ГлавнаяБлог

Қазақстанда стартаптарға инвестицияны қайдан сұрауға болады?

Елімізде стартаптарды қандай ұйымдар және кімдер қолдайды? Инвесторлар қаржы беруі үшін стартап қандай болуы керек? Стартаперлер көбіне қандай қате жібереді және оған қалай жол бермеу қажет? Бұл сұрақтардың жауабын Қазақстандағы стартап инкубатордың, технопарктің жетекшілерінен және стартаперлерден сұрадық.

Владимир Попов, KBTU Startup Incubator жетекшісі

Қаржыны бірінші кезекте өзіңізге қолайлы көздерден сұрап көргеніңіз жөн. FFF (Friends, Family, Fools) деген ұғым бар. FFF стартабыңызды қаржыландырудың негізгі кезеңі бола алады. Мысалы, отбасыңыздан, достарыңыздан немесе «ақымақтардан» қаржы сұрайсыз. Бұл жағдайда Fools — инвестиция құю бойынша тәжірибесі жоқ адамдар, олар бұған байланысты тәуекелдерді түсінбеуі мүмкін.

Идеяңызды түсінетін, оған саналы түрде қаржы құя алатын инвесторды табу үшін инкубаторлар, акселераторлар өткізетін инвест-күндерге барған жөн. Мысалы, стартаптардың дэмо-күндері Astana Hub-та да өтеді. Ол жақтан салаға қатысты тұлғалармен нетуоркиң жасап, идеяңызға қызығатын инвесторларды табуға болады.

Стартап жобаларға қолдау білдіретін негізгі ұйымдарға Astana Hub халықаралық технопаркі (оның әр қалада операторы бар), Almaty Tech Garden, сонымен бірге ЖОО-лардағы инкубаторлар кіреді. Бізде KBTU Startup Incubator бар. Онда ҚБТУ студенттері ғана емес, кез келген адам келіп, идеясын жүзеге асыра алады.

Кез келген инвестор үшін стартап ең бірінші табыс алып келуі керек. Неғұрлым тез әрі көп қаржы алып келсе, тіпті жақсы. Жобаға салынған әр доллар қайтарылуға тиіс. Одан түскен табыс тағы бір стартапқа құйылады. Венчурлік бизнес осылай жұмыс істейді.

Инвестор үшін ең негізгісі – нарықтың үнемі өсіп отыруы. Одан кейін команданың мықты болуы және негізін қалаушы адамның жақсы сатушы болуы маңызды. Инвесторға бірден ұнау үшін энергияңызды көрсетіңіз. Сізді тыңдау қызық болса, онда стартап идеяңызды да еріксіз тыңдайды. Ал стартапта жай ғана идея айту жеткізіксіз, проблеманың шешімін ұсыну керек. 

«Идеяңды айтпа, шешілетін проблеманы айт». Бұл – бастамасы ғана. Келесі кезеңде Product Market Fit маңызды, яғни ол – расымен қаржы алып келе алатынын дәлелдейтін, сатылымның, өсімнің болуы.

Көп стартапер жіберетін қатенің бірі – бәсекелестерін дұрыс зерттемеу. Тікелей бәсекелес табылмаса да, сіздікіне ұқсас өнім дайындайтындар болады. Егер сіз бәсекелестеріңіз жөнінде айтпасаңыз, ол бірден күмән туғызады. 

Тағы бір қате – нарықты дұрыс бағамдамау. Стартаптың нарықтағы алатын орны мейлінше кең болғаны дұрыс, сонда көп қаржы табу мүмкіндігі де болады. 

Дамир Жүнісов, Astana Hub-тың халықаралық қатынастар, инвестициялар және экспорт офисінің аға менеджері 

Стартапты қаржыландыру көзі жобаның даму сатысына байланысты. Бастапқыда отбасысы немесе достары қаржылай қолдауы мүмкін. Ал MVP (минимал өміршең өнім) болған кезде, грант бағдарламаларына қатысып көруге болады. Грант жеңіп алудың артықшылығы – компанияның үлесін біреуге бөліп берудің де, қаржыны қайтарудың да қажеті жоқ. Қазақстанда мынадай гранттар мен мемлекеттік қолдау жобалары бар:

Qazinnovations — бағдарлама 140 миллион теңгеге дейін инвестиция бере алады. Бірақ грант иесінен жоба бюджетінің кемінде 10%-ін қаржыландыру талап етіледі. Бағдарламаға MVP-і бар, командасы кемінде 3 білікті маманнан құралған, шағын кәсіпкерлік субъектісі қатыса алады.

Almaty Invest — бағдарлама стартаптарға Smart City, инфрақұрылым, жылжымайтын мүлік, туризм, фармацевтика және денсаулық сақтау, білім және ғылымды дамытуға бағытталған инвестицияларды ұсынады.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 8000 АЕК және Қазақстанның басқа қалалары үшін 6 500 АЕК мөлшерінде гранттар беріледі. Кредиттеу мөлшерлемесі жылдық 6%-тен аспайды, ең ұзақ инвестициялау мерзімі — 5 жылға дейін және айналым қаражатын толықтыру мерзімі — 3 жылға дейін.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы 20 миллион теңгеге дейін субсидия береді. Шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілер бағдарламаға қатыса алады. Кредит бойынша субсидиялау мөлшері — + 8,5% (ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесі), оның 6%-ін кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. 

MVP сатысындағы стартаптар бизнес-періштелерге және венчурлік қорларға, жыл сайын көбейіп келе жатқан клубтарға жүгіне алады. Мысалы, жақында MOST Ventures бизнес-инкубаторы Орталық Азиядан келген стартаптар үшін көлемі 10 миллион доллар болатын венчурлік қорды іске қосты. Сонымен бірге қазақстандық стартаптарға тұрақты түрде инвестиция салып жүрген Activat, CAAngels, Shanyraq VC сияқты инвесторлар клубы бар. Бұл нарыққа Орталық Азиядағы стартаптарға қаржыландыруға бағытталған шетелдік венчурлік қорлар да кіре бастады. Оған сингапурлық Quest Ventures, ұлыбританиялық Sturgeon Capital және тағы басқа қорлар кіреді.   

Стартап тәуекел деңгейі жоғары инвестициялық жобалар санатына жатады. Статистика бойынша, 10 стартаптың біреуі ғана жұмысын жалғастыруы мүмкін. Жоба табысты болуы үшін қызық идея жеткіліксіз, ісіне берілген кәсіби команданың болуы маңызды. Инвестор идеяға қызығып, командаға сенсе, ол бизнес-модельді, нарық көлемін, технологияның бірегейлігін өзі де зерттей бастайды. Егер дамудың қай кезеңінде инвесторға жүгіну керек десек, онда идеяны өміршеңдігін дәлелдегеннен кейін, өсу деңгейін көрсетіп, даму үшін үлкен әлеуетке ие болғаннан кейін жүзеге асырған жөн. 

Көптеген стартап инвестиция іздеген кезде қайда бару керек екенін білмей жатады. Astana Hub қазақстандық стартаптар үшін инвестиция тартуға көмектесетін түрлі мүмкіндік береді. Стартаптарға Аstanahub.com сайтына тіркелуді ұсынамыз, сонда инвесторлар жобаңыз туралы хабардар болып отырады. 

Бейімбет Бабиев, OQUDA стартап жобасының негізін қалаушы 

Бүгінгі таңда жобамызды инвестор Activat холдингінің негізін қалаушы Марат Толыбаев қаржыландырып отыр. Ол бізге алғаш болып сенді және идеямызды жүзеге асыруға қаржы берді. Марат Толыбаевпен 2020 жылы байланыс орнаттық. Сол кезде оған идеямыз ұнаған.

Кейін біз Дубайдағы БАӘ экономика министрлігінің қатысуымен өтетін AIM-ге (Annual Investment Meeting) Қазақстанның үздік стартап жобасын ұсынуға бардық. Осы шара аясында біз AIM жеңімпазы атандық. Содан кейін Марат Толыбаев біздің платформамызға инвестиция салатын болды. 

Стартапта төменде көрсеткендерім өте маңызды:

  • команда;
  • индустриядағы нарық көлемі;
  • технология;
  • тәжірибе;
  • сол саладағы немесе нарықтағы проблеманы дәл білу. 

Идея пайда болған күннен бастап инвестиция іздеудің қажеті жоқ. Оған дейін өнімді дайындау керек, сонда инвесторлар сізді өзі табады. Бірақ инвестиция табу процесін жеделдету үшін технопарктердің, инкубаторлардың бағдарламаларына қатысуға болады. Мысалы, Astana Hub технопракінде дэмо-күндер, инвест-күндер өтеді. Онда өзіңізді, өніміңізді таныстыра аласыз және инвестор табуға болады. 

Біз әуелі өнімді жан-жақты дамытудан бастадық, платформамызды дайындадық, барлық гипотезаны сынап көрдік. Өнімнің масштабын кеңейту үшін инвестиция қажет екенін түсінген кезде, инвестор іздеуді бастадық. 

«Біздің жобамыздың баламасы жоқ» деп айтуға болмайды. Егер солай ойласаңыз, онда нашар іздедіңіз немесе сіздің өніміңізге ешкім мұқтаж емес. Сосын инвестиция іздемес бұрын өнімді lin Startup әдістерімен сынап көрген жөн. 

Егер жобаның бастамасы болса, онда қазіргі уақытты білім алуға, сондай-ақ стартапты басқаруда тәжірибе жинауға үйрететін бағдарламаларды іздеңіз. 

Марғұлан Күнтуаров, KinoQara стартабының негізін қалаушы 

Қазіргі таңда жобаны өзім қажыландырамын. Бастапқыда қаржыны таныстарымнан сұрадым, мүмкін достарымның таныстары да көмектесетін шығар деген ой болды. Сол кезде бір-екі ірі компанияның басшысымен байланыстым және түрлі байқауға қатысып, қаржы жинай бастадым. Сөйтіп, уақыт өте келе (мүмкін сол көп байқауға қатысқанымнан шығар) маған инвесторлар өздері хабарласатын болды. Олармен кездесіп, жобамды таныстырдым.

#KinоQara жобасы фильм мен телешоуларды жергілікті желіде көруге мүмкіндік береді. Әсіресе, байланыс жоқ жерде (мысалы, пойызда) таптырмас құрал.

Инвесторлар бірінші кезекте жобаны қалай таныстырғаныма, оның қазіргі технологиялармен байланысына және жобаның қанша табыс алып келетініне мән беретінін байқадым. Содан кейін ғана олар шығын және тағы басқа қосымша сұрақтарды қоя бастайды. Ең бастысы – инвестордың назарын аудару және оны жобаға қызықтыру үшін идеяны дұрыс ұсына алу керек.

Менің бастапқы кездегі қатем – жобама қаражат бөлуге әзір инвесторлармен кездесуге дайындықсыз барғаным. «Олар маған жобамды таныстыруға мүмкіндік берсе, демек қаржы бөлуге де дайын» деп ойладым. Бірақ мүлде олай емес.

Презентация мен айтатын сөзім дайын болмаған соң, инвесторлардың алдында өзімді тақтаға шығып «қайталап алайыншы» деп тұратын оқушы сияқты сезіндім. Мен солай көптеген инвестордан айырылдым. Сондықтан менің қатемді қайталамау үшін стартап курстарына жазылып, дәрістерге, байқауларға қатысу керек. Ештеңеден қорықпау қажет. Тырысып көрмесең, ештеңе үйренбейсің.