Монеталардың коллекциялық екенін қайдан танимыз?

Коллекциялық монеталардың өзіне тән бірнеше белгілері болады. Монета металдан жасалады. Оның бет жағында шартты құны және монетаны шығарған мемлекеттің атауы жазылады немесе елтаңбасы бейнеленеді.

Егер коллекциялық монета бағалы металдан жасалса, ондағы бағалы металдың сынамасы мен салмағы көрсетіледі. Бағалы металдан жасалған монетамен бірге оның сапасын растайтын сертификат беріледі. Сертификатта коллекциялық монетаның техникалық сипаттамасы жазылады. Монетаның атауы, сериясы, таралымы, бірегей нөмірі және құрамы көрсетіледі. Сертификаттың шынайылығын монетаны шығарған мекеменің атауы немесе логосы және мекеме төрағасының қолы растайды.

Коллекциялық монетаның құнды екенін қайтіп ажыратамын?

Коллекциялық монетаны құнды ететін бірнеше белгі бар. Біріншіден, монетаның металына назар аударыңыз. Монеталар бағалы емес және бағалы металдардан да жасалады. Бағалы емес металдардан жасалған монеталардың құны төмен болады. Сондай-ақ ондай монеталардың таралымы да үлкен болады.

Бағалы емес металдардан жасалған монеталардың шығару тақырыбы, жасалу технологиясы, монетада бейнеленген тұлғаның қоғам алдындағы маңызы және өзге факторлар монета бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.

Бағалы металдан жасалған коллекциялық монеталардың құнын анықтайтын басты элемент – құрамындағы металдың үлесі мен салмағы. Әлемде мұндай монеталар көбіне алтын, күміс, платина, палладий және өзге сирек кездесетін бағалы металдардан жасалады. Сонымен қатар бұндай монета бағасына монетаның тақырыбы, пішімі, дизайны, монетаны жасау барысында қолданылған технологиялар, шығарылған монета саны да әсер етеді.

Ескерту! Бағалы металдан жасалған монеталардың бүлінбеуі аса маңызды. Сол себепті коллекциялық монеталарды сатып аларда монетаның сызылмағанына, дақ түспегеніне, бетінің қышқылданбағанына назар салыңыз. Монетаның бүлінбегеніне көз жеткізген соң сатып алғаныңыз жөн.

Қазақстанда қандай коллекциялық монеталар шығады?

Елімізде бағалы емес металдардан жасалған монеталар бірнеше металл қосындыларынан жасалады. Қазақстанда шығатын монеталардың бір түрі мельхиордан, екінші түрі нейзильберден жасалады. Мельхиор – белгілі пропорцияда араласқан мыс пен никель қосындысы. Нейзильбер – мыс, мырыш және никель қосындысы. Екі қосынды монетаға күміс түстес жылтыр, таттануға қарсы тұрақтылық және белгілі дәрежеде иілгіштік береді.

Қазақстанда бағалы металдан жасалған коллекциялық монеталар мына металл түрлерінен жасалады. Олар: алтын, күміс және тантал. Әдетте Қазақстанның коллекциялық монеталарында алтынның сынамасы 999, күмістікі 925 болып келеді. Ал танталға қатысты әңгіме мүлдем өзгеше. Тантал – сирек кездесетін металдардың бірі. Сонымен қатар танталды өңдеу технологиялық тұрғыдан күрделі процесс. Бұл ретте ҚР Ұлттық банкі – танталды өңдеу технологиясын меңгерген әлемдегі бірден бір мекеме. Сондықтан танталдан жасалған монеталар – Ұлттық банктің мақтанышы әрі әлемге танымал өнімі.

Мысалы, Ұлттық банк 2018 жылы 5000 және 500 теңгелік номиналда күмістен және 200 және 100 теңгелік номиналда мельхиор қорытпасынан «Көкбөрі» монетасын шығарды. Номиналы 5 000 және 500 теңгелік монеталардың сырт жағында гауһар таспен салынған қасқыр басының суреті және «Көкбөрі» деген жазу бар. 200 теңге мен 100 теңге алтын жалатылған мельхиор қорытпасынан жасалған, оларда да бөрінің бейнесі бар.

Коллекциялық монеталарды қайдан сатып алуға болады?

Коллекциялық монеталарды әлем мемлекеттері Ұлттық банктерінің немесе ақша сарайларының дүкендерінен, интернет дүкендерінен сатып алуға болады. Дегенмен сатып алмас бұрын монетаны сатып алуды жоспарлап отырған банктің немесе ақша сарайының монеталарды сату және жеткізу бойынша ережелерімен мұқият танысып шығуды ұсынамыз. Себебі әр мемлекеттің заңына байланысты монеталарды шетелге сату бойынша шектеулері болады.

Қазақстанда коллекциялық монеталарды Ұлттық банктің интернет дүкенінен сатып алуға болады. Ол үшін kazcoins.nationalbank.kz сайтына тіркелуіңіз. Интернет дүкен жұмыс күндері сағат 10.00-13.00 (Нұр-Сұлтан уақыты) аралығында жұмыс істейді.

Коллекциялық монеталарды сата аламын ба?

Қазақстанда шыққан коллекциялық монеталарды қалаған уақытта сата аласыз. ҚР Ұлттық банкі өзі шығарған монеталарға толық кепілдік береді және кері сатып алу мүмкіндігін қарастырған. Бағалы металдардан жасалған коллекциялық монетаны Ұлттық банктің кез келген филиалына апарып өткізе аласыз. Ұлттық банк мамандары монетаны қабылдап, сараптамаға жібереді. Сараптама қорытындысы негізінде монета үшін төленетін ақша сіздің картаңызға аударылатын болады.

Ескерту! Коллекциялық монета құрамындағы бағалы металдың салмағы мен үлесіне қарай бағаланады. Толық ақпарат алу үшін ҚР Ұлттық банкінің сайтынан монеталарды өткізу бойынша ережелермен танысып шыққаныңыз жөн.

Коллекциялық монета – ұзақмерзімді инвестиция жасаудың бір құралы. Олар жиған-тергеніңізді сақтауға көмектескенімен, бұл құрал бүкіл тәуекелден қорғай алмайды. Сондықтан қаржыңызды сақтау және көбейту жолында өзіңіздің басты капиталыңыз – ақылға арқа сүйеп әрекет еткеніңіз дұрыс.