Ген, қоршаған орта және тест
1904 жылға дейін адамның ақыл-ой деңгейін анықтайтын нақты практикалық құрал болмады. Сол жылы Британия психологы Чарльз Спирман алғаш рет адамның ойлау қабілетімен байланыс орнататын тәсілді анықтады. Алайда IQ-тест ұғымын 1912 жылы адамның физикалық жасы мен ақыл-ой жасын салыстырған Уильям Штерн айналымға енгізді. Қазіргі қолданыстағы IQ-тест басқа тәсіл қолданғанымен, атауы бұрынғыдай IQ-тест болып қала берді.
Алғашқы интеллект сынағын Чарльз Дарвиннің немере ағасы Фрэнсис Далтон жасады. Ол интеллекттің әртүрлі болуын қоршаған ортамен және адамның генімен байланысты екенін алға тартты. Алайда бұл тесттің кемшілігі мен тестілеу аймақтарының өзара ұштаспауы жиі кездескен.
Кейін Альфред Бине мен Теодор Симонға француз мектептеріндегі оқушылардың ойлау қабілетін анықтайтын тест дайындау тапсырылды. Ол тест қазірге дейін IQ-тесттің негізі ретінде қолданылып келеді.
ІQ деңгейін қай уақыттан бастап анықтауға болады?
IQ деңгейін анықтауға көмектесетін түрлі тест бар. Балалар психологы Махаббат Борашқызының айтуынша, оның көбі 16 жасқа дейінгі балалардың интеллект деңгейін анықтай алмайды деген пікір бар. Себебі баланың ақыл-ойы күн сайын жаңа ақпаратпен толығып, дамып отырады.
Мектеп жасындағы оқушылардың интеллект деңгейін анықтау үшін емес, белгілі бір саладағы білімді игеру дәрежесін өлшеу үшін тест алуға болады. Интеллектті өлшеу кезінде бұл сынақтардың мәні салыстырмалы екенін ескеру керек. Себебі интеллект әдетте бұрын алынған білімді тексеру емес, қабілет пен дағды арқылы есептеледі, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, Балаларды бағалау үшін Кауфман батареясын қолдануға болады. Ол 2,5-12,5 жас аралығындағы балалардың қабілетін бағалау үшін жасалған. Бұл тестті 35-85 минутта жүргізуге болады.
IQ-тест түрлері
Интернеттен IQ деңгейді анықтайтын тесттің тегін, ақылы түрлерін табуға болады. Кей тестте G факторы өлшенсе, кей тест логикалық-математикалық интеллектті, кейбірі тіл немесе кеңістік интеллектін анықтайды.
Кейбір компания мен ұйым қызметкерлерінің IQ-тест нәтижесіне назар аударады. Мысалы, «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер тіл білу деңгейін анықтау, кешенді тестілеуден кейін психологиялық тест пен IQ-тест тапсырады. Мұнда TSI, яғни Амтхауэрдің интеллект құрылымы тесті қолданылады. Стипендия тағайындау барысында IQ-тест нәтижелері ескеріледі.
Қазіргі кезде IQ деңгейін анықтау үшін Wechsler Scales, Binet Kamet og Intelligence Test, MISIC, Raven’s Progressive Matrices, Hans Eysenck’s test қолданылады. Алайда нақты IQ көрсеткішті анықтайтын стандарт әлі бекітілмеген.
WAIS тесті
Ересектерге арналған Wenchsler интеллект шкаласы бойынша манипулятив және вербал IQ деңгейін анықтауға көмектеседі. WAIS тесті 175 сұрақтан тұрады. Тестте 15 бөлім бар және ол 90-120 миунттан тұратын бір немесе екі сеансқа созылады. Тест 16 жастан асқан тұлғаларға арналған.
Қарға сынағы
Қарға сынағы – вербал емес тест. Мұнда тақырып басылған парақтың жетіспейтін бөлігін тауып, сипаттау керек. Тест қабылдау, бақылау, балама ойлау дағдыларын анықтауға көмектеседі.
Wonderlic қызметкерлерінің сынағы
Бұл тестте ұқсастық, анықтама, арифметикалық және логикалық есептер болады. Сынақ 50 тармақтан тұрады. Wonderlic қызметкерлерінің сынағы уақыт жағынан қысқа. 12 минутта тапсыруға болады.
Hans Eysenck’s test
Интернетте ең жиі кездесетін және тегін тапсыруға болатын тесттің бірі. Тест әртүрлі мазмұндағы 40 сұрақтан тұрады. Тапсыру үшін шамамен 30 минут уақыт керек.
IQ-тест нәтижесі ақыл-ой көрсеткіші бола ала ма?
IQ-тесті бойынша 120 балдан жоғары жинаған адамның IQ көрсеткіші жоғары саналады. Ондай тұлға жақсы есте сақтау, байқампаздық, өз жасындағылардан мәселені тез шешу, бай сөздік қоры сияқты артықшылықтарға ие.
IQ-тест нәтижесіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Адамның оқып, білген ақпараты мен тәжірибесі IQ-тест нәтижесіне міндетті түрде әсер етеді. Дегенмен IQ көрсеткішіңіз қандай тұлға екеніңізді білдірмейді. Жақсы жұмыс істеу қабілеті, адамдармен қарым-қатынасыңыз, мінезіңіз және басқа факторлар сіздің IQ көрсеткішіңізге байланысты емес. IQ адамның логикалық тапсырмаларды шешу қабілетін көрсетеді.
IQ-тесттің нәтижесі неге байланысты болатыны ғалымдар арасында даулы мәселе болды. Кейбірі оны ми жұмысы мен көлеміне байланыстырды. Алайда әйелдердің миы ерлердікінен үлкен болатынын ескерсек, олардың IQ-тесттегі нәтижесіне бұл әсер етпейді, яғни екі жыныс та бірдей көрсеткіш көрсетеді.
Кей ғалым адамның нәсілі мен ұлтына қатысты зерттеулер жүргізген. Бірақ бұл зерттеулер де нақты нәтиже бермеген.
IQ көрсеткіші өзгере ме?
IQ-тест нәтижесіне көңілі толмай, көрсеткішін жоғарылатуға тырысатын адамдар бар. Мамандар зияткерлік қабілет тұқым қуалайды, оған қоршаған орта әсер етеді деген тұжырым жасаған. Дей тұрғанмен, егер сіз IQ-тест тапсырып, нәтижесіне көңіліңіз толмаса, оны өзгертуге болады. Ол үшін түрлі ми жаттығуларын жасап, диета сақтап, жаңа дағдыларды меңгеруге тырысу керек.
Зияткерлікті арттыру үшін не істеу керек?
Білім алу. Жаңа саланы меңгеру, ғылыммен айналысу – IQ көрсеткішіне тікелей әсер ете алатын факторлар. Себебі кез келген нәрсенің мәнін, логикасын түсіну үшін оның ғылыми тұжырымын білу қажет. Демек оқып-үйрену арқылы IQ көрсеткішін көтеретін дағдыларды меңгеруге болады.
Жаттығу. Биология тұрғысынан қарасақ, физикалық жаттығулар миға келетін қан айналымын жақсартып, миға баратын оттегі көбейтеді. Осылайша ми белсенді жұмыс істей бастайды. Ми белсенділігі артқанда адамның танымдық қабілеттері жетіледі.
Жаңа тіл үйрену. Ана тілінен басқа тілдерді меңгеру адамның ойлау қабілетін, ассоциациялау дағдысын, есте сақтау және ақпарат іздеу, шешім қабылдау дағдысын дамытады. Ғылыми зерттеулер бірнеше тіл білетін полиглоттардың IQ көрсеткіші аз тіл білетін адамға қарағанда жоғары болатынын көрсеткен.
Медитация. Кейінгі ғасырда сәнге айналған медитация адамның жүйке жүйесіне ғана емес, интеллектуал дамуына да әсер етеді екен. Медитация мидағы жасушалардың қалпына келуіне көмектесіп, икемділігін арттырады. Миды қажетсіз қоқыс ақпараттан тазартуға көмектеседі.
Add comment