Ойынның түпнұсқасын америкалық Джош Уордл сүйікті қызына арнап ағылшын тілінде шығарған, кейін оны отбасымен бірге ойнап жүрген. Ойынды былтыр қарашада күніне 90 адам ойнаса, 2022 жылы қаңтарда қолданушылар саны 300 мыңға жеткен.
Желіде танымал болған ойынды The New York Times 1 миллион долларға сатып алды.
Ал қазақша нұсқасы – «Сөзділ» 21 қаңтарда жарық көрді. Оны бүгінге дейін 15 мыңға жуық адам ойнап көрген. Оның 10 мыңнан астамы Қазақстаннан болса, 700-ден астамы АҚШ-тан, 100-ден астамы Ресейден, 100-ден астамы Германиядан, қалғандары Ұлыбритания, Түркия, Оңтүстік Корея, Италиядан. Қалалар арасында Алматы (3 мыңнан астам), Астана (2 мыңға жуық), Шымкент (мыңнан астам), Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар қазақтары көш бастап тұр.
Күнделікті тұрақты ойыншыларының саны 2500-ден асады.
«Сөзділді» үш қазақ бағдарламалаушы Github платформасында дайындаған. Ойынның қазақшасын әзірлеу идеясын IT-маман Данияр Мұханов ұсынған. Есіңізде болса, ол бізге мобайл қолданбалар нарығы жайлы сұхбат берген еді. Ал құрастырғандар: Facebook Software инженері Ержан Торғаев пен Uxstone.co дизайнері, «Сөз:» жобасының авторы Ілияс Жолдасбай. Сөздікқорды Гермениядағы Delivery Hero бағдарламалаушысы Жаржан Құлмырза берген.
Ілияс Жолдасбайдың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты қазақша контентті көбейту әрі қазақ тілін көбірек насихаттау болған.
“Бас демеуші – энтузиазм мен қазақ тілге деген жанашырлық. Құрастыруға көп шығын шықпады, тек wordle.kz доменін алу үшін 4 мың теңге жұмсалды”, – дейді ол.
«Сөзділде» күніне бір сөзден табу керек. Сондықтан қазір 365 сөз жасырылған. Ал сөздікқорына 6 мыңнан астам сөз енгізілген.
“Қазақ тілінің бай екеніне әбден көзіміз жетті. Нақты күнделікті табылуы керек сөздерді өзіміз отырып екшеледік, яғни таңдалған сөздер етістік болмауын әрі сөздегі әріптердің сөзде бір рет қана кездесуін қадағаладық”, – дейді Ілияс.
Құрастырушылар қазақтардың мұндай белсенді болатынын күтпеген. Олар бір ай ішінде 10 мыңнан астам қолданушының болуы жақсы көрсеткіш екенін айтады.
Ілияс Жолдасбайдың айтуынша, ойынның авторлық құқығын әлі алмаған. Олар ойыннан пайда табуды ойламаған.
Wordle-дың аз уақыт ішінде сәнге айналуына нақты ненің әсер еткенін ешкім айта алмайды.
“Бір досым парақшасында сұр, жасыл текшелерді бөлісті. Кейін мен де қызықтым, ойнап жүрмін. Кейде оп-оңай, сен ойламаған сөздер шығады, кейде қанша ойласаң да, есіңе түспейтін сөздер кездеседі. Кейінгі кезде нәтижесін желіде жиі бөлісемін. Өйткені таныстарымның көбі ойынға қызығып ойнап жүр. Солармен жарысамыз, челленджге айналды, кімнің қалай тапқынын талқылаймыз. Ойын бір жағынан сөздік қорымызды байытады әрі уақыт өткізудің тамаша әдісі”, – дейді Аида есімді Facebook қолданушысы.
Ойынның ағылшыншасын құрастырған Джош Уордлдың айтуынша, танымалдықтың құпиясы сайттың қарапайым болуында екен. Себебі онда ешкімді тіркелуге мәжбүрлемейді, жарнама көрсетпейді, бірдеңені сатып алуға үгіттемейді, жай ғана көңіліңді көтеріп, миыңды қозғайды.
«Сөзділді» қалай ойнайды?
Ойын ережесі оңай. Онда 5 әріптен тұратын қазақша сөз жасырылған. Бір күнде бір сөз жасырылады. Оны табуға 6 мүмкіндік беріледі.
Кез келген 5 әріпті сөз жазып, енгізу дегенді басасыз.
Соңында сайт сізге мәтін етіп көшіруге болатын текшелер құрып береді. Оны желілерде бөлісе аласыз.
«Сөзділ» сілтемесі мына жерде.
Add comment