«Қазақша кітаптың оқылуына қазақша сөйлейтін блогерлер әсер етті»

Ziyat дүкенін ашу үшін не істедіңіз?

— Әуелі кітапты онлайн сатудан бастадым. Онлайн дүкен ашсам, орынды жалға алмаймын, жұмысқа адам алып, оған жалақы төлемеймін деген ой болды. Әуелі кітаптарды баспалардан сатып алып, шетінен онлайн сатамын. Бір-екі шығармадан алып жүрмейсің, бір дегенде том-томымен әкетуге тура келеді.

Бір күні қарасам, кітаптарымның жартысы үйде, жартысы жұмыс орным – редакцияда жиналып қапты. Өзімнен-өзім ыңғайсызданып кеттім. Кітаптарды екі жерге үйгенше, дүкен ашу керек деп шештім. Жалға жер іздедім.

Кітап дүкені деген қойма емес, кез келген жерден аша салуға келмейді. Ә дегеннен қаланың орталығын аралап шықтым. Кішкентай кабинетті жалдау өте қымбат екеніне көзім жетті. Көпшілік жиі жүретін, мүмкін болса, көше бойында орналасқан, адамдар кіріп шыққанға ыңғайлы мекенді таңдау керек. Қысқасы, көзге көрінер жер табу қажет.

Алматыда студент болғалы осы Жазушылар одағынан шықпайтынбыз. Осындағы қаламгер ағаларымыздың жанында жүруге тырысамыз. Келіп сұрап көрсем, бос орын бар екен. Содан бір ай бұрын тек қазақша кітаптар сататын Ziyat дүкенін аштық. Дүкен ашқанда қатты қуанғаным сол – редакция мен үйдегі кітаптың бәрін алып кеттім.

Қазақша кітап нарығының аяқ алысы қалай екен?

— Шынымды айтсам, кітап сату нарығын зерттемедім. Тәжірибеме сүйендім. «Зиятты» онлайн ашқаныма бір жылдай болғанымен, жалпы кітап саудасында жүргеніме 3-4 жыл болды. Бұл кездері басқа кітап сататын жігіттердің кітабын сатуға көмектестім. Басқа қалаларда кітап шығаратын достарым хабарласатын. «Кітаптарды саған салып жіберсек, оқырман сенен алып отырса қалай?» дейді. Содан қазақша кітап саудасының деңгейі өте жақсы екенін түсіндім.

Кейінгі 4-5 жылда қазақша кітап нарығы көш ілгеріледі. Себебі қазақша оқитындар көбейді. Бұған бірден-бір әсер еткен психология тақырыбында қазақша жазатын, тренер мен коучтердің, әсіресе қазақша сөйлейтін блогерлердің кітап шығаруы деп ойлаймын. Әлгі блогерлердің жазғанын оқыған адам кітаптың рахатын сезінеді.

Содан кейін «Махаббат, қызық мол жылдар», «Абай жолы» сияқты трендтен түспейтін кітаптарды іздеп келеді. Қазір қазақша кітап сататын дүкендер көбейді. Онлайн дүкендер де бар. «Книжный город», «Меломан» сияқты ірі кітап дүкендері қазақша кітаптардың өтімді екенін байқап, сөрелерінен қазақша әдебиетке орын берді. Қазақша кітаптың жарнамасын көбейтіп жатыр.

Тек қазақша кітап сатуыңыз нені білдіреді? Сауда жақсы ма, әлде ұстаным солай ма?

— Өтірік айтпай-ақ қояйын, орысшамның жетісіп тұрғаны шамалы. Саудагер өз тауарын жақсы білуі керек. Қазіргі тұтынушылар да әртүрлі. Бір кітапты қолына ұстап, алып кетпейді. Кітаптарды парақтап, не туралы екенін сұрайды. Анасына, әкесіне, кездесіп жүрген қызына қандай кітап сыйлауды сұрайтындар қаншама.

100% білмесем де, адамына лайық кітапты шамалап тұрамын. Кітап ұсыну, кітап туралы айту қиын емес. Кітап оқып өстік, оқыған мамандығым – филолог. Жалпы, қазақша кітап туралы әңгіме айтуға болады.

Ал орысша кітаптар жөнінде не деймін? Алматыға келгенде ортамның бәрі қазақтар, қазақша сөйлейтіндер болды. Содан орысшаны қолға алмадым. Қазір қазақша кітап саудасын жолға қою өз-өзінен ұстанымға айналып кетті.

Қазақша кітап бизнесі қаншалық ақталады?

— Шынын айтайын, кітаптан байып кетпейтінімді білдім. Бұл – менің хоббиім. Қазіргі ойым – жалға алынған орын мен кітап сақтайтын қойманың жалға алу ақысын жауып отырса деген тілек. Дегенмен пайданы да есептеймін, кері кетіп жатқан жоқ екенбіз. Әуелі пайданы ойламағанымның белгісі – елдің бар аймағына жеткізу ақысы деп бір баға қойдым – 1 200 теңге. Бір кітап алса да, 10 кітап алса да, баға – осы. Соның өзінде шығынға батып, қарызданып кетпедім.

Оның үстіне, қазір баспалар келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – әуелі кітаптарды сатып аламын, ақысын баспаға кітаптың сатылғанына қарай беремін. «Ай сайын осынша кітап ақысын өткізесің» деген талап жоқ. Әр айда сатылған кітапқа қарай есебін жолдаймын.

«Әр баспаның баға қоюға қатысты талабы бар»

Дүкендегі кітаптарды қай баспалардан аласыз?

— Елдегі ең беделді деген барлық баспаның кітабы бар. «Фолиант», «Жазушы», Steppe and world баспаларының, «Мазмұндама» қорының кітаптарын алдық. Ерекше айта кететіні – Qasym баспа үйі. Баспа Қарағандыда орналасқан, өзімді сол команданың мүшесі дей аламын. Олар 2 жыл ішінде 50 автордың кітабын шығарды. Кезінде жаппай оқылған кітаптармен қоса, уағында көзге түспей қалған талантты прозаиктердің туындысы қайтадан шығып жатыр.

Оған қоса, кітапты автордың өзінен алып та сатамыз.

Баспадан кітап алғанда үстіндегі пайызды не нәрсеге сүйеніп қоясыз?

— Әр баспаның баға қоюымызға қатысты талабы бар. Көп жағдайда өзім қоя алмаймын, баспа қойып берген бағада сатамын. Ал авторлардан сатып алсам, жұртқа қол жетімді жағын көздеймін. Дүкенде тұруы мен қоймада сақталу шығынын ғана қосамын.

Дүкен ашуға қанша қаржы мен уақыт кетті?

— Бас-аяғы бір айдай уақыт кетті. Бір миллион теңге ақша жұмсадық. Ең қымбаты – сөрелер. Қалғаны – ұсақ-түйек. Олар көзге көрінбейді. Мысалы, калькуляторды да сатып аласың. Қаламсап, скотч дегендердің өзі кәдімгідей шығын екен. Біраз кітап сатып алдым. Дүкен ашылғанда жетімсіреп тұрмауы керек. Бұрышы кітаптан көрінбегені дұрыс.

Қандай кітаптар сатасыз?

— Сөреде қазақ әдебиеті, балалар әдебиеті, әлем әдебиеті, танымдық әдебиет, аздап ғылыми бағыттағы, тарихи-көркем әдебиет және өнерге қатысты кітаптар тұр.

Айта кететіні, менде психологиялық кітаптар, тренерлердің кітаптары жоқ. Оларды сөреге қойсақ, мүмкін, пайдаға қарық болар ма едік. Өзім бұл кітаптарды оқымаймын, оқымаған соң олардың адамға қаншалық пайдалы екенін білмеймін.

Қазақша кітапты кімдер оқиды?

— Бізге көбіне 18-35 жас арасындағы оқырмандар келеді. Үлкен кісілер ала қоймайды. Оның үстіне, кітапты бір жыл онлайн сатқаным бар, ал интернетте отыратындардың негізі – жастар. Ақын-жазушылар да кітапты сатып ала бермейді. Бұған дейінгі дәстүр бойынша, бір-біріне кітабын сыйлап, кітапты тегін алып оқып үйренгенінен болар. Бірақ кітапты сатып алып оқитын әдебиет өкілдері жоқ емес. Не десек те, тегін келген кітаптан гөрі сатып алғаны құнды болады. Себебі адам кез келген кітапты сатып алмайды, ойлап, көздеп жүргенін алады.

«Арғы қазақ мифологиясы» – ең өтімді кітап

Трендтен түспейтін және өтімді кітаптар қайсы?

— Жалпы, жанр бойынша айтсақ, проза өтімді. Бұрыннан солай болған. Оқырман «Абай жолын» жақсы алады. Мендегі бағасы – 4 томы 6 мың теңге. Әлем әдебиетінен Джек Лондонның “Мартин Иден” кітабы жақсы сатылады. Бағасы – 2-3 мың теңгедей.

«Арғы қазақ мифологиясы» деген кітап бар. Дүкендегі ең өтімді кітап десем жарасады. Бағасы – 4 томы үшін 6 мың теңге. Бұл еңбектің бағасы менде арзанырақ екен. Оны 12 мыңнан сатып жатқан дүкендерді көрдім. Солар хабарласып, бағасын көтеруімді сұрады. Бас тарттым. Қаншаға алғанымды, қанша қосып отырғанымды білемін ғой. Оқырманға салмақ салуға болмайды.

Ziyat дүкенінің басқа қазақша кітап сататын дүкендерден айырмасы қайсы?

— Басты ұстаным – тұтынушыға көрсетілетін қызметтің дұрыс болуы. Бізге елдің түкпіріндегі ауыл тұрғыны кітапқа тапсырыс береді. Қазір тапсырыс берсе, қазір салып жіберуге тырысамын. Жазушылар одағына орналасқанымыздың бір себебі – бұл жерге «Қазпошта» жақын. Оқырманға кітапты жылдам жеткізуден рахат аламын. Өкінішке қарай, «Қазпошта» баяулау жұмыс істейді. Қарап тұрсаң, соғыс кезінде тоқтамаған пошта ғой.

Тағы бір ерекшелік – кітаптармен фотосессия жасау. Әзірше жолға қоя алмай жүрмін. Кітаптарым «сөйлеп тұрса» деймін. Ziyat-тың Instagram-дағы кітаптарын өзім түсіремін. Мақсатым – Ziyat дүкенінің фотоөнердегі жеке стилін қалыптастыру.

Біздің дүкенге қатысты құжаттың бәрі қазақша. Мұны ерекшелік деуге болмайды. Қалыптысы солай болуы қажет. Қиыны сол – қазақша құжаттың тілі дүбәрәлау.

Одан кейін, бизнесте жалғыз өзіммін. Басқа дүкендерде бірнеше адам, тіпті толық бір команда жұмыс істеп жатқанын көремін. Құдай қаласа, қызметкер алып, бір қазаққа жұмыс тауып берсем, мәртебе болушы еді.

Кітап дүкенін ашуға ақын Ақберен Елгезек сияқты ағаларым көмектесті. Qasym баспа үйінің иесі Арман Әлменбет сияқты бауырларым бар, негізі кітап сатуға алып келген осы жігіт.

Қай істі бастасаң да, отбасыңан көмек қажет екен. Келіншегім де кітапты көп оқитындықтан, осы сала туралы әңгімелесе аламыз.

Кітап оқу, сатып алу, сыйлау сәнге айналды. Тойларда тойдан тобықтай деп кітаптар сыйлау үрдісі басталды. Мысалы, өзіміздің үйлену тойымызда «Бір кем дүниенің» 100 данасын сатып алып, қонақтарға үлестірдік.