Ақшамен қарым-қатынас қандай болуы керек? Адамдар ақшаны басқарғанда қандай қатені жиі жібереді? 

— Ақшамен дұрыс қарым-қатынас құрғанда адам әрқашан ақшадан биік болуы керек. Қаражат адамды билеп кетпей, керісінше тапқан адам оны басқара алуы қажет. Егер адам ақшаны ойлағанда, көргенде қандай да бір қорқыныш, жаман оқиғалар, жағымсыз эмоциялар есіне түссе, ақшамен жөнді қарым-қатынас құрылмайды. Ақша – адам өзі басқара алатын және қадағалап отыратын инструмент болуы керек. Осы жағдайда ғана ақшамен дұрыс қарым-қатынас жасалады. Әр адам өзі тапқан ақшаны қадағалап, оны басқара алуы қажет. Ақша адамға өзі қалаған өмірді сүруіне жәрдемдесетін көмекші тәрізді болуға тиіс. 

Эркайым Мияр

Кей адам ақшаны жағымсыз эмоциямен байланыстырады. Оның ең көп кездесетін түрі – қорқыныш. Көп ақша болуынан және оны жоғалтып алудан қорқады, «Мына уақытқа дейін жетпей қалады» деп үрейленеді. Сонымен қатар қаражатқа байланысты белгілі бір өкпе-реніш болса, бұл да онымен дұрыс қарым-қатынас құруға кесірін тигізеді. Мысалы, ата-анасы кішкентай кезінде өзі қалап тұрған нәрсені сатып алып бермеді. 

Туыстарынан көп ақша таба алатыны үшін қысылатындар бар. Бұған түрлі себеп болуы мүмкін. «Айналасындағыларға қарағанда көбірек ақша табатын адам олардан өзін биік көреді немесе ақшасы көбейген сайын пасық адамға айналады» деген таптаурын түсініктер де жетеді.

Ақшамен қарым-қатынас құруда кездесетін тағы бір қате – оны барлық нәрсемен байланыстырып тастау: ата-анамен, дос-жаранмен, туыстармен, әріптестермен.

Ақшаны бүкіл нәрседен бөліп, бөлек қарастыру керек. Себебі ол – жеке өзін бөлек қадағалауға тұрарлық инструмент.

Қаражат туралы біраз адам жаңсақ ойлайды. Себебі о баста ол туралы ой дұрыс қалыптаспады. 

Егер адам қаражатты басқаруды үйренгісі келсе, өзгерісті несиені жабудан бастағаны дұрыс па? Адам қаржылай сауатты болғысы келді делік. Оның бірінші қадамы қандай болуы керек? 

— Әлбетте, несиені жабу – дұрыс қадам. Қаржы саласында мынадай қағида бар: егер адам қаржы жағынан кемелденгісі келсе, оның шығыны табатын ақшасынан әлдеқайда аз болуы керек. Бұл қағида адамда қарыз, несие болмауы керек дегенді білдіреді. Егер осы принципті  ұстана білсек, дәулетті өмір сүре аламыз. Оның үстіне несие адамда белгілі бір үрей, қорқыныш, тынымсыздық сияқты жағымсыз эмоциялар пайда болуына әкеледі. Себебі оны уақытылы төлеу қажет. 

Төлеуші саналы түрде несиені жиі ойламаса да, бейсанада ол фон режимінде үнемі үрей шақырып тұрады.

Адам өзі байқамай «Ақшам азайып қалмай ма? Келесі айда кредитті төлей аламын ба?» деген қорқынышты ойларға бүкіл күшін жұмсайды. Артық қорқыныш адамға жақсы мүмкіндіктерді көруге мұрша бермейді. Несиеге белшесінен батқан адам кірісін арттыруды емес, кредитті төлеуді ойлап, бас қатырады.

Сонымен бірге несиені берген банк те клиент жағдайына, төлей алатын-алмайтынына алаңдап отырады. Бұл алаңдаушылық екі тарапқа да жақсы жағынан әсер ете қоймайды.

Қаржыны басқара білу үшін әуелі несиені және тағы басқа қарыздарды жапқан дұрыс. Әсіресе, проценттік төлемі көп әрі уақыты таяп қалған несиені төлеуге бірінші кіріскен жөн.

Екіншіден, кіріс пен шығысты тізіп жазып, есеп жүргізуді үйрену керек. Бір айда ақша қайда кетті, не сатып алды, кімге берді – бәрін ескеріп, анализ жасау керек. Одан соң міндетті түрде келесі айға бюджет бөліп, жоспар құрған дұрыс.

Қаржылай сауаттың ең үздік, идеал нұсқасы – болашақтағы 3-5 жылға бюджетті жоспарлау. Өмір бойына бюджет жасап, жоспар құрып қойса, құба-құп. 

Кіріс және шығыс туралы есепті қалай жүргізген дұрыс? Ондағы қай нәрсеге ерекше көңіл бөлу қажет? 

— Қаржыға байланысты есеп жүргізгенде әркімнің өз структурасы болғаны тиімді. Кіріске келсек, ол қай кезде қайдан келіп жатқанынан бастап, сол ақшаны табуға қанша уақыт жұмсайтыныңызға дейін жазуға болады. Ал шығындарға келсек, ақшаны қайда жұмсайтыныңызды мұқият есептеп отыру керек. Алғашында шығынды бүге-шүгесіне дейін, әрқайсысын жеке топтастырып жазып қойған ыңғайлы. Кейіннен бірнеше бөлімді бір салаға біріктіру оңайырақ. Мысалы, маникюрға, шаш қиюға, косметикаға кеткен қаражат «сұлулық» бөліміне жазылады. Азық-түлікті міндетті түрде бөлек жазу керек. 

Сонымен қатар жолға, транспортқа немесе жеке көлікке жұмсалған қаражат бір бөлімге тізілуі керек. Бірақ кейбір шығынды уақыт өте бөліп отырған дұрыс. Мысалы, адам күнде кофені сатып алып ішетін болса, бұл шығынды бөлек есептеп көрсін. Сонда кофеге кеткен қаражат анық көрінеді және бұл шығынды қалай қадағалауға болатыны да анықталады. 

Үнемі сырттан тамақ алатын әдетіңіз болса, оған бір айда қанша кеткенін есептеп көріңіз. Егер жалпы сома шығыныңызды көбейтіп тұрса, шара қолдануға талпынасыз. Үйге аспаз шақырасыз немесе бір күнге арналған тамақтану боксын тұтынуға көшесіз.

Қаржыға байланысты есеп жүргізгенде шығынға көп мән беру керек. Қаражатты бірнәрсеге жұмсап жатқаныңызды емес, неліктен жаратып жатқаныңыздың жауабын іздеп көріңіз. Бұл шығын сізге қандай мотивация, көңіл-күй беріп жатыр? Шығын сіздің құндылықтарыңызға сай ма? Мұны айтып отырған себебім – кез келген уақытта есептің ішінде эмоциямен, белгілі бір көңіл-күйге еріп құртқан шығын болады. 

Мұндай шығындар әдетте белгілі бір жетіспей тұрған нәрсенің орнын толтыру мақсатында жұмсалады. Мысалы, туыстарыңыздың қамқорлығы, көңілі қажет болып тұрса, сіз оларды қуантатын заттарға ақша жұмсай бастайсыз. Социализацияға үйрену үшін адам қымбат ресторанға барып, көп ақша төлеуі мүмкін. Бұл жерде адам қай ақшаны эмоционал, импульсив заттарға жұмсағанын ажырата алуы керек. 

Егер белгілі бір шығынды азайтқысы немесе мүлдем қысқартқысы келсе, бұл шешім адамның өміріне кесірін тигізбеуін ескеру қажет. Сонымен қатар шығынды үнемдеу арқылы азайтудың қажеті жоқ. Себебі үнем жүрген жерде негатив эмоция қалыптасып, адам ақшасын басқарғысы келмей қалуы мүмкін. Иә, шығынды азайту үшін мүмкін кей дүниеден бас тартуға тура келеді. Бірақ жалпы алғанда ол сіздің өміріңізге қатты әсер етпейтіндей әдетке айналуы қажет.

Сондықтан жаңа әдеттерді біртіндеп қалыптастыруға кеңес беремін. «Кофені көп ішеді екенмін» деп, оны мүлдем алмай кетуге тағы болмайды. Мұндай әрекетке бармаған жөн. 

Шығынға көңіл бөлумен бірге кірісті де қадағалап отыруды ұмытпаңыз. Егер бірнеше кіріс көзі болса, соның қайсысын көбейтуге болатынын ойлап көріңіз. Ал егер сізге белгілі бір қаражат алып келетін іске көп күшіңізді жұмсап жүрсеңіз, сіз жұмсаған энергия мен оған төленетін ақының сәйкестігіне назар аударыңыз. Кейде тым көп уақыт пен күш алатын кірістен бас тартқан да пайдалы.

Сонымен қатар қосымша қаражат табу әдісін де ойластыра жүріңіз. Бірақ жаңа кіріс тым майда іс болмағаны дұрыс. Көп күшіңіз сарқылмайтын әрі соған сай жеткілікті мөлшерде қаражат түсетін кірісті таңдау тиімді.

Кіріс туралы сөз болғанда әр адамның 2-3 пассив кірісі болуы пайдалы екенін айтқым келеді. Пассив кіріске сіздің көп белсенділігіңізді талап етпейтін істер, қызмет жатады. 

Қаражат жинағысы келген адам әуелі нені білуі керек? 

— Ақшаны жаратпас бұрын, ең әуелі өзіңізге төлеуіңіз керек екенін ұмытпаңыз. Қандай да бір кіріс кіргенде оның белгілі бір бөлігін алып, сақтап қойыңыз. Бұл өзіңізге төлегеніңіз болып саналады. Содан кейін ғана қалған қаражатты жаратуға болады. Осылайша ақшаны қалдырып, сақтап отыру әдеті қалыптасады. Егер адамға ақша жинау қиын болса, оны жаратқысы келмейтіндей етіп жинауды ұсынамын. Оған мысал – белгілі бір уақыт өтпейінше ақшаны алуға мүмкіндік бермейтін депозит. Cонымен қатар қаражатты шетелдік банктерде де сақтауға болады. Жаратып қоя беретін адам болсаңыз, ақшаны ұстап қалу үшін өзіңізге бірнеше тосқауыл қоюыңызға тура келеді. Ақша жинауда айта кететін маңызды жайт – мақсат. Қандай мақсат үшін қаражат жинап жатырсыз? Соны үнемі есіңізге түсіріп отыру артық етпейді. Осылайша ақша жинауды жағымды көңіл-күй сыйлайтын әдетке айналдыра аласыз. 

Егер жалақы аз болса, ақшаны қалай жинаймыз? 

— Кіріс көлемі қандай болса да, ереже бәріне ортақ. Қолыңызға қанша ақша түссе де, белгілі бір бөлігін сақтап отыруыңыз керек. Қаржыға байланысты кітапта немесе басқа да мақалаларда айтылатындай 10% немесе 20% жинау міндет емес. Ақша жинауды өзіңізге ыңғайлы әрі тиімді сомадан бастай беруіңізге әбден болады. Әсіресе, бастапқыда аз-аздан жинауға кеңес берер едім. Себебі бірден көп мөлшердегі ақшаны сақтауды ұйғарсаңыз, қаражат жинауға деген құлшынысыңыз тез сөніп қалуы мүмкін. Егер аз-аздан үзбей жинайтын болсаңыз, жаңа әдетті тез қалыптастырасыз. Уақыт өте көптеп жинауға да оңай дағдыланасыз. Мүлдем ақша жинап көрмесеңіз, онда ең кішкентай сомадан болсын бастаңыз. Қандай көлемдегі қаражат болса да, бұл – сіздің болашағыңызға құйған салымыңыз.

Қордағы ақшаны қайда жұмсауға болады? Ал қай нәрсеге оны жұмсамаған дұрыс? 

— Резервтегі ақшаны өте қажет болған жағдайда, форс-мажор ситуацияда ғана жұмсау құпталады. Мысалы, ауырғанда немесе жұмыстан шығып қалған жағдайда. Бірақ жаратылған ақшаны мүмкіндік бола қалғанда қайта орнына қоюға тиіссіз. Себебі ондағы қаражат түртілмей, мұрты бұзылмай сақталуы керек. Әсіресе, бірнеше жайсыз жағдай қатарынан болғанда ондағы ақша сізге ауадай қажет. Ойыңыз тыныш болып, уайымсыз жүруіңіз үшін резервтегі ақша орнында болғаны дұрыс.

Жинағыңыздағы қаражатты эмоционал әрі импульсив саудаға, ойланбай жасалған іске жұмсамау керек. Депозитке ақша жинап жүріп, оны жаңа Iphone алуға жұмсауға болмайды. Әр қордың өз мақсаты болуы керек. Келесі жылы жаңа смартфон алғыңыз келсе, онда соған арнайы қор ашып, ақша жинауды бүгін бастаңыз. 

Қаржыгер Эркайым Миярдың айтуынша, адамдар арасында ақшаға қатысты кең тараған 5 таптаурын түсінік бар. Олар: 

«Ақша – жамандық, бақытсыздық. Көп ақшаны тек арам жолмен табуға болады»

Егер дәл осылай ойласаңыз, өзіңізге бейсаналы түрде кемелденуге кедергі келтіріп жүрсіз. Тапқан ақшаңызды көбейтуге тырыспай, оны бос нәрсеге жұмсаудан да аянбайсыз. 

«Менің көп ақшам болғанда мен оны «бүйтер едім»

Үлкен табыс кез келген проблеманы шеше алатындай көрінеді. Алайда ақша көбейгенімен бақыт еселенбейді. Осы жаңсақ пікірге сеніп, ақшаның соңынан қуамыз. Ал ол өзімізде жоқ бақытты бермейді.

«Мен ондай ақшаға лайық емеспін»

Кез келген адам өзіне табуға рұқсат берген мөлшердегі қаражатты алады. Кірісіңіздің көлемін бастығыңыз емес, өзіңіз шешесіз. 

«Ақша ешқашан жетпейді»

«Бірнәрсе бола қалса, керек болады» деп ақшаны жағымсыз жағдайға жинау әдеті жоқшылықты өткерген адамдарда кездеседі. Олар өзінен аяп, бүгінінен үнемдеп, болашаққа қор жинайды. Мұндай түсінікпен адамның өзіне ақша жұмсауы қиын. Қалауына қол жеткізе алмай жүреді. 

«Ақшаның мәні жоқ»

Қаражатты басқаруды үйренуге құлқы жоқ, өзінің жалқаулығын жеңгісі келмейтін адамның айтатын сөзі – осы. Ақша жақсы да, жаман да нәрсе емес. Қаражат – жай ғана мүмкіндік беретін құрал. Ол да мықты денсаулық, тату достар және сүйікті іс сияқты маңызды дүние қатарына кіреді. 

Әрине, осы жаңсақ пікірден ада болуды ұсынамыз.