Жыл сайын әлемде ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді. CyberSeek аналитикалық компаниясының есебіне сәйкес, жыл сайын АҚШ-та IT бағытындағы вакансиялардың 40 мыңы ғана толып, 200 мыңы ашық қалады. Ал Ресейдің нарығына қосымша 150 мың маман қажет. Болашақта әлемде IT-мамандар тапшылығы 5-6 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан сұранысқа сай ІТ-мамандарын даярлау заманның өзекті мәселесіне айналғандай. Ал сіз ешқандай мұғалімсіз бағдарламау тілін меңгеруге болатынын білесіз бе?
— Қазақстандағы мамандар тапшылығымен күресуде мемлекеттік сектордың (университеттер, технопарктер мен қолдау бағдарламалары) ғана емес, жеке сектор үлесінің артуы да маңызды деп ойлаймыз. Данабек, өзіңіз басқарып отырған Alem School IT-мектебі туралы айтып өтсеңіз.
— Қазір бүкіл әлемде ІТ-мамандарына сұраныс өте жоғары. Қазақстан бұл трендтен алыс емес. Сондықтан біздің елде де ІТ-мамандарына тапшылық белең алды. Қазіргі таңда ІТ саласында ғана емес, барлық саладағы цифрландыру себебінен ауылшаруашылық, қаржы, медицина сияқты өзге де салаларға мықты мамандар қажет.
Америка мен Еуропадағы ІТ-мектептерінің үздік үлгілеріне қарап, 2019 жылы жаңа форматтағы бағдарламалау мектебін аштық. Бұл мектептің ерекшелігі – классикалық әдіс-тәсілдердің жоқтығы. Баға қойылмайды, мұғалімдер дәріс оқымайды. Сонда да студенттер бір-бірімен тығыз байланысып, өздері білім алады.
Университеттердегі академиялық талаптардың болмауы мектебімізде потенциалы жоғары оқушылардың көп болуына мүмкіндік береді. Мектеп академиктерді емес, практиктерді дайындайды.
Alem-де оқып жүріп middle-ден senior әзірлеушісіне дейін жету үшін жобалар жасайсыз. Мектеп тек бағдарламалауды және командада жұмыс істеуді үйренуге емес, еңбек жолын бастау үшін дұрыс компанияны таңдауға да көмектеседі.
Мектептің негізгі мақсаты – Қазақстандағы адам капиталының сапасын көтеру. Қазақстандықтардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгергенін қалаймыз. Гуманитарлық саланы бітірген қаншама адамның инженер-бағдарламалаушы болуына, қайта мамандануына ықпал еткіміз келеді.
— Alem School мектебіне оқуға қалай түсуге болады?
— Осы орайда талапкерлерге түсіндіріп өтейін. Мектепке түсу үшін бірнеше іріктеу кезеңдерінен өту керек. Бірінші, мектебіміздің сайтына кіріп, тіркелу керек. Тіркелген талапкерге логикалық тесттер мен есте сақтау қабілетін тексеретін тапсырмалар беріледі.
Нәтижесіне қарай келесі кезең, яғни «бассейнге» 200 талапкер жолдама алады. «Бассейн» кезеңінде алғашқы кезеңдегі іріктеуден өткен талапкерлер Astana Hub-қа келіп, бір ай бойы үздіксіз тапсырма орындайды. Суға салса, батпайтын нағыз ІТ-мамандары осы бір айдағы нәтиже мен прогресс көрсетуіне қарай мектепке қабылданады.
Айта кету керек, біз ең ақылдыларын ғана емес, үнемі дамып, үздіксіз жақсы нәтижеге талпынатындарды қабылдаймыз. Сондықтан кез келген адам түсе алады. Ең бастысы – адамның ынтасы мен жігері.
— Мектепте оқу барысында және бітірген түлектерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
— Көп адам ІТ мамандығын күрделі салаға жатқызады. Шын мәнінде ешқандай қиыншылығы жоқ, тек үздіксіз еңбектенуді талап ететін сала. Қазіргі заманда оның бәрін тез игеріп, жақсы маман болып шығуға болады. Бұл жерде адамның базалық интеллекті мен ынта, жігері маңызды роль ойнайды.
Әрине, әлемнің алпауыт компаниялары Google немесе Tesla сияқты үлкен нарықта жұмыс істеу үшін талаптар жоғары болатыны сөзсіз. Бірақ елімізде жүріп, орташа деңгейдегі маман болып, 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жалақы алуға болады.
ІТ-мектеп тәулігіне 24 сағат, демалыссыз жұмыс істейді. Оқу тегін болғандықтан 17 мен 40 жас аралығындағы талапкерлер іріктеуге өтініш бере алады. Орта мектепті бітірген оқушыдан бастап, кезінде басқа мамандықты меңгерген адам да мектебіміздің студенті бола алады.
— Осы уақытқа дейін қанша адам оқыды? Олардың жұмысқа орналасуы мен орташа жалақы көлемі қандай?
— Біздің мектепте 2019-2020 жылдан бастап 250-300 адам оқып шықты. Олардың барлығы жұмыспен қамтылды. ІТ-маманы болсаң, жұмыс табу 5 секунд, тағылымдама табу 3 секунд. Бізде стипендия берілмейді, бірақ жатақхана бар.
Бізде әртүрлі жұмысқа орналасатын адамдар бар. Жалақы деңгейі әртүрлі, орташасы 500 мыңнан асады. Мектебіміздің түлектері Сингапур компаниясынан бастап Microsoft-та және әлемнің ірі компанияларында жұмыс істеп жатыр. Мектепті бітірген соң міндетті түрде жұмыс табылады, оған ешқандай күмән болмауы керек.
— Жоспарларыңыз қандай?
— Болашақта қазақстандық және халықаралық компаниялармен әріптестік қарым-қатынас орнатып, осы жерде ІТ саласында білім берудің гравитациялық орталығын жасау.
ІТ-маман болғысы келетіндер мен ІТ-мамандарын қажет ететін компаниялармен бірігуіміз керек. Жылына 300-500 адам дайындап шығару деген мақсатымыз бар. Басқа да демеушілер тауып, қаржылық жағдайымызды тұрақтандыратын ойымыз бар.
— Мықты мамандардың бір елден екінші елге көшуі әлемдік тенденцияға айналды. Қазақстанда білім алған талантты IT-мамандардың шетелдерге кетіп қалмауы үшін қандай жағдайлар жасау керек?
— Мықты мамандардың шетелге көшуіне ешкім төтеп бере алмайды деп ойлаймын. Бұл жаһанданудың бір бөлігі. Ең үздік маман дайындап шығарсақ, бәрібір оны бір жерге байлап қоюдың ешқандай мәні жоқ.
Үздік мамандар шығып, шетелге кетсе, адам капиталының деңгейі көтеріледі. Адам капиталының деңгейі көзқарасынан қарасақ, шетелге кетіп жатқандардың туысқандары, ата-аналары елде қалады. Басқа елге тәжірибие алу үшін кеткендер экономикамызға пайдасын тигізсе, екінші жағынан үлгі болып, басқалары да деңгейін көтеруге тырысады. Сондықтан оның ешқандай кері әсері жоқ деп ойлаймын.
Бізде Google, Facebook, Amazon сияқты компаниялар өздігінен құрылуы керек деп ойлаймын. Astana hub-та жылдан жылға жаңа мүмкіндіктер көбейіп, қарқынды дамып жатыр. Мықты маманның саяси тұрғыдан ешқандай проблема туғызбайтыны бәрімізге белгілі. Ол өз потенциалын пайдаланып, дами алады, жоғары көлемде жалақы алады.
Ал біз орта деңгейдегі мамандарды дайындауға ықпал етуіміз керек. Жүйелі түрде сол ортаны қалыптастырсақ, сол ортаның ішінен мықты мамандар өздері ақ суырылып шығады. Іріктеудің арқасында пайда болады.
— Сұхбатыңызға рақмет. Сәттілік тілейміз.
Данабек мырзаның айтуынша, гуманитарлық бағытқа қарағанда техникалық мамандықтарға басымдық беретін кезге келдік. Орта мектепті аяқтаған оқушылардың бірден бағдарламау тілін меңгергені дұрыс.
Айта кетейік, 14 ақпаннан бастап аlem ІТ мектебіне тіркелу жүріп жатыр. «Бассейн» кезеңі 28 ақпан мен 25 наурыз аралығында болады.
Alem ІТ-мектебінің студенті Марал Токанова пікірін бөлісті. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесін алған. CCNA Routing and Switching курсын бітірген соң желілермен жұмыс істегісі келген. Бірақ декреттік демалыстан соң техникалық қызметке жұмысқа орналасу қиындаған.
Alem ІТ-мектебіне жолдасым сияқты заңгерліктен бағдарламаушылыққа бет бұрдым. Мектептегі «Бассейн» кезеңінде өткізген уақытта көптеген дағдыны меңгердім. Оқудың негізгі кезеңінде өзім сияқты студенттермен бірге білім алдым. Мен үшін alem – көзқарасы әртүрлі болғанына қарамастан бір ортаға жиналып, мотивация алмасатын, бір-біріне қолдау көрсететін орта. Осы мектептің негізін қалаушыларға айтар алғысым шексіз.
Қазіргі таңда Netmore Group атты швед компаниясында Junior Software Development Engineer болып жұмыс істеймін. Netmore – Еуропада көш бастап тұрған мульти-желілік ІОТ оператор. Мұнда интеграциялық тестілеуді бағдарламалауға жауаптымын, – дейді Марал Токанова.