Бағдарлама шығынды нақты ел бойынша, мерзімі бойынша және әлеуметтік желінің түріне байланысты есептеп береді.

Олар интернет қолданушылары туралы деректі Дүниежүзілік банк пен ел үкіметі жариялаған есептен алған. Онда белгілі бір желі қолданушыларының саны ғана емес, елдегі интернет қолданушыларының жалпы саны пайдаланылған. Сонымен бірге онда жекелеген әлеуметтік желі бойынша да экономика шығынын есептеу мүмкіндігі бар. 

Lenta.ru, «Комсомольская правда», Finanz.ru, Nation-news.ru (бұл басылымдар 9 қаңтарға дейінгі шығынды көрсеткен) сияқты бірнеше шетелдік және отандық БАҚ осы дереккөзге сүйеніп, интернет өшірілгенде Қазақстан экономикасы қанша қаржы жоғалтқанын жазған. 

NetBlocks есептеуінше, Қазақстандағы интернет 1 сағатқа бұғатталса, экономикаға 1,3 млрд теңге шығын келеді. 

NetBlocks Cost of Shutdown Tool (COST) калькуляторы

Алайда Қазақстанның электрон саудасында мұндай көлемдегі ақша айналымы жоқ.

Себебі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдың 6 айында елдегі онлайн сауда нарығының көлемі 426 млрд теңге болған. Демек, ел экономикасына сағатына шамамен 97,2 млн теңге табыс түскен.

Дереккөз: PwC Kazakhstan аудитор компаниясы

Алайда интернеттің бұғатталуынан ел экономикасы қаншалықты зардап шеккені туралы деректі NetBlocks ұйымынан білу әлемдік тәжірибеде бар.

Мысалы, «Настоящее время» телеарнасы да Беларусьтегі интернеттің өшірілуі экономикаға қанша шығын келтіргенін хабарлағанда NetBlocks дерегіне сүйенген.

Интернет болмаса, көптеген компанияның қызметі тоқтап қана қоймай, шығынға батып, тіпті жабылып та қалуы мүмкін екені айтпаса да, түсінікті. Оған логистика, интернет-дүкендер, электрон базарлар қызметі де жатады.

Дегенмен Қазақстанда интернеттің болмауынан қанша бизнес зардап шеккені туралы ресми дерек жоқ.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Қазақстанда болған жаппай тәртіпсіздік кесірінен бизнес иелері 104 млрд теңге (12 қаңтардағы дерек бойынша) шығынға батқан.

Еліміздің 11 өңірінде 1 615 бизнес субъектісі зардап шеккен. Ең көп зардап шеккендер: сауда – 1 482 нысан, қоғамдық тамақтану орындары – 44, қаржы секторы – 61, логистика – 23 және БАҚ – 5. 

Интернеттің құны неге қымбат?

Интернет болмай қалса, ештеңге онлайн тапсырыс бере алмайсыз, белгілі бір қызметті немесе өнімді ала алмайсыз.

Кәсібін тек интернет арқылы жүргізіп отырған кәсіпкерлер жұмысы тоқтайды. Ал тауар-ақша айналымы болмаса, мемлекет қазынасына салық түспейді, ел экономкасының табысы азаяды.

Ең қиыны – интернеттің бұғатталуы Қазақстанның инвестиция және технология тартымдылығына теріс әсер етеді.

Сарапшылардың айтуынша, енді Қазақстанда жұмыс істеген көптеген шетелдік компания онда тұрақтамауы мүмкін.

Ал ел бюджетіне салық төлеп отырған қытайлық криптовалюта өндірушілер тұрақсыз интернеттің кесірінен Қазақстаннан кетуі мүмкін.

Себебі елдегі жағдайдан кейін әлемде криповалюта өндірісі баяулап, құны 42,5 мың долларға дейін немесе тәулігіне 8%-ке дейін түсті.

Айта кетейік, Қазақстандағы халық наразылығынан кейін елде 4-10 қаңтар аралығында интернет өшірулі болды. Тек таңертеңгі уақыттағы 3-4 сағатта ауық-ауық қосылды.