ГлавнаяБлог

Студенттерге арналған 10 жазғы жұмыс

Қайдан, қалай қосымша табыс табуға болады және алаяқтарға тап болмаудың жолы қандай - 5Q-дің тізімінен толығырақ біле аласыз.

Сату менеджері / Риэлтор

Бұл — ең көп ұсыныс түсетін нұсқаның бірі. Сатушылардың міндетіне потенциал клиенттерге қоңырау шалу, өтінімдерді өңдеу, коммерциялық ұсынысты әзірлеу, келісімшарттармен жұмыс істеу және тағы басқалары кіреді.

Талабы: анық және сауатты сөйлеу, тәртіпті және көпшіл болу. Сату тәжірибесінің болғаны жақсы, бірақ жиі талап етілмейді. Білім де маңызды емес. Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар бос орындар бар.

Жалақысы: Сату менеджерінің табысы жалақы мен сату бонустарынан тұрады. Қазіргі актуал вакансияларда жалақы 100 мың теңгеден басталады, егер өтініш беруші сатудан түскен пайызбен жұмыс істесе, табыс бұдан жоғары болуы мүмкін.

Даяшы / бармен

Жастар арасында ең танымал жазғы жұмыс. Даяшылар салыстырмалы түрде жақсы табыс табады — жалақыдан, сатудан және бонустарға қоса, премия бар. Мұның бәрі жұмыс істейтін мекемеге байланысты. Мекемелердегі айналым айтарлықтай үлкен, тәжірибесіз болсаңыз да, жұмысқа оңай орналаса аласыз.

Талабы: қарым-қатынасты жақсы орната білу және топта жұмыс істеу.

Жалақысы: даяшылардың көмекшілері мен стажерларға 70 мың теңгеден бастап төленеді. Тәжірибесі бар даяшылар айына 500 мың теңгеге дейін жалақы алады. Орта есеппен даяшы айына шамамен 220 мың теңге таба алады.

Репетитор

Репетитор болып жұмыс істеу – өз пәнін жақсы білетін және білімін бөлісуге дайын студенттер мен мектеп оқушылары үшін қосымша табыс табудың салыстырмалы түрде қарапайым және айқын тәсілі. Көбіне мұғалімдер ағылшын тілінде және балаларды мектепке дайындауда талап етіледі. Сондай-ақ нақты ғылымдар мен сызу пәндері бойынша да репетиторларға сұраныс жоғары.

Талабы: Бейіндік білім, пәнді еркін меңгеру және балалармен жұмыс істеуге құлшыныс.

Жалақысы: Репетиторлардың нарықтағы орташа жалақысы 200 мың теңге шамасында. Жалақы 60-80 мың теңгеден басталады. Шетелдік онлайн мектептер 500 мың теңгеге дейін ең жоғары жалақы ұсынады.

Сатушы-консультант

Сатушы-консультанттың негізгі міндеті — тауарларды немесе қызметтерді сату және клиенттерге кеңес беру. Бұл салада айналым көп, жаңа қызметкерлер қашанда қажет. Жұмыс қашықтан емес, жұмыс кестесі әдетте 2/2 (2 жұмыс күні және 2 демалыс күні).

Талабы: Стреске төзімді болу, сауатты сөйлеу және коммуникативтік дағдылар. Сату тәжірибесінің болғаны жақсы.

Жалақысы: жалақы + сату және бонустар пайызы. Жалақы 70-80 мыңнан 350 мың теңгеге дейін барады. Орта есеппен нарықта сатушы-консультант айына шамамен 180 мың теңге таба алады.

Курьер

Қала ішінде жұмыс істеу үшін көліктің болуы шарт емес. Шағын сәлемдемелерді жеткізу үшін жаяу курьер ретінде жұмыс істей аласыз. Сондай-ақ тамақ жеткізу қызметтеріне жұмысқа оңай орналасуға болады. Артықшылықтары — икемді кесте және мобайл қолданба арқылы жұмыс істеу.

Талабы: навигатормен жұмыс істей білу. Көлігінің болуы — үлкен плюс.

Жалақысы: міндетті жеткізу жоспары болмаған кезде әрбір тапсырыстан кейін кесімді төлем. Орташа алғанда, толық жүктемемен курьер айына 250 мың теңге таба алады.

Копирайтер

Копирайтер — мәтінмен жұмыс істейтін маман. Бұл сайттағы мақалалар, блог жүргізу, әлеуметтік желілерде жазбалар жазу, электрон пошта ақпараттық бюллетеньдері, баспасөз хабарламалары болуы мүмкін. Үйден шықпай-ақ демалыста қосымша ақша тапқысы келетіндер үшін жақсы нұсқа.

Талабы: сауатты жаза алу, шығармашыл болу және сыни ойлау, тапсырма аясында идея тудыра білу. Ноутбук немесе компьютер болуы керек.

Жалақысы: Жазбаша мәтіннің көлеміне байланысты авторлардың жалақысы тұрақты және орындалған жұмыс бойынша кесімді болуы мүмкін. Тұрақты толық емес жұмыс күні үшін оларға 80-120 мың теңге аралығында төлейді. Ағылшын тілін білу жергілікті компанияларға қарағанда төлемдері жоғары шетелдік клиенттермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Тәлімгер

Тәлімгер — суретші әрі спортшы, жазушы, тарихшы, психолог, тіпті аздап бала. Егер сіз балалармен уақытты қызық өткізуді, экскурсияларға баруды, шеберлік сабақтарын өткізуді ұнатсаңыз, бұл — сізге арналған жұмыс. Тәлімгердің міндетіне күнделікті тәртіпті сақтау, сабақ өткізу, іс-шаралар ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді. Бонус – кешкі таза ауа мен дискотека.

Талабы: тәлімгер болу — ең алдымен жауапкершілік, сонымен қатар белсенді, позитив болу керек, балаларды жақсы көру қажет. Аниматор ретінде жұмыс тәжірибесінің болуы артықшылық береді.

Жалақысы: аз, бірақ тұрақты. 50 мың теңгеден басталады. Орта есеппен тәлімгерлер ауысымына шамамен 100-110 мың теңге жалақы алады.

Құпия сатып алушы

Дүкендерге барып, мейрамханаларда бос уақытыңызды өткізіп қосымша ақша табуға болады. Жұмбақ сатып алушы дүкенге тұрақты клиент сияқты келіп, қызметкерлердің қызмет көрсету сапасын бағалайды. Бұл сауда орталығы, кафе, банк, жанармай құю станциясы және тағы басқаларында болуы мүмкін. Бару нәтижелері бойынша құпия сатып алушы есеп немесе сауалнама толтырады және оны тапсырыс берушіге жібереді. Қажет болса, фото, аудио немесе бейне жазба қосады.

Талабы: құпия сатып алушы ретінде жұмыс істеу үшін тәжірибе қажет емес, жұмыс кестесі еркін. Мұқият және жауапты болу керек және интернеті болуы керек. Жалғыз шектеу — жас — кәмелетке толмағандар құпия сатып алушылар ретінде тексеріске тартылмайды.

Жалақысы: кесілімді жұмыс, күніне бір-екі сағаттан 6 мың теңгеге дейін, толық жұмыс күні үшін — 12 мың теңгеге дейін табуға болады.

Промоутер

Промоутер — жас және энергиясы көп адамдарға арналған жұмыс. Промоутердің міндетіне потенциал клиенттермен байланысу және оған өнім туралы ақпарт беру кіреді. Промоутерлер парақшалар тарата алады, келушілерді сауда нүктесіне немесе кафеге шақырады, өнімдердің дәмін татуға ұсыныс білдіреді немесе ұтыс ойынымен жаңа өнімдердің тұсаукесерін өткізе алады. Маркетинг саласында еңбек жолын бастағысы келетін студенттер үшін қолайлы.

Талабы: клиенттің ебін табу, көпшіл болу, сауатты сөйлеу. Сату тәжірибесі болғаны жақсы.

Жалақысы: ай сайын (50-60 мың теңгеден + бонустар) немесе сағатына (сағатына 800 теңгеден + клиентпен кеңсеге хабарласу үшін бонус) төленеді.

Бала күтуші

Бала күту — қыздарға арналған жұмыс. Көп отбасыға тәжірибелі күтушілер қажет, оның міндетіне балаларды күту, серуендеу, ойнау және кейде тамақ әзірлеу кіреді. Көбіне бірге тұратын және шетелге саяхаттау мүмкіндігі бар күтуші іздейді, сонымен қатар жарты күндік нұсқалар да бар. Жұмыс тәжірибесі болмаса, дамытатын мектептер мен балабақшаларға жұмысқа тұру оңайырақ болады, сәйкесінше төлемақы да төмен болады.

Талабы: жауапкершілік, еңбекқорлық, күйзеліске төзімділік, балалардың тілін таба білу. Педагогикалық және медициналық білімі және балалармен жұмыс тәжірибесінің болғаны құпталады.

Жалақысы: балалар орталықтарындағы күтушінің жалақысы 60 мың теңгеден басталады. Отбасыларға қызмет көрсету тәжірибесі бар білікті күтуші 300 000 теңгеге дейін ала алады.

Жазғы қосымша жұмыс іздеп жүргендерге кеңес

  • Hh.kz мамандарының айтуынша, аз да болса, жұмыс тәжірибесі барларға жұмыс табу оңайырақ. Мысалы, шет тілін білу, SMM, әлеуметтік желілердегі топтарды басқару, сандармен және кестелермен жұмыс істеу тәжірибесі. Бұл дағдыларды түйіндемеңізде көрсетіңіз. Резюмеңізге портфолио тіркеңіз, сіз басқарған жобаларға немесе топтарға сілтемелер беріңіз.
  • Ресми жұмысқа орналаспаған болсаңыз да, «еңбек өтілі» бағанасын бос қалдырмаңыз. Жазғы тәжірибелер мен тағылымдамалар қазірдің өзінде тәжірибе болып саналады және бұл туралы айта кеткен жөн.
  • Аты бойынша сәйкес бос жұмыс орындарын іздеңіз – SMM-маманы, дизайнер, тестілеуші ​​және тағы басқалары немесе компанияның салалары бойынша, мысалы, «Ақпараттық технологиялар», «Маркетинг» деп қараңыз.
  • Көбіне тәжірибесі жоқ жастар қонақүйлерде, кафелерде, мейрамханаларда, қоғамдық тамақтану орындарында жұмысқа тұруға дайын. Бұл үй иесінің көмекшісі және даяшы ретінде тұрақты немесе уақытша жұмыс болуы мүмкін. Тәжірибе болмағандықтан, сұхбатта жеке қасиеттермен ерекшеленуге дайын болыңыз: жұмыс істеуге құлшыныс, жауапкершілік, тез үйрену қабілеті, адамдарға деген жақсы ниет және командада жұмыс істеу қабілеті.
  • Жұмыс берушіңізді міндетті түрде тексеріңіз. Бұрынғы қызметкерлердің компания туралы не айтатынын интернеттен іздеңіз.

Жұмыс беруші қандай кезде күмән тудырады:

  • Жұмысқа тұру үшін бастапқы жарна төлеу, белгілі бір қорға ақша аудару, ақылы оқуға қатысу қажет болғанда. Бұл — 100% алаяқтық.
  • Хабарламада компанияның атауын және/немесе лауазымын көрсетілмегенде. «Ірі халықаралық компания» және «кеңседе жұмыс істейтін қызметкер керек» деп жазылған хабарламалар желілік маркетинг болуы мүмкін.
  • Жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарға тым жоғары жалақы туралы уәде бергенде.