— Темірлан, Nomad Mood-ты не себепті қазақстандық киім бренді деп есептемейсіздер?
— Қазір елімізде киім тігіп сатумен айналыстандар қатары көбейгеніне қуанамыз. Өйткені бәсекелестік – дамуға жетелейтін драйвер. Дегенмен Nomad Mood-ты қазақстандық киім бренді деуге келмейді. Біздікі – өте ауқымды жоба. Nomad Mood тіркесін қазақшалағанда «көшпендінің көңіл-күйі» деп аударылады. Ал көшпенді боп өмір сүрген тек қазақтар емес. Біздің ағайын көршілер – қырғыздар, өзбектер, одан әрі түріктер, Еуропадағы венгр халқы және өзге де түркі тілдес халықтар да көшпенді күн кешкен. Бәріміз көшпенділер өркениетіненбіз. Брендіміздің ерекшелігі – кең етек жайып келе жатқанымызда. Бүгінде біздің киімдерімізді онлайн арқылы шетелдіктер сатып алып жатыр. Олар қазақтар емес. Осыдан-ақ біздің басқа брендтерден ерекшелігіміздің бар екенін білуге болады деп ойлаймын.
Nomad Mood жобасын жасауды 2017 жылы ойға алдық. Ол кезде алғашқы футболкаларымызды астанадағы EXPO-2017 көрмесіне қойған едік. Футболкалар көрмеде өте жақсы өтті. Айналасы 2-3 аптаның ішінде 200-ден астам футболка саттық. Сонда тоқыма нарығының өте жақсы бағыт екенін түсіндік. Тек сәтті креатив тәсіл керек. Дұрыс құралдар таңдалса, бұл салада үлкен жетістікке жетуге мүмкіндік бар.
Ол кезде Nomad Mood деген бренд болмады. Өзіміздің авторлық дизайнымыз бар футболкаларды шығарып, астанаға жіберген едік. Солайша, бұл жұмыстан соң жоба бастауды жөн көрдік. Негізі жоба 2018 жылы іске қосылуы керек еді. Бірақ ол кезде студент екенімді, тәжірибе жинауым қажет екенін ескердім. Бизнестің қалай құрылатыны туралы жалпы түсінік болуы үшін компанияларда жұмыс істеп көрдім. Белгілі бір тәжірибе жинаған соң дүкен ашуға шешім қабылдадық.
— Киімдерді қандай ерекшелікпен тігесіздер?
— Қазір классикалық және oversize футболкалар шығарамыз. Оған қоса, свитшот, худи мен кепкелер сатып жатырмыз. Бұл – бүгінде трендтегі, ең жиі сатылатын киімдер. Сондықтан дәл осы бағытты таңдадық.
Киімді дайындау процесі айтарлықтай ұзақ уақыт алады. Мысалы, футболканы сатылымға шығару үшін әуелі лекало таңдаймыз. Лекало дегеніміз – үлгі, эскиз. Одан кейін лекалоға арналған материал таңдалады. Материалды сатып алып, киім пішіледі. Футболканың принт түсетін алдыңғы бөлігін басуға жібереміз. Біз футболкаларға принтті жібекбаспа арқылы саламыз. Бұл – бүгінде ең қымбат, ең сапалы принт салатын баспа. Принт басылғаннан кейін футболканың алдыңғы бөліктері киім пішілген цехқа қайтады. Оны екінші бөлігіне қосып тігіп береді.
Киімнің материалын жыл мезгілдеріне қарай таңдаймыз. Қыста худиді футерден тіктік. Футер – жүні бар үшиірімді жіпті мата. Көктемде худиді екіиірімді жіпті футерден тіктік. Жазда мақта мата – пеньені пайдаландық. Пенье – жұқа, өте сапалы материал. Бұл материалды Dolce&Gabbana, Louis Vuitton, Armani сияқты танымал брендтер қолданады. Киімнің бәрін тігіп беретін цехпен серіктестікте жұмыс істеп жатырмыз.
Киімдеріміздің үлгісін жеке дизайнеріміз сызады. Оны ТМД елдері бойынша ең мықты дизайнер десем, артық айтпаймын. Негізі принтті киімдеріміздің барлығына дерлік жібекбаспа арқылы саламыз. Мұндай принті бар киімді дұрыс жуса, 1000 ретке дейін жуып, киюге болады. Дизайн сызарда әр бөлшегіне мән береміз. Өйткені бөлшектер әлемді жаулайды.
Өнімнің қаптамасына аса мән береміз. Ең әуелі, киімдер полиэтилен фирмалық қаптамасымен оралады. Онда Instagram-аккаунтымыз бен киімнің өлшемі және клиентімізге бір ауыз тілек жазылады. Содан кейін тауарды фирмалық бренд пакетіне саламыз.
— Оларды қайдан сатып алуға болады?
— Өнімімізді негізінен digital-сатылым арқылы өткізіп жатырмыз. Әзірше бір ғана офлайн сататын жер бар. Оларды Алматыда «Сүйінші» бренді сатылатын дүкеннің сөрелеріне қойдық. Бұл The Ritz-Carlton-ның екінші қабатында орналасқан. Болашақта өзіміздің жеке офлайн дүкенімізді ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатымыз жақын келешекте жүзеге асып қалуы мүмкін. Сондықтан оқырмандардан бізден жақсы жаңалық күтуін сұраймыз.
Киімдеріміздің бағасы қолжетімді. Брендіміздің қазіргі кезеңінде көшпенділер мәдениетіне қосылғысы келетін кез келген адам сатып ала алатындай болғанын қалаймыз. Бағасы 8 000 теңге мен 25 000 теңге аралығында. 8 000 теңге деп отырғанымыз – футболкалар, ең қымбаты – спорт костюм жиынтығы, оның бағасы – 25 000 теңге.
— Тауар қаншалықты өтімді?
— Жобаның қазіргі кезеңіне ешқандай инвестиция тартпадық. Серіктесімізбен брендті өз күшімізбен алып жүрміз. Алдағы уақытта брендтің сату аймағын кеңейту мақсатында инвестор қарастырамыз деп отырмыз. Өйткені қазіргі уақытта жобаның жақсы жолға түсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Өнімімізге сұраныс көп. Енді инвестор тартатын кезеңге жетіп те қалған сияқтымыз.
Қазір командамызда 5 адам бар. Олар: операциялық менеджер, сату менеджері, SMM-менеджер, маркетолог және бас директор – өзім. Әркім өз секторына жауапты. Командамыз шағын да емес, үлкен деп те айтпаймыз.
Бұл жобаға қатысты жоспар көп. Еліміздегі «Мына брендтің бәсекелесі болайық немесе мына киім желісі бізге бәсекелес болады» дегенді ойламаймыз. Көбіне жобаның органикалық дамуына назар аударамыз. Шетелдің ірі брендтеріне бәсекелес болғымыз келетінін жасырмаймыз. Халықаралық нарыққа шығуға асықпыз. Дизайнымыз бен киімдерімізді шетелдерде сынап көрсек дейміз. Меніңше, бұл жақын уақытта жүзеге асады.
Жоба ауқымы кеңейіп келеді. Жарты жылдың ішінде 5 мыңнан астам тауар саттық. Олардың 120-сын Қазақстаннан тыс аймақтар сатып алды. Оған қоса, олардың ешқайсысы қазақстандық емес. Бәрі – шетел азаматы. Мұны үлкен көрсеткіш деп есептеймін. Аса үлкен жоспарларымызды алдын ала сүйіншілемей-ақ қояйық. Жақын арада өздеріңіз де естіп, көресіздер деген үмітіміз бар. Сондықтан біздегі жаңалықтарға құлақ түре жүруді сұраймын.