белгісіз деллайн қажет емес. Мысалы, “2023 жылдың 25 мамыры” деген сияқты нақты датаны белгілегеніңіз. Мүмкін сізге бір жыл аз уақыт болар, бәлкім, 3 жыл қажет немесе 6 ай да жеткілікті. Барлығы қазіргі деңгейіңізге байланысты.

Жоспарыңыз тек грамматикаға негізделмесін. Бір күніңіз классикалық шығарманың 5 бетін оқып, мазмұндауға немесе бір сағат орысша аудиокітап тыңдауға, орыс тілін жақсы білетін досыңызбен жарты сағат бойы бір тақырыпта ой тарқатуға арнаңыз. Ең маңыздысы — сіз таңдаған тіл меңгеру тәсілі жалықтырмайтындай қызық болуға тиіс. Олай етпеген жағдайда, тілден жиреніп, қайтып бас сұқпайтындай халге түсуіңіз мүмкін. Барынша мақсатыңызға адал болыңыз.

Тіл меңгеруде дедлайн ғана емес, күн, апта, ай жоспары болғаны маңызды. Осы аптада жүріп өтетін жолыңыз қандай болатынын нақтылап алыңыз. Бір айда қандай жетістікке жететініңізді елестетіңіз. Мақсатыңызды тауға теңесеңіз, сол тауға шығу үшін қанша бел мен асуды бағындыратыныңызды нақты біліңіз.

Үйренгеніңізді қолданыңыз

Қайталау – білімнің анасы. Кез келген үйренген тақырыбыңызды, өзіңізге жаңа болған ақпаратты ауызша, жазбаша қолданыңыз. Орыс тілінде сөйлей беруден жалықпаңыз. Қате сөйледім деп ұялмаңыз. Орыс тілі – сіздің ана тіліңіз емес. Сондықтан еш қысылмаңыз, сіздің мақсатыңыз – үйрену. Жалған ұят мақсатыңызға жетуге кедергі болмасын.

Орыстілді ортаға кіріңіз. Егер тіл меңгеру қажет болса, барынша орысша көбірек сөйлейтін адамдармен араласыңыз. Қазақстанда мұндай ортаны табу мүлде қиын емес. Айналамыздың барлығы орысша.

Орыс тілінде кітап көп оқыңыз. Дауыстап оқыңыз. Орыс тілінде дауысыңызды көбірек естісеңіз, өзіңізге сенімділігіңіз артады. Оқығаныңызды көшіріңіз. Бұның да көмегі тиетіні анық. Замануи әдебиет, психология жанрындағы кейін шыққан кітаптардан гөрі, орыс классиктерінің шығармаларын, кітаптарын таңдағаныңыз тиімдірек. Бұл тіл тазалығына әсер етеді.

People learning russian language vector isometric 3d illustration. Russia distance education, online learning courses concept. Students reading books cartoon characters. Teaching foreign languages

Орыс тілін меңгеруге көмектесетін ресурстар

Кез келген тілдегідей интернетте орыс тілін де үйрететін ресурс жетіп артылады. Тек солардың арасынан нақ көмектесетінін анық білу маңызды. Кейбірі ақылы, кейбірі тегін. Біздің кеңесіміз – егер ақылы ресурсты сатып алуға дайын болсаңыз, онда бірден курсқа жазылыңыз. Онлайн, офлайн коммуникацияның жеке өзіңіз ғана үйренгеннен гөрі пайдасы мол. Себебі тіл меңгеру басқа қабілет тәрізді емес (мысалы, код жазуды үйрену, денені жаттықтыру), ол – коммуникацияның тірегі. Қанша жаттап, жаттығуларды көп орындасаңыз да, оларды ауызша қолданбасаңыз, қарым-қатынасты осы тілде жүргізбесеңіз, нәтижеге баяу жетуіңіз мүмкін. Мұндағы ең бастысы – тілді тілмен қолдану, сөйлеу, ой бөлісу.

Сонда да курсқа баруға, онлайн сабақтар алуға уақытыңыз, ресурсыңыз жеткіліксіз болса, тек өзіңізге қолайлы уақытта уақыт бөле алсаңыз, біз ұсынған мына қосымшалар, сабақтар сізге пайдалы болары анық.

«О русском по-русски»

Орыс тілі мұғалімі Ирина Багинскаяның YouTube каналы. Ирина сабақтарын шетелдіктерге арнап жүргізеді, яғни барынша жеңіл, түсінікті жеткізеді. Басқа YouTube-мұғалімдерден ерекшелегі – ережелерді түсіндіргеннен кейін видео анықтамасына тапсырмалардың сілтемесін береді. Әр тақырып бойынша бірнеше онлайн тапсырма, жаттығулар орындайсыз. Ең жақсысы – дұрыс-бұрысын сол мезетте тексеріп, қатемен жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз бар. Кейде диктант жазасыз. Барлығы өткен тақырыпқа байланысты.

Тіпті орыс тілін алысқа көз салмай-ақ, осы бір YouTube арна арқылы да меңгеріп кете аласыз десек, артық айтпаған болармыз. Себебі мұғалім барлық маңызды тақырыпты осы уақытқа дейін каналына жүктеп үлгерген. Өзі де әр кезде орыс тілін меңгеруге қажет түрлі ресурсты ұсынып отырады. Ал жазылушылары оның каналы арқылы тілді сапалы меңгеріп кеткенін, алғысын айтып жатады.

Әрине, бұл — тілді сапалы үйрететін жалғыз канал емес. Қазақ тілінде де түсіндіріп, орыс тілін үйретуге көмектесетін түрлі YouTube арна бар. Мысалы, 3TIL арнасы. Мұнда мұғалімдер ережерлерді қазақша да түсіндіреді. Арнаның офлайн, онлайн курстары да бар. Каналға ережелерден бөлек, тұрмыста қолданылатын сөздер, тіркестер туралы да видеолар жүктеледі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, орыс тілін меңгеруге көмектесетін түрлі ресурс бар. Әлеуметтік желіде отырып-ақ, тіл үйренуге көңіл бөле аласыз. Instagram-дағы мына парақашалар сізге пайдалы болуы мүмкін.

Сонымен қатар арнайы сайттардың да көмегі зор. Солардың бірнешеуін мысалға келтірейік:

Dict.mosmetod.ru

dict.mosmetod.ru – Мәскеу қалалық методологиялық орталығы ұсынған сайт. Мұнда диктант тапсырып, қателеріңізді көре аласыз. Диктанттың екі нұсқасы ұсынылған. Біріншісі, аудиожазбаны тыңдай отырып, жазу. Екіншісі, дайын мәтіннен қалып кеткен әріптерді табу. Диктант жазу арқылы сөздердің оқылуы мен жазылуын білесіз. Жұмыс қорытындысы қателердің түсініктемесін бермейді. Тек бірнеше секундтың ішінде сауаттылық деңгейін анықтайды.

Ilyabirman.ru

Бұл – орыс тіліндегі негізгі ережелерді түсіндіруге бағытталған сайт. Мұнда тілдегі заңдылықтарды баяндайды.

Сайтты дизайнер Илья Бирман құрастырған. Онлайн анықтама орфография мен пунктуацияға қатысты ережелерді жинастырған. Іздеу қарапайым жолымен іске асады. Негізгі тақырыптар бөлімдерге бөлінген. Мысалдар көркем әдебиеттен алынған.

Пушкин

Пушкин – тыныс белгілерін қою кезіндегі қиындықтарды жоюға бағытталған. Блогты жасаушылар ереженің мысалы ретінде классикалық әдебиетті алған. Құрастырушылардың айтуынша, бұл анықтаманы одан әрі түсінікті етеді. «Пушкин» арқылы тұрақты дайындалу қажет.

Russkiypro.ru

Сайт орыс тіліндегі сөздердің айтылуын меңгеруге арналған. «Руский-про» порталы тілдегі негізгі механизмдер мен ережелерді түсіндіреді. Сонымен қатар екпіннің дұрыс қойылуын, оның себебі баяндайды. Мысалы, «жалюзи» сөзінде екпін «и» әріпіне түседі, себебі француз тіліндегі барлық сөзде екпін тек соңғы буынға қойылады.

Gramota.ru

Gramota.ru – сөзді тексеруге арналған қарапайым сайт. Бұл тек  орыс тілінің сөздігі емес. Мұнда сөздің шығу тарихы мен қолданылу аясы туралы да ақпарат алуға болады. Орыс тіліне қатысты кез келген сұрақты қойып, ғылыми кеңесшілерден жауап ала аласыз. Сонымен қатар жиі қойылатын сұрақтардан өзіңізге қажеттісін табуға болады. Сайттың балаларға арналған бөлімі де бар. «Ойын» деп аталатын бөлігінде жұмбақтар мен бас қатырғыштар берілген. Олардың көмегімен бала сөздерді есіне сақтап, негізгі ережелерді біле алады. Ойынды ересектер де ойнай алады.