2012 жылы Нью-Йорктің әйгілі Times Square алаңы мен оның маңындағы көшелерден 50 тоннадан астам қоқыс жиналды. Қалдықтарды жаңа 2012 жылды бас алаңда тойлауға келген миллионға жуық адам қалдырған.
Қоқыстың ішіндегі бір тоннаға жуық конфетти жылдағы дәстүр бойынша тікұшақтар мен жақын маңдағы ғимараттардан шашылған. Қалдықтардың қалған бөлігі – мерекелік әшекейлер, бірреттік пластик ыдыстар мен фастфуд пакеттері. Осы бей-берекет шашылған жерді жинауға 149 жұмысшы, 24 кір жуғыш машина, 22 қоқыс жинайтын көлік, 37 шаңсорғыш жұмылдырылған.
Ал 2020 жылы Жаңа жыл қарсаңында Рио-де-Жанейро жағалауына келушілер 350 тоннадан астам қоқыс тастап кеткен. Қала әкімдігінің хабарлауынша, сол күні жаңа жылдық отшашуды көруге 3 миллиондай адам жиналған.1 қаңтар таңертең қоқысты тазалауға 91 арнайы техника мен мыңнан аса адам шықты. Оның ішінде 120 адам қайта өңделетін қалдықтарды жинаған. Сонымен қатар коммунал мекемелер қаланың басқа жағалауын да тазалаған. Мерекелік орындарда жиналған қоқыстың жалпы көлемі 760 тоннадан асты.
Шырша мен ойыншық
Жылда келетін мереке үшін табиғатта өсіп тұрған шыршаны кесу – әбестік. Себебі ол ағаш ретінде экожүйені реттеуге көмектесіп тұр. Биыл табиғи шыршаны кесіп, үйіңізді сәндедіңіз. Сіз сияқты қанша адам солай жылда шыршаны кесе берсе, жасыл желек азайып қалмай ма?
Мерекені экология жағынан тиімді тойлау үшін пластик шырша мен оған қажет ойыншықтарды сатып алып, оны жылда қолдануды ұсынамыз. Себебі құрамында пластмасса бар шырша қоқыс полигонына кеткен күнде де жүздеген жыл шірімей жатады. Топырақ пен суды улауы да ғажап емес. Шырша мен ойыншықтарды өз қорабына бұзылмайтындай етіп салсаңыз, жылда сатып алып, шығындалмайсыз. Бұған үйдегі балалар да әдеттенеді.
Конфетти және түрлі пластик
Конфетти бірреттік ыдыстар сияқты. Бірнеше секунд пайдалана аламыз, сосын бірден қоқысқа айналады. Ол пластиктен жасалады әрі оның қай пластмасса түріне жататынын анықтау қиын. Сондықтан компаниялар да конфеттиді көбіне қайта өңдемейді. Оның орнына электр энергиясымен жанатын түрлі гирлянда бар емес пе? Біраз уақыт мерекелік атмосфера жасап тұрады әрі бір сатып алып жылда қолдана аласыз.
Конфеттиден бөлек Жаңа жылда үйді сәндеуге, мойнымызға салуға арналған жылтырақтар да бір рет пайдаланылады. Кейде оларды келесі жылға қалдырмай, бірден қоқысқа лақтырамыз. Сондықтан әр адам мереке қарсаңында не алатынын, оны қанша уақыт қолданатынын ойлағаны жөн.
Пиротехника
Жаңа жыл әлде Cristmas мерекесінің және тағы басқа іс-шаралардың ең қызық сәтіне айналып кеткен нәрсе – отшашу. Қарағанда қуанамыз, таңданамыз. Бірақ балалар мен жануарлардың салюттан қорқып, тығылатынын байқаған шығарсыз? Пиротехниканы дұрыс қолданбай, өміріне қауіп төнетіндер қаншама? Ал отшашу болған күні ертеңіне сол аймаққа барып, жерді, ауаны бақылап көрдіңіз бе?
Салют атылғанда қатты дыбыс пен түрлі түсті жарық шығуы үшін құрамына көмір, калий нитраты, күкірт, алюминий, магний, калий хлориді және басқа да ұсақ металдар қосады. Салюттың құрамындағы ауыр металдың бәрі оны атқанда ауаға улы газ бөледі. Отшашудың табиғат пен адамға зияны мұнымен біткен жоқ. Салюттың атылғаннан соң қалған қалдығы суда немесе топырақта жатып, бойындағы ауыр металдар арқылы жерді де улай береді екен. Адамзаттың бірер минуттық қуанышы оның өзіне қандай зиян әкелетінін экология жанашырлары жылда мереке қарсаңында айтып жүр.
Отшашудың зиянын біраз мемлекет мойындап үлгерді. Мысалы Еуропа елдерінде, атап айтқанда Бельгияда, Францияда, Чехия мен Германияда жалпы пиротехника атуға тыйым бар. Бұған Қытайды да қосуға болады. Қытай ірі қалаларындағы ауа ластануына байланысты отшашуға тыйым салған. Ал Қазақстанда 2020 жылы Қарағанды облысы отшашудың қатты дауысы үшін 55 мың теңге айыппұл бекітті. Себебі бұл облыста сол жылы бір тәулікте пиротехникадан зардап шеккен 500 адам тіркелген.
Сыйлықтар
Сыйлық алғанда ол адамның қалауына ғана емес, заттың қоқысқа айналып кетпейтініне де назар аудару қажет. Экологтар мен табиғат жанашырлары экология жағынан тиімді сыйлық беруді насихаттап жүр. Неліктен? Біріншіден, сыйлықтың қорабын, пакетін, пластигін және оның өзін шығару үшін компаниялар белгілі бір ресурстарды жұмсайды. Екіншіден, сыйлықтың сырты көп жағдайда қоқысқа тасталады. Оны алып қалып, екінші бір адамға сыйлап жіберу бәрінің әдеті емес. Үшіншіден, егер дәл сол зат адамда болса, бұрынғысы қалдық болып қалады. Ал сыйлық ұнамаған жағдайда ештеңеге жарамай қалады немесе қайтадан қалдықтарды көбейтеді.
Сыйлық аларда бірреттік заттарды таңдамаған дұрыс. Бұйымның ұзақ пайдаланылатынына және сол жанға ұнайтынына назар аудару керек. Сыртын орамай, сәндемей-ақ беруге болады. Сонымен қатар заттай сыйлық орнына арнайы сертификат, абонемент, билет, демалыс орнына саяхат та ұйымдастырған тиімді.
Дресс-код
Киімді тек бір рет киюге сатып алу экология жағынан тиімді емес. Келесі жылы сол киім қайта киіле ме, неғайбыл. Егер Жаңа жылдық кеште арнайы дресс код белгіленсе, оны жалға алуға немесе сұрай тұруға болады. Ескі киімдерден құрастырып алатындар да бар. Қолыңыздан іс тігу келсе, тіпті жақсы. Бұл – балалар киіміне де қатысты. Бала өседі де, келесі жылы биыл алған киім жарамай қалып жатады.
Мерекелік дастархан
Бірер сағатта өтіп кететін мереке үшін көп шығындалмай, тек желінетін тағамдарды алу – экологиялық проблемаларға бейжай қарамайтыныңызды білдіреді. Өйткені желінбей қалған тағамдар мен ысырап болған сусындар да қоқыс жәшігіне кетеді. Тағамнан қалған органика қалдығын есептемегенде, сусындардың шыны немесе пластик бөтелкесі бар. Басқа азық-түліктің пакеті, қағазы бар. Жаңа жылдық демалыстан соң бәріміз пайдаланған тағам мен заттардың қалдығы үйдің қасындағы жәшікке үйіліп қалады.
Экологтар мен ғалымдар басқа кісі тастаған қоқыс екінші бір адамдар тобына тікелей әсер ететінін алға тартады. Жер планетасы – біреу. Мұнда жиналған қоқыстан оңай құтыла алмаймыз. Онымен бірге өмір сүруге тура келеді.
Жаңа жыл қарсаңында ескі заттан арылу
Дүниежүзі халқы жылды жаңа бұйымдармен қарсы алғысы келеді. Әсіресе Қытай халқы үйінде Жаңа жыл алдында ауқымды тазалау жүргізеді. Олар үйдегі ескі заттардан, қолданылмайтын бұйымдардан арылады. Дәл осы дәстүрді бүгінде біразы ұстанады. Мұндай салтты да қоршаған ортаға тиімді етіп жасауға болады. Адам өзіне керек емес затты лақтырмай, басқа мұқтажға бергені дұрыс. Жақсы сақталған бұйымдарды сатуға болады.
Мегаполистерде қажетсіз затты өткізуге болатын орындар:
Киім-кешек, аяқкиім, сөмке, ойыншықтарды танитын мұқтаж отбасыларға, «Тепло» әлеуметтік қайырымдылық қорына және қаладағы киім қабылдайтын дүкендерге апаруға болады. Айтпақшы, киім-кешек пен бұйым жарамды болса, қаладағы Second hand дүкендерге де табыстаған жөн. Елімізде «Делай доброе дело», «Клуб добряков» және тағы басқа қайырымдылық қорлары да іске жарамды заттарды қабылдайды. Ескі төсек пен киімдерді қаңғыған ит-мысықты асырайтын жануарлар үйіне де беруге болады. Мысалы, Алматыда «Дос», «Новый шанс», «Белый бим», «Котопес», «Дворянское собрание», «Сomes», «Хвостатый рай», «Pet Ville» сияқты жануарлар үйі бар.
Кітап, журнал, макулатураны Kazakhstan Waste Recycling ұйымы мен Ecosen қомпаниясына өткізуге болады. Кітаптарды сатуды немесе таныстарға тегін таратуды да ойлап көріңіз.
Ескі немесе істен шыққан электрон және электр құралдарын ПромТехноРесурсKz қайта өңдеу компаниясына апара аласыз.
Винтаж стиліндегі, ескі әрі сыры кетпеген бұйымдарды кинокомпанияларға немесе фотостудия мен театрларға өткізуге болады. Мысалы, музыка аспаптары, теледидар, жиһаз, киім-кешек, әшекей бұйымдар, ыдыстар және тағы басқа.
Пластик қалдықтарды Kazakhstan Waste Recycling ұйымы мен Ecosen қомпаниясы, Zeta дүкендері, Rocket Plastic компаниясы, PlastNet желісі қабылдайды.
Жалпы кез келген қалдықты қоқысқа лақтырмай, қайта өңдеуге немесе қолданысқа өткізу үшін Ecocity қолданбасын пайдалан аласыз. Бұл қосымшада Қазақстан бойынша қалдықтарды тапсыруға болатын орындардың мекенжайы жиналған.
Add comment