«Кәсіби күю» синдромы дегеніміз не?

1974 жылы Нью-Йоркте психоаналитик Герберт Фрейденберг «кәсіби күю» терминін психологиялық құрылым ретінде енгізді. Бұл – адамның созылмалы күйзеліс әсерінен эмоционал-энергетика қорларының сарқылуы. 

40 жылдық тәжірибесі бар жоғары санаттағы психиатр-нарколог Тамара Асимова адамның әуелі «үнемі шаршау» синдромына шалдығатынын айтады. Ем іздемеген кезде «үнемі шаршау» синдромы «эмоционал күйреуге» ұласады. 

«Кәсіби күю» синдромына шалдыққан адамдар бәрінен көңілі қалып, ешкім жоқ жер іздеуге тырысады. Істеп жүрген жұмысына көңілі толмай, өзіне берер бағасы төмендей бастайды. Көп жағдайда шарасыздықты сезініп, өмірден түңіледі. Өзінікінен табысы жоғары әріптестеріне көреалмаушылық сезімі пайда болады. Ақырында жағымсыз сезімдерді сана деңгейінде өңдеуге күш қуаты жетпегендіктен, соматизация әсерінен түрлі ауруға шалдығады. 

Бұлшық еттерінің қысымға ұшырауына байланысты кеуде тұсы, мойны, арқасы ауырады. Жүйкесі сыр беріп, дірілдейді, қан қысымы көтеріліп, басы қатты ауырады және жүрек соғысы жиілей түседі. Науқастың физиологиялық жағдайына қарай дәрі-дәрмек тағайындалады. 

Тамара Асимованың айтуынша, психоаналитик Герберт Фрейденберг «эмоционал күю», «кәсіби күю» терминдерін психология тұрғысынан түсіндірсе де, бұл тақырыптың психоаналитикалық аясы аз зерттелген. Феноменнің психологиялық зерттеулері ұйымдастырушылық және әлеуметтік психология шеңберінде ғана қалып қояды. Мұны журналистер де, оқырмандар да байқаған шығар. Бірақ аздаған зерттеудің өзі «эмоционал күюдің» түпкі себебін анықтап, адамның емделуіне жақсы әсерін тигізеді. 

«Менде адам тек дәрімен емделуге тиіс деген қағида жоқ. Кейде біреуге дәрі тағайындасам, екінші бір пациенттің жаны көбірек ауырып тұрғанын ұғынамын. Жалпы бұл синдромға шалдыққан адамдар жиі келеді. Күйзелістің арты депрессияға ұласқанын көрсем, жеңіл антидепрессанттар тағайындаймын. Кейін науқас 2-3 аптаға дейін бақылауымда болады. Жүйке жүйесін қалыпқа келтіру үшін де жеңіл тыныштандыратын дәрілер, қан тамырлары мен әбден шаршаған мидың жұмысын жақсарту үшін ноотроптар жазып беремін», — дейді психиатр Тамара Асимова.  

«Кәсіби күюдің» себебі не?

Томск мемлекеттік университетінің психология магистрі Арай Әбілқасымова «кәсіби күю» синдромына шалдығудың негізгі екі аспектісі барын айтады. Біріншісі —  «эмоционал күюдің» әсерінен адамның өзінің жақсы маман екеніне күмән келтіруі. Екіншісі — қарым-қатынас мәселесіндегі қиындықтар. 

«Бұл синдромға шалдыққан мамандар жұмысындағы жетістіктерін тым жоғары бағалайды және оны өмірінің мәніне айналдырады. Белгілі бір жетістікке жеткен кезде ғана өзін кәсіби маманмын деп есептейді, адам қатарына қосады деуге де болады. Сондай-ақ іштей өзін өзгелерге көмектесуге міндеттімін деп ойлайды. 

Осы ішкі келіспеушіліктер әсерінен маманның басшы, клиент және әріптестерімен қарым-қатынасы нашарлай түседі. Ақырында «Әріптестерім мен басшылық менің еңбегімді тиісті деңгейде бағаламайды» деген реніш пайда болады. Өкінішке қарай, «эмоционал күю» синдромына шалдығатын адамдар айналасындағылар оларды тек жетістіктері үшін бағалайды деген түсінікпен өмір сүреді. Өзгеге ұнау мәселесі көбірек толғандырып, тұлға ретінде жойылып кетуге шақ қалады», — деп түсіндірді психолог Арай Әбілқасымова. 

Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері медбике Бақытгүл Байбосынова еңбекақысының қанағаттанарлық болса да, мұның ішкі күйреудің орнын толтыра алмағанын айтты. Күйзеліске түсуіне Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әріптестерінің қиын жағдайда қалуы да әсер еткен. 

«Бастапқыда блок-бекеттер қойылғанда үйіме бара алмаған күндерім болды. Күйеуімді, бала-шағамды апталап көре алмадым. Шыны керек, Қазақстанға коронавирустың келгенін естіген кезде қатты қорыққаным рас. Отағасының созылмалы ауруы үшін де алаңдадым. Қанша мықты болсам да, мораль тұрғысынан әлсіз екенімді түсіндім. Бірақ ем іздеп жылап келген жандарды көрген кезде бойыңды тез жиып алады екенсің. Жақынынан айырылған жандардың көз жасын көп көрдім. Мұндайды дұшпаныма да тілемес едім», — деп еске алды медбике.  

Психолог Эльвира Қасым эмоционал күйреуге жиі ұшырайтын адамдардың өзін мойындату қалауының өте ерте пайда болатынын айтады. Мұны адам ішіндегі «бос кеңістікті» толтыруы үшін жасайды. Басты себептердің бірі — махаббат пен ұқсағысы келетін үлгілі ата-анасының болмауы. Осының әсерінен адам қиялында «идеал образ» ойластырып, соған ұмтылады. 

«Эмоционал күйреудің басты себебі — адамның мінсіздікке, өзінің әл-ауқаты жетпеген идеал образға ұмтылуы. Мұндай адамдардың психикасында «Мен», «Идеал мен» (адамның өзін мінсізбін деп ойлауы — авт. түсіндірмесі) және «Мен идеал» (ұмтылғысы келетін идеал образ — авт. түсіндірмесі) өмір сүреді.  Сонда бұл синдромға шалдығатын адам үшін өзгелердің өз жетістігін бағалап, қошемет көрсетіп отыруы маңызды. Егер басшылық, әріптестері мақтап, жетістіктерін жоғары бағаласа, өзін бақытты сезінеді, көңілді жүреді. Одан да биік жетістіктерге ұмтыла түседі. Ал керісінше болған жағдайда іштей сол адамға деген жек көру сезімі пайда болады», — дейді Эльвира Қасым. 

Маман осы кезде екі динамикалық процестің жүзеге асатынын айтты. Біріншісі – адам мен оның ұмтылатын мінсіз образының арасында қысым пайда болады. Өйткені мінсіз образ өзінен әлдеқайда жақсы, қолжетпестей болып көрінеді. Осы қысымның арқасында адамда өзін дамытуға деген мотивация пайда болады. Бірақ соңында басқаларға шексіз қызмет көрсетемін деп шаршап, жұмысына көңілі толмай жүреді. Осы процесс әсерінен адам шағымданғыш болып келеді. Жұмысы өнімсіз болып жатқандай сезіліп, үй мен жұмыстың арасын бөліп тұратын шекара бұзылады. Құдды аптасына 7 күн 24 сағаттан жұмыс істеп жатқандай күй кешеді.

Екінші динамикалық процесс кезінде адам айналасындағыларға ренжи бастайды. Ал үшіншісінде өзі ұмтылатын мінсіз образдан бас тартудың орнына, адамдармен қарым-қатынасқа түспеуді жөн көреді. 

Психоаналитик Светлана Қуаныштың айтуынша, маманның «эмоционал күю» синдромына шалдығуына оның нарцистік жан жаралары себеп. Өзге әріптестерінен өзін төмен сезінуден қорқатындықтан, шектен тыс көп жұмыс істейді. Ақыры еңбегі өнімсіз болып, адамның күш-қуаты сарқылады. Клиенттері арқылы махаббат пен қошеметке деген шөлін қандырғысы келеді. 

«Психоанализде «депрессив нарциссизм» деген ұғым бар. Бұл адамның өзіне берер бағасы айналасындағылардың мойындауы мен қошеметіне тікелей байланысты. Өзіне берер бағасы тұрақсыз келетін адамдардың өзін құрметтеуі неғайбыл. Тіпті «эмоционал күю» синдромына шалдыққан сәтте осы күнге дейін жеткен мардымды жетістіктерін жоққа шығара салуы мүмкін. Осының әсерінен жоғарыда айтқан депрессияға түседі», — дейді Светлана Қуаныш. 

«Эмоционал күю» синдромына ұшырағанда не істеу керек?

Психология магистрі Арай Әбілқасымова мен Эльвира Қасым бірауыздан мұндайда міндетті түрде маманға жолығу керегін айтты. Сондай-ақ олар төмендегі бірнеше техниканы ұсынды. 

«Біреудің қара пенжегі»

Әлі күнге дейін жан ауруына жоқ құбылыстай қарайтынымыз өтірік емес. Бірақ шын мәнінде жағымды болсын, жағымсыз болсын сезім бір адамнан екіншіге тез беріледі. Мұны тұрмыста да, жұмыста да байқауға болады. Бар ашуын бізден алған адаммен қарым-қатынасқа түскен соң, өзімізді күні бойы жаман сезініп жүреміз. Көңіл-күйіміз құбылып, тіпті өзімізге берер бағамыз да төмендейді. Ең қауіптісі біз де басқалармен ұрсыса бастаймыз. Сол себепті жанжалдаспас бұрын аздап кідіріп, «Біреуден жағымсыз эмоция жұқтырып алмадым ба?» деп ойлаған артық болмайды. Әсіресе, бұл жақын адамдарымыздан жұққан болуы мүмкін.

Образды түрде айтсақ, біреудің қара пенжегін киіп алдық деуге болады. Сондай-ақ адам біреуді жамандаған кезде ең бірінші өзі туралы айтып тұрғанын естен шығармауы керек. Өйткені кез келген адам ішіндегі барын бөліседі. Психоанализ тілінде мұны «проекция жасау» деп атайды. 

«Шекара қою» техникасы

«Эмоционал күю» синдромына көбіне өзгенің көңіліне қарайтын ақкөңіл жандар ұшырайды. Әрине, мұндағы бейсаналы мақсат – қошеметке бөлену, махаббат алу. Өкінішке қарай, бұл адамдар өзгелерді ренжітуден қорықса да, өзінің көңіліне мүлдем мән бермейді. Сондықтан әрдайым эмоционал шекарасының бұзылуына жол береді. Егер адам «эмоционал күю» синдромынан айыққысы келсе, онда бес кезеңнен өтетін «Шекара қою» техникасын қолданғаны жөн. 

Біріншісінде адам өзінің позициясын білдіреді. Не нәрсемен келісе алмайтынын сабырмен ашып айтады. Осы сәтте бұрынғыдай бәрімен келісе алмайтынын көрген екінші тарап ашуға бой алдырады. Тіпті айқайға басуы мүмкін. Бірақ араға біраз уақыт салып екінші тарап көндігіп, арада қандай да бір шекара барын сезіне бастайды. Бұл жерде шекара жақсы мағынасында қолданылып тұр. Төртінші кезеңде екі тарап бірігіп бұдан былай алда кикілжің болмауы үшін жоспар құрады. Әрі қарай мұны іс жүзінде жүзеге асырады. 

«Маңыз деңгейін төмендету»

Қай салада болмасын тепе-теңдікті сақтау маңызды. Күйзеліске түскен кезде «Дәл осы жағдай қаншалықты маңызды?» деп ойланып көріңіз. Өйткені көп маман жұмыстағы жетістігін тым жоғары бағалап, кейін сәтсіздікке ұшырауға қатысты түрлі қорқыныштың пайда болуына жол береді. 

Жетістік қаншалықты маңызды болса, қорқыныш та соншалық көп болады. Мысалы, «Бұл жұмыстан айырылсам, ипотекамды төлей алмай қаламын» деген қорқыныш болуы мүмкін. Мұндайда тығырықтан шығудың қосымша жолдарын қарастырған жөн. Сол кезде жұмыстың маңызы азая түседі. Бұл адам жұмысына бей-жай қарайды деген сөз емес. Бар болғаны іштегі қысым азайып, қызметін қуана жүріп атқарады.