Екі құрлықтың бел ортасында орналасқан Ақтөбе қаласы Қазақстанның батысынан орын тепкен. Қала атауы  көне түркі тіліндегі aq («ақ») және töpü («төбе») сөздерінен құралған. 

Тарихы терең Ақтөбенің іргетасы 1869 жылы 28 мамырда қаланған. Ал қаланың өзі Елек өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Бүгінгі таңда Ақтөбе — еліміздегі ең ірі облыс орталықтарының бірі. 500 мыңнан астам тұрғыны бар қала халық саны бойынша елімізде төртінші орын алады. Ал облыстағы жалпы халық саны 900 мыңнан асты. Миллион халқы бар қала атану үшін бірқатар жоба әзірленіп жатыр. 

Ақтөбе облысында кіші жүз ханы Әбілхайыр дүниеге келген. Ел аузында ерлігі аңыз боп қалған Қобыланды, Есет, Көтібар, Мыңбай батыр да осы өлкенің тумасы. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен танылған батыр қыз Әлия Молдағұлова мен Жарас батыр, Кеңес одағы заманында белгілі болған композиторлер Ахмет Жұбанов пен қызы Ғазиза, жазушы Тахауи Ахтанов, танымал әнші Димаш Құдайбергенов те — Ақтөбенің тумасы. 

Қазіргі таңда Ақтөбе тұрғындары қаланы ескі және жаңа деп екіге бөледі екен. Қаланың  «ескі» бөлігінде тұрғын үйлерге толы болса, «жаңасында» әкімшілік ғимараттар мен сауда және ойын-сауық орталықтары орналасқан. Бүгінгі таңда қала қарқынды дамып келеді, кейінгі 20 жылда 30-дан астам жаңа аудан тұрғызылды.

5Q Media назарыңызға Ақтөбе туралы ең қызық 5 факт ұсынады.

  1. Ақтөбе — хром кен орындарына бай индустриялық орталық. Облыс аумағында көптеген зауыт орналасқан. Оның ішінде ферроқорытпа, хром қосылыстары, ауылшаруашылық көліктерін, рентген аппаратурасын жасайтын зауыт орындары бар. Бұған қоса химия және жеңіл тамақ өндірісі жақсы дамыған. 
  2. Қала халқы мерекені ұнатады. Жыл сайын 28 мамырда Қала күні тойланады. Ал 1 мамырда жаз маусымының ашылуына орай «Субұрқақ шашуы» мерекелік іс-шаралар кеші өтеді. 
  3. Ақтөбеде Қазақстандағы тұңғыш планетарий ашылған. Мәскеудің Пионер саябағы мамандарының көмегімен 1967 жылы 3 қаңтарда планетарийдің іргетасы қаланды.
  4. Қалада қайраткерлердің түрлі ескерткіштері мен монументтері жиі кездеседі. Тәуелсіздік алғалы қалада 30-дан астам ескерткіш тұрғызылған. 
  5. Ақтөбе халқы спортқа өте жақын. «Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлері Қазақстандағы үздік саналады. Әр ойында жанкүйерлер «Қобыланды батыр» атындағы стадионды лық толтырады. Футболдан бөлек Ақтөбеде ММА спорты да қарқынды дамып келеді. Әлемнің үздік промоушені саналатын UFC ұйымында Ақтөбенің екі бірдей тумасы өнер көрсетеді. Түрікпенбай палуанның ізін қуған Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов Ақтөбеде жаттығып, әлемдік ареналарды бағындырып жүр.   

21-25 қараша күндері Ақтөбе қаласында NAIZA Sport Week апталығы өтеді. Бір апта бойы қала тұрғындары түрлі спорттық іс-шараның куәсі болады.

NAIZA Sport Week апталығының іс-шаралар жоспары:

  • 21 қараша. 5Q Forum – әр сала мамандарының қатысуымен форум;
  • 22 қараша. Спорт жұлдыздарының қатысуымен шеберлік-сағаттары;
  • 23 қараша. Қазақстанның үздік әрі танымал спортшыларының қатысуымен өтетін грэпплингтен Гран-при турнирі;
  • 24 қараша. Big Som, DOMA-DOMA командасы және отандық ММА жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Батыр бол» ойыны; 
  • 25 қараша. Аралас жекпе-жектен NAIZA 48 турнирі.