Табысыңыз жеткіліксіз болған жағдайда 

Кредит берерде сіздің уақытылы төлеуге қабілетті екеніңізге көз жеткізу банк үшін маңызды. Себебі кейін сіздің соңыңыздан түсіп, коллекторлық агенттіктерге құжатыңызды өткізіп жүру — олар үшін артық жұмыс. Сондықтан ең бірінші кезекте қаржы ұйымы айлық табысыңызға мән береді. Зейнетақы аударымдары уақытылы әрі кейінгі жарты жылдықта тұрақты түсіп тұрған болса, қаражатты қолыңызға ұстатып жіберу ықтималы жоғары. Одан соң, сол табысыңыздың қалай бөлініп, қайда жаратылатыны ескеріледі.

Себебі қазақстандық банктердің жеке автоматтандырылған жүйесі немесе скорингтері бар. Сол арқылы сізге кредитті мақұлдау не мақұлдамау туралы шешім шығарылады. Ал беру үшін басты критерийдің бірі — қарыз жүктемесінің коээфициенті. Бұл дегеніміз – өтінім берген адамның мойнындағы барлық жабылмаған кредитінің айлық табысына қатынасы. Несиені мақұлдау үшін әлгі қарыз жүктемесінің коээфициенті 0,5-тен, яғни табысының жартысынан аспауы керек. Сондықтан ай сайынғы кредитке төлейтін сомаңыз табысыңыздан артқан сайын сізге кредит бермеу ықтималы арта береді. Тағы бір ескеретін жайт: басыңыздағы кредиттің саны емес, оны төлеуге кететін жалпы сома маңызды. Яғни бір ғана кредитке 180 мың теңге төлеген адам мен 10 кредитке 100 мың теңге төлеген адам тең емес. Айтар ауызға 10 кредит көп болғанымен, банк үшін 180 мың теңге төлейтін қарыз алушы көбірек тәуекелді талап етеді. 

Айтпақшы, табыс дегенде тек айлық жалақы екен деп қалмаңыз. Себебі табыс түсінігі де отандық банктерде скоринг арқылы анықталады. Атап айтқанда, табыс дегеніміз:

  • дебет картасы бойынша толықтырулар мен шығындардың орташа айлық сомасы;
  • депозит пен ағымдағы шоттағы ақшаның айналымы мен қалдығы;
  • жабылған банк қарыздары мен шағын кредиттердің айлық төлемінің максимал сомасы;
  • коммуналдық төлемдер бойынша орташа айлық шығын;
  • автокөлік не жылжымайтын мүліктің болуы;
  • шетелге алынған билеттердің құны;
  • интернет-дүкендерге кеткен орташа айлық шығын;
  • табысты растайтын өзге де жерлерден түскен қаражат. 

Тапқан-таянғанды кредитке беріп тастап отыратын болсаңыз, күнкөріске ақша қалмайтыны онсыз да белгілі. Сондықтан кредит төлегеннен кейін сізде кемінде ең төменгі күнкөріске жететін сома қалуы керек. Банктер клиенттің төлем қабілеті мен қарыз жүктемесі коэффициентін екі кезеңде қарастырады. Алғашқысында кредиттерді төлеп, отбасын асырауға жағдайы жете ме — соны бағалайды. Одан кейін ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай сома әрі кәмелетке толмаған әр баласы үшін соның жартысы қалып отыруы керек. Биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі — 34 302 теңге. Екінші кезеңге келсек, кредит тарихы тексеріледі. Қаншалықты тәртіпті екені сарапқа салынады. Кешіктірген күндері есептеледі. Егер тарихы жақсы болса, мақұлдайды. Керісінше болса, «өкінішке қарай».   

Істі болған адамға берілуі екіталай 

Банктер сіз жайлы біраз туысыңыздан жақсырақ біледі. Оған күмәніңіз болмасын. Қажет болса, алты атадан туысатын жақыныңыздың нөмірін де таба алады. Оның жанында сіздің бір кездері түрмеде отырып шыққаныңызды білу оларға сөз емес. Әлбетте, істі болсаңыз, кредит мүлдем берілмейді деуге болмайды. Дегенмен алаяқтық, есірткі саудасы, терроризмді қаржыландыру туралы баптар бойынша істі болғандарға мақұлдауы қиын. 

Жұмыс орныңыз банкрот болуы мүмкін болса… 

Мұндай ақпаратты да банктер алдын ала біліп отырады. Айлық алатын жеріңіз жайлы мәлімет міндетті түрде тексеріледі. Мысалы, қазір пандемия кезінде көп жердің қызметі тұралап қалды. Сондықтан жабылу қаупі бар, банкрот болуы мүмкін мекеменің қызметкерлерін кейде мақұлдамай шығарып салады. 

Микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғандар 

Жалпы алғанда шағын қаржы ұйымдарынан қарыз алатындар — айлығы шайлығына жетпей жүргендер деген түсінік бар. Оның туындауы да бекер емес. Банктерге қарағанда оңай мақұлдайтындықтан, проценті жоғары болса да, көпшілігі микроқаржы ұйымдарына жүгініп жатады. Ал кредит мақұлдайтын кезде оның бәрі тарихыңыздан шығып тұрады. Сөйтіп, егер аталған жерлерден қарызды жиі алатыныңызды көрсе, банк сізді «ұшарын — жел, қонарын сай білетін қаңбақ» көріп, сенімсіз клиент деп қалуы мүмкін. 

Кредит демалысын алсаңыз… 

Былтыр карантин жарияланған кезде көпшілігі 3 не 6 айға кредитін уақытша «қатырып» қойды. Ішінде шынында табысынан айырылғандар да, көшпен ілескендер де болды. Негізі кредиттік демалыс алу онша жақсы емес. Тарихыңыздан ойып тұрып орын алатындықтан, шегерім жасауыңыз арқылы сіз өзіңізді кейде төлей алмай қалатын сенімсіз клиент ретінде көрсетесіз. Әрі кейбірі шегерім жасатып алып, «шіреніп» жүреді. Дегенмен оның алда басыңызға таяқ болып тиюі мүмкін екенін ескеріңіз. Себебі сол төленбеген ай үшін комиссия төлеу, проценттің өсуі, кредитіңізді мерзімі ұзаруы сияқты жағымсыз факторлар бар.  

Қарыз жүктемесін коэффициентін есептеу әдісі 

Осы ретте қарыз жүктемесі коэффициентінің қалай есептелетінін атап өткен артық болмас. Мысалы, екі баласы бар азамат кредит алғысы келеді. Құны 300 мың теңге болатын тұрмыстық техниканы жылдық мөлшерлемесі 22%-пен алмақ. Қарыз алушының айлығы – 100 мың теңге. Өзінің және екі баласына есептелген ең төменгі күн көріс сомасы – 68 604 теңге. Яғни әлгі кредитті рәсімдейтін болса, осынша сома қалуы керек. Несиені есептете келе, айлық төлем 28 078 теңге екені белгілі болды. Егер кредит тарихы бүлінбеген, басында өзге қарызы болмаса, ең төменгі күнкөріс деңгейін алғаннан қалған 31 396 теңге кредит төлеуге жетеді. Мұндайда, әрине, мақұлдаса керек. Ал одан бөлек кредит болып, есептей келе сома жеткіліксіз болса, онда қолыңызды құр қайтарады.