1. Не болып жатыр?

Қараша айының соңында Сенат депутаттары Салық кодексіне енгізілетін түзетулер бекітті. Құжат Президентке қол қоюға жіберілді. Мемлекет басшысы түзетулерді мақұлдаса, кодексте басқа да өзгерістермен бірге «мобильді төлем» ұғымы пайда болады. 

Бірден айта кетейік, бұл өзгерістің қарапайым халыққа, яғни жеке тұлғаларға қатысы жоқ. Тек тауар мен қызмет сататын бизнес субъектілеріне – заңды тұлғаларға қатысты. 

Бұған дейін кодексте төлемнің «қолма-қол ақша» және «банк картасымен төлеу» деген екі түрі бар еді. Жаңа төлем енгізілгеннен кейін банктер қосымшасында аударымның «мобильді төлем» деген түрі пайда болады. Олар онлайн бақылау-касса машинасы арқылы өтіп, клиентке фискальді түбіртек беріледі. 

Тағы айта кетейік, бұл заңға әлі қол қойылған жоқ. Демек енгізілген өзгеріс әзірше заң емес, заң жобасы. Сондықтан «салық 1 желтоқсаннан немесе 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап алынады» дегендей нақты датасы белгіленбеген.

2. Бұл өзгеріс кімге және не үшін қажет?

Мобильді аударымдар жеке тұлғалар пайдалану үшін жасалған еді. Бірақ бұл қызмет іскерлік мақсатта да қолданылып кетті. «Жеңілдетіліп» жұмыс істейтіндердің көбі шығынды есепте көрсетпей, салық ретінде жалпы қаржы айналымның 3%-ын ғана төлейді. Әсіресе, пандемия кезінде кейбір бизнесмен төлемдерді ұялы телефон нөміріне тікелей аудару арқылы қабылдап жүр. Солайша тауар, қызмет саудасынан түсетін шын табыс көлемін жасыруға болады. 

Заңға енетін «мобильді төлем» ұғымының арқасында бизнес өкілдері енді қосымша арқылы аударылған қаржы үшін салық төлейді. 

Бұл  өзгеріс мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу және көлеңкелі экономикадағы оның үлесін азайту үшін керек. 

3. Салық мобильді аударымдарға емес, мобильді төлемдерге салынады

Мобильді қосымшалар кең қолданылмай тұрып бизнес субъектілері халықтан ақыны көбіне қолма-қол алатын. Одан салық ұсталынбай қалуына мүмкіндік көп еді. Өйткені кәсіпкер сатып алушыға фискальді түбіртек бермейді. Бұл көлеңкелі экономикаға жатады. 

Енді банк қосымшасында аударым және төлем деген екі батырма тұрады. Қолданушы соның бірін таңдайды: 

  1. тұрмыстық мақсаттағы аударым (туысына, досына, танысына);
  2. қызмет пен тауар ақысына мобильді төлем жасау. 

Демек, салық мобильді аударымдарға емес, мобильді төлемге салынады. Салық төлемді мобильді қосымша арқылы төлеген тұтынушыдан емес, сол операция бойынша төлем алған кәсіпкерден алынады. 

4. Салық төлемейтін кәсіпкерлер қалай анықталады?

Мысалы, тұрғын дүкенге келді дейік. Тауар ақысын төлерде дүкенші оған қосымшадан мобильді төлемді емес, мобильді аударымды таңдауын сұрады. Тұрғын келісіп, тауар ақысын аударып жіберді. Ылғи осындай іске баратын кәсіпкер салықтан құтыла ала ма? Жаңа өзгертулер бойынша, ешқандай бизнес субеъектісі салық төлеуден жалтара алмайды.  

Төлемді мобильді аударым арқылы алып, салық төлемейтін кәсіпкерлерді арнайы ақпарат жүйесі анықтайды. Бұл үшін қауіптерді басқару жүйесі жасалады. Мысалы, бір күнде азаматқа бірнеше көзден ақша түсуі мүмкін. Бұл жағдай бірнеше күн бойы, апталап, айлап қайталанар болса, оған салық органдары назар аударады. Әрі қарай жеке тұлғамен жұмыс істейді. 

Демек, үнемі, үздіксіз, күніне 50-100 рет аударым жасалса, ол адамның кәсіпкерлікпен айналысатынын білдіреді. Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отар былай дейді:

Базарда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, етік тігіп отырған адам салық төлеп, ал таксистер салықтан жалтаруы керек пе? Сондықтан кез келген табыс тапқан адам табыс салығын төлеуге міндетті.

5. Ақша аудару шектеле ме?

Мобильді аударымдарға ешқандай шектеу жоқ. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға салық салынбайды. Жеке тұлғаның мобильді ақша аударымы туралы дерек салық органына берілмейді. Бұл – банк құпиясы. 

2022 жылдан бастап банктерден тек кәсіпкерлер шотына түскен төлем туралы ақпарат алу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада былай делінген:

«Жеке кәсіпкер болсаңыз, салық төлеу бойынша өзіңізге ыңғайлы режимді таңдай аласыз. Мысалы, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Бұл режим табысы жылына 10 миллион 300 мың теңгеден аспайтын жағдайда ғана қолданылады.  Ал кассалық аппараттарға қатысты, қазір бірнеше мобильді қосымша бар. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, заңды түрде пайдалана алады. Ал салық есептілігі e-Salyq Business қосымшасын енгізу арқылы автоматты түрде жасалады. Бұл шараның барлығы бизнесті жүргізуді одан әрі жеңілдетуге бағытталған».

6. Жеке тұлға бола тұра кәсіппен айналысқан адам не істейді?

Жеке тұлға кәсіппен айналысса, өзінің қызметін ашық көрсетуге тиіс. Адал жұмыс істеп, салық төлеуі керек. Тауар мен қызмет ақысын жеке кәсіпкер ретінде қабылдағаны дұрыс. Ал жеке шотына қабылдап қойса, ол кірістің кәсіпкерліктен түскенін көрсетуі керек. 

Айта кетейік, жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылған. Сол уақытқа дейін салық органдары арнайы салық режимдерін жетілдірумен қатар жеке мақсатта және кәсіпкерлікте пайдаланылатын жедел аударымдарды бөлу механизмдерін әзірлеуі керек. 

7. Енді орта және шағын бизнеспен айналысатындар қолма-қол ақшаға өте ме?

Орта және шағын бизнес өкілдері бұрынғыдай қолма-қол ақшаға көшсек, салық төлемейміз деп ойлауы мүмкін. Қолма-қол төлемге салық бұрыннан салынады. Кәсіпкер тауар немесе қызмет ақысын қай түрде алғанына қарамастан, салық төлеуге міндетті.  Ол үшін тұтынушыға фискальді түбіртек беруге тиіс. 

Кәсіпкер төлемді тек қолма-қол алам десе, тұтынушының түбіртек талап етуге құқы бар. Тауар немесе қызмет ұсынушы тарап түбіртек беруден бас тартса, тұтынушы салық органдарына арыздана алады.