ГлавнаяБлог

«Математикаға жоқпын. Бірақ IT-маман болғым келеді» Не істеу керек?

Есеп шығара алмағаның үшін арманнан бас тартқан жөн бе? Әлде басқа жолы бар ма?

Қазір IT беделді салаға айналды. Әлемдегі ең бай адамдардың қатарын да IT-мамандар толықтырады. Олар Қазақстанда да ең жоғары жалақы алады. Сол үшін бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің көбеюі – заңды. Алайда бәрі бірдей математика пәнін бестікке оқымауы мүмкін. Ол үшін не істеу керек? Есеп шығара алмағаның үшін арманнан бас тартқан жөн бе? Әлде басқа жолы бар ма? 5Q Media осы жайлы IT-мамандардың пікірін білді. 

Айгүл Қожантаева, дата аналитик

Айгүл дата аналитикаға журналистика саласынан ауысқан. Ол өзін IT саласының бірнеше бағытында сынап көрген. 

«Оқушы кезімде шығармашылыққа бейім болдым. Маған өлең шығарған, сурет салған ұнайтын. Кейін журналистика факультетіне оқуға түстім. Ол салада біраз жыл жұмыс істедім. Бірақ жаңа нəрсе үйренгім келді, IT-ге қызықтым. UX/UI саласына байқап көрдім, басқа да бағыттарды зерттеп, соңында дата аналитикаға тоқталдым», — дейді ол. 

Айгүлдің айтуынша, математиканы ұнатпайтын адамдар да IT саласында жұмыс істей алады.

Есепке жоқ адам болсаңыз, тәжірибеден, жаңа нәрсені үйренуден қол үзбеу керек. Тіпті, кейбірі IT -ге қызықса да, «жасым келді» деп тартынады. Меніңше, жаста шектеу жоқ, 50 жасында да программалаушы болғандарды танимын. Ал менің гуманитарлық мамандықтан техникалық салаға ауысқанда аса қиналмауыма ағылшын тілін жетік білуім көмектесті. Өйткені программалаудың тек ағылшынша курстарына қатыстым. Ондағы мұғалімдер  балабақшадағы бала да түсіне алатындай деңгейде сабақ береді.  Сол үшін бұл салаға оңай бейімделіп кеттім, дейді Айгүл Қожантаева.

Абылай Алламұрат, Platonus компаниясының тестілеуші маманы

Абылайдың негізгі мамандығы — байланысшы-инженер. Ол бұған дейін «Қазақтелеком» компаниясында негізгі мамандығы бойынша жұмыс істеген. Оның айтуынша, IT саласының білікті маманы болу үшін кемінде математиканың негіздерін білу керек. Ал қалғаны адамның тәжірибесіне, еңбегіне байланысты.  

«Мектепте математиканы жақсы көрмегендер «күрделі формулаларды, өрнектерді өмірде қолданбаймыз, онда оны оқудың не қажеті бар» деп жиі сынайды. Бірақ код жазу үшін логика, кез келген жағдайда шешім таба білу қабілеті өте маңызды. Есеп шығара алмаймын десеңіз, арманыңыздан бас тартпай жолын табуға болады. Себебі  IT -де мүмкіндік көп. Бірақ мансабыңызды өсіру үшін статистика, логика, анализ сияқты математиканың бөлімдері бәрібір қажет болады. Сол үшін математиканы бірден жек көрмей, әуелі жеңілінен, қарапайым логикалық есептерден бастаңыз. Қазір 0-ден бастап үйрететін курстар да жетерлік, соған қатысыңыз», — деп кеңес берді Абылай.

Жансая Маратова, IT негіздерін оқытушы

Жансая бакалаврді ақпараттық технологиялар мамандығында оқыған. Қазір магистратурада оқиды. Сонымен бірге балалрға IT негіздерін үйретеді.

Шындығында, программалаушы болу үшін математиканы жетік білу керек деген — қате түсінік. Иә, логика болуы маңызды. Бірақ IT мен математиканы «ажырамас ұғым» деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені IT-дің ауқымы кең. Оның ішіне барлық сала кіреді. Тіпті, кейбір мықты деген программалаушылардың өзі математиканың тек негізін ғана білуі мүмкін. Сол үшін «математикадан бестік алмадым, бұл салада жұмыс істей алмаймын» деп ойламаңыз. Кез келген мәселенің шешімі бар», — дейді Жансая.

Ілияс Жолдасбай, UX дизайнер

Ілияс «Болашақ» бағдарламасымен Эдинбург университетінде оқыған. Ол Udemy оқу платформасындағы UX дизайн бойынша бірнеше курстың авторы. Сонымен бірге «Сөзділ» жобасы авторларының бірі. Оның сөзінше де, программалауда матемтаиканы аса қажет етпейтін бағыттар бар.

IT тек программалаумен шектелмейді. Сондықтан нақты data science, coding бағыттарына математика қажет болса, басқаларына, мысалы, Frontend (яғни көбіне уеб, iOS, Android) UX/UI Design, Q&A (тестілеуші), IT менеджмент сияқты салаларға математиканы өте жақсы білудің қажеті шамалы. Алайда есепту жақсы шығара алу қай салада да артық етпейді. Әуелі IT саласын неліктен таңдағаныңыздың жауабын іздеңіз, егер расымен арманыңызға жеткіңіз келсе, онда адамға ең бірінші математика емес ішкі мотивация, мықты ерік-жігер болса, жеткілікті, дейді ол.