7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Осыдан екі ай бұрын ерлер сыйлық іздеп сабылған болса, ендігі кезек әйелдерге келіп жетті. Әдетте қыздарға арнаған сыйлық түрі көп. Одан қала берді 8 наурыз жақындағанда әйел адам ақырын не керегін білдіре бастауы мүмкін. Бұл болса, «не алып беремін?» деп бас қатырмай, қалауына дөп түсіреді. Ал енді ерлерге келгенде сыйлық алу сәл қиындау. Ел арасында жуынуға және қырынуға арналған жинақ не жай ғана шұлық сыйлау туралы әзіл жиі айтылады. Әрине, сыйлық берген соң оның талғамға сай, қажетке жарайтынын, алған адамға ұнайтынын анықтап барып берген дұрыс. Осы орайда оқырмандарға бірнеше идея әрі көңілге қонымды кеңес ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Киім беремін десеңіз…
Айналамызда ер адам: әкеміз, бауырларымыз, сүйген адамымыз, досымыз не әріптесіміз. Әлеуметтік статусына қарай сыйлықтың түрі де түрленеді. Мысалы туғандарымызға қымбаттау алсақ, әріптестерімізге бекітілген соманы жинап, шағын ілтипат қана білдіруіміз мүмкін. Егер киім бергелі жатсаңыз, аса мұқият болыңыз. Өлшемі, түсі, стилі, материалы ол адамға ұнай ма? Қаншалықты сенімдісіз? Айталық, арнайы жазу жаздырылған футболка бергіңіз келді делік. Мұндайда ол киімнің алдағы уақытта киюге жарамды болуына мән беріңіз. Себебі оригинал жазуы болғанымен, сыртқа шыққанда кие алмайтын болса, ол сыйлық қаншалықты пайдалы бола алады? Ал енді белгілі бір брендтен киім алатын болсаңыз, тауардың чегін сақтап қойған жөн. Өйткені ол киім сыймай қалса не ұнамай қалса, 2 аптаның ішінде ауыстырып үлгеруін ескеру керек.
Жоғарыда айтқанымыздай, 8 наурызда қымбат сыйлық алса да, 7 мамырға келгенде шұлық беріп құтылатын қыздар қауымы деп қағытпа қалжыңға қосатындар бар. Егер шұлық беремін шешсеңіз, оны әдемі қорапқа салып ұсыныңыз. Бүгінде трендте жүрген түрлі шұлық бар. Егер ол адам заманауи әрі стильден хабары бар болса, авакадосы барын берсеңіз, қуанып қалары анық. Сондай-ақ, қазір шұлықтан букет жасап беру сәнде. Ол жерде де шұлықтың неше түрін алып, гүл секілді орайсыз. Өзіңіз қолдан істесеңіз де болады. Классика киіп жүретін жігіт болса, галстук беруге ұсынамыз.
Зергерлік бұйымдар
Әшекейді әйелдердің заты деп есептеудің өзі — сексизм. Өйткені біріншіден, зергерлік бұйымдардың ерлерге арналған түрі жетіп артылады. Екіншіден, талғаммен тағатын болса, ол ер адамға сән қоспаса, абыройын түсірмейді. Мойынға тағатын шынжыр алқа, тері білезік, жүзік сынды аксессуарлар алып берсеңіз болады. Одан бөлек, үнемі костюм киіп жүретін ерлерге жеңіне тағатын ілмек алсаңыз, қуанып қалады деп ойлаймыз.
Техника
Тұрмысымызды жеңілдететін техникаларды ойлап тапқандарға ерекше құрмет. Соның ішінде бойдақ ер адамға тұрмыстық техника берсеңіз, артық болмайды. Бастысы, ол заттың бар-жоғын анықтап алу ғана. Мысалы, трендтегі тауарлар ішінде робот-шаңсорғыш бар. Бағасы да қалтаңызға қарай әр түрлі. Кофе ішкенді жақсы көретін адамға, кофемашина — өте керемет вариант. Ал спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанатын болса, смузи мен гейнерін үйден істеп ішсін деген ниетпен блендер алып берсеңіз болады. Қалтадан қатты қаққағанымен, көпшілікке ұнайтын сыйлықтың ендігі бір түрі — ойын приставкасы. Sony Playstation, Nintendo Switch, Microsoft Xbox корпорацияларының өнімдері абсолют хит. Бір ескеретін жайт: күйеуіңізге не бауырларыңызға сыйлайтын болсаңыз, кейін сол ойыннан бас алмай, кей сөздеріңізді құлаққа ілмей қалуы мүмкін екенін есте ұстаңыз. Ойын — азарт. Үйінде плейстейшні бар әйелдердің жанайқайы осындай.
Гаджеттер
Бұл категория қазір өте өзекті. Себебі қай-қайсымыз болсын гаджетке «байланғанбыз». Жақындармен байланыс, жұмыс, қызығушылық, демалыс — бәрі осында. Әрі бұл санатта сыйлықтың сан түрі бар. Мысалы жұмыста компьютерге үңіліп отыратын адам болса, оған пайдалы аксессуар берсеңіз болады. Мысалы алмалы-салмалы қатқыл диск артық болмас. Немесе бір уақытта бірнеше USB-құрылғыны қосуға мүмкіндік беретін USB-hab та — әдемі нұсқа. Сапалы, дизайны әдемі құлаққап берсеңіз, қалай қуанбайды? Ойынды жақсы көретін болса, арнайы тінтуір сыйлаңыз. Үнемі ыстық шай ішіп жүрсін десеңіз, саптыаяқты USB арқылы қыздыратын жылытқыш алсаңыз болады. Табиғатқа жиі шығатын ерлерге сусындарды сақтауға арналған USB-тоңазытқыш — оригинал сыйлықтың бірі. Жұмыс істеп отырып тамақ жейтін әріптесіңізге пернетақта тазалайтын шаңсорғыш алып беріңіз. Ноутбук тез қызып кететіні белгілі. Сондықтан жақыныңызды ойласаңыз, салқындатып тұратын арнайы құрылғы алсаңыз дұрыс болады.
Автокөлік аксессуарлары
Кім болса да астындағы темір тұлпарын жақсы көреді. Соған жағдай жасап, жуып-тазалап, қосымша заттар алып жүреміз. Сондықтан көлігі бар ер адамға сыйлық бергенде аксессуар берсеңіз, қателеспейсіз. Бастысы, ол заттың онда жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Мысалы, GPS-навигатор; сигнализация, автокөлікке арналған қуаттағыш, орындыққа арналған чехол және т.б. Қазір көліктің отырғышына тыстың дайынын сатып алмай, арнайы жаздыру сәнде.
Спорт жабдықтары
Спортпен шұғылданатындарға да, дос бола алмай жүргендерге де спорттық жабдық берген артық болмас. Егер осы күнге дейін қолға алмай жүрсе, бәлкім сіздің сыйлығыңыздан кейін құлшынысы оянып кетер. Кір тастары, гантельдер, белтемір, үйде жүгіруге арналған жолақ және т.б. Протеин не гейнер берсеңіз де қуана-қуана ішетін болар. Болмаса, спорттық дүкеннен сертификат сыйлаңыз. Сөйтіп өзіне керегін алады. Өлшемі мен талғамын дәл табатыныңызға сенімді болсаңыз, спорттық киім, кроссовка алуға болады. Жаттығу залына бірнеше айға абонемент алыңыз. Ескеретін жайт: тарифін таңдағанда ол адамның жұмыс кестесі, үйінің мекенжайы сәйкес келуі керек. Әйтпесе, сыйлығыңыз «күйіп» кетеді.
Ерекше демалыс
Күнделікті күйбеңнен көңіл аулансын десеңіз, парашютпен секіруге сертификат беріп көріңіз. Егер балыққа жиі баратын болса, балықшыға арналған аксессуарлар алып беруге болады. Туристік шатыр, далада ұйықтауға арналған көрпе қап, термосты да бір нұсқа ретінде қарастырып көріңіз.
Add comment