Қайта жоспарлау және қайта жабдықтау деген не?

Ең алдымен осы екі түсінікті ажыратып алайық. Қайта жоспарлау дегеніміз — пәтердің техникалық паспортына өзгеріс енгізу. Айталық, есікті басқа жерден шығарып немесе дәретхана мен жуынатын жерді біріктіруіңіз мүмкін. Әу бастағы техникалық паспорттағы жоспармен салыстырғанда қазір пәтеріңіз басқаша. Бастысы – қайта жоспарлаған кезде әр бөлме бұрын қандай болса, солай қалады. Ұйықтайтын бөлмеде бұрынғысынша адамдар жатады, тамақ істелген жерде — тамақ істеледі. Ал енді кейде асүйді бөлек бөлме қылып, кіреберіс пен қонақ бөлмені біріктіретіндер болады. Үй-жайдың функционал мақсатын толықтай не ішінара ауыстыратын болса, ол — қайта жабдықтау.

Қайта жоспарлаудан ерекшелігі сол — бұрын тамақ істелген жерде қазір адам ұйықтайды. Кезінде кең кіреберіс болған жер қазір залмен біріктіріліп, су жүргізіліп, асүйге айналған болуы мүмкін. 

Түбегейлі тыйым салынған өзгерістер

Үй сіздікі болғанымен, оның ішін оңды-солды өзгерте беруге болады деп ойламаңыз. Себебі сіздің көңіл қалауыңыздың өзгеге кесірі тиіп кетуі мүмкін. Мұндай келеңсіздікке тап болмас үшін заңды жақсырақ біліп алған дұрыс. Осы ретте заңда түбегейлі тыйым салынған өзгерістерге тоқталсақ. 

Қайта жоспарлауға рұқсат беру рәсімдерінен өту тәртібі ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген, Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту Қағидаларымен реттеледі.

Сонымен не істеуге болмайды:

  • тірек қабырғаларды бұзуға не жұқартуға;
  • жуынатын бөлме мен дәретхананы төмендегі көршілердің асүйі не басқа бөлмесінің үстіне ауыстыруға;
  • барлық үйге ортақ коммуникацияларды (вентилляциялық каналдар, жылу немесе сумен қамтуға арналған тіреушелеріне демонтаж жасауға;
  • балконды пәтерге қосуға және орталық жылуды балконға орнатуға;
  • жертөленің немесе шатырдың бөлігін пәтерге қосуға;
  • егер бетон тұтастырғыш құюға арналмаған үй болса, бетоннан төсеуге;
  • орталық жылу жүйесі есебінен едендерді жылытуға;
  • пәтерлер арасындағы қабырғаларға демонтаж жүргізуге болмайды.

 

Рұқсат алмастан жасауға болатын жұмыстар

Бәріне бірдей тиісті мекеменің рұқсатын алу керек деген де пікір жаңсақ. Себебі арнайы рұқсат алмастан жасауға болатын жұмыстар легі де бар. Мысалы:

  • терезелер мен есіктерді ауыстыру;
  • коммуникацияларды жауып тұратын қорап орнату;
  • купе-есік, жеңіл материалдан жасалған арақабырғаларды орнату;
  • жылу радиаторларын ауыстыру;
  • тұсқағаз жабыстыру, қабырғаны бояуға болады.

Істеуге болатын, бірақ тіркеу керек жұмыстар

  • Тұрғын жайдың аумағын кіреберіс бөлмелер, біріктірілген әжетхана есебінен ұлғайту;
  • Электрленген асүй мен тұрғын жайды біріктіру;
  • Бөлмелердің конфигурациясын өзгерту үшін тірек емес қабырғаларды жылжыту. Бірақ бұл ретте ескеру керек жайт: қайсыбір бөлмелерді терезесіз не жылу радиаторларынсыз қалдыруға тыйым салынады;
  • Дәліз бен бөлмені жалғау;
  • Балконға әйнек орнату;
  • Кондиционер, спутниктік құрылғы орнату;
  • Біріктірілген әжетханаға кіретін есікті асүйден басқа бөлмелерге ауыстыруға болады.

Қайта жоспарлау алгоритмі

Ол үшін Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына тиісті өтініш жолдау керек. Оған қоса мына құжаттарды өткізесіз:

  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • қайта жоспарланатын ғимаратқа иелік ететінін дәлелдейтін, сәйкестендіру құжаттары;
  • егер қайта жоспарланатын пәтердің иесі емес, басқа адам өтініш қалдыратын болса, сенімхаттың көшірмесін қоса жолдау қажет. Сонымен бірге қалай жоспарлайтыныңызды көрсететін эскизді сұрауы да мүмкін. Осыларды тапсырған соң, шамамен 2 апта ішінде шешім шығып, рұқсат берілетіні не берілмейтіні белгілі болады.
  • одан соң, жобалау тапсырмасын жасау керек;
  • жергілікті ХҚКО-ға барып, ол жерден сәулеттік-жобалау тапсырмасын аласыз;
  • жобасын жасап, сәулет органдарының келісімін алу керек;
  • қажет құрылыс жұмыстарын жүргізесіз; 
  • жаңа техникалық паспорт жасатасыз;
  • меншік иесінің өзі істеген қайта жоспарлау құрылысы аяқталғанын, пайдалануға беру туралы акт жасату қажет.

Қайта жоспарлау заңсыз жасалса не болады?

Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 322-бабына сәйкес, қайта жоспарлау заңсыз істелген жағдайда айыппұл салынады. Атап айтқанда:

  • жеке тұлғаларға 30 АЕК — 91 890 теңге (2022 жылы 1 АЕК 3 063 теңге болып бекітілді);
  • шағын кәсіпкерліктер мен коммерциялық емес ұйымдарға 90 АЕК — 275 670 теңге;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК — 459 450 теңге;
  • ірі кәсіпкерлік иелеріне 300 АЕК — 918 900 теңге.

Сонымен бірге ғимараттың құлауына кесірі тиген не тиюі мүмкін болған заңсыз қайта жоспарлау жасалса, 80, 180, 250 және 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Заңсыз қайта жоспарлау жасалғанын қалай біліп қояды?

Әрине, әркімнің үйіне кіріп, техпаспорттағы схемамен салыстырып, қарап жүрмейтіні анық. Дегенмен рұқсатсыз жасалған жұмыстардың жария болып қалатын кездері аз емес. Мысалы, көршіңіз көріп қалып, бақылаушы органдарға шағым түсіруі мүмкін. Болмаса, электрик, сантехник және басқарушы компанияның өзге де қызметкерін үйге шақырғанда өзгерістерді көріп, қайта жоспарлау жасалғанын түртіп алып, тексеріс жасауы ғажап емес.

Маманнан кеңестер

Нұр-Сұлтандағы Реконструкциялауға рұқсат құжаттарын беру, қала құрылысы кадастры және пайдалануға берілген объектілерді, үлестік қатысу шарттарын есепке алу бөлімінің басшысы Руслан Ерғалиұлына хабарласып, қайта жоспарлау жұмысын ойға алғандарға қажет кеңестер сұраған едік.

Оның айтуынша, ең алдымен заң аясында рұқсат алып, содан кейін ғана жұмыстарға көшкен жөн. Олай болмаса, жағымсыз жайттар болуы мүмкін.

«Техникалық және авторлық бақылаусыз қайта жоспарлау жасалса, қауіпсіздік тұрғысынан кей сәтті аңғармауы мүмкін. Негізгі тіреуіш қабырғаларды жылжытатын болса, түгел тұрғын үй тұрғындарының басын қатерге тігеді. Сонымен қатар инженерлік бөлікті ауыстырғанда есептеу жағы дұрыс жасалмаса, сол тұрғын үйдегі түгел жылу, су құбырларына кері әсер береді. Санитария және гигиена тұрғысынан да ескеретін дүниелер бар. Мысалы, белгілі бір бөлмелердің тек бір жерде орналасуы керек деген сияқты талаптарды білу қажет. Тұрғын үй аумағының да өз нормасы болады. Жобалаушы адам соның бәрін ескеруге міндетті. Әрі қайта жоспарлауды өздігімен, алдын ала рұқсат алмай істесе, болашақта оны заңдастыру қиындайды. Сондықтан бірінші кезекте рұқсат алған жөн», – дейді Руслан Жақыпов.  

Есте ұстайтын жайт: заң шеңберінде тыйым салынбаған болса, пәтерді қалауыңызға қарай өзгертуге болатынын білдік. Бірақ ол үшін тиісті органмен бірлесіп жұмыс істеген абзал. Олай болмаған жағдайда заңдастыру, ол пәтерді кейін сату қиындайды.