ГлавнаяБлог

Қазақстанның 2022 жылы IPO-ға шығатын компаниялары. Олар жайлы не білеміз?

Қазіргі таңда ҚР аумағында бағалы қағаздарды орналастырумен айналысатын екі қор биржасы жұмыс істейді. Бұл қор биржаларында Қазақстандық және шетелдік жүздеген компанияның акциялары, облигациялары және өзге де қаржылық міндеттемелері айналымда жүр.

2020 жылы қаржы нарығын реттеуге қатысты заңдарға енгізілген өзгерістер бағалы қағаздар нарығына жаңа серпіліс берді. 2020 жылға дейін Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы қаржыгерлер мен сала мамандарының жұмыс жасайтын, нарыққа кірудің өзіндік шектеулері бар орта ретінде саналған. 2021 жылдан кейін қаржы нарығының жұмыс істеу механизмдерінің жетілуі және қаржы нарығын реттеуге арналған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құрылуына байланысты Қазақстан азаматтарының көпшілігі үшін бағалы қағаздар нарығы қолжетімді болды.

Биыл Қазақстан қор биржасында үш отандық компания IPO жасамақ, яғни акцияларын саудалау үшін алғашқы орналастыруды жүзеге асырмақ. Бұл компаниялар – «ҚазМұнайГаз», Air Astana және Qazaq Air. Біз осы компанияларды саласындағы көшбасшылар ретінде танимыз. Дегенмен бұл компаниялар танымал болғанымен «олардың тартымдылығының бастауында не жатыр?» деген сауал туындайды.

ҚазМұнайГаз (KMGZ)

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ — 2022 жылы IPO-ға шығатын компаниялардың ішіндегі табысы ең молы. Жалпы “ҚазМұнайГазды” Орталық Азия аумағындағы ең ірі әрі ең табысты компания деп толық сеніммен айта аламыз. Компания мұнай және газ саласында әрекет етеді. Компания мұнай-газ кен орындарын барлаудан бастап, мұнай өндіру және тасымалдауға дейінгі операциялар кешенін жүзеге асырады.

“ҚазМұнайГаз” дара компания емес. Оның құрамына кемінде 40-қа тарта компания кіреді. Олардың ішінде “ҚазТрансОйл” (KASE тикері «KZTO») акциялары Қазақстан қор биржасында саудаланады. Бұл ретте ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті сайтындағы жарияланымдарға сүйенсек, компания 2021 жылы 84,7 миллиард теңге салық төлеген. Бұл көрсеткіш бойынша ҚазМұнайГаз COVID-19 пандемиясына дейінгі көрсеткіштерге жақындаған. Демек, компанияның жұмысы толық қалпына келген болуы керек. Жоғарыда келтірген көрсеткіштерге халықаралық нарықта мұнай бағамдарының 5 жылдық максимумға дейін көтерілгенін қосатын болсақ, жақын перспективада компания жоғары табыс деңгейін көрсететіні анық. Қазіргі таңда KASE мәліметінше “ҚазМұнайГаздың” жалпы капиталдануы 7 499 999 810 000₸ (шамамен $16,5 миллиард) бағаланады. Компания акцияларының 90,42% «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға, 9,58% ҚР Ұлттық банкіне тиесілі. IPO «Самрұқ-Қазына» АҚ акцияларын көпшілік айналымға шығару арқылы жүзеге асырылады деп болжап отырмыз.

Air Astana

Air Astana немесе ресми «Эйр Астана» АҚ — 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан әуе тасымалдаушысы. Компания жоғары сапалы сервисімен, клиенттерді қолдау бағдарламасымен және халықаралық рейстердің үлкен таңдауымен белгілі. Компания — Қазақстан аумағында саласының көшбасшысы.

Салық есептеріне сүйенетін болсақ, Air Astana 2022 жылдың I тоқсанында «Қаңтар қасіретіне», геосаяси дүмпулерге, пандемия шектеулеріне қарамастан 6 525 472 968 ₸ салық төлеген. Компанияның қаржы көрсеткіштері 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе, 2020 жылғымен салыстырғанда бес есе өсті.

Air Astana құрамына 2019 жылдан бастап FlyArystan лоукостері кіреді. Қазіргі таңда компания 51% «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға, 49% BAE Systems Limited-ке тиесілі. Бұл ретте қазіргі уақытта Қазақстан әуе кеңістігі және Air Astana үшін қалыптасқан жағдайды атап өтуді жөн санаймыз. Биыл РФ әуе кеңістігінің Еуропалық және АҚШ ұшақтары үшін толық жабылды. Соның есебінен Еуропа мен Азияны байланыстыруда Қазақстанға транзиттік салмақ артып жатыр. Бұл жағдай Air Astana-ның рейстер санын көбейтіп, экспансиясын арттыруы үшін керемет мүмкіндіктер беріп жатыр.

Qazaq Air

«Qazaq Air» ЖШС 2015 жылы Қазақстандағы әуе тасымалы сапасын арттыру мақсатында құрылған. Компанияның құрылтайшысы әрі жалғыз иесі — «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ. Qazaq Air — негізінен Қазақстанның ішкі рейстеріне бағдарланған компания. Бұны Қазақстанның 16 өңірін білдіретін 16 дөңгелек бейнеленген әуекомпанияның логосынан байқауға болады. Бұл ретте компания логосы 2015 жылы бекітілгендіктен, сол кездегі Қазақстанның 14 облысы мен Республикалық маңызы бар қос қаласын білдірген болуы керек. Қалай дегенмен қазіргі таңда компания Қазақстанның барлық аумағына ұшады. Сондай-ақ компанияның жақын шетелге ұшатын төрт бағыты бар. Олар: Нұр-Сұлтан – Қазан (РФ), Нұр-Сұлтан – Екатеринбор (РФ), Нұр-Сұлтан – Новосібір (РФ), Нұр-Сұлтан – Омбы.

Салық көрсеткіштеріне назар аударатын болсақ, Qazaq Air 2022 жылдың І тоқсанында 397 312 451₸ салық төлеген. Бұл пандемияға дейінгі сәйкес кезеңнің көрсеткіштерін беріп жатыр. Біздің пайымша салыстырмалы түрде жас әуекомпанияның өсу перспективалары баршылық. Себебі қазіргі геосаяси дүмпулер әсерінен Қазақстанның транзиттік маңызының артуы жағдайында РФ әуекомпанияларының халықаралық рейтері толық тоқтаған. Қазақстан-РФ аралығындағы аймақтық рейстерді Qazaq Air жүргізіп жатыр.

Қазіргі кезең Qazaq Air-дің аймақтық бағыттар секторында кең қанат жаюына қолайлы жағдай жасап жатыр. Бұл жерде компанияның ел іші бағыттары мен халықаралық аймақтық бағыттар бойынша босап қалған секторларды толтыруына үлкен мүмкіндіктері ашылып жатыр деп есептейміз.

Қазақстан компанияларының қор нарығына шығуы ел дамуы үшін маңызды оқиға деп санаймыз. Сонымен қатар бұл әрекет — отандық бизнес пен инвесторларға кешенді түрде оң ықпал ететін құбылыс. Ендігі кезек — жоғарыда аталған компаниялардың IPO талаптарына сәйкестендіру шараларынан аман-есен өтіп, IPO-ға шығу уақытын өткізіп алмау.