NFT нарығының айналымы осы жарты жылда 2,5 миллиард долларға жеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 182 есе көп.
Сіз де осы мысық туралы естіген шығарсыз!? 2011 жылы суретші Кристофер Торрес «Поп-тартс Мысық» картинасын салды. Бұл – денесі печеньеге ұқсайтын, ғарышта ұшып, кемпірқосақтың ізін қалдыратын мысықтың анимациясы. YouTube қолданушысы анимацияға жапониялық nyanyanyanyanyanya музыкасын қойып, Nyan Cat деп атап, ремикс пен мемуар жасады. 10 жылдан кейін, 2021 жылғы ақпанда Торрес Nyan Cat аукционда NFT-токен ретінде 580 мың долларға сатылды.
Ал Twitter басшысы Джек Дорси алғашқы твитін NFT түрінде аукционға шығарып, оны 2 миллион долларға сатты. Әнші Гримс NFT-де суреттер мен видеолар сатудан 5,8 миллион доллар тапты. Суретші Бэнксидің өртенген жұмысы токенге айналды.
Сонымен, NFT деген не?
NFT (non-Fungible Tokens) «алмастырылмайтын токен» дегенді білдіреді, оны цифрлық актив деуге де болады. Онда файлдар блокчейнде жазылады. Блокчейн туралы толық мәліметті мына сілтемеден оқыңыз. Блокчейнде ешқашан қайталанбайтын дербес кодтар болады. Ол сол заттың нақты сіздің меншігіңіз екенін дәлелдейді. Мысалы, мемлекеттік базаларда пәтердің немесе көліктің иесі ретінде сіздің аты-жөніңіз жазылса, мұнда аты-жөннің орнында криптовалюта әмиянының нөмірі жазылады.
Көптеген NFT Ethereum блокчейн платформасында жасалады. Ethereum криптовалютасын кейде «эфир» деп те атайды. Оны канадалық бағдарламашы Виталик Бутерин жасаған. Айта кетейік, кез келген блокчейн платформасында NFT нұсқасын жасауға болады.
Мысалы, суретші өзі салған суретті түрлі жолмен сатады (базарда, көшеде, әлеуметтік желіде, түрлі дүкенде немесе тағы басқа). Ал NFT-де сол процесс онлайн жасалады.
Онлайн-дүкеннен айырмашылығы – NFT-де туындының түпнұсқасының куәлігі беріледі. Куәлік сол заттың заңды иесі екенін дәлелдейді. Бірақ бұл суретті басқалар желіде бөлісе алмайды, қолдана алмайды деген сөз емес. Керісінше, желіде ол сурет көп таралып, танымал болған сайын, оның құны да өсе бастайды. Демек, сол туындыға сұраныс та көп болады.
Барлық затты токенге айналдыруға болады: сурет, музыка, виртуал ойын элементтері және тағы басқалары. Әр NFT қайталанбайды және бір данадан болады. Автор мен иесі туралы барлық ақпарат келісімшарттың арқасында блокчейнде сенімді сақталады.
NFT-дің қандай пайдасы бар?
Біріншіден, ол инвестиция бола алады. Желіде «танымал болады-ау» деген туындыларды алдын ала арзан бағаға сатып алып, қорға жинап, кейін желіде таралғанда қымбат бағаға сатуға болады. Екіншіден, ол – коллекцияның жаңа түрі. Мысалы, туындының көшірмесі бәріне қолжетімді болса да, кейбірі түпнұсқасына ие болғысы келеді. Үшіншіден, NFT мәдени сала үшін маңызды, өйткені суретші, әнші, ақындар, композитор туындыларын делдалсыз сатады немесе заңды түрде біреуге сыйға тарта алады.
Қазақстанда NFT қалай дамып жатыр?
Қазақстанда NFT әлі дами қойған жоқ. АҚШ-та NFT нарығының айналымы миллиард долларға жетті. ТМД елдері ішінде ресейліктердің нәтижесі жаман емес. OpenSea платформасында кейінгі бір айда NFT айналымы 10 миллион доллардан асты. Қазақстанда туындысын осындай жолмен сататын 10-15 шақты суретшіні табуға болады.
Urpaq.NFT Қазақстанда NFT токендермен айналысатын жобалардың алғашқыларының бірі деуге болады.
«Біз жобамызды осы жаздың басында бастадық. Ұзақ уақыт емес, себебі бұл нарықтың өзі осы жылдың сәуір-мамыр айларында жақсы дами бастады. Негізі NFT батыста 2017-2018 жылдары пайда болды», – дейді жоба менеджері Милена Мельникова.
Urpaq.NFT қазір көбіне алматылық суретшілермен, композиторлармен, 3D модельдеу, графика, спецэффект жасайтын шеберлермен жұмыс істеп жатыр. Жоба менеджері Қазақстанның барлық аймағындағы таланттармен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. NFT нағыз таланттардың шығармашылығын шыңдап қоймай, табыс табуға мүмкіндік береді. Бұл нарықта суретшінің танымал, тәжірибелі болуы маңызды емес, біреуге сурет шын ұнаса, бағасы қанша болса да, сатып алады.
«Қазірге дейін көп қаржы таптық дей алмаймыз, дегенмен жетістігіміз де жоқ емес. Алматылық суретші, дизайнер, иллюстратор Дина Буксикованың бір суреті 250 долларға сатылды», – дейді Милена Мельникова.
Қазір жаңа коллекция дайындалып жатыр. Әсіресе, компьютерде ұлттық ою-өрнектер бейнеленген, ditgital, 3D графикамен жасалатын туындыларға көп көңіл бөле бастаған. Urpaq.NFT өкілінің айтуынша, қазір коллекционердің көбі сондай туындыларға қызығып жүр.
NFT-ді қалай жариялауға болады?
- NFT жариялау үшін әуелі қандай да бір туынды қажет.
- Сосын Ethereum платформасынан әмиян ашу қажет. Мысалы, MetaMask. Ол токен жасау, сатып алушыдан төлемді қабылдау және платформаға кіру құралы ретінде қажет болады.
- Орналастыруға арналған алаң керек. Мысалы, OpenSea немесе Rarible. Токен жариялау үшін кез келген сайтты пайдалануға болады. Мысалы, Urpaq.NFT нұсқаулықты OpenSea үшін дайындаған.
NFT-токен жасау жолы
- Ethereum платфрмасында әмиян ашыңыз. Ол үшін ең ыңғайлы опция – MetaMask.
- Әмиянды OpenSea-мен байланыстырыңыз. OpenSea-ге кіру үшін әмиянды қосу талап етіледі. «Кіру» түймесін басып, сайттағы нұсқауларды орындаңыз.
- Жинақ құрыңыз. Create түймесін басып, логотипті жүктеңіз, коллекцияның аты мен сипаттамасын жазыңыз.
- NFT-токен құрыңыз. Токеннің аты мен сипаттамасын жазып, кейін JPG, PNG, GIF, SVG, MP4, WEBM, MP3, WAV, OGG, GLB, GLTF форматындағы файлды таңдаңыз.
- Токенді сатуға дайындаңыз. Жасалған токендердің санын көрсетіп, сату түрін таңдаңыз: аукцион немесе статискалық баға.
- Таңбаны жариялаңыз. NFT желіде жариялануы үшін комиссия төлеу керек. Ол үшін Ethereum әмиянын толтыру қажет.
NFT-токен жариялағанда ең маңыздысы – көпшілікке ұнайтын дүние жасау. Егер адамдарға туынды ұнаса, ол желіде танымал болып, құны өседі. Нағыз тиісті уақытта ұтымды сәтті ұстап қалу керек.
NFT-дің болашағы бар ма?
Милена Мельникованың айтуынша, қазір нарықта айтарлықтай геометриялық өсім байқалады. Соған қарап болашағы зор екеніне сенімін жеткізді.
«NFT-ді қазір сәнге айналды, бірақ кейін дәурені бітеді» дей алмаймыз. Бұл – тұрақты инвестиция жасауға болатын сала», – дейді Милена Мельникова.
Бұрын адамдар суреттерді түрлі аукционнан, дүкендерден сатып алып, үйлеріне іліп қойып жинаса, қазір ол онлайн алаңда іске асады. Дәстүрлі форматтың маңызы жоғалмаса да, NFT-дің заманы жеткенін, тиімділігін пайдалану артық етпейтінін түсіну қажет.
Add comment