Қазақстанда парадзюдоның дамуы Әнуардың келуімен тұспа-тұс келді. Ол 2012 жылы жол апатынан көзіне зақым келіп, біраз уақыт спорттан қол үзіп қалған. Содан 2014 жылы парадзюдомен шұғылданып бастаған. Әнуардың алғашқы бапкері Жандос Қиянов шәкіртінің кәдімгі дзюдодан парадзюдоға ауысудың қиын болғанын айтады:

Парадзюдо мен дзюдоның айырмашылығы көп. Бұл спортта балуандарды бір-бірін ұстатып қояды. Бір қолды үзгенде шабуыл жасау қажет. Сол себепті басында қиын болды. Үйренісіп, бабына келемін дегенше жеңіліп жүрді. Кейін жеңістер де келді.

Парадзюдоға келгеннен соң бір жыл өткенде алғашқы жүлде де қоржынға түсті. Әнуар Сәриев Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініп, Рио-де-Жанейро Паралимпиадасына жолдаманы жеңіп алды. Бразилияда спортшымыз жетінші орын алғанымен көп қазақстандықтың парадзюдомен шұғылдануға деген құлшынысын оятты.

«Кореяда алты белдесу өткізіп, қола жүлдені алды. Одан кейін әлем кубогы, чемпионаты секілді ірі турнирлерге қатысып, рейтингтік ұпайлар жинады. Осылайша Әнуар көрсеткен нәтижесінің арқасында рейтингте бесінші орынға көтерілді.

Бір айта кетерлігі, Әнуар Қазақстан параспортының тарихында тұңғыш болып паралимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алды».

Әнуар Сәриев 1992 жылы Атырауда өмірге келді. Қазір паралимпиадалық дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Атыраудағы Хәлел Досмұхамедов атындағы университеттің дене шынықтыру факультетінде оқыған. 

«Әнуар дзюдоға 12 жасында достарымен бірге еріп келді», – дейді бапкері Жандос Қиянов. Біраз уақыт дзюдомен шұғылданған. Алайда көлік апатынан соң Әнуардың бір көзі зақымданып, екіншісі нашар көре бастаған.

«2014 жылы сол кездегі дзюдодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов «Сенде бір жақсы күресетін бала бар екен ғой» деп хабарласып, көзі нашар көретін және көрмейтін спортшылар арасында парадзюдо бар екенін айтты. Бірден құжаттарды жинап, дайындықты бастап кеттік.

Сол жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатына бес балуанды ертіп бардық. Ұйымдастырушылардың көзі көрмейтін не нашар көретіндер арасындағы классикафциясынан тек Әнуар өтіп, алғашқы ірі жарысына қатысты», – дейді бапкері.

Әнуар өмірлік жолын спорттан тапты. Көзі нашар көретіндер арасында B3 деңгейінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі. Әнуардан бөлек Жандос Қиянов басқа да парадзюдошыларды жаттықтырады.  Ал 2018 жылдан бастап парадзюдодан ұлттық құраманың тізгінін ұстаған.

5Q Media тілшісі Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сәриевпен сұхбаттасып, жарыстан алған әсері мен жоспары жайлы сұрады. 

– Әңгімені Паралимпиададан бастасақ. Қалай өтті? Әсеріңіз қандай?

– Паралимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Бәрі ұнады. Жақсы әсер алып қайттым.

– Алтынға бір қадам жерден тоқтадыңыз. Финал қалай болды?

– Иә, өкінішті. Финалға шығып алтын ала алмадым. Жақсы дайындықпен, нағыз бабымда бардым. Мақсатым алтын алу еді. Бірақ финалдағы қарсыласым да мықты болды. Бұйырғаны осы. Барымды салдым. Парадзюдодан тұңғыш рет алтын алуым керек еді.

– Токио төрінде, дзюдоның отанында күрескен қалай екен?

– Бұған дейін Токиоға үш рет барғанмын. Паралимпиадада төртінші рет жолым түсті. Өте жақсы әсер алып қайттым. Керемет.

– Қазір қандай жоспар? Немен шұғылданасыз? Жаттығуды бастадыңыз ба?

– Қазір отбасымның жанындамын. Жақындарыммен уақыт өткізіп жатырмын. Енді жақында жаттығуды қайта бастаймын.

– Парадзюдо мен кәдімгі дзюдода қандай айырмашылық бар?

– Екеуінің айырмашылығы көп. Өйткені дзюдода «захватсыз» күресесің, кез келген сәтте әдіс жасай аласың. Ал парадзюдода ұстасып күресесің, сондықтан қиындау. Қарсыласың күші көп болғанда ұстасып күресу өзі қиын. Істегің келген әдісіңді алдын ала біліп тұрады. Сол үшін де айырмашылығы көп деп айта аламын.

– Спортпен айналысу үшін қажет ең басты талап?

– Тәртіп, спортқа жарамдылық және күн тәртібінің дұрыс болуы.

Бапкері Жандос Қияновтың айтуынша, Әнуар ісіне ұқыпты, кәсіби тұрғыдан қарайды, ал мінезі нағыз спортшыға тән:

«Әнуардың мінезі жұмсақ. Бірақ тәртіпке мықты. Уақытында ұйықтап, уақытында оянады. Үлкен спортқа тән кәсібилігі бар. Айтқаныңды бұлжытпай орындайды. Оған қоса айтқаныңды бірден ұғып алады. 

Бұған қоса, Әнуардың оң-солы бірдей. Екі жағына да күреседі. Әдісті тұрып та, тізерлеп те, бір аяқпен де жасайды», – деп қорытындылады бапкері.