Фильмнің бас кейіпкері – орта жастағы әйел. Жалғыз қызын тұрмысқа береді. Перзенті де анасының тағдырын қайталайды: өзін сүймейтін, бірақ «абыройынан айырған» жігітке тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Алайда анасын үйлену той алдындағы ұрыс-керіс пен уайым-қайғы, қарбалас мүлдем алаңдатпайды. Өйткені оның ойында озбыр күйеуіне «Ажырасу туралы қалай айтамын?» деген сұрақ тұр еді. Трагедияның бәрі той біткеннен кейін, бас кейіпкер күйеуіне өз сезімі мен қалауын айтқан кезде басталады.
Режиссер Асқар Ұзабаев бас кейіпкердің өмірін өзгертуге, бақытқа жетуге деген талпынысы неге сәтсіз аяқталғанын түсіндірді.
«Бас кейіпкерді оның күйеуі де, өз перзенті де жақсы көрмейді. Қыз әкесіне жақын. Бұл – өмірімізде бар практика. Қызы қиын жағдайға тап болғанда айналасының бәрін кінәлайды. Анасы оған жақындамауға тырысады, сол үшін де баласы оны жек көреді. Оның да әке-шешесі бірін бірі сүймей қосылған. Проблеманың бәрі осында.
Анасы өмірін жаңадан бастағысы келеді, ол үшін қызы теңін табуы керек екенін түсінеді. Дәл осы кезде үміт пайда болады, бірақ бұл мүмкін емес еді. Ең үлкен проблема бар. Ол бәрін шешу үшін, өзін бақытсыз сезінетін отбасынан құтылу үшін «секіргелі» тұрған жоқ, ол сол кездің өзінде құлап бара жатыр еді және соңында оңбай зардап шегеді», – дейді режиссер Асқар Ұзабаев.
БҰҰ мәліметі бойынша Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 400-ге жуық әйел қайтыс болады. Елде ай сайын орта есеппен әйелді зорлаудың 120, ұрып-соғудың 5 232, зағип етудің 72, өлтірудің 14 дерегі тіркеледі және 48 әйел өз өмірін қияды.
Асқар Ұзабаев фильмнен кейін әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық туралы заңның өзгергенін қалайды.
Фильмді түсірмес бұрын көп деректі фильмді қарап шықтым. Интернеттен де күйеуі әйелін ұрып, бетін тіліп жатқанын жиі көреміз, бірақ мұның бәрін істеген адамға ештеңе болмайды, жазаланбайды. Біз әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық бойынша заңды өзгерткенін және олардың құқығы қорғалғанын қалаймыз, – дейді режиссер.
«Адам төзгісіз өмір туралы қарапайым хикая». Продюсер Баян Мақсатқызы жаңа туындысын дәл осылай сипаттайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы фильм сән қуу немесе тенденцияға еру емес, бұл – қоғамға ащы шындықты жеткізу әрекеті. Бұл – гендерлік теңдік және жұптардың бірін бірі құрметтеу керек екенін түсіндіретін қарапайым идея.
Бас кейіпкерді Лаура Мырзахаметова сомдаған. Ол Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет етеді. Актрисаның айтуынша, «Бақыт» карьерасындағы өте ауыр, соған қарамастан, қызық жұмыс болған.
Лаура фильмге өзіне дейін таңдалған актрисалар рольден бас тартқаннан кейін ғана келген. Оған себеп – фильмнің басында бас кейіпкердің жартылай жалаңаш денесін көрсетуін талап еткен сахна.
«Әуеліде резервте тұрдым. Көбі жалаңаш денесін көрсетуден қорыққан. Абьюзер күйеудің роліне бекітілген актерлар да түспейтін болған. Бұған сценарий бойынша алкоголь ішіп отырған стақанымен әйелін ұратын, аямай соғатын, балғамен зорлайтын кадрлар себеп болса керек. Дайындығым аз болды, түсірілім басталардан 10 күн бұрын ғана хабарлады. Сол кезде салмағым көбірек еді, тез арада қатаң диетаға, детоксқа отырдым. Түсірілім біткенге дейін осы режимді бұзбадым», – дейді ол.
Лаура Мырзахметова бас кейіпкер көрген зорлық-зомбылықтың ешбірін басынан өткізбесе де, мұндай проблеманың бар екенін білген. Образға енуіне бала кезде көрген осындай жағдайларды есіне түсіргені көмектескен.
«Кейіпкерімнің басындағы жағдайдың 5%-ы ғана маған таныс шығар, бірақ айналамда мұндай зорлық-зомбылықтың бар екенін білемін. Өзгелерден естиміз, көзімізбен көргеніміз бар, кинолардан білеміз. Кішкентай кезімде ағаларым жеңгелерімді ұрып, сабағаны есімде. Соларды еске түсіріп, образға барынша кіруге тырыстым.
Режиссер да көп көмектесті, қолдады. Асқар Ұзабаев болмаса, бұл рольді алып шыға алмас па едім деп ойлаймын. Ол фильмнің басты ролінде ойнаған актердың бәрімен тығыз байланыста болды, көп дайындық жасады, көмектесті. Бұл оның артықшылығы дер едім. Әсіресе, түсірілім кезінде мені үнемі бақылауында ұстады. Артық күле алмадым, өйткені образымнан шығып кетіп, оны жоғалтып аламын ба деп қорықтым, – дейді актриса.
Кісі өлтіру бабымен сотталып, түрмеде отырған әйелдердің 70%-інің өз күйеуін өлтіруге мәжбүр болған (БҰҰ дерегі).
Актриса түсірілім біткен соң біраз уақытқа дейін кейіпкерінің тағдырын ойынан шығар алмай, депрессияға тап болғанын айтты.
«Бас кейіпкерді күйеуі балғамен ұрып-соғатын кадрды 3 күн түсірдік. Өйткені реквизитіміз сынып қалды, тағы да басқа көп проблема болды. Өзіме фильмнің кульминациясы қиын болды. Сценарий бойынша бас кейіпкер жиен немересін перзентханадан шығаруға келеді, сол кезде оған өз қызы мен құдалары жаңа туған сәбиге ат қой деп қолқалайды. Балаға ат қойған сәтте осыған дейінгінің бәрін есіне түсіп, жылауы керек, бірақ көзіме жас келмеді. Өйткені қанша қиындық көрсем де, бәрін салқынқанды қабылдаймын. Кейіпкерім сондай.
Осы күйді сақтап қалу үшін өзімді үнемі бақылауда ұстадым. Кейін Асқар Ұзабаев өзіне шақырып алды. Екеуіміз әңгімелестік. Ол менің әлсіз жерімді тауып алып, сонау 20 жыл бұрынғы өмірімді көз алдыма әкеліп берді. Содан кейін ғана көзімнен жас шықты. Бәрі тек менің жылағанымды күтіп дайын отырған екен, дереу түсірдік. Түсірілім бітетін күні Алматыда карантин күшейеді деген хабар естідік. Жұмысты тез аяқтап, заттарымызды жинап, сол түні қалаға шығып кеттік.
Мен бас кейіпкердің тағдырынан бірден шығып кете алмадым, көңілімде бір дақ қалып қойғандай болдым. Дәл осылай бірнеше ай жүрдім. Өмірімдегі өте ауыр кезең болды. Отбасымда да сол үшін проблемалар көбейді. Өнер адамы болғаннан кейін образға тез кіруге және тез шығуға да тура келеді. Қазір бәрі жақсы», – дейді ол.
Лаура фильмнен кейін қоғам өзгеретінінен үмітті.
Сөзіме ешкім ренжи қоймас, бірақ Қазақстанда проблеманы көрсету үшін, қандай да бір мақсатқа жету үшін міндетті түрде резонанс туғызу керек. Біз «ұят болады» деген менталитеттен әлі асып кете алмай тұрмыз. «Қазақ әйелдері қиындықтың, зорлық-зомбылықтың бәріне шыдауы керек». Бірақ қанша көз жұмып қарасаңыз да, бәрібір сол шұңқырға, сол проблемаға айналып түсе бересіз. Бұл фильм бәріне көніп, шыдап жүретін әйелдерге ой салады деп ойлаймын.
Бір шешім қабылдауыңыз керек. Ол жақсы не жаман болуы мүмкін. Адам өзі өзгермей, жан-жағын өзгерте алмайды. Бас кейіпкердің де кінәсі жоқ деп айта алмаймын. Өйткені ол жағдайдың бәрін соған жеткізді, шыдады, көнді. Соңында не болды? Оны фильмнен көріңіз, – дейді Лаура Мырзахаметова.
Фильмге Ерболат Әлқожа, Алмагүл Қазихан және Шынар Жанысбекова да түсті.
Әлеуметтік тақырыпты көрсеткен фильмнің шығуына Қазақстан азаматтары да үлес қосқан. Баян Мақсатқызы 2020 жылдың соңында краудфандинг жариялаған еді. Продюсер сол кезде фильмді түсіруге 100 миллион теңге керек екенін айтты, соңында 10 миллион теңге жиналды. Отбасындағы зорлық-зомбылықты көрсеткен драма түсіріліміне 65 миллион теңге жұмсалған, қалған ақшаны продюсер өз қалтасынан қосқан.
Қазақстандағы кинотеатрлар желісі қолдаса, фильм прокатқа шығады.
Add comment