ГлавнаяБлог

VC School. Инвестор қандай стартапқа қаржы құймайды?

Astana Hub VC School білім беру курсының бесінші легін іске қосты. Ол гибрид форматта өтеді: Алматыдан 20 қатысушыға офлайн және қалған өңірден қатысушыларға онлайн болады.

VC School —  инвестор болғысы келетіндерге арналған курс. Инвесторлықпен енді айналысып бастаған тұлғаларға қандай стартапқа инвестиция құю керегін, жалпы инвесторлық қағидаларымен, жұмыс процесімен таныстырады. Биыл осы курсты оқуға ТМД елдері бойынша 200-ден астам өтініш келіп түскен. Оқу онлайн әрі офлайн форматта болады. Алматыда тұратын 20 қатысушы офлайн оқыса, өзге өңір тұрғындары онлайн білім алады.  

Курс барысында тәжірибелі инвесторлар шетелден келіп білімін бөліседі. Сонымен қатар осы шара аясында жас стартаперлер де жобаларын инвесторларға таныстырды. Соның бірі – Дінмұхаммед Жүнісов. Ол — Okoo.kz cтартапының негізін қалаушы. 

Дінмұхаммед Жүнісов

«Okoo — мектептерге арналған платформа. Ол әсіресе информатика пәні мұғалімдеріне өте тиімді. Оқушылардың сыныптағы жұмыстары мен үй тапсырмаларын автоматтандырылған жүйе арқылы тексере алады. Платформада басқа пәндер бойынша да онлайн курстарымыз бар. Әдеттегі сабақтан ерекшелігі — курстарда геймификацияны қолданамыз. Оның көмегімен жаңа тақырыпты неғұрлым оңай игеруге болады әрі сабақты қызық өткізуге мүмкіндік береді», — дейді Дінмұхаммед Жүнісов.

Okoo стартапының құрылғанына 2 жыл болған. Командада 10 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олардың Нұр-Сұлтанда, Оралда, Ақтауда клиенттері бар.

«Жобаны алғаш рет таныстырып тұрған жоқпыз. Бұған дейін бірнеше инвестормен жолығып, платформаға инвестиция тарттық. Біраз уақыт бұрын Astana Hub-тан акселерациядан өттік. Бесінші буын өкіліміз. Ең алғашқы инвестицияны «Періште инвестордан», сосын NURIS, одан кейін сингапурлық Quest Ventures-тен алдық. Жалпы алғанда 2 жыл ішінде 165 мың доллардай инвестиция тарттық», — дейді Okoo.kz негізін қалаушы. 

Оның айтуынша, стартап әлі бастапқы кезеңде. Олар алдағы уақытта бір өніммен шектеліп қалмай, басқа да жобаларды қолға алмақ. Соның бірі okoo+ жобасы.  Дінмұхаммед Жүнісовтің есептеуінше, оларға бұл жобаны жүзеге асыру үшін 300 мың доллардай инвестиция керек.

Шара барысында Astana Hub-тың экспорт және даму бойынша атқарушы директоры Аркадий Селезневтен  страртапқа қалай инвестиция тартуға болатыны жайлы да сұрап білдік. 

Аркадий Селезневтен

— Аркадий мырза, инвестор қандай жағдайда стартапқа қаржы құймайды?

— Әр инвестордың өз есебі бар. Дегенмен көбіне ортақ бірнеше себеп бар.

Біріншісі: стартап өніміне сұраныс жоқ. Стартап жеке тәжірибесіне сүйеніп нарыққа өнім ұсынады, ал одан бұрын бұл өнімді алуы мүмкін аудиорияға ол керек пе, жоқ па — оны зерттемейді. Нәтижесінде нарыққа қажет өнімді ұсынбағасын өніміне сұраныс та болмайды.

Екінші себеп: инвестор стартап идеясын қаржыландырудан бұрын командадағы адамдарға қарайды. Идеяны іске асырушы адамдардың құзіреттілігі, біліктілігі төмен екенін байқаса, инвестиция құюдан бас тартады.

Үшінші себеп: тіпті білікті маман болса да, стартап жұмысына команданың ынта-ықыласының төмен екенін байқайды. Мысалы, командадағы адамдар сағат 09.00 -ден 18.00-ге дейін басқа бір ірі компанияда жұмыс істейді де, стартапқа күніне 15 минут немесе бір сағат қана бөлуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам физикалық тұрғыдан үлгермейді ғой. Бұл фактор да әсер етеді.

Төртінші себеп: инвестордың сол саладағы білімінің таяздығы. Егер инвестордың ақша құятын саладан хабары аз болса, тәуекелге бара алмайды, жұмыс процесін түсінбейді. Ол команда өзі уәде еткен идеяны іске асыра ала ма, жоқ па — оны адекват тұрғыда бағалай алмайды. Бұл жерде стартап емес, инвестор дайын болмағандықтан өзі бас тартады. Тура осындай сияқты инвестицияламаудың көптеген себебі ықпал етуі мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, әр инвестордың жағдайы әртүрлі. Әдетте, статистикаға жүгінсек, инвестиция тартқан 10 стартаптың тек біреуі сәтті шығатын жағдайлар кездеседі.

Ал инвесторды қайдан табуға болады?

— Осы сияқты әртүрлі іс-шараға қатысып табуға болады. Мысалы, біз  VS school жұмысының басталуына орай екі аудитория басын біріктірдік. Тура осы жерде сіз инвесторлармен таныса аласыз. Бұл әрине сіздің стартапыңызда инвестор болуының ықтималдығын арттырады. Бұған қоса, Demo day деген жоба бар. Соны көруге болады. Сондай-ақ кейде инвесторлар бізге өзі келеді. Біз дәл инвестордың іздегеніне сәйкес келеді-ау деген стартаптарды ұсынамыз.

— Инвесторды өз бетінше іздеп табуға бола ма?

— Иә, әрине. Бұған байланысты үш кеңес берейін.

  • Ең алдымен стартапыңыздың «үй жұмысын» орындаңыз.
  • Алдағы уақытта нарықтың қай саласында жұмыс істеуді жоспарлап отырсыз, сол саладан хабардар немесе қызығушылығы бар инвесторды іздеңіз.
  • Инвестордың портфелін қарап шығыңыз. Ол сіздің бәсекелестеріңіздің біреуін қаржыландырды ма, жоқ па — соған көз жеткізіңіз. Себебі ешқандай инвестор екі бәсекелес компанияға инвестиция құймайды, ол тек біреуін таңдайды.
  • Көз алдыңызда инвесторлармен қалай жұмыс істейтініңіз туралы нақты картина болсын. Инвестор стартаптың қанша процентін өзіне алады, келесі кезеңде (раунд) сіздің инвесторыңыз кім болады — бұның бәрін алдын ала анықтап біліп алған жөн. Негізі өзің іздеп тапқан сәл қиындау болады. Сондықтан стартапына инвестиция іздеген адам бізге келсе болады. Біз көмектесеміз. Себебі бізде нетуоркиң бар. Мысалы, өзің бір инвестор тапсаң, ал біз бір мезетте бірнеше инвесторды ұсына аламыз. Осы жерде бізді мемлекет қаржыландырады, сондықтан біздің қызметіміздің тегін екенін тағы бір еске салғым келеді.