Кофе бизнесімен қатар Дәулет тендермен сатып алу және мемлекеттік тапсырыстарға қызығушылық танытқан. Оның осы салада жұмыс істеп жүрген таныстары тендермен айналысудың жолын көрсетіп, тәжірибе бөліскен. Содан кейін Дәулет кофеханаларды сатуға,  жаңа бағытқа көшуге шешім қабылдады. Бизнесті сату мәмілесі пайдасымен қуантып, болашаққа жақсы негіз болды.

Саудада нәтижелі жұмыс істеу үшін Қытай нарығын жақсы білуі керек екенін түсінеді. Олар Ресеймен де жұмыс істейді, бірақ Қытай басты серіктесі болды. Достар маңызды дүниені жоғалтқаннан кейін жүкті кедендік тазарту, импорт, өнімді сертификаттау, сондай-ақ логистика мәселелері пайданы шығынға айналдыратынын түсінген.

Біз Дәулеттен е-коммерц нарығында табысты болу, қатеге ұрынбау жолдары туралы сұрадық.

— Дәулет, бұған дейін офлайн бизнесте де тәжірибе жинадыңыз. Қазір бірнеше онлайн сату алаңдарда интернет-дүкеніңіз бар.  Онлайн аудиториямен жұмыс істеудің қандай ерекшелігін байқадыңыз?

Маркетплейстердің айырмашылығы – олар сатушының да, сатып алушының да уақытын үнемдейді. Егер кәсіпкер тауарды толық ақпаратымен салып, ұсынатын болса, тұтынушыға да қолайлы болады.

— Instagram парақшаңызда 2 айда 2 миллион тенге шығынға ұшырадым деген екенсіз. Реализация жасауда ең қиыны не болды?

Кез келген бизнесте ең қиыны – алғашқы сәтті сатылымды жасау. Кәсіпті ашқан сәттен бастап оның жүргізетін дүниесі өте көп. Тауарды сатылымға қою, SEO-оптимизация, тауар бағасы, жарнамасы және тағы басқалары.

Кейде жолың болып, тауар өтіп кетуі мүмкін. Бірақ кейде ол табыс әкелмей қалады. Кей саудагер шығынға жұмыс істейді. Тауар пайда әкеліп, сәтті өтіп кетуі үшін жоғарыдағы нюанстарды ескеру қажет. Соның бәрі дұрыс атқарғанның өзінде алғашқы сатылымды сәтті жасау расымен қиын.

— Kaspi.kz-те  қалай онлайн дүкен ашуға болады және жаңадан ашылған онлайн-дүкеннің сатылымын көбейту үшін не істеу керек?

— Ең алдымен KaspiPay-дан шот ашу қажет. Еgov.kz арқылы немесе Kaspi.kz сайтында ЖК немесе ЖШС ашу қажет. Ашу барысында анкета шығады, оны міндетті түрде толтырып, өтініш қалдырасыз. Содан кейін 24 сағат ішінде рұқсат аласыз. Осылай сіз Kaspi.kz-тен дүкеніңізді ашасыз. Ал одан кейін сатылымды жүргізу үшін тауардың сипаттамасын толық көрсетіп, жарнама жасау керек.

Құны 2000 теңге болатын 10 тауар сатқанннан, 10 000 теңге тұратын үш тауар сатқан әлдеқайда тиімді.

Интернет-дүкенде тауардың бағасы қалай қалыптасады, не нәрсеге көңіл бөлген жөн?

— Тауар бағасы өнімінің өзіндік құны мен жеткізу қызметін анықтай отырып құрылады. Бұл тұрғыда әр кәсіпкердің өз стратегиясы бар.

— Satu.kz кәсіпкерлерден комиссия талап етпейтінін білеміз. Бұл тұрғыдан Kaspi.kz қандай мүмкіндіктер ұсынады немесе комиссия төлеуді қалай талап етеді? 

Satu.kz жылдық абонемент береді. Мысалы, ол 100 000 теңге болуы мүмкін. Оның ішіне тауар жарнамасына бөлетін бюджет те кіреді. Cондай-ақ осы қаржыға сайт ашуға мүмкіндік береді. Осылай сайтыңызды да ашып, жарнама да жасап,с атылым да жасай аласыз. Ал Kaspi.kz әр сатылымнан және жарнамадан да пайыз ұстап қалады.

— Жаңадан е-коммерц нарығына келіп жатқан жастарға қандай маңызды кеңес бересіз?

Міндетті түрде е-коммерц нарығын зерттеп бастаңыздар. Қазір – е-коммерц нарығының өркендеп келе жатқан сәті. Осы сәтті пайдаланып, кәсібіңізді мейлінше жылдам дамытыңыздар. Болашақта е-коммерцтің ауқымы  үлкейіп, тұтынушылары көбейеді. Бәсекелестер де артады. Сондықтан қазірден бастап  білім мен тәжірибе жинай берсеңіздер, нұр үстіне нұр болады.