«Тіл үйрену үшін табиғатын түсіну керек»

Қазір жаңа нәрсе үйренемін, тіл оқимын деген адамға мүмкіндік көп. Ал біздің кейіпкерімізді тіл үйренуге құштарлығы 7-сыныптан кейін қазақ мектебінен орыс тілін тереңдетіп оқытатын интернатқа әкеліпті. Мұнда оқу бағдарламасында аса көп айырмашылық болмаса да, орыс тілі пәніне орта мектепке қарағанда көп сағат берілген екен.

Журналист Моңғолияда туып-өскен. Оқушы кезінде Мұғалім есімді ұстазынан төте жазуды үйреніп, кейін Қазақстанға келгенде осы қабілеті арқылы жұмысқа да орналасыпты. Журналист кез келген дағдыны меңгерудің адамға әйтеуір бірде пайдасы тиетінін айтады.

Есенгүл Кәпқызы 1990 жылы мектеп бітіріп, отбасымен Қазақстанға көшіп келген. Алматыдағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түскен. Қазақ тілі мен әдебиетін таңдағандықтан, университетте оқу аса қиынға соқпаған.

«Орыс әдебиеті мен шетел әдебиеті пәндерін оқығанда біраз қиналдым. Бірақ бала кезден қалыптасқан әдетім бойынша өзімді қамшылап, білгенімше жауап беруге тырыстым. Бұл талабымды ұстаздарым елеусіз қалдырмады. Университетті үздік бітірдім.

Кез келген тілді үйрену үшін әуелі оның табиғатын түсіну керек

Өзімді лингвиспін деп санаймын. Оқуда, сөздердің дыбысталуында қате болуы мүмкін. Бірақ тілдің табиғатын тез түсінемін», – дейді ол.

«Аз-аздан, бірақ үздіксіз»

Кейіпкеріміз ағылшын тілін үйренуді 39 жасында бастапты. Жаңа тілді үйренуге шетелге жасаған сапары себеп болған.

«2005 жылы Египетке бардым. Тіл білмеуім біраз қолайсыздық туғызды. Бірақ елге келген соң ұмытылды. Кейін 2009 жылы жұмыс бабымен Германияға бардым. Бұл сапарымды ешқашан естен шығармаспын», – дейді күліп.

Германияға Гете институтының шақыртуымен барған. Паспорт үстелінен өтерде сол жердегі қызметкер ағылшын тілінде бірнеше сұрақ қойған. Ол кезде ағылшын тілінің әліпбиін де білмейтін, содан не үшін келгенін түсіндіре алмай қиналған. Соңында қызметкер паспортына мөрді тарс еткізіп қойып, залға жіберген.

«Кеден бақылауынан аман өттім ғой, бірақ жүрегім тоқтап қала жаздап қорықтым. Шыққан соң мені күтіп алуы керек адамдарды іздедім. Әуежайдағы адамның бәрінен «Орысша түсінесіз бе?» деп сұрап шықтым. Бір әйел аздап түсінем деген соң, барымды салып мені Гете институтынан күтіп алуы керек еді деп түсіндірдім. Сөйтіп, әуежайда хабарландыру бергізіп, өз тобыма үлкен қиындықпен қосылғаным бар», – дейді Есенгүл Кәпқызы.  

Осы оқиғадан кейін ол «Ағылшынды міндетті түрде меңгеремін» деп өзіне сөз берген. Қазақстанға келген бойда курсқа жазылып, тіл үйренуді бастап кеткен. Алайда түрлі сәтсіздік пен қиындыққа тап болған.

«Елге келе салып жұмыс орнына жақын жерден курс іздедім. Ол кезде Баспалар үйінде қызмет етемін. Ғимараттың екінші қабатында татар әйел тіл үйретеді екен. «3 айда ағылшынша сайрайсың» деген жарнамасы жаныма майдай жағып, бірден 3 айға жазылдым. Динара деген әріптесім екеуіміз бірге барып жүрдік. Әлі әріп білмесек те, сөз жаттатып бастады. Алайда ақшамызды алдын ала жинап алған ұстазымыз курс аяқталмай жатып жоқ болып кетті. Осылайша тіл үйренуге жасаған алғашқы қадамым сәтсіз аяқталды», – дейді ол.

Табандылығының арқасында алғашқы сынақта сынып қалмай, басқа курсқа жазылған. Бұрын жоғары оқу орнында сабақ берген Зияш есімді оқытушы beginner және elementary деңгейлерін оқытыпты.

«Бұрын студенттерге сабақ берген соң бізге де қатал қарады. Арасында ұрсып та алатын. Әріптесім Динара кейде ескертулерін көңіліне алып, ренжіп жататын. Басты мақсат тіл үйрену болғандықтан, оқытушының айтқанын орындап жүрдім. Ағылшын тілінің негізгі іргетасын сол кісі жақсылап тұрып қалап берді десем, артық айтқаным емес», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Кез келген тілді жақсы меңгеруге орта әсер етеді. Кейіпкеріміз ағылшынша сөйлейтін ортада өмір сүрмесе де, күнделікті өмірін барынша ағылшын тілімен толтыруға тырысқан. Көлікте, үйде ағылшынша радио, жаңалық, подкаст тыңдауға тырысыпты.

Тіл үйрену көп уақыт, еңбек, қаржыны қажет етеді. Оны Есенгүл Кәпқызының тіл үйрену тәжірибесінен аңғаруға болады. 80 мың теңге айлық алып жүргенде,  48 мың теңгені курсқа төлеу – отбасылы адам үшін үлкен құрбандық. Оның айтуынша, тіл үйренемін деген мотивацияны сөндіріп алмау керек. Себебі күнделікті күйбең тіршілікте көңіліңді басқа нәрсеге аударатын сәттер көп болады. Күнде болмаса да, аптасына екі рет курсқа барып, тапсырма орындау – нәтижеге жетудің басты шарты.

«Тіл үйренуде аз-аздан, бірақ үздіксіз деген ұстанымды қолдандым. Бірден интенсив түрде оқып кетуге отбасылық, қаржылық жағдайым, жұмысым мен жасым мүмкіндік бермеді. Аптасына екі рет курсқа бардым, бос уақытым бола қалса, жеңілдікпен сатып алған онлайн курстың материалдарын меңгердім. Артық уақытым мен ақшам бола қалса, инвестиция ретінде тілге құйдым», – дейді ол.

«IELTS 5.0 жинау үшін 5 жыл дайындалдым»

2014 жылы Есенгүл Кәпқызы IELTS тапсырған. 5 жыл үздіксіз оқығанының нәтижесі 5.0 ұпаймен бағаланды. Сол жылы «Болашақ» стипендиясы бойынша шетелге тапсыру үшін IELTS-тан 4.0 жинау жеткілікті еді. Бірақ дәл журналистика мамандығына жеңілдетілген грант болмапты.

Дәл сол жылы Есенгүл Кәпқызына Сүлеймен Демирел университеті жұмыс ұсынған. 2 жыл сонда қызмет етіп, IELTS сертификатының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. «Болашаққа» қайта өтініш беру үшін екінші рет IELTS сынағын тапсырады. Бұл жолы 5.5 жинап, «Болашақ» бағдарламасының барлық кезеңінен өтеді. Бірақ грант иегерлерінің тізіміне ілінбейді. Келесі жылы тағы тапсырып, тағы грант ала алмайды. Өзіне сенімінің арқасында бағдарлама президентіне дейін барады. Комиссияның шығарған жауабы: «Академиялық тұрғыда дайын емес» екен. Есенгүл Кәпқызы бұл пікірмен келіспейтінін, өзінің жұмыс тәжірибесі туралы айтып берген. Сөйтіп, келесі жылы қайта құжат тапсырған.

«Қазіргі жастар кез келген нәрсеге тез әрі оңай қол жеткізгісі келеді. Өзін бәрінен мықты санаған, әрине, жақсы. Бірақ бастаған істі соңына дейін жеткізу, мақсатқа жету үшін көп еңбектену керегін бірі білсе, кейбірі түсіне бермейді», – дейді журналист.

Бірнеше талпыныстан кейін 2018 жылы Есенгүл Кәпқызы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, Ұлыбританияда оқуға мүмкіндік алған. «Болашақ» бағдарламасы оны әуелі Ұлыбританияға тіл курсына жіберді.

«Бірінші түскен тобымда Қытайдан келген жас балалармен оқыдым. Олардың деңгейі маған ұнамады. Кураторыма басқа топқа ауысқым келетінін айттым. Ол «Деңгейіңнің басқалардан артық екенін қалай дәлелдейсің?» деп сұрады. IELTS-тың 6.0 балдық сертификатын көрсеттім. Сөйтіп, келесі аптада бір деңгей жоғары топқа ауыстым», – дейді ол.

Тіл үйренушілерге кеңесі

  • Оқу және тыңдау дағдысын дамытуға ereader.net сайтындағы тегін аудиокітаптар мен электрон кітаптар көмектеседі. Детектив кітаптарды түсінбесем де, оқи беретінмін. Кейін мағынасын, басқа сөздермен үйлесімін зерттей келе, не айтқысы келгенін, тілдік ерекшелігін ұғына бастадым.
  • Аударма бюросында жұмыс істегенім де көп көмек болды. Үш аударма кітапқа редактор болдым. Қолдан келсе, аударма кітаппен салыстырып оқуға немесе өзіңіз аударма жасап үйренуге болады.
  • Сериал көру, музыка, радио, подкаст тыңдау – бәрі де көмек. Білім алуда кез келген әдіс тиімді. Алғашында түсініксіз, тым жылдам боп көрінуі мүмкін. Уақыт өте келе жалықпай тыңдай берсеңіз, түсіне бастайсыз.
  • Іntermediate деңгейінен кейін ағылшын тілі бір орында тұрып қалғандай сезіледі. Мұны оқытушылар мен мамандар растайды. Ілгерілеу болмаған соң мотивацияң да жоғалады. Бұл кезеңде әркім өзіне қызық саланы ағылшын тілінде оқығаны дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, ағылшын тілінде ғылыми мақалалар оқи бастадым. Өзге тілді меңгеруде қиындықтар болуы – қалыпты жағдай. Менде әлі күнге дейін writing бойынша қиындық бар. Идеал болуға емес, дамуға ұмтылу жақсы нәтиже береді.
  • Кез келген жаңа нәрсені үйренгенде максимализмнен аулақ болу керек. 6 айда ағылшын тілінде сайрап кетемін деуді, бірден жақсы қызметке орналаса алмаса, басқа салаға ауысып кетуді жиі кездестіреміз. Менің ойымша, кез келген істе табанды, тұрақты болған адамның нәтижесі де орасан болады.
  • Бірнеше жерде жұмыс істеп, оқып, түрлі жобамен айналысып жүрудің құпиясы уақытты дұрыс жоспарлауда. Мен график арқылы емес, тапсырма мен мақсатқа қарай жұмыс істеймін. Мысалы, осы аптада мына жобаны аяқтауым керек, осы айда мына кітапты оқып бітіруім деген сияқты.

Жастар шетелде оқуға не себепті ынтық?

Кейіпкеріміздің ата-анасы, бауырлары қолына қалам алып, түрлі басылымға мақала жазып жүргенімен, кәсіби түрде журналистикамен айналыспапты. Есенгүл Кәпқызы осы олқылықтың орнын толтыру үшін студент кезінен бастап түрлі басылымға қоймай барып жүріп, қызметке орналасқан. Кейін тіпті Сүлеймен Демирел университетіндегі журналистика кафедрасының меңгерушісі болған.

Түрлі қызметте болдым. Бір байқағаным – қазақылыққа салынып кетеміз

«Сөзім дәлелсіз болмасын, бір мысал келтіре кетейін. Оқу орнының атын атамай-ақ қояйын, бір университетте зерттеу журналистикасы пәнінен лаборант болып жүрген қызметкер дәріс оқитын болды. Қай факультетті бітіргенін сұрасам, тарих факультеті дейді. Зерттеу журналистикасына қандай қатысы барын сұрағанымда, басшылықтағылар: «Сен тарихты бітірдің ғой, зерттеу журналистикасынан бер» депті. Журналистиканы талай жыл зерттесем де, бұл пәннен сабақ беруге әлі де жүрексінемін», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Оның айтуынша, бізде білім алу бағасы тым жоғары. Ұлттық университетте ақылы оқу құны – жылына миллион теңге. Ал «Жоғары оқу орындарында құнына сай білім беріле ме?» деген сұрақ кейіпкерімізді ғана емес, біраз адамды алаңдатады.

«Білім беру жүйесінде де жемқорлық бар. Жемқорлық бар жерде білімнің де, қызметтің де сапасы төмендейді. Тағы да бір көңілім толмайтыны – тереңдетіп оқытуға аса көңіл бөлінбейді. Мысалы, медицинада алғашқы 5 жылда барлығы терапияны меңгереді. Кейін салаларға бөлініп өзіне қызық бағытты тереңірек зерттейді. Дәл осы жүйе басқа мамандықтарға да керек», – дейді ол.

Журналистің пікірінше, білім жүйесіне көңілі толмаған жастар шетелде оқып, тәжірибе жинағысы келеді. Ол жақта оқу бағасы қолжетімді, білім беру жүйесі әділ. Шетелде адамның потенциалы мен еңбегі жақсы бағаланады. Марапат, мансаптағы өсу, үстемақы адамның еңбегіне қарай беріледі.

«Бірақ білім беру жүйесі дұрыс емес деп білім алудан, мүмкіндіктен бас тарту қате. Пандемия кезінде өз бетінше білім алудың тиімді екенін түсіндік. Өзіңді үздіксіз жетілдіруп отыруға мүмкіндік көп. Бұл жағынан мен қазіргі жастарға қызыға қараймын», – дейді ол.

1993 жылы теңге ауысқанда елде экономикалық қиын кезең болды. Есенгүл Кәпқызы студенттік шағы дәл сол уақытқа тұспа-тұс келгенін әрі қуанышпен, әрі өкінішпен еске алады. Студенттік кезең ең қызық, ең тәтті шақ дегенді жиі естігенімізбен, тәуелсіздік жылдарында оқыған жастар үшін күнкөріс қамы бірінші орында болды. Әркім қолынан келгенше жұмыс істеп, тамақ табуға тырысты. “Күндіз сабақ оқып, кешкі ауысымда жүк тасушы, даяшы сияқты қызметке жалданған жастардың бойында төзім, сабыр, шүкіршілік сияқты қасиеттер арта түсті”, – дейді кейіпкеріміз. Олардың қайсар, шыдамды болуы, жұмыста тұрақты қызмет етуі де осыған байланысты сияқты.

«Қиын кезеңде қыздар тұрмысқа шығып, ер балалар отбасын асырау үшін оқудан шығып кетіп жатты. Ал қазір жастарға білім алу үшін үкімет те, отбасы да барлық жағдайды жасауға тырысады. Жастарымыз бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланып та жатыр деуге болады. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен шақырту алып, түрлі ғылыми жаңалық ашып жатыр», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Кейіпкеріміз білімге ынтасы жоқ, селқос жастардың да барын айтады. Ол бір қоғамда түрлі адамның өмір сүруі табиғаттың заңдылығы деп қабылдайды. Адамның қабілетті болуы – оның болмысынан, табиғатынан берілетін сый. Алайда еңбектенбесе, бұл сыйдың да құны болмайтынын айтады.

Журналист «Ештен кеш жақсы» деген ұстаныммен 50-ге толар шақта шетелде білімін жетілдірмек. Пандемияға байланысты Ұлыбританиядағы оқуынан бір жыл академиялық демалыс алыпты. Биыл күзде жаңа оқу жылында Есенгүл Кәпқызы жолдасымен, баласымен бірге Newcastle университетіне оқуға аттанады.