— Жиһаз өндірісіне қалай келдіңіз?
— Жұмыстан шыққан соң кәсіп бастау керек деген ой мазалады. Жас та келді, 41-демін. Бірінші ойыма түскені – Қытайдан зат әкеліп сату. Матрас шығаратын досым: «Басында біз де қорықтық. Қазір ақырындап жүріп жатыр. Қытайдан әкеліп сатқанша өзің жаса, дамыт» деп ақыл-кеңес берді.
Досыма қызығып, жиһаз өндірісін зерттей бастадым. Ең оңайы үстел жасап көрейін дедім. «Тастақ» базарынан 20-25 мың теңгеге ағаш тесетін құрылғы сатып алдым. Кішірігім балконымды тазалап, 1,5 айдай үстім қоқым-қоқым болып жеті үстел жасадым. Жетеуі де қисық шықты. Шыдамым таусылып, бәрін алдым да, өртеп жібердім. Құрылғыны OLX-ке қойдым. Екі адам қуана-қуана арзанға алып кетті.
Бұл іске бас сұғып қойғаннан кейін шегінуге жол жоқ. Өзімнің қолымнан келмесе, онда жиһаз жасай алатын команда жинау туралы ой келді. Қасыма екі бала алып, үшеуіміз бастап кеттік. Үстелді қойып диваннан бастадым. Алғашқы кезде ісім жүрмеді. Өндіріс 4 ай өтпей жабылды. 1-2 ай демалып, ес жиып қайта бастадым.
Қолмен жасау – білім, ұста ретінде бір дәрежеге жетесің. Бизнес жасау басқа. Көп адамның қолынан іс келгенімен, олар команда жинау, корпоративтік басқару, сату, қаржымен байланысты жұмыстарды түсінбейді. Корпоратив салада жинаған тәжірибем көп көмектесті. Кемшілігім – ұсталықты түсінбедім. Оның орнын жақсы мамандармен толтырдым. Қазір бәрінен хабарым бар. Қолымнан келмесе де, біреудің қисық істеп тұрғанын көзбен бірден білемін.
— Кәсіпті бастауға қанша қаржы кетті?
— Бастағанда 2 миллион теңгедей кетті. Ол бірден кете қойған жоқ: 200 мың теңгеге цех жалдадым, бірінші айдың айлығын төлеп қойдым, материал алдым. Өндіріс кеңейіп, қаржы талап еткен соң 5 миллион теңге кредит алдым. Осы менің үлкен қатем болды, өйткені пайызы көп. Жабылғым келмеді. Көлігімді саттым. Шамалы уақыт өткен соң басқасын алдым. Оны да сатуға тура келді.
Бізде проблема қандай? Енді ес жинап, аяққа тұрып жатқанда көбі резерв жасамайды. Ақшаны оңды-солды жарата береді. Машина алады, үй соғады. Ауылдағы ата-анасының үйін жөндеп келеді.
Карантин, қаңтардағы оқиға кезінде бизнес тұралап қалды. Қаңтарда сауда болмаса да, резервтер арқылы қызметкерлердің айлығын төлеп отырмыз.
— Техниканы қайдан алдыңыз?
— Базардағы Қытайдың техникаларын алдық. Бағасы жақсы, бірақ тез істен шығады. Бұзылған техниканы ақырындап сапалы жапон, еуропалыққа ауыстырып жатырмыз.
Ең қымбат техникамыз – 3 миллион теңге тұратын ағаш кесетін үлкен станок, ал ең арзаны – 50 мың теңгенің электр шеге бұрағышы. Нарықта автоматтандырылған құрылғылар да бар, бірақ қымбат. Аузына ағашты салып жібересің, өзі кесіп, тесіп, жабыстырып шығарады.
— Диван қалай жасалады? Қанша уақыт кетеді?
Диван жасау төрт кезеңнен тұрады:
- ағаштан жасалатын қаңқасын жасау (каркас);
- қаңқасына жұмсақтық беретін материал жапсыру, қаптау;
- өлшем алып, тысын тігу;
- жиһазды тыстау.
Бір диванды қолмен жасауға төрт адам қатысады. Әр кезеңге 1-2 күн кетеді. Диван шамамен бір аптада толық дайын болады. Тек тапсырыспен жұмыс істейміз. Адамдар өзіне ұнайтын диванның суретін әкеледі, матасын таңдайды. Біз өлшеп, бағасын есептейміз. Шарт жасасып, жарты ақысын төлейді. 3 күн ішінде өзгеріс енгізе алады. Диванды жасап қоймасақ, одан кейін де клиенттің қалауынша өзгерте аламыз. Дайын диванды өзгерткен кездер аз болмады. Адам жиһазбен 10 жылдап бірге тұрады. Клиенттің жағдайын түсініп, шығындалсақ та, көңілінен шығуға тырысамыз.
Клиенттерге диван бір айда дайындалады деп айтамыз. Бір аптада жасалып біткенімен тапсырыс кезегі бойынша алады.
— Дивандардың бағасы қандай?
— Әрқалай. Тапсырыспен жасайтын болған соң нақты баға жоқ. Матаның бір метрі – 4 мыңнан 16 мың теңгеге дейін. Мысалы, шағын диванға 10 метр мата қажет болса, арзаны 40 мың теңге, қымбаты 160 мың теңге болады. Шамамен алсақ, тіке, бұрышы жоқ екі метрлік диван 280 мың теңгеден басталады. Тіпті аяғына алтын жалатылса, темір болса, бағасы қымбаттай түседі.
Біз жасаған ең қымбат диван – 1,5 миллион теңге. Клиент италиялық диванның суретін әкелді. Өте үлкен, тігіннен де, көлденең де 6 метр. 2 ай кетті. Клиентке ұнамай екі рет қайта жасадық. Диванды 1,5 миллион теңгеге сатқанмен үстінен түк пайда көрмедік.
— Жиһаз өндірісінен қанша табуға болады?
— Біз сияқты орташа цехтер айына 1,5-3 миллион теңге таза табыс табады. Сұраныстың маусымы өте қатты әсер етеді. Мысалы, қаңтар мен ақпанда сауда жоқ. Шығынды жапқанның өзі өте жақсы.
— Материалды қайдан аласыз?
— Материалдың бәрі, өкінішке қарай, шетелден келеді. Өзімізде ештеңе өндірілмейді. Жиһаз нарығындағы отандық өнімдердің үлесі – 30%. Қалғаны Ресейден, Белорусьтен, Қытайдан, Түркиядан, Еуропадан келеді.
Материал өзімізде өндірілсе, біріншіден, бағасы арзан болады, екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады, үшіншіден, миллиондаған материалға жұмсалатын ақша шетелге кетпей, Қазақстан экономикасында қалады.
Жиһаздар эконом, орта, премиум, люкс деген класқа бөлінеді. Біз орта және премиумға жұмыс істейміз. Ресейлік жиһаздар біздікінен кем дегенде 30% қымбат. Ал бізге тапсырыс берсеңіз, диванның түсін, өлшемін, пішінін, дизайнын, яғни кез келген жерін өзгерте аласыз. Ресейлік өндірушілер мұндай мүмкіндік бермейді. Қазір пәтерлердің дизайны әртүрлі. Жиһазды бір бұрышқа сыйдырып жібергісі келеді.
Таза ағашты, яғни қарағай, ақ қайыңнан жасалған шерені қолданамыз. Ең қымбат материал – мата. Қытайдан, Түркиядан, Польшадан, Италиядан, Литвадан, Латвиядан келеді. Тұрақты айналымда жүретін маталар – барқыт, масаты (велюр), мақтадан тоқылған мата, шенилл.
Отыратын жеріне, яғни матрас ішіне еркін серіппе блогын қоямыз. Арқасына, шынтақшасына, отырғышына поролон жабыстырамыз. Жазылатын диванның механизмдерін Татарстаннан аламыз.
Материалдар 1,5 жылда екі есе қымбаттады. Ағаштың бір метрін бұрын 160 теңгеден алсақ, қазір 370 теңгеден аламыз.
— Диван бағасы қалай есептеледі?
— Диванның өзіндік құнын құрайтын параметрлер:
- материалдар;
- жарнама;
- логистика;
- қызметкерлердің жалақысы;
- дүкен мен цехті жалға алу ақысы.
«Қазақстанда өндіресіңдер, неге қымбат?» деп сұрайтындар көп. Адамдар елімізде жасалса, тегін болуы керек деп ойлайды. Мұны қазақтың балалары жасап жатыр. Олар да тамақ ішеді, киім киеді, баласын мектепке апарып, денсаулығына қарайды. Соларға айлық төлеймін деп жауап беремін. Таяқтың екі ұшы бар. «Неге айлық аз?» дейді, оған қоса «қазақстандық өнім неге қымбат?» деп сұрайды. Жиһазды 60 мыңға сатар болсам, оны сол бағаға жасайтын адам табу керек.
Биыл өндірісті кеңейтіп, матамен қапталған орындықтар қостық. Айына 100-ден астам бұйым жасаймыз. 2-3 жыл ақша жинап алып демалу мақсатым емес. Өмір бойы осы іспен айналысып, мүмкін болса, балаларыма тапсырғым келеді. Тегіме кір келтірмейін деп фабриканы Kudiyarov Factory деп атадым. Брендке айналу үшін ең алдымен өнім сапалы болуы керек. Арзан материалмен жұмыс істей алмаймын. Клиенттеріміз де табиғи материалды талап етеді.
— Клиентпен жұмыс істеу қиын емес пе?
— Бұл өндірісте ең қиыны – клиентпен жұмыс. Кез келген адамның көңілен шығуға тырысамыз. Бір адам отбасымен, туысқандарымен келіп кетеді. Бәрімен сөйлесіп, түсіндіруің керек. Тапсырыс берген дұрыс таңдау жасағанына күманданбауға тиіс. Көңілінен шығамын, тілін табамын деп күшің сарқылады.
Клиенттеріміз – әйелі мен күйеуі де жұмыс істейтін, айына орта есеппен 500-600 мың теңге табатын отбасылар. Кезінде үкіметте жұмыс істеп зейнетке шыққан, бастық болған адамдардың көңілінен шығу қиын. Оларға ұнамаса, ештеңе дей алмайсың. Талай рет диванды басынан жасап бердік. Жасы келген бір кісі тапсырыс берді. Бір айдан соң диванды көрсетсек, есіне түсіре алмай, менікі емес деп бой бермейді. Амал жоқ, айтқанының бәрін есептеп, қайта жасадық. Бұл диваннан да пайда көрмедік, есесіне ол кісінің көңілінен шықтық. Өндіріске 3 жыл болған соң клиенттердің жартысы таныстары арқылы келеді.
Шоурумға жиһаздар қойылған. Қонақтар отырып, ұстап көре алады. Мұнда екі менеджер бар. Мен көбіне цехте боламын. Күніне 2 сағат болса да, міндетті түрде шоурумға келемін. Клиенттердің көңіл-күйін, тапсырысын біліп отыруым қажет. «В тренде» болуым керек.
— Жиһаз жасаушылар қанша табады?
— Бұл нарықта адамдар бір айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Өз күшіне, талпынысына қарай тапқысы келеді. Жұмысшылар орташа бағамен 300 мың теңге алады. Бір миллион теңгеге дейін алатындар бар деп естіп жатамын. Олар демалмай күні-түні істеп, денсаулығына зақым келтіруі мүмкін.
— Осы кәсіппен айналысқым келеді дейтіндерге қандай кеңес бересіз?
— Өндірісте жұмыс істегіңіз келсе, ең алдымен жұмысшы болып кіруге тырысыңыз. Тым болмаса, бір жыл жұмыс істеп, кәсіптің қыр-сырын біліп бастасаңыз, ақша да, уақыт та үнемдейсіз. Қазір – өндіріс ашуға ең қолайлы уақыт. Түркияда кез келген үйдің астында өндіріс бар, бізде де солай болуы керек. Жиһаздан басқа да көп нәрсе жасауға болады. Нишаны мінез-құлқына, көзқарасына, өмір сүретін ортасына, тәжірибесіне байланысты іздеу керек.
Кез келген бизнес бастаған адам нәтижені бүгін көргісі келеді, тез табысқа жетуді қалайды. 1-сыныпты бір жыл оқығандай өзіңе уақыт бер. Ал біз 1-сыныпта 11-сыныптың нәтижесіне жеткіміз келеді де, көп қате жібереміз. Сабыр жоқ. Бизнеске алғашқы 3 жыл тәжірибе жинаймын деген оймен келу керек. Сонда нәтиже болады. Білім жоқ. Жиһаз өндірісінде кадр жоқ. Елімізде мұндай үлкен сала болмаған соң маман да тапшы, білім беретін орын да аз.
Жастар келеді. Әрбіріне уақыт бөлсем, бизнесім жайына қалады. Instagram-да жиһаз өндірісі жайлы көп пост жазамын. Өндірісті бірінші рет видеоға түсіріп салғанымда осы кәсіппен айналысатын адамдардың көзі шарасынан шығып кете жаздады. «Клиентке көрсетуге болмайды, құпиямызды біліп қояды» деді. Ал біз бастағанда әлеуметтік желіде диван, төсек өндірісіне қатысты ақпарат болмады. YouTube-тен іздедім. Бір-екі цехке барып едім, кіргізбей, жауап бермей қойды. Ештеңеге қарамай бастап кеттік.
Үйрену -үздіксіз процесс. Өндіріс болған соң бір орында тұрып қалмау керек. Үнемі өзгеріс жасап тұру қажет.
Жиһаз өндірісінде мүлдем бәсеке жоқ. Бәріміз кіріскен кезде ғана бәсеке болады. Ол үшін аянбай еңбектену керек.