3 қазан күні “Алматы Аренада” аралас жекпе-жектен NFC34 турнирі өтті. MMA әлеміндегі абыройлы UFC ұйымында жекпе-жек өткізіп жүрген DAR Team клубының өкілі Шавкат Рахмонов еліміздің үздік файтерлерінің басын қосқан байрақты бәсекенің құрметті қонағы болды. Ол 5Q Media тілшісіне берген сұхбатында Қазақстандағы аралас жекпе-жектің деңгейі жайлы айтып, спортшыларға қолдаудың қандай екенін тілге тиек етті.
— Қазақстан ММА-нің деңгейі қандай?
— Елімізде бұл спорт түрі жайлап дамып келеді. Нақты айта алмаймын. Қазақстан ММА-іне жан-жақты қолдау қажет. Сонда ғана жоғары деңгейге көтерілеміз. UFC-де, басқа да ұйымдарда чемпиондар шығады.
Біздің файтерлер әлемдік аренаға енді шығып жатыр. UFC-де бірнеше жігітіміз бар. Спортшыларымыздың көздегені – UFC ғой. Басқасына аса қызықпайды. Әлем бойынша да UFC бірінші орында тұр. Төрт спортшымыз осы ұйымда. Бұл біздің ММА-дің деңгейінің өскенін көрсетеді.
— Еліміздегі ММА лигалары жайлы не айта аласыз?
— Қазақстанда жоғары деңгейде турнир ұйымдастыра алатын лигалар аз. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Ақша көп жерде турнир де өтеді, қызығушылық та артады.
— Көп файтеріміз Ресейдің ұйымдарында жұдырықтасып жүр. Қазақстан Орталық Азияның ММА орталығына айнала ала ма?
— Онысын білмеймін. Мен сарапшы емес, файтермін. Дегенмен Қазақстан ММА-ның болашағы үлкен, бәрі жақсы болады.
— Аралас жекпе-жекте жанкүйерлердің алатын орны бөлек, маңызы жоғары. Бұл жағынан қалай?
— Қазақстанда «фан-база» өте жақсы. Айтқанымдай, бәрі сол қаржыға келіп тіреледі. Әйтпегенде бізде жанкүйерлік ету, қолдау жоғары деңгейде. Жігіттерді барлық жағынан қолдау қажет. Жеңсе де, жеңілсе де, бірдей демеу керек. Сонда чемпиондар шығады. Әйтпесе, файтерлер 3-4 жыл жаттығып, табыс таппай, спортты тастап кетеді. Үкімет тарапынан кәсіби спортшыларға қолдау керек. Футболшылардың айлығының 5%-ін алсақ та, жетеді.
— Нақты қандай қолдау қажет?
— Спортшылардың материалдық жағдайын көтеру керек. Екінші мәселе – спорт алаңдарын, жаттығу залдарын көбірек ашу қажет. Содан кейін осындай үлкен турнирлердің жиі өткені жақсы. Өйткені спортшылар бір орында қалып қояды. Қазір карантин салдарынан жарыстар тоқтап қалды.
— Көп спортшы жекпе-жекке дайындығын шетелде өткізеді. Қазақстан мен шетелдегі оқу-жаттығу жиындарының айырмашылығы неде?
— Өз басым басында Қазақстанда дайындалып жүрдім. Өйткені ақшам жетпеді. Бірақ көбіне шетелге шыққан дұрыс. Дегенмен әрқайсысының өзінің артықшылығы бар. Қазақстанда бар нәрсе шетелде болмауы мүмкін. Шет жақта спарринг қарсыластар көп. Мықтылармен дайындалып шеберлігіңді шыңдай түсесің.
Мысалы, Америкада ММА-ге көзқарас басқаша. Соған қарап өзіңе керегіңді түйіп аласың.
— Файтерлерімізді әлемдік ареналарға шығаратын менеджерлер не ұйымдардың деңгейі қандай?
— Жеке өзім ешкімді білмеймін. Менеджерім Саят Абдрахманов көп файтерді UFC-мен байланыстырып жатыр.
— Командаңыз DAR Team клубының қолдауы қалай?
— Dar Team клубының атынан жекпе-жектерге шығамын. Еліміздегі ең үздіктердің бірі деп нық айта аламын. Неге десеңіз, Қазақстанның барлық өңіріндегі жастарына қолдау көрсетіп, олардың өсуіне мүмкіндік жасап отыр. Оған еліміздегі көп өңірінде, қалалар, ауылдардағы спорт залдарын салуын қосу керек. Маған клубтың қолдауы жоғары. Менің жұмысым – октагонға шығып, жеңіске жету.
— Соңыңыздан еріп келе жатқан өрендерге айтарыңыз.
— Бірінші кезекте денсаулықтарыңды күтіңдер. Асықпаңдар. Бәрін толық ойланған соң ғана шешім қабылдаңдар. Жаттығуды тастамаңдар. Тәртіп болуы керек. Сонда нәтиже шығады. «Мен чемпион боламын» деп өздеріңе сеніңдер.
Шавкат Рахмонов – аралас жекпе-жектен қазақ файтері. Ең жас әуесқой әлем чемпионы (WMMAA, 2013), M-1 Global чемпионы (2019). Жартылай орта салмақта Ultimate Fighting Championship (UFC) демеушілігімен күреседі.