ГлавнаяБлог

Асу Алмабаев: UFC-мен келісімшартқа отырсам, қарсыласқа кімді ұсынатыны маңызды емес

Файтер алдағы жекпе-жегіне дайындығы жайлы, Америкадағы жаттығуы мен DAR Pro Team командасы туралы айтып берді

— Асу, қазір қайдасыз? Үзілісті қалай пайдаланып жатырсыз?

— Қазір Алматыда жарысқа дайындылап жатырмын. Қызу дайындық үстіндемін. Келесі жекпе-жегім 29 желтоқсан күні Naiza 36 турнирінде өтеді. Уақытым салмақ қуып, тактикалық жоспар құруға кетіп жатыр. Бастысы — салмақ қуалауды қиналмай, денсаулыққа қауіпсіз өткізсем деймін.

— DAR командасының құрамындасыз. Жасалып жатқан жағдайға көңіліз тола ма?

— Баян Жанғаловтың қол астында жаттығамын. Одан кейін Азиз Разыев деген бапкеріміз бар. Бокстан Дәулет Нұрланұлы, еркін күрестен Эдуард Базров, ал греплингтен Ринат Валиахметов деген жаттықтырушыларымыз бар. Жаттығу барсында спорттың барлық түріне көңіл бөлеміз.

— Бұған дейін көп лигаларда, командаларда болдыңыз. DAR командасының олардан ерекшелігі неде?

— Бұған дейін әуесқойлар арасында жаттықтым. Ал бұл жерде тек кәсіби мамандар бас қосып, тек ММА спортынан дайындаламыз. Шавкат, Фаниль, Жұман деген мықты спортшылар жиналған.

— Аса жеңіл салмақта Naiza-ның бұрынғы чемпионысың. Білуімізше, Brave FC ұйымында жекпе-жек өткізу үшін белбеуден бас тарттыңыз. Бұл ұйымдағы тағдырыңыз не болады? 

— Титулдан бас тартқан жоқпын. Naiza-дан кетіп, Brave ұйымында жекпе-жек өткіздім. Биыл бұл ұйымда тағы бір айқасқа шығуым керек еді. Лига желтоқсан не қаңтар айында жекпе-жек ұсынамыз деген. Алайда кард толып, жергілікті спортшылар көбірек шыққан соң жекпе-жегім кейінге шегерілді. Сондықтан бір жылда бір жекпе-жек өткізу мен үшін аз екенін түсіндіріп, отандық Naiza-да жекпе-жекке шығуға рұқсат алдым. Екі жақтың келісімімен октагонға шығамын.

— Жақында чемпиондық жекпе-жек өткізуге мәлімдеме жасадың. Brave тарапынан қандайда бір жауап болды ма?

— Негізі Brave-те наурыз айында жұдырықтасуым керек еді. Ол кезде бірден 57 келінің алғашқы сегіздігіне енгізіп, қырғыз спортшысына қарсы қойды. Алайда коронавирус жұқтырып, жекпе-жек кейінге қалды. Одан кейін мұндай ұсыныс болмады. Көре жатармыз. Нақты ештеңе айта алмаймын. Командамен ойластырған жоспарымыз бар. Brave мені чемпиондық жекпе-жекке шығаруы мүмкін, алайда менің жоспарымда бұл жоқ. Өйткені ол жерде қалу-қалмауым белгісіз.

— Карантинге дейін жылына 2-3 жекпе-жектен өткізіп жүрдіңіз. Кейінгі екі жылда тек 2 мәрте октагонға шықтыңыз. Мұндай үзіліс мансабыңызға кері әсерін тигізбей ме?

— Кері әсері – уақыттың бос өтуі. Әйтпегенде, спортшылардың бәрі карантин кезінде ешқайда шыға алмады. Тіпті, 4 жылда бір рет келетін Олимпиаданың өзі кейінге шегерілді. 

Бәрі спортшының тәжірибесіне байланысты. Егер ол тәжірибелі болса, кез келген проблеманы оңай өткереді. 2 жыл октагонға шықпасаңыз да, қиындық тудырмауы қажет. Өйткені тәжірибелі спортшы күнделікті жаттығуын жасап, өзін бабында ұстайды. Файтердің өмірі – жаттығу. Ел таңертең кеңсеге барып жұмыс істесе, біз, спортшылар, залға келіп жаттығамыз. Біздің жұмыс – осы.

— Naiza турниріндегі қарсыласыңыз Кайк Аленкар болмақ. Жалпы, бұл файтер бізге жақсы таныс. Бұған дейін Арман Әшімов және Талғат Жұмағалиевпен кездескен. Оның үстіне, кейінгі жекпе-жегін 2019 жылы өткізіпті. Одан бері октагонға шықпаған. Осы қарсыласыңыз жайлы айтып өтсеңіз. 

— Қарсыласымды зерттеп жатырмын. Екі жекпе-жегін де, Арманмен және Талғатпен кездескенін де өз көзіммен көрдім. Аленкар — 57 келі салмағындағы қауіпті қарсылас. Әркез соңына дейін күресетін, мінезі бар, жігерлі спортшы. Оған қарсы сақ қимылдау қажет. Дегенмен талай мықты спортшымен кездестім. Сондықтан әр қарсыласыма құрметпен қараймын, қарсыласты бағаламаудан аулақпын.

— Биыл жазда American Top Team лагерінде жаттығып келдіңіз. Не түйдіңіз, не алдыңыз? 

— Топпен бірге жаттығу жасадық. Өзімнің салмағымдағы мықты спортшылармен бірге дайындалдық. UFC мен Bellator лигаларының файтерлері жүр. Арасында чемпиондары да, болашақ чемпиондары да бар. Бәрімен бірге спарринг жасадық, достасып та үлгердік.

Шетелде бар назарың тек жаттығуда болады екен. Өйткені жаттығудан басқа ойлайтын ештеңе жоқ. Ал елімізде қонаққа шақырып жатады, туған күндерге бару керек. Ал ең бастысы, шетелде спарринг қарсыластар көп. Себебі өз залыңдағы көп спарринг қарсыластарыңның қыр-сырын жаттап аласың.

— Америкада ММА деңгейі әлдеқайда жоғары екенін бәріміз білеміз. Ол жақтан бізге нені алып, нені үйрену керек деп ойлайсыз?

Бір ай аз уақыт. Бұл аралықта көп нәрсені байқау қиын. Бірақ жалпы алғанда үйренгенім көп, әлі де үйренерім бар. Дегенмен айтарлықтай бізден қатты озып кетті деп айта алмаймын. Әйтпегенде, біздің спортшылар UFC-де жүрмейтін еді. Басқа да промоушенде спортшыларымыз жоғары деңгейде айқасып, көк туды желбіретіп жүр. Ал бразилиялық спортшылардан ментал тұрғыдан аларымыз көп. Ол жақта жаттықтырушылардан емес, жаттығып жүрген мықты спортшылардан үйренетініміз баршылық екен.

UFC-ге қашан? 

— Қазір ұсыныс түссе, барар едім. Бірақ қолымда келісімшартым бар. Brave-пен келісімшартымды бір жаққа шығарып, ортақ келісімге келген соң UFC-ге барып қалармын. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Мықты лигада жұдырықтасу үшін ниет етіп, жаттығып жүрмін.

— Мансабыңызда бір мәрте жеңілген екенсіз. Ол Тагир Уланбековке қарсы жекпе-жек болатын. UFC-де қарымта жекпе-жек өткізуге дайынсыз ба?

— Әрине, дайынмын. Ол кездегі Асумен қазіргі Асуды салыстыруға келмейді. Тәжірибем толысты, жіберген қатеден сабақ алдым. Кәсіби деңгейде өсіп, шеберлігім шыңдала түсті. Ол кезде 21 жаста едім. Дайындықтың аз болуынан жеңілдім деп ойлаймын. Бірақ өмірлік сабақ болды. UFC-мен келісімшартқа отырсам, қарсыласқа кімді ұсынса да, бәрібір. Кім болса да, айқасуға дайынмын.

Naiza 36 турнирін сәтті өткізуіңізге тілектеспіз. Одан кейінгі жоспарыңыз қандай?

— Рақмет. Қатты бір алға жүгіретін адам емеспін. Бүкіл күш-жігерімді осы жекпе-жекке жұмсаймын. Қалай осы жекпе-жекті өткіземіз, ертесіне жаңа жоспар құрамыз. Бірер апта бұрын Генрих Сехудоның командасында жаттығуға ұсыныс түскен. Алайда осы жақта жұдырықтасатын болғандықтан, ұсыныстан бас тарттық. Мүмкін осындай ұсыныстар тағы түсіп жатар. Ал келесі жекпе-жегімді 2022 жылдың наурыз айында өткізсем деймін. Келер жылы 3-4 жекпе-жекке шығамын деген жоспар бар. Оның біреуі UFC-де болар.