ГлавнаяБлог

Раиса Қадыр: Адамдар қымбат көлігімен емес, кітап сөресімен мақтанса деймін

Кәсіпкер жуырда әйгілі “Нарния шежіресін”, Мишель Обаманың және Барак Обаманың, Харуки Муракамидің әлемдік туындыларын қазақ тілінде шығармақ

Баспа ашылғалы біраз уақыт өтті, жақсы кітаптар шықты. Осы аралықта Қазақстандағы кітап нарығын қаншалықты түсіндіңіздер? Біздегі нарық туралы не айта аласыз?

— Баспамыздың ашылғанына 4 жылдан асты. Баспа жұмысын атқара бастағанда кітап дүкендерінде, жалпы нарықта қазақша сауатты кітаптарды табу қиын еді. Оңай табыла қоймайды, көбіне адамдардан сұрастырып жүріп алатынбыз. Ал шетел әдебиетін тек орысша оқуға мүмкіндік бар еді. Ал қазір байқасаңыз, біз ғана емес, басқа да баспа үйлері әлемдік шығармаларды аударып, жергілікті авторлардың кітабын шығарып жүр. Ішінде әлемдік классиктер де бар. Бәрі үлкен болсын, шағын болсын дүкендерге жеткізіп, сатып жатыр. Адамдарда «Қазақша кітап сатайықшы» деген ынта пайда болды.

Біздің жұмысымызды стартап деп қарау керек. Ал кәсіпті нөлден бастау оңай болмайды. Осы 4 жылда өте жақсы кезеңдер де, дағдарысқа толы уақыттар да болды. Оның бәрін басынан өткізу керек екен. Ең бастысы – мақсат. Мақсат үлкен, маңызды болғанда алдыңнан шыққан қиындық оны баса алмайды.

Алғаш кәсіп бастағанда бұл нәрсе маған университет сияқты болды. Мұнда А-дан Я-ға дейін бәрін істеп көреді екенсің. Ұжымдағы әр қызметкер де «Менің ісім емес» демей, басқа да істерге кірісіп кетеді.

Алғаш кітап шығарғым келіп жүрген кезде «Қазақша кітапқа сұраныс бар ма? Онсыз да орысшасы тұрған кітапты қазақша кім оқиды?» деген пікірлер айтылды. Бірақ орысша білмейтін, жақсы түсінбейтін қаншама қазақтар бар екенін естен шығармау керек. Олар үшін қазақша оқыған қолайлырақ. Міне, осы азаматтар қазір шығып жатқан қазақша кітаптарды қуана-қуана оқып отыр.

Қазақша кітаптар нарығы әлі кең, үлкен. Сондықтан басқа баспалар да тәуекел етіп, кітаптарды сапалы аударып, жазып, шығарса екен деген тілегім бар.

Steppe&World-тың артынша қазақша кітап шығаратын, аударатын баспалар көбейе бастады? Қазақша баспалар қаптаған орысша кітапты, Ресейден келетін тауарды қаншалықты ығыстыра алады?

— Қазір біраз дүкеннен қазақша кітаптарды таба аласыз. Әрине, саны мен сапасы жағынан Ресей баспалары шығарған кітаптар санына жетпейді. Дегенмен бағытымыз айқындалып, дұрыс жолмен келе жатырмыз. Кітаптың бәрі бір күнде шықпайды. 10 жылдың көлемінде дүкен сөрелерінен тәп-тәуір қазақша кітаптарды көбірек көреміз деп ойлаймын.

Баспалар көбейді, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан баспалардың өзі жақсы кітап шығаруға әрекет ете бастады. Кітаптарды сатып алып, оқып, пікірін айтатын халық бар. Нашар аударылған, жазылған кітаптарды да оқырман айтып, ескертіп жатыр. Оған баспалар да құлақ түріп, аудармасын жақсартқысы келеді. Бұл – өте жақсы жаңалық.

Ал Ресейден келіп жатқан кітаптарды халық әлі де көп оқиды. Олардың тиражы, түрі көп. Бағасы да жаман емес. Біздегі кітаптардың 95%-ы Ресейден келеді. Кітапқа жұмсаған қаражатымыз да сол елге кетіп қалады. Келесі 20 жылда кітаптардың бәрін аударып шығармасақ, Ресей нарығына әзірше жете алмаймыз. Ресей кейінгі жарты ғасырда әлем әдебиетін, дүниежүзіне танылып жатқан кітаптарды түгел аударады.

Кітап индустриясына қарасақ, жаңадан шыққан кітаптарды көбіне бірінші болып Германия, Франция, Ресей, Қытай, Жапония аударады. Олардың тиражы да жаман емес, бір кітапты орта есеппен 200-300 мың тиражбен шығарады. Осы елдерде нарық өте жақсы қалыптасқан.

Біз осындай көрсеткішке жету үшін көп еңбектенуіміз қажет. Халық арасында қазақша кітап оқуды трендке айналдырып, мәдениет қалыптастыруымыз керек. Мысалы, біз алғаш Хәрри Поттерді аударып, шығарып жатқан кезде біразы бұл ісімізге таңырқай қарады. «Адамдар қазақша кітап оқи ма? Қалайша?» деп қызық көрді. Ал қазір адамдар қазақша кітаптардың шығып жатқанына таңғалмайды. «Осылай болуы керек, дұрыс» деп қабылдайды.

Әдебиеттерді, авторларды қалай, неге сүйеніп таңдап жатырсыздар?

— Біздің баспа халық арасында балалар әдебиетін шығаруымен көбірек танылып кетті. Әдебиет болған соң әлемдік бестселлерлерді, жақсы танылған кітаптарды таңдап, аударамыз. Әлемді мойындатқан, ішінде адамға ой салар құндылығы бар, балалардың сыни ойлауына көмектесетін кітаптарды аударған дұрыс деп есептейміз.

Мысалы, қазір Британияның танымал жазушысы Руал Даһлдың кітаптарын аударып, шығарып жатырмыз. Дүниежүзінде бұл жазушының әңгімелерін оқымаған бала өте аз. Біздікі «Қазақ балалары да осы әңгімелерді оқып, біліп өссінші» деген ниет. Ракель Паласио жазған «Ғажайып» деген кітапты аударып, шығардық. Бұл кітапты балалар ғана емес, әр ересек оқыса екен дейміз. Ол — мейірім деген не екенін толықтай түсіндіретін өте жақсы кітап.

Мемлекеттен қолдау бар ма? Сіздер қолдау сұрап көрдіңіздер ме?

Мемлекеттен қолдау болып жатқан жоқ. Біз талпынып көргенмен нақты жауап әлі болмады. Біз үшін ең маңыздысы —  шығып жатқан кітаптардың өңірлерге, ауылдарға, мектептерге жетуі. Себебі біз өзіміз шығарған кітапты барлық жерге жеткізе алмаймыз, тегін тарата алмаймыз. Оған бізде арнайы қаржы жоқ. Мектеп оқушылары қазақша кітаптарды оқуы үшін әуелі шығарма мектепке жетуі керек. Бұл іске қандай мекемелер жауапты екенін де біле бермейміз. Тек шалғай ауылдағы, алыстағы оқырманға қазақша кітап жетсе екен дейміз.

Қаңтардағы оқиға кезінде «кітап дүкендері тоналмағанын» байқадық. Осы оқиғалардан соң «жастарға берілетін нақты бір идеология жоқ» деген сияқты пікірлер айтылып жатыр. Осы жағдайларға қатысты сіздің азаматтық көзқарасыңызды білгіміз келеді?

— Біріншіден, мұндай оқиғалар кедейлікті, екіншіден, білімнің аздығын көрсетіп отыр деп ойлаймын. «Қазір адамдар кітап оқымайды» деген пікір айтылып жатыр. Оқиын десе де, қазақша мардымды контент жоқ. Сонда олар не оқиды? Айналада қаптаған орысша ақпарат. Ал негізі орысша сөйлейтін адамдар азайып кетті. Қазір қазақша ойлап, сөйлейтін, қазақ тілін түсінетін, осы тілде оқитын адам көбейіп жатыр. Мұны мойындау керек.

Бәрі орысша біледі, сөйлейді деген — жаңсақ түсінік. Қалада орысша сөйлейтіндерді жиі кездестіретін шығармыз. Бірақ қаланың сыртында жағдай басқаша. Тіпті орысша түсінеді десек те, ғылыми, әдеби стильді бәрі бірдей жеңіл түсіне бермейді. Білімді ұрпақ өсуі үшін қазақша кітаптар да керек.

Қазір кітапты онлайн сатасыздар және басқа дүкендерге жеткізесіздер. Жеке дүкен ашу жоспарларыңызда бар ма?

— Әрине, дүкен ашқымыз келеді. Бірақ әзірше жағдайдың тұрақталғанын күтіп жүрміз. Елдегі экономикалық жағдай ойдағыдай болып жатса, баспаның өз дүкені болады. Кітапты онлайн сатқан тиімдірек. Алайда оқырман жиналатын, келіп, емін-еркін кітап оқитын алаң болғаны жөн.

Кітаптар бастапқыда 3 мың тиражбен шығатын еді. Қазір тиражы қалай болып жатыр?

— Ең көп тиражбен шыққан кітап – «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас». Бұл еңбектің 5 мың тиражы басылып шықты. Бұйырса, әлі де шыға береді. Себебі Хәрри Поттерді балалар да ересектер де теңдей оқып жүр.  Бала кезінде бұл шығарманы орысша оқыған, көрген адамдар қазір оны қазақ тілінде оқығысы келеді.

Steppe&World-тың оқырманы болашақта қандай кітаптарды оқи алады? Баспаның жоспарларын, болашақта қандай жобалар болатынын бөлісе кетсеңіз?

— Бұйырса, көп кешікпей «Нарния шежіресін» басып шығармақпыз. Бұл біз үшін үлкен жұмыс болып тұр. Тағы да көп адам біле бермейтін жақсы кітаптарды аударуға тырысамыз. Мысалы, неміс авторларының балаларды, адамдарды ойландыратын, тебірентетін, жақсы құндылық бере алатын кітаптары бар.

Ересектерге классика туындыларын, мотивациялық кітаптарды да қосып, аударып жатырмыз. Себебі нарықта сұраныста жүрген мотивациялық кітаптар бар.

Харуки Муракамидің де барлығы бірдей оқи бермейтін, бірақ танымал еңбектерін аударып жатырмыз. Көп кешікпей бұл автордың «Норвег орманы» мен «Жағалаудағы кафка» еңбегі қазақ тілінде шығады. Мишель Обама мен Барак Обаманың кітаптарын да аударуға рұқсат алдық. Бәрі жақсы болса, қазанда оқырманға жол тартады.

Кітаптың шынымен де оқырман көңілінен шыққанына мән береміз. Дүниежүзіне танылған шығармаларды аударуға тырысамыз.

Бастапқы кездегі бағытымыз аса өзгерген жоқ. Жоспарды 2 жыл бұрын жасап қоямыз. Ыңғайымызға қарай кітаптарды аударып, шығарып жатырмыз. Көбіне асықпаймыз. Себебі кітапты барынша сапалы шығарғымыз келеді.

Кітап бағасы қалай есептеледі? Кітап шығарып, сатумен ақша табу мүмкін бе?

— Кітаптың бағасына бәрі кіреді: аударма, редактура, сыртындағы иллюстрация, қағазы және тағы басқа. Ең көп қаражат кететіні – кітаптың тиражы. Cонымен қатар кітап мұқабасындағы иллюстрация құқығын да сатып аламыз.

Кітап қағазы Қазақстанда өндірілмейді. Көбіне Ресей мен Қытайдан келеді. Бірақ біз көбіне сарғыш қағазды қолданамыз. Ол бізге Финляндия мемлекетінен келеді. Сарғыш қағаздың сапасы басқаша. Шетелдік стандарт бойынша ақ қағаз көзді ауыртады деп есептеледі.

Әлбетте. Біз ешқандай да қор емеспіз, коммерциялық ұйымбыз. Бизнес өзін ақтап жатыр. Оған қоса жаңа кітаптар аударуға мүмкіндік болып жатыр. Кітаптан түскен пайданы тағы бір жаңа кітап шығаруға саламыз. Алғашқы кезден кітапты қазақша аударуға ден қойып келеміз. Бағытымыз да, миссиямыз да сол – көпке танылған кітапты қазақша сөйлету. Арасында өзіміздің авторлардың да кітабы шыға береді. Бірақ қазақшаға сапалы аудару – Steppe&World-тың негізгі мақсаты.

Басқа баспалардың жұмысына да көмектесіп тұрамыз. Әсіресе, кітаптың авторлық құқығын сатып алу жағынан кеңес бере аламын. Көбіне жаңадан ашылған баспаға біразы сене бермейді. Сондайда «Бұлар — менің әріптестерім» деп келіссөз жүргізіп жіберемін. Жалпы авторлық құқықты сатып алып, кітап аудару оңай келе қоятын іс емес. Мұндайда сол елдегілер аудармашы сияқты барлық қызметкер және олардың отбасы туралы мәліметтерді сұрайды. Бұған дейін шығарған кітаптарды, олардың санын тексереді. Келіссөз кейде жылға созылады.

Кітап таңдауда ата-аналардың жауапкершілігі қандай?

— Бала қандай кітапты сұрайды, соны алып беру керек деп ойлаймын. Қазір балаға кітап ұстату қиын заман. Олардың назары әлеуметтік желіде, смартфонда. Тек ата-ана емес, мұғалім де балаға қалай кітап оқытарын білмей жүр. Баланың назары басқада кезде оларға ұнайтын кітапты алып бере беру керек шығар. Біздің қоғамға білімді ұрпақ керек. Балалар өзара кітап оқу, оны жинау бойынша жарысып отырса, қандай жақсы!?

Адамдар, отбасылар қымбат көлік алғанымен емес, үйіндегі кітап сөресінің үлкендігімен мақтанып жүрсе екен деймін. Мысалы, дамыған мемлекеттерде, Оңтүстік Корея, Германия, Жапония сияқты елдерде кітап сөресі — мақтануға тұрарлық дүние. Талай корей және жапон әйелдерімен дос болдым. Бәрі кітапкеміргіш болды. Олардың үйінде кітап сөрелері толып тұрады. Олар өз арасында «Бүгін мына кітапты бастадық» деп әңгіме айтады. Біз де кітап оқудан, оны сатып алудан жарысатын қоғам болсақ деген арманым бар. Сол кітаптар қазақша болса екен деп тілеймін. Сонда елде тонаушылар, бүлікшілер болмайды.