— Нұрлан, IT-ға ауысу туралы ой қалай келді?
— Оқу бітірген соң әуелі үйде істеп, одан кейін авиацияға ауыстым. Air Astana-да бортсерік болып жұмыс істедім. Денсаулығыма байланысты жұмыстан шығайын дегенімде, әуежай әкімшілігі арадағы келісімшартты бұзғысы келмей маған кеңседегі жұмысты ұсынды. Бірақ менде компьютер білімі жеткіліксіз болғандықтан ол жұмысқа тұра алмадым.
Содан кейін The Ritz-Carlton қонақүйінде консьерж, ресепшн қызметтерін атқардым. Сонда жұмыс істеп жүргенімде «IT саласы еліміз ғана емес, бүкіл әлем бойынша өте қарқынды дамып жатыр. Маған неге осы әлемнің бір бөлшегі болмасқа?» деген ой келді. Бәрі осы ойдан басталды.
— Сонда ІТ-ды оқуды неден бастадыңыз?
— Әуелі өз бетімше оқып бастадым. Жұмыстағы үзіліс кезінде, кешке үйге келгенде де оқып жүрдім. Дегенмен менің білім алуыма пандемияның ықпалы болды. 2020 жылы наурызда елімізде локдаун жарияланғанда The Ritz-Carlton да уақытша жабылып, қызметкерлері демалысқа кеттік. Осы демалыста ауылға барамын деп шештім. Бірақ ауылда интернет нашар, сондықтан онлайн сабақтар қарай алмаймын-ау деп ойладым да, қаладан кетпей тұрып Udemy сайтынан жеңілдікпен шамамен 5000-6000 теңге айналасында ағылшынша курс сатып алып, смартфоныма жүктедім. Мен оқыған курс iOS 12 Swift 4.2 – The Complete iOS App Development Bootcamp деп аталды.
Ауылға барған соң телефонымдағы курс видеоларын асықпай 2,5 ай оқып, Swift бағдарламалау тілін үйрендім. Қолым сәл босаса болды, келген жерімнен жалғастырып оқи бердім. Көбіне кешкісін түнгі уақытта курсты қарайтынмын. Солай карантинде ауылда жатып өз бетімше оқып, бастапқы junior деңгейіне жеттім. Бірақ ол кезде ІТ-ға осылай тез ауысып кетемін деп ойламадым. Менікі жай қызығушылық болатын.
— Не үшін Swift? Неліктен iOS developer?
— Маған Apple-дің технологиясы ұнайды. ІТ саласында істейтін ағам не бауырым дегендей көмек сұрар, арқа сүйер танысым болмады. Сондықтан Java, Phyton тілдері маған біртүрлі түсініксіз болды, мен оны оқысам, қайда барып жұмыс істейтінімді білмедім.
Ал Swift-ті Apple компаниясы шығарғандықтан өз технологияларында қолданатынын және жетілдіріп отыратынын білдім. Сонымен қатар қонақүйде жұмыс істеп жүргенде бір күні HeadHunter сайтына кіріп ІТ-мамандарының вакансиясын қарап едім, iOS developer іздеген хабарландырулар көп шықты. Сол кезде нарыққа осындай маман керек екен ғой деп iOS-ты оқимын деп шештім.
— IT саласындағы алғашқы жұмысыңыз?
— Карантин аяқталғаy соң қалаға келдім. Бірақ ол кезде біздің қонақүй әлі ашылмағандықтан жұмыс іздей бастадым. Мені көп жер жұмысқа алмады. Сол кезде өзімнің қонақүйден басқа еш жерге керек емес екенімді түсіндім. Көлігім бар еді, жұмыс таппаған соң таксист болып көріп едім, ол да болмады. Жұмыс таппай, не істерімді білмедім.
Сосын «2,5 ай оқыдым ғой, бағымды сынап көрейін» деп HeadHunter сайтына кіріп, iOS-әзірлеуші вакансиялары бойынша бәріне өтініш қалдырып шықтым. Мені екі компания интервьюге шақырды. Бірі Кипр елінен, екіншісі отандық. Екеуімен де сұхбаттасып, Кипрден өзім бас тарттым да, отандық компанияны таңдадым. Олар маған тест тапсырма берді, егер шешкен жағдайда жұмысқа алатынын айтты. 3 күн ішінде проблемаларын шешіп, тапсырмасын орындап бердім. Осылайша сол компанияға жұмысқа тұрып, қашықтан жұмыс істедім.
Компанияның Қазақстандағы жалғыз iOS-әзірлеушісі болдым. Дегенмен сол компанияда жұмыс онша көп емес еді, тіпті бір ай ішінде ешқандай код жазбаған кездер де болды. Біраз уақыттан кейін бізге жабылатынын айтты. Солай компанияда ресми түрде бір жыл ғана істедім де, кеттім.
— Басында неден қиналдыңыз?
— Маған код жазу емес, командамен жұмыс істегенде қолданатын бағдарламалар қиын болды. Мысалы, бизнес-аналитиктер мен бағдарламалаушыларға арналған Jira бағдарламасы. Бұрын-соңды ондай программалармен жұмыс істеп көрмегендіктен маған түсініксіз болды. Қазір үйреніп кеттім.
Код жазудан қиналмадым. Себебі бірнеше жыл бұрын студент кезімде мобайл ойындар жасауға қатты қызықтым. Бірақ мобайл ойын жасау үшін үлкен команда болуы керек болған соң жалғыз өзім керемет ойын жасап шығардым деп айта алмаймын. Бірақ сол ойынды жасаймын деп талпынғанда интернеттен қарап қызығушылықпен біраз нәрсе үйренген едім. Меніңше, сол кезде код жазу, бағдарламалау жайлы миымда база қалыптасқан сияқты. C# – ойын жазатын тілдердің бірі. Ал C# пен Swift тілі ұқсас. Сондықтан тез алып кеттім деп ойлаймын.
— Қазір қай компанияда жұмыс істеп жүрсіз?
— Telegram-да «iOS разработчик Казахстан» деген топ бар. Сол топқа Tredo компаниясының HR-менеджері «Middle iOS әзірлеуші» керек деп жазды. Бірақ мен middle емеспін ғой. Сонда да осы компанияның менеджерінің жекесіне өзімнің junior екенімді айтып, керек болып жатса, айтуын сұрадым. Шамамен арада 2 ай өткен соң оларда junior iOS developer ге вакансия ашылды. Олар әуелі мені интервьюге шақырды, интервью кезінде өзімді сенімді сезіндім. Себебі оның алдында қаншама интервью жасаған соң менде тәжірибе жинақталған еді. Интервью біткен соң арада 15-20 минут өткеннен кейін HR-менеджері мені жұмысқа алатынын айтты.
Солай Tredo компаниясында 6-7 ай істеген соң басқа компанияға ауыстым. Себебі адам даму үшін бір орында тұрып қалмауы керек деп ойлаймын. Қазір Viled Group-та iOS developer болып істеп жүрмін. Бұл компанияның менеджерлері HeadHunter-ден өздері жазды. Маған жұмыс істеу технологиясы ұнады, сондықтан осында ауыстым.
— Кейде жұмысқа тұра алмай жүретін жандар да кездеседі ғой?
— ІТ-ға көшкен адамдардың жұмысқа орналаса алмау себебі – өзіне сенімділік жетіспейді. Білмейтінді біліп алуға тырысу керек. Басында менде де HeadHunter- де 20 компанияға өтініш қалдырсам, соның 15-і қабылдамаған кездер болды. Ал қабылдағандары алдымен тест тапсырма береді, одан сәтті өтемін де, интервью жасағанда өтпей қала бердім. Көп сұхбатқа қатыстым. Тіпті «Банк ЦентрКредиттен» бастап, ресейлік компаниялармен де интервью жасадым. Бірақ әр интервью сайын сәтсіздікке ұшырасам да, менде уақыт өте келе өзіме сенімділігім арта берді. Себебі әр интервьюға алдын ала 2-3 күн бойы дайындаласыз. Бұрын қойған сұрақтарды қайта ой елегінен өткізіп, өткен жолғы интервьюда қандай қате жібергеніңді еске түсіріп, келесі жолы соны қайта жасамауға тырысасың. Солай бірте-бірте сенімділігің арта береді екен.
Жұмысқа алмаса, «Мені неге алмады?» деп себебін анықтап, кемшіліктеріммен жұмыс істедім. Сосын YouTube-те интервьюге қалай дайындалу керек екенін үйрететін жайлы видеолар бар. Соларды қарап шығу керек, көмектеседі.
— Басыңыздан өткен қызық жағдайды айтып беріңізші.
— Бұл – былтыр болған оқиға. Бір күні маған бір ресейлік компаниядан хат келді. Онда бірінші кадр бөлімімен интервью жасап, кейін бағдарламалаушымен сөйлесуім керек болды. Келістім. Қашықтан жұмыс істеймін деп ойладым. Бірақ HR-менеджер «Егер біз сізге offer берсек, сіз Калининградқа келіп жұмыс істей аласыз ба?» деді. Мен Калининград анау Сібірдегі қала шығар, ол жақта маған не бар деп ойладым да бастамай жатып бас тарттым. Кейін білдім, сөйтсем, Калининград Сібірде емес, Еуропада екен ғой. Осылай ашылып тұрған мүмкіндікті уысымнан шығарып алғаным бар. Бірақ әр нәрсенің қайыры бар дейді ғой.
— ІТ-ға ауысуды шешкен адамға қандай кеңес айтасыз?
— Ең бірінші адамда шынайы қалау болуы керек. Жай ғана қызығушылық болса, тастап кетуі оп-оңай. Мені «ойын жасаймын» деген қалауым үйренуге әкелді. Сондықтан бағдарламалауды тез алып кеттім. Адамда шын ниеті болса, ол үйрену кезінде қиындыққа төзімді болады. Адам білген сайын қызыға береді.
Екінші: қазіргі жұмысынан шықпай тұрып, бағдарламалаудан білім алуды бастау керек. Себебі сіз «Болды, мен ІТ-ға көшемін» деп бірден жұмысыңыздан шығып, ІТ саласын оқысаңыз, қаржы тұрғысынан қиналып қалуыңыз мүмкін. ІТ-да жақсы жұмысқа орналасқанға дейін әрі қонақүйде, әрі ІТ компанияда жұмыс істеп, екеуін қатар алып жүрдім.
Үшінші: бағдарламалауды қаншалықты тез меңгеретініңіз қаншалықты уақыт бөле аласыз – соған да байланысты. Аз уақыт бөлсеңіз, бір жыл, көп уақыт бөлсеңіз, 6 ай, ал жатпай-тұрмай оқысаңыз, 3 айда үйрене аласыз деп ойлаймын.
Add comment