Жеткізуші (курьер)

300 000 – 500 000 KZT

курьер

Пандемия басталғалы бұл қызметке сұраныс артты. Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтаса да, адамдар жеткізушілердің қызметіне үйреніп алды. Бұл жұмыс, әсіресе, студенттер үшін тиімді. Себебі жұмыс кестесін сабақ уақытымен ыңғайлауға болады.

Жеткізуші болу үшін автокөлігің болуы міндетті емес, әсіресе үлкен қалаларда велосипедпен немесе самокатпен қозғалу әлдеқайда оңай. Мұндай қызмет үшін айына орташа есеппен 250-300 мың теңге ақша табуға болады. 

Сатушы-кеңесші/кассир

80 000 – 200 000 KZT

Depositphotos

Жұмыс іздеуге болатын танымал сайттарда қазір ең жиі ұшырасатын қызмет түрі – сатушы. Мұндай маманды көбіне киім дүкендері іздеп жатыр. Оған қойылатын негізгі талаптардың бірі – тез тілтабысқыш болуы және сәнді киімдерді үйлестіре алуы. Мұнда да жұмыс кестесі икемді екені көрсетілген. 

Бариста/даяшы

100 000 – 500 000 KZT

бариста
Фото: Кartinkin.net

Сайттардан бұл ұқсас қызметтерге сұраныс өте жоғары екенін байқадық. Қарапайым кофеханалардан бастап, люкс деңгейіндегі мейрамханалар да бариста мен даяшы іздеп жатыр. Талап – келушілерге сапалы қызмет көрсету. Студенттерге ыңғайлы тұсы – жұмыс кестесінің икемді болуы. 

SMM маманы

250 000 – 300 000 KZT

Depositphotos

Қазір кез келген бизнестің өрлеуі SMM маманының жұмысына тікелей байланысты. Сол үшін оған сұраныс та, талап та жоғары. Креативке жақын студенттер өзін бұл салда сынап көре алады. Әрі олар үшін тиімді жағы – қашықтан істеу мүмкіндігі.

Әдетте SMM мамандарына жұмыс беруші KPI қояды. Оны орындаған маман жалақыдан бөлік, бонустар алады. Сол үшін бұл қызметте мол табысқа кенелуге болады. 

Контентмейкер/копирайтер

Depositphotos

Сауатты, сата алатын мәтін жаза алу да – өнер. Бұл маман да кез келген салада сұранысқа ие. Көбіне қойылатын негізгі талап – қазақ және орыс тілін жетік білу. Жұмыстың бір жақсысы – қашықтан, ыңғайлы кестемен істеуге болады. 

Мобилограф

150 000 – 300 000 KZT

мобилограф
Фото: Мobcompany.info

Камерасы сапалы смартфоны бар студенттер үшін – мобилография табысты сала. Мұнда да сәл креатив қосып, видеоға қызығу керек. Қазір бизнесте ғана емес, жеке кәсіпкерлер мен блогерлер де жанына ертіп жүретін жеке мобилограф іздейді. Сол cебепті бұл – студенттер үшін таптырмас жұмыс. 

Репетитор

150 000 – 200 000 KZT

Depositphotos

Оқу жылы басталғалы репетиторларға сұраныс артты. Оқушылар сабақ үлгерімін жақсарту үшін, кейбірі емтиханнан сүрінбеуі үшін жеке мұғалім іздейді. Мұндайда студенттер еңбегін сағатпен бағалап, айына орташа есеппен 150 мың теңге табыс таба алады. Кей студент жеке оқу орталығын ашып, топтастарын жұмысқа тартып жатады. 

Оператор

80 000 – 250 000 KZT

Depositphotos

Азаматтарға қызмет көрсететін компаниялар операторларды жиі іздейді. Олар еңбекақыны сағатына төлейді. Сондықтан студент өзіне ыңғайлы жұмыс кестесін белгілеп, мол табыс таба алады. 

Junior программалаушы

150 000 – 500 000 KZT

IT саласында оқитын студенттер стартаптарға жұмысқа тұра алады. Онда жастар көбіне бір идея аясына бірігеді. Стартап үшін студенттің энтузиаст болуы маңызды. Ал табыс стартапқа құйылған инвестиция көлеміне байланысты. Ал IT-мамандары үшін қатып қалған жұмыс кестесі болмайды. 

Аудармашы 

Символына 4-5 тг, бетіне 2000-5000 тг

Қазір ағылшын тілін білетін мамандар жоғары сұранысқа ие. Бұл қабілетті оқу кезінде қосымша табыс табуға қолдануға болады. Аудармашыға төленетін еңбекақы көлемі көбіне символ санына немесе құжат бетінің санына байланысты болады. 

Қымбатты дос! Қазір қаржыдан уақытша қысылғаныңмен, бұл өмір бойы жалғаспайтыны анық. 3 жылдан кейін, бәлікім 1-2 жылдан кейін оқуыңды бітіресің. Ол кезде нарыққа дайын кәсіби маман болып шығасың. Сонда барлық жұмыс орны сенен кәсібіңе қатысты тәжірибе өтілін сұрайды. 

Сол сәтте сен студент кезіңде бос уақытыңды мамандығыңа байланысы жоқ жұмыстарға құртқаның үшін өкінуің мүмкін. 

5Q Media өкініп қалмауың үшін мынадай кеңес ұсынады: студент кезде мамандығыңа қатысы бар саладан жұмыс ізде. Сонда бос уақытыңды тиімді жұмсай алғаның. Басында тағылымдамадан өтуің мүмкін, кейін кіші қызметкер болып жеңіл жұмыстар істеуің мүмкін. Бірақ сүйікті мамандығың үшін аянба, алған бетіңнен тайма!