ГлавнаяБлог

Нарцистер қайдан шығады? Жұлдыз Төлеудің түсіндірмесі

Психоаналитик Отто Кернбергтің айтуынша, патологиялық нарциссизм адамның ішкі «менін» жоғалтуымен, сау «менін» ғаламат «менмен» алмастырумен қауіпті. Өйткені ғаламат «менде» эгоизм басым, үнемі «мен бұдан да артық қошеметке лайықпын» деген жалған сезіммен өмір сүреді.

Оларда амбиция мен табысқа жететіні туралы қиял көп. Шынайы болмысымен бетпе-бет кездесуден қорқатындықтан, өзі қиялында құрып алған жалған әлемде өмір сүреді. Жалған образын сейілтуі мүмкін деген ортадан және адамдардан жырақта жүруді жөн көреді.

«Нарцисс» термині қалай пайда болды?

Нарцисс деген кезде ең бірінші грек аңызы ойға оралатын шығар. Көрген жанды сұлулығымен тәнті еткен жас жігіт ешкімді жақсы көрмейді. Бәрінен өзінің судағы бейнесін артық көреді. Ақыры сол бейнесімен кездеспек болып суға ағып көз жұмады.

Психологияға «нарцисс» терминін 1914 жылы Зигмунд Фрейд енгізді. Ол термин мағынасын осы аңызбен сәйкестендірді. Бір қарағанда нарцисс адам өзін ерекше жақсы көретіндей болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олар махаббаттың не екенін білмейді, өзін өзгеден артық көреді. Егер дер кезінде емдемесе, бұл жан жарасы өзі үшін де, айналасындағылар үшін аса қауіпті.

Нарциссизмнің асқынған түрін емдеу мүмкін бе?

Психоанализде «тасымал» деген ұғым бар. Адам бала кезінде алған жан-жарақатын, әке-шешесіне, басқа да жақын адамдарына деген ренішін психоаналитикке тасымалдау арқылы емделеді. Алайда Зигмунд Фрейд нарцистердің осылай тасымалдай алмайтынын айтып, оларды терапияда емдеу мүмкін емес деп топшылаған.

Бірақ бұл мәлімдемеден кейін арада 100 жылдан астам уақыт өтті, жаңа зерттеулер жүргізілді. Психоаналитиктер нарцистерді емдеуге болатынын, бірақ бұл үшін көп еңбек пен уақыт қажет екенін айтады. Осы тақырыпты неміс психоаналитигі Хайнц Кохут, Отто Кернберг, Мелани Кляйн және Дональд Винникот терең зерттеген.

Әдетте нарцистер терапияға күш-қуаты сарқылып, жасы қырыққа таяған-асқан шақта келеді. Жастай келер болса, ақыры психоаналитикті құнсыздандырып, терапияны аяқтамай кетіп қалады. Өйткені,нарцистер үшін өзге адамға тәуелді екенін білу, өзгені өзінен жоғары қою қиын. Хайнц Кохут нарцистерді күн сәулесін көрмей, сусыз өскен, қурап қалған талға теңейді. Ал Отто Кернберг керісінше нарцистердің суды да көп сіңіруі, жарықты да көп көруі мүмкін екенін айтып, оларды мутацияға ұшыраған ағашпен тең көреді.

Нарцистер қайдан шығады?

Шамамен 3-5 жас аралығында балалар Эдип кезеңінен өтеді. Осы кезеңге дейін алған жан жарақатын «нарцистік жарақат» деп атаймыз. Бұл жан жарасы бірінші кезекте анасымен қарым-қатынаспен байланысты болады. Бір ғана себепті, нақты ситуацияны алып нарцистік жараның себебі осы деп айтуға келмейді.

Ортақ, жалпылама себеп — шынайы махаббаттың жетіспеушілігі. Классикалық нұсқаларды алайын. Қазақ қоғамында тұңғыш баланы ата-әжесіне немесе нәрестесін бедеу туысқанына беру көп кездеседі. Бала өзінің туған әке-шешесін биоритм деңгейінде сезіп біледі. Ал оны туа салысымен басқа біреуге беріп жібергенде, «Мені ең жақын, ең сенімді, бәрінен артық жақсы көреді деген адамдарымның өзі қабылдамады. Мен басқа ешкімге де керек емеспін» деген сарындағы сезіммен өседі. Тіпті ата-әжесі, бағып алған отбасы бәрін берсе де, бұл туған ата-анасының махаббатымен еш теңеспейді.

Екіншіден, нарцисс ата-ананың баласы да нарцисс болып өседі. Қазір көптеген ата-ана баласына бос кеңістік қалдырмай, таңның атысы, күннің батысы түрлі үйірмеге қатыстырады. Қатарластарының алды болуын талап етеді, сырт келбетінің мінсіз болғанын қалайды.

Осындай жарысқа толы өмірдің жетегінде жүріп баланың жан дүниесіне үңілуді, оның шын қалауын ескеруді ұмытып кетеді. Өзі ата-ана тарапынан шынайы махаббатты сезініп көрмеген бала оның не екенін білмей өседі.

Үшіншіден, тағы ең көп кездесетін сценарий — шектен тыс еркелету. Өмірінің алғашқы үш айында нәресте өзін құдайға теңейді. «Бәрін өзім жасап жатырмын, мен ерекше құдіреттімін» деп ойлайды. Қалыпты, жақсы жағдайда бала өсе келе өзге адамдарға тәуелді екенін, өзінің құдайдай құдіретті емес екенін түсінеді. Кейде, өкінішке қарай, шындықпен бетпе-бет кездесуден қорқып өзі құрған қиял әлемінде өмір сүреді. 

Төртіншіден, әйел адамдар босанған соң депрессияға түсіп, нәрестесіне қарауға шамасы келмей қалады. Жоғарыда айтып өткенімдей нәресте алғашқы бірнеше айда өзі мен анасын бір адам деп ойлайды. Ал анасы эмоционалдық және физикалық тұрғыда жанында болмаса, өзін де өлдіге санайтыны сөзсіз.

Нарцистердің бойында ең көп кездесетін «белгілер» қандай?

Нарциссизм DSM диагноздарының қатарына кіреді. Оның негізгі тоғыз белгісі бар. Егер бойыңыздан бес-алтауын тапсаңыз, онда сіздің де нарцисс болғаныңыз. Ал егер тек екі-үшеуі ғана кездесіп жатса, онда сізде ешқандай патология жоқ.

  1. Нарцистер өзін өзгелерден артық көреді, өз қабілетін тым жоғары бағалайды. Ұжымда не бір ортада өзін бәрінен жоғары қояды.
  2. Үнемі қиял әлемінде өмір сүріп, өзін таңғажайып жетістікке жетемін деп ойлайды.
  3. Өзімен ықпалды адамдар ғана араласуға лайық деп біледі. Атақты адамдармен таныссам, мені бірден жақсы көреді деп ойлайды.
  4. Кез келген кикілжіңде өзінікін дұрыс деп санайды. Мені ренжіткен адам ертең міндетті түрде келіп кешірім сұрайды деген сенімде. Өзін қалай да ақтап алуға тырысады, конфликтіде екі адамның бірдей айыпты екенін қабылдамайды.
  5. «Маған жамандық жасаған адаммен ертең қайғылы оқиға болады» деген түсінігі бар.
  6. Нарцисс басшылар көбіне қарамағындағыларды артық жұмыс істетіп, басқаларды пайдаланып қалуға тырысады.
  7. Эмпатияның не екенін білмейді. Мысалы, бір адам жылап, қайғырып немесе қатты қуанып тұрса, бұл сезімдерді мүлдем сезіне алмайды.
  8. Олардың бойында қызғаныш пен көреалмаушылық сезімі басым келеді. Өзгеде өзінде жоқ бағалы зат пен жетістіктің болуын көтере алмайды.
  9. Тәкаппар, өркөкірек болып келеді. Өкінішке қарай, патологиялық нарцистер мақсатына жету үшін адамды таптап өтуге дайын, айналасындағыларға тек объекті ретінде қарайды.

Ал сау нарцистер қандай болады?

Олар өзін де, өзгелерді де қатар жақсы көреді. Мысалы, Тереза шешейді сау нарцисс деуге болады. Ол лидер болып, қанша ақша тапса да, оның көп бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды. Барлық адамда психологиялық диагноздың белгілі бір мөлшерде элементі бар, яғни кез келген адамның бойында нарциссизм бар.

Жақындарымыздың нарцисс екенін көрсек, оған «маманға барып емделуің керек» деп кеңес беруге бола ма?

Нарцисc кез келген сынды тасадан келіп сұққан қанжардай қабылдайды. Сол себепті оларға ауруы, кемшіліктері туралы тіке айту қате. Хайнц Кохут оларға барынша жұмсақ болып, қураған талға су құйғандай, күн сәулесін көрсетіп әбден баптап өсіруге кеңес береді. Ал Отто Кернберг керісінше шындықтың ем екенін, қанша ауыр болса да, жан жарасы туралы ашық айтудың дұрыс екенін алға тартады. Жалпы психоанализде оларды емдеу үшін кемінде 4-5 жыл қажет болады.

Егер жақынымыздың жаны қиналып жүргенін байқасақ, бұл туралы тіке бетіне айтпай, кино немесе кітап ұсынуға болады. Мысалы, «Қара аққу», «Пианистка» фильмдерінің бас кейіпкері нарциске айнымас мысал бола алады. Жанында отырған кезде «Осы фильм қызық екен» деп айтып қалсаңыз, бәлкім қарап, өзіне ұқсас тағдырды көргенде ем іздейтін шығар.