1. Сатып алу

Қаражат жеткілікті болса, үй сатып алу оңай шаруа боп көрінуі мүмкін. Алайда үй іздеу, келісімшарт жасау, мүлікті атыңа тіркеуде төмендегі кеңесті ескерген жөн.

Үйді өз бетінше іздейтін адам тегін сайттар мен газет-журналдағы жарнамаға жүгінеді. Егер уақытыңыз тығыз болса немесе үй іздеу, құжат дайындауға бас ауыртқыңыз келмесе, делдалдың көмегіне жүгінуге болады. Жеке делдал немесе риэлторлық компанияның қызметін пайдалансаңыз, сатып алатын жылжымайтын мүлік құнының 1-5%-ін төлеуіңіз керек.

Үй сатып алған соң мүлікті атыңызға тіркеу үшін мына құжаттар қажет:

  1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш.
  2. Тіркеу объектісін растайтын құқық белгілейтін құжат.
  3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін төлемді растайтын құжат.

2. Мемлекеттік бағдарлама

Кейінгі жылдары отандық нарықта ипотекалық  бағдарламалар саны артты. Оның шарты мен мүмкіндігі туралы Отбасы банкінің қаржы консультанты Айгул Шардарбекқызы баяндап берді. Кеңесшінің айтуынша, қазір нарықта мемлекеттік және мемлекеттік емес ипотекалық бағдарламалар бар.

Бағдарлама атауыАлғашқы жарнаНесие мөлшерлемесі, %Несиелендіру мерзіміБерілетін несие көлемі
«Шаңырақ» («5-10-20»)10%5%20 жылға дейін12-18 млн тг
«Өз үйім»20%3,5 – 7%6 ай – 20 жыл90 млн тг дейін
«Нұрлы жер»20%5%25 жылға дейінBaspana.kz сайтындағы кез келген сомадағы үй
«Бақытты отбасы «10%2%18 жылға дейін10-15 млн тг
«Әскери өнім»15 – 50%6 – 8%25 жылға дейін90 млн тг дейін
«Алматы жастары»10%5%14 жылға дейін18  млн тг дейін
«Жас отбасы»50%6%6 – 9 жыл90 млн тг дейін

Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғысы келетіндер үй кезегіне тұрады. Ол үшін төмендегі 12 санаттың біріне сай болуы керек:

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  • Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
  • Кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
  • Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
  • Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Толық емес отбасылар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектер;
  • Қандастар;
  • Экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
  • Мемлекеттік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы;
  • Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер.

Осы санатқа жататындар мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алу үшін egov.kz арқылы онлайн кезекке тұра алады. Бірақ кейінгі 5 жылда атында үй болмауы қажет.

Айгүл Шардарбекқызы
Айгүл Шардарбекқызы

Мемлекеттік бағдарламалар белгілі бір әлеуметтік топқа арналғандықтан, тиімді шарттармен несие береді. Мысалы, «Шаңырақ» бағдарламасын «5-10-20» деп те атайды. Бұл бағдарлама жылдық 5% несие мөлшерлемесімен, 10% алғашқы жарнаны құйып, 20 жылға несие рәсімдеуге көмектеседі.

«Шаңырақ» бағдарламасына қатысу үшін кейінгі 6 ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан артық болмауы керек. Күнкөріс минимумы 2021 жылдың көрсеткіші бойынша – 34 302 теңге. Демек,  отбасының бір мүшесінің табысы 126 917 теңгеден аспауға тиіс.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. Осы жоба аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар құрылыс компанияларынан үлестік қатысу арқылы пайдалануға берілмеген үйлерден сатып алуға да болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтардан үй алу үшін 18 млн теңгеге дейін, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары мен облыстарында 15 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда 12 млн теңгеге дейін несие беріледі.

Кеңесшінің айтуынша, банктің алғышарттарын толық орындаған жағдайда жылдық мөлшерлеме 5%-тен  3,5-%-ке дейін төмендейді. Егер осы бағдарлама бойынша 20 жылға несие рәсімдесеңіз, ай сайынғы төлем мөлшері шамамен төмендегідей болуы мүмкін.

Заем сомасы, теңге10 000 00012 000 00015 000 00016 000 00018 000 000
Мөлшерлеме, жыл5%5%5%5%5%
Бастапқы жарна, теңге10%1 000 00010%1 200 00010%1 500 00010%1 600 00010%1 800 000
Мерзімі, жылы1919191919
Ай сайынғы төлем, теңге77 666 -алғашқы 8 жыл,38 859 – қалған жылдарда93 200 -алғашқы 8 жыл,42 281 – қалған жылдарда116 500 -алғашқы 8 жыл,62 414 – қалған жылдарда124 266 -алғашқы 8 жыл,67 125 – қалған жылдарда139 800 -алғашқы 8 жыл,76 546 – қалған жылдарда
Таза артық төлем, мың теңге*3 6004 6006 0006 4007 400
Заем бойынша  сыйақы, мың теңге4 9005 9007 5008 0009 000

Кестедегі көрсеткіштер – шамамен танысуға арналған есептеулер. Айгүл Шардарбекқызы бұл кестеде мемлекет сыйақысы мен салым бойынша банк сыйақысын шегере отырып есептеу жүргізді. Кеңесші тек бір бағдарламаның шарты мен талаптарын осылай түсіндіріп берді. Басқа да мемлекеттік бағдарламалар туралы банк бөлімшесіне барып немесе онлайн кеңес алуға болады.

3. Мемлекеттік емес бағдарлама

Егер сіз мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сай келмесеңіз, мемлекеттік емес бағдарламамен де баспаналы болуға болады. Мысалы, Отбасы банктегі «Өз үйім», «50/50» бағдарламалары тиімді шартпен үй алуға көмектеседі. Бұған қоса, «7-20-25», «Баспана хит» бағдарламасы бойынша баспаналы болып жатқан қазақстандықтар да бар.

Ипотекаға артық төлем жасамау үшін не істеу керек?

Банк кеңесшісі Айгүл Шардарбекқызының айтуынша, несие рәсімдемей тұрып ең әуелі пайыздық мөлшерлемесіне назар аудару керек. Несие мөлшерлемесінің жоғарылау немесе төмендеуі туралы шарттарын мұқият түсініп алған дұрыс.

Кейінгі жылдары «7-20-25», «Баспана хит» бағдарламасы сұранысқа ие. Оның шарттары оңай болғанымен, тиімсіз тұстары да бар. Мысалы, осы екі бағдарлама бойынша үй алсаңыз, несиені өтеп болғанша пайыздық көрсеткіш төмендемейді, тұрақты түрде жылдық 7%-пен төлейсіз. Ал Отбасы банкінің бағдарламаларында алдын ала займнан тұрғын үй займына ауысқанда жылдық несие мөлшерлемесінде өзгеріс болады, яғни төмендейді.  

Отбасы банкі несие өтеу кезінде тұтынушының бағалау көрсеткішіне (БК) назар аударады. Кеңесші Айгүл Шардарбекқызы бағалау көрсеткішін қарапайым түрде былай түсіндіріп берді.

Отбасы банкінің талаптары бойынша тұтынушы несиеге алатын тұрғын үйдің шартты сомасының 50%-ін 3 жыл тұрақты түрде жинағанда бағалау көрсеткіші шекті балға жетеді. Мысалы, бағалау көрсеткішінің шекті деңгейіне жеткенде несие мөлшерлемесі 5% болса, ол 3,5-%-ға дейін төмендейді. Сәйкесінше, артық төлем мөлшері де едәуір азаяды.  

Маманның айтуынша, тұтынушылардың көбі депозитті тұрақты түрде уақытында толықтырмайды. Банктің тұрақты тұтынушысы болмай, алғашқы жарнаны бірден құйып, несие рәсімдеген жағдайда алғашқы үш жылда 8,5% мөлшерлемемен өтейді. Мұндайда артық төлем көлемі ұлғаяды. Сондықтан үй алуды жоспарлап жүрген адам тұрақты түрде депозитті толықтырып отырғаны дұрыс.

Отбасы банкте жыл соңына дейінгі депозиттегі 200 АЕК дейінгі қаржыға, яғни 583 400 теңге болса, максимал 20% мемлекеттік сыйақы және банк тарапынан 2% cыйақы қосылатынын да ескерген жөн. Ескере кететін тағы бір жағдай – мемлекеттік сыйақы депозиттегі қаражатты 3 жыл бұрын шешіп алса, берілмейді. Бұл уақыт аралығында тек несие рәсімдеуге жарамды. Банк шарты бойынша тек 3 жылдан кейін депозиттегі қаржыны шешкенде ғана сыйақы толығымен беріледі.

Бұл мақалада баспаналы болудың бірнеше жолына тоқталдық. Тұрғын үйді қай әдіспен сатып алсаңыз да, нарықтағы шартын біліп, алдын ала зерттеп алу керек.  

4. Үлескер болу

Салынып жатқан тұрғын үйдің бағасы салынып біткен дайын үйдің бағасынан арзан болады. Ықтимал сатып алушылар тәуекел етіп, құрылыс компаниясын алдын ала қаржыландырып жатады. Мұны үлескерлік деп атайды. Үлескер болу үшін келісім жасамай тұрып құрылыс компаниясы туралы төмендегідей ақпаратты анықтап алған дұрыс.

Құрылыс компаниясының «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының» кепілдігі болуы керек. Егер кепілдік болмаса, үлескерлердің қаражатын құрылысқа тартуға рұқсат қағазы болуы шарт. Бұл туралы жергілікті әкімдіктен сұрап білуге болады.

Компания жоба құнының 40-60%-ін өз қаржысына тұрғыза алса немесе банктен қосымша қаржы тарта алса ғана үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат ала алады. Бұл талаптарға сай емес құрылыс компаниясына үлескер болу сенімсіз әрі қауіпті. 

5. Үй салу

Жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесі қажет. Ал жер учаскесін сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салу үшін мемлекеттен ақысыз алуға болады.

ҚР азаматтары жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін құқық негізінде беру туралы еркін нысанда өтініш бере алады. Өтініште жер учаскесін пайдалану мақсаты, болжамды мөлшері, орналасқан жері, сұралған пайдалану құқығы және бұрын ақысыз жер учаскесін алып-алмағаны туралы ақпарат көрсетуге тиіс.