«Google қол жетпес арман сияқты көрінетін»

Студент кезімде Google компаниясының атын естісем, бір өте алыста, қол жетпес айда орналасқан компания деп елестететінмін. 2018 жылы Ш.Есенов қоры ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атанып, бірінші рет Америкаға тағылымдамадан өтуге келдім.  Amplify Live стартапында жарты жыл стажер болып LEA (Live Event Assistant) чат боттармен жұмыс істедім. Сол уақытта осындағы Google-да жұмыс істеп жүрген қазақтар компания ішіне кіргізіп аралатқан еді. Тур жасап қалай жұмыс істейтінін бәрін өз көзіммен көрген кезде шынымен кәдімгі өзіміз сияқты жай адамдар істейді екен ғой деген оймен шабыттанып, арманым жақындағандай көрінді.

Сол кезден бастап Google-да жұмыс істеу мақсатқа айналды. Жарты жылдан кейін стажер визамның уақыты біткен соң елге оралдым. Бірақ өзім тағылымдамадан өткен компанияға менің жұмысым ұнағандықтан, Қазақстанда отырып Америкадағы стартапта қашықтан жұмыс істедім.

Арада бір жыл өткен соң, яғни 2019 жылы тұрмысқа шығып Америкаға күйеуімнің шақыртумен екінші рет келдім. Сол уақытта жұмысымды ауыстырып, VEDOM стартапында бэкенд әзірлеуші болып істедім. АҚШ-қа келген соң мақсатыма жетуге тырысып, дайындыққа кірістім.

«Google рекрутердің өзі хабарласты»

Дайындық бастағанда ең алдымен LinkedIn-дегі парақшамды қолға алдым. Себебі топ компаниялардың рекрутерлері әрбір резюмеге жеке-жеке мән беріп отырмайды. Олар LinkedIn -ге белгілі бір кілт сөздерді тереді де сол іздеуден шыққан түйіндемелерді ғана қарап шығады. 

Солай LinkedIn-дегі профиліме кілт сөздерді енгізіп өзгерту жасап едім, біраз уақыттан кейін Google рекрутер өзі маған жазды. «Сіз мыналарды біледі екенсіз, сөйлесіп көрейік», – деді. Келістім, бірақ дайын немесе дайын емес екенімді білмедім. Сонда да бағымды сынап көргім келді. 

Егер жұмыс іздеп жүрсеңіз, LinkedIn-дегі профиліңізді «Мен мүмкіндіктерге ашықпын” немесе жұмысыңыз бар болса, «Мені ешкім мазаламасын» деп өзгертіп қоясыз. Содан кейін білетін салаңызды үтір-нүктесіне дейін сипаттап, қажет керек сөздерді жазасыз. Қандай жұмыс істедің, нақты не атқардың, керек сілтемелері болса, соны да қойып қоюға болады. Себебі кез келген қызыққан адам көріп қалғанда «О, мынадай жұмыстары бар екен ғой, осындай тілдер мен технологияларды біледі екен, оған қоса тәжірибесі де бар» деп айтатындай LinkedIn-дегі парақшаңызға кіріп қалғанда екінші резюмеңіз сияқты көрінетіндей толтырып қою керек.

Сондай-ақ жоғарыда айтқан кілт сөздерді енгізсеңіз, іздеу жүйесі HR-менеджерге сізді тауып беруіне ықпал етесіз. Парақшаңызбен жұмыс істеп, құдды бір түйіндеме сияқты толтырып, бір қарағаннан назар аудартатындай болса рекрутер өзі жазады.

«Google-дың техникалық сұхбатынан өтпедім»

Бірінші сұхбат телефонмен болады, ол жерде есеп береді, соны шығарып әрі қалай орындағаныңды түсіндіруің керек. Бұл сұхбат маған қиын болды, есептерді шығара алмадым. Сол кезде әлі дайын емес екенімді түсіндім. Есеп шығарудан, өзімді жақсы көрсетуден, резюмем бәрі әлсіздеу еді. Сәйкесінше Google менің кандиратурамнан бас тартты. Әрине, әрбір сәтсіздік кәдімгідей жүрегіңе ауыр тиеді. Әрі қарай жүргің келмейді. Бірақ ең бастысы – көздеген мақсатыңнан қайтпай, тек соны ойлап, берілмеу керек сияқты.

Жолдасым өте қатты қолдады. Ол мені жігерлендіріп, дайындығымды әрі қарай жалғастыруға көмектесті. Сол себепті оған көп алғыс айтқым келеді. Бірақ әрдайым есте сақтау керек: фейл болса, ештеңе етпейді. Кез келген қате – уақыт өте ұмытылып кететін нәрсе. Сондықтан сәтсіздіктің сізді жеңуіне жол бермеңіз. Бірінші кезінде Google-дан «жоқ» деген жауап келген соң еңсемді қайта тіктеп, стартап компанияда әрі қарай да жұмыс істеп тәжірибе жинақтадым, дайындығымды жалғастыра бердім.

Келесі сұхбатқа қалай дайындалды?

Leetcode.com деген сайттан есептер шығардым. Бұған қоса, Cracking the Coding Interview деген қалың кітап бар. Сол еңбекті оқып, литкодты ашып, біртіндеп есептерді шығарып бастадым. Басында өте қиын болды. Мүлдем жүрмеді. Бір есепке бір күн, кейде тіпті 2 күн кетті. Негізі 15 минутта шығаратын есептер. Содан басында шықпады, шықпады, кейін ақырындап бетін ашып оқып, көрген сайын аз-аздан қолымнан келе бастады. Осылай шамамен бір жылдай дайындалдым. Оның арасында тек есептер емес, архитектураның негізгі программаларының базасын да түсіну керек, соны да оқыдым.

Кез келген есепті тез-тез шығарып, жылдам код жаза алатындай дайындалдым. Адамдармен байланыс орнату да өте маңызды. Дайындалып жүрген кезде күнде Google-да жұмыс істейтін адамдарға follow жасап, connect орнататынмын. Себебі сондай адамдардың ортасында болсаңыз, рекрутерге тезірек түсесіз.

Google-ға жұмысқа тұру процесі

Шамамен бір жыл дайындықтан соң сенім де пайда болды. Сосын резюмемді қайта дұрыстадым да, рекрутерлерге өзім жаза бастадым. Былтырғы қаңтар айы еді. Хатта өзім жайлы айтып бастап, қолымнан не келетінін, қандай жұмысты істеуге дайын екенімді және мықты тұстарымды толыққанды ұсындым. Солай рекрутердің көңілінен шықтым, ол менімен интервьюді бекітті.

Дегенмен сенімен танысып, интервью мерзімін белгілегенше біраз уақыт өтеді. Солай HR-менеджермен сұхбаттасуды арада 1-2 ай өткен соң жасадық. Ең кейінгі Onsite сұхбат наурыздың соңында болды. Ал Google-дан жұмысқа тұру жайында offer-ді сәуір-мамыр аралығында алдым. Дегенмен offer алғанға дейін өзіме 100% сенімді болдым деп айта алмаймын. Қолымнан келе ме жоқ па білмедім. Бірақ қатты дайындалған болуым керек, еңбегім ақталды, жолым болып, интервьюден сәтті өттім.

Жұмысқа 2021 жылдың қыркүйегінде шықтым, яғни қазір мұнда істеп жүргеніме жарты жылдан асты. Негізі Google-ға жұмысқа аларда шамамен 10-ға жуық сұхбат болады. Сенімен интервью жасағаннан кейін әр интервьюер сен жайлы пікірін жазып тапсырады. Кейін сол интервьюер пікірін комиссия қарайды. Комиссия түрің, жынысың, жасың жайлы ештеңе білмейді. Тек берілген пікірлерге қарап шешім қабылдайды.

Осында жұмысқа орналасқаннан кейін рекрутерден естігенім бойынша комиссия 100 кандидатты қарастырса, тек соның 5%-ына, кейде 1%-ына ғана offer береді екен.

Software engineer не істейді?

Software engineer деген – қарапайым тілмен айтсақ, бағдарламалаушының нағыз өзі. C++ бағдарламалау тілінде код жазып тапсырмаларды орындаймын. Біз қалай жұмыс істейміз десеңіз, бір командада менеджеріміз болады. Сол менеджер әр аптаның басында әр қызметкермен сөйлесіп, «Алдыңғы тапсырманы қалай орындадың, келесі тапсырмаға дайынсың ба?» деп қабілеті мен деңгейіне қарай жұмыс береді. 

Бағдарламалаушылардың junior, middle, senior деген дәрежелері бар, менеджер жұмыс берер кезде соны ескереді. Біз бэкенд командасы болғандықтан продуктінің артқы жағын жасаймыз. Командамда 20 шақты бағдарламалаушы мен екі менеджер бар. Қазір COVID-19 пандемиясы әлсіреп бара жатқандықтан кеңсеге келіп жұмыс істеуге шақырып жатыр. Бірақ көбі үйден жұмыс істеуге үйреніп қалғандықтан, кеңсеге оралғысы қайтқысы келмейді. Басшылық бұны түсініп, әзірше гибрид жұмыс кестесін қолданып отыр. Қазір біз аптасына 5 күн емес, 3 күн кеңседе, қалған күндері үйде жұмыс істеуге рұқсат алдық.

Өзге ірі ІТ-компаниялардан Google-дың ерекшелігі неде?

Тек Google-ға ғана емес, Amazon-ға да тапсырдым. Бірақ Google-ды таңдадым. Google-дың артықшылығы мәдениеті деп айтар едім. Бұл жерде blind деген әлеуметтік желі бар. Онда сол ірі ІТ-компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер өзара жасырын түрде оқиғаларын бөліседі. Соны оқығаннан кейін айырмашылық бар екенін түсінесің.

Маған ұнайтын тұстарының бірі – мұнда work-life balans бар. Google-дың қағидасы қызметкер тапсырманы орындап үлгеруі керек әрі шаршамауы да қажет. Жеке өмірі мен спортқа,  денсаулығына уақыт бөле алуы керек дегенді алдыға қояды. Бұдан басқа мұнда барлық нәрсе ашық, ешқандай құпия жоқ. Кез келген қызметкердің қашан қай уақытта, қандай тапсырманы орындаған нәтижесін оңай көруге болады. Өзіме осы саясаты ұнайды.

Компанияда жұмыс істеп бастағаннан соң бұған дейін естігеннің бәрі шын екеніне көзім жетті. Үш уақыт тегін тамақ береді. Не ішкің келеді, қандай тағамды қалайсың бәрі бар. Барлық жағынан қолдайды. Мысалы, отырғаннан арқаң ауырып қалса, массажистке баруға болады. Киіміңнің бір жері кір болып қалды ма, laundry бөлмесіне барып, жуып, үтіктеп алуға жағдай жасалған. Бұған қоса жуыну бөлмесі, жаттығу залы, спорт, не нәрсеге қызықсаң, сонымен айналысуға да мүмкіндік бар. Тіпті велосипедпен жүрсін деп айына 60 рет айдаған адамға қосымша сыйақы ақша да береді. Басында осының бәріне өте қатты қуанып ерекше көңілмен жұмысқа кірістім. Ал қазір осы жағдайдың бәріне етім үйреніп қалған сияқты. Бір сөзбен айтқанда, арманымдағы мекен.

Ендігі жоспары

Жұмысты енді бастаған кезде «Қазір junior дәрежесіндегі әзірлеуші болсам, жарты жылдан кейін дәрежемді көтеремін, оңай болады» деп ойлағанмын. Ал қазір енді үйренген соң түсіне бастадым, оңай емес екен. Сондықтан бірінші жоспарым – дәрежемді көтеру, өсу, біраз нәрсені үйрену. Кейін сол білімімді әрі қарай өзгелермен бөлісе алсам деген жоспарым бар. Бірақ оны дәл қазір айта алмаймын. Одан да істегеннен кейін нәтижесін көргендеріңіз дұрыс шығар. Ең бастысы – бір орында тұрып қалмай, білімімді арттыра беру.