Түнгі сағат 23.00. Дос қызымның үйіне қонаққа барып, танымал қосымшамен таксиге тапсырыс бердім. Үйдің жанына келген соң, артқы орынға отырғанда жүргізушінің жанында дос баласының бар екенін көрдім. Әрине, басында неге екі адам болып келгені туралы сұрадым. Қарсы болдым. Бірақ жүргізуші «Досым ғой, жанымда серік болсын деген едім» деп ақталды. Шаршап тұрған соң, сөзге келмей келістім.
Үйіме қарай апаратын екі жол бар еді. Жүргізуші картада көрсетілген емес, екінші жолмен бара жатқанын байқадым. Қатты алаңдамадым. Себебі ол жолмен де үйге жетуге болатынын білдім. Бірақ олар таңдаған жолда жарық тартылмаған, қараңғы еді. Бір сәтте жүргізушінің жанындағы досы сұрақ қоя бастады:
— Жігітіңіз бар ма?
— Иә.
— Неге кештетіп жүрсіз?
— Қонақтан шықтым.
Қатты шаршап тұрған соң, қысқа да нұсқа жауап беріп отырдым. Әрине, сұрақ қоймай жай үйіме апарғанын қалаған едім. Бірақ жалғыз болған соң, жауап беруге тура келді. Бір мезгілде көлікті тоқтатты, осы сәтте қатты қорқып кеттім. Неге тоқтатқанын сұраған кезде, жүргізуші «Әдемі екенсіз, мүмкін асықпай танысармыз» деді. «Жоқ жүріңіз, үйіме апарыңыз» дегеніме қарамай досы екеуі күліп отырды. Қатты қорықтым, басыма түрлі ой келді. Тіпті, қашып кетуді де ойлап отырдым. Бірақ жан-жағыма қарасам, тас қараңғы. Содан кейін жылап жібердім, басқа амалым қалмады.
Жылап тұрып үйіме апаруын сұрадым, полиция шақыратынымды айттым. Бірақ екеуі де міз қақпай отыра берді. «Қарындас, қорықпаңыз. Бұл – жай ғана танысу ғой», – деді. Жасы 25-27 шамасында. Жүргізуші бетімнен ұстай бастады. Осы кезде телефонымды алып, әкеме қоңырау шалдым. Олар бірден «Осы жерден түсіп қал, ақшаң да керек емес, жоғал» деп көліктен шығарып жіберді. Қараңғыда жалғыз қалсам да, аман-есен болғаныма қуандым.
Кейіпкеріміз Айжан бұл оқиғадан кейін ұзақ уақыт өзіне келе алмаған. Тіпті, одан кейін таксиге отыруға да қорқып қалған. Оның айтуынша, қыздар мұндай оқиғаға тап болған сәтте ешкімге айта алмай қалады. Ондай кезде ешкімнен қорықпау қажет, керісінше ата-анасына хабарлап, олардан қолдау күтуі керек. Айжанның айтуынша, Қазақстанда қыздардың бұндай оқиғаны жариялауға батылы жете қоймайды. Себебі ұят сияқты ұғымдар олардың іштен тынуына итермелейді.
Кейіпкеріміз сияқты көп қыз басынан өткен оқиғасын әлеуметтік желілер де бөліскен. Солардың ішінен мысалдарды бір видеоға жүктедік.
Егер такси жүргізушісінің әрекеті кенет күмән тудырса немесе жыныстық қатынас туралы сөз қозғаса, көлікті дереу тоқтатуды сұрап, тапсырыс үшін ақы төлеп шығуға кеңес беремін. Бірақ қала ішінде, жарық тартылған жерде және көшеде адамдар болған мекенде тоқтату маңызды. Егер сіз қаланың шет жағында болсаңыз, әсіресе түнгі уақытта достарыңызға SMS арқылы маршрутты жіберген дұрыс.
Қазір телефон арқылы орналасқан жерді бақылайтын SOS сигналы бар қосымшалар бар. Сондай-ақ полицияға тез қоңырау шалу керек. Жүргізушіге қорлау сөз айтып, жұдырықпен жүгірудің қажеті жоқ. Көлік жүргізушісі психикалық ауруы бар адам болуы мүмкін. Сол себепті қауіпсіздігіңізді алға қою маңызды. Көп жағдайда такси жүргізушісіне тұрмыста екеніңізді айтып, күйеуіңіз маршрут арқылы бақылап отырғанын ескерту керек, – дейді психолог Аида Абел.
«Мұндай жағдайда камераға түсіруге болады. Осылайша кейінірек дәлелдер келтіріп, құқығыңызды қорғай аласыз, өйткені жүргізушінің әрекеттері заңсыз. Сонымен қатар мұндайды бірден интернетке салып жариялауға болмайды, алдымен полиция өкіліне жүгіну қажет. Сонда бұл заңды. Полицияға арыз жаза аласыз, бірақ мұндай істерді әдетте тергеу комитеті қарайды және такси қызметін ұсынатын компанияға жүгінген жөн. Жүргізушінің міндеті – жолаушылардың қауіпсіздігіне қамқорлық жасау», – дейді адвокат Әли Сырғабай.
Көлікте қауіпсіз орын жоқ
Жол сапарын түрліше болжайтын, салондағы қауіпті-қауіпсіз орындар туралы мифология бар. Адамдар бұл олардың өмірін, денсаулығын сақтауға көмектесетініне сеніп, нюанстарды талқылайды. Сарапшының айтуынша, мұнжай уәждер – жартылай ғана шындық. Жағдай әр кезде әртүрлі болады, кейде сол мифологиялар іс жүзінде қайшылыққа түседі.
«Жолаушы, әсіресе қыз болса, артқа мінгені дұрыс. Себебі қарсы тұру ыңғайлырақ. Өйткені алдыңғысы сізге ең болмағанда бұрылып, орындықтардың арасымен жорғалауға болады. Жүргізуші үшін керісінше артында отырған жолаушы қауіп көзіне айналады. Ол қанша сақ болса да, не істесе де, міндеті – көлікті жүргізу. Арам пиғылды адам қолайлы сәтті күтеді. Арт жақтан жасалған шабуылдан қорғану мүмкін емес», – дейді Әли Сырғабаев.
2021 жылдың 7 тамызында Оралда 3-курс студенті танымал қосымша арқылы таксиге тапсырыс берген. Қызға көліктің ішінде ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Тек бұл ғана емес, таңға дейін қызды құс фабрикасында ұстап, ойларына келгенін жасаған. Таңертең қыз бірден полиция қызметкерлеріне қоңырау шалып, мән-жайды баяндап берген. Бірақ қылмыскерлердің жазасын бермей, керісінше оларды куәгер қылған.
АҚШ, Европа, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерге бұндай қылмысқа 30 жылдан астам уақыт береді. Ал Қазақстанда қылмысты дәлелдеу қиын, қаншама қылмыскер бостандықта жүр.
Ал кейіпкерімізге жасалған қоқан-лоқы сияқты жеңіл жазалар тіпті беті ашылып қаралмайды деуге болады. Сол себепті қыздар өз бетінше қорғануға мәжбүр.
Бұл мәселе туралы өзін-өзі қорғау дүкенінің негізін қалаушы Құндыз Қабыкенова ойын бөлісті.
Құндыз Қабыкенованың бұл дүкенді ашуына осындай оқиғаға көп түскені себеп болған. Тіпті кеш батқан кезде жалғыз жүруге қатты қорыққанын, тек өзін емес, Қазақстандағы барша қыздың қауіпсіздігін ойлап дүкенді ашуға шешім қабылдаған. Қыздарды мемлекет қорғай алмаса, онда әр қыз өзін қорғай алуы қажет деп санайды.
«Қыздар өзін ренжіткен такси жүргізушілеріне қарсы шыққан жағдайлар болды. Бір қыз сөмкесінде қалған кеңсе пышағын пайдалана алды делік. Бірақ, өкінішке қарай, ол әрекеті сәтсіз аяқталды – көп қан жоғалтты, жүргізуші қайтыс болды, қыз сотталды. Әттең, біздің заңдар өзін қорғайтындар жағында емес. Қарапайым тілмен айтқанда: бетке ұрғанша, оның орнына адамды ұруға құқығыңыз жоқ. Сізді пышақпен шаншып алғанша, сіз мұны істей алмайсыз. Саяхатқа шыққанда немесе таксимен жүруді жоспарлағанда осындай жағдайларды есте ұстаған жөн», – дейді дүкен иесі. Оның айтуынша, бүгінде әр елдің түкпір-түкпірінен дүкеніне тапсырыс көп түседі. Қыздар оларды өздерін қорғау үшін алатыны рас. Бірақ осындай оқиғаға тап болған кезде таң қалып, қалай қолдануды білмей қалуы мүмкін. Сондықтан қалай қолдану керек екенін толықтай түсіндірді.
Оның айтуынша, бүгінде әр елдің түкпір-түкпірінен дүкеніне тапсырыс көп түседі. Қыздар оларды өздерін қорғау үшін алатыны рас. Бірақ осындай оқиғаға тап болған кезде таң қалып, қалай қолдануды білмей қалуы мүмкін. Сондықтан қалай қолдану керек екенін толықтай түсіндірді.
Қорытындылай келе, осындай оқиғалардың Қазақстанда жиі болуы, қысым көрсеткен жандарға жазаның жоқтығы қынжылтады. Заң жүзінде шара қабылданып, қыз балалардың көшеде еркін жүре алуы маңызды. Такси жүргізушілерін жұмысқа қабылданғандай, құжаттарымен алынуы қажет. Мәселеге немқұрайлы қарау дұрыс емес, себебі әр қыз баласы қорғауға лайық. Осы материал арқылы қоғамдағы мәселенің шет жағасын көрсетіп, оқырмандарымызға дұрыс ақпарат бердік деген ниеттеміз. Қыздардың қауіпсіздігі мемлекет үшін маңызды. Қоғамда «Тек қыз баласын тәрбиелеу керек» деген – қате түсінік, қоғам тек қыздардан құралмайды. Әрбір ер адам қыз баласын нәзік жан ретінде қарап, оларды құрметтесе, қоғамда мұндай мәселелер азаяды.
Add comment