Кәсіпкер ағылшын тіліне сұраныстың не себепті жоғары екенін және орталықтар неге ұзаққа бармайтынын айтып берді. Кәсібінде қандай жүйелерді пайдаланатынын сұрадық. Бизнесінің айлық кірісін де жасырмады.

Ағылшынша үйрететін орталықтар не себепті сұраныстан түспейді?

Мұның екі себебі бар:

  1. Мектепте ағылшын тілі нашар үйретіледі. Соның кесірінен тіл үйрететін курс та көп. Университетте оқитын студент тіл білсе, жақсы жұмысқа тұратынын, шетелде оқи алатынын түсініп, жанталасып орталыққа жазылады. Мектепте тілді жақсы оқытпайтынын білетін ата-ана да баласын тіл курстарына апарады.
  2. Бизнес ашуға керек алғашқы шама, орысша айтқанда «входной порог» төмен. Мысалы, тауар бизнесімен айналыстындар тауар сатып алуға, оны сақтауға, сататын орынды жалға алуға ақша жұмсайды. Біздікі алып сату бизнесі болмағандықтан, көп сома кетпейді.

Мектепте тіл үйрету деңгейі 50-60%-ке жақсарған кезде ғана тіл курсына сұраныс азаятын шығар. Ал қазір бұл салада бәсеке жоғары. Бір жолы 2Gis компаниясы Алматыдағы ағылшын тілін үйрететін мектептердің статистикасын алып келді. Ресми дерек бойынша, тіркелген 885 орталық бар. Тіркелмегені, онлайн істеп жатқаны қаншама.

Олай болса, мектебіңіздің 5 жылдан бері істеп келе жатқаны ненің арқасы?

Оның себебі өнімімнің сапасында деп ойлаймын. Біріншіден, британ ағылшын тілін үйретеміз. Екіншіден, о бастағы «ағылшын тілін қолжетімді бағаға үйретеміз» деген миссиямыздан айнымадық. Speeking Club-қа қатысу тегін, оқу материалдарының электрон нұсқасы тегін беріледі. Үшіншіден, оқушыларымызды шетел университеттеріне жіберуге қатысты жобалар ұйымдастырамыз.

Басты шарт – бағасы қолжетімді болуы керек. Мысалы, 2020 жылы оқушыларды Малайзия университетіне жібермек болдық. Бір ай оқу, ұшу ақысы $600 ғана болды. Карантинге байланысты жоба кейінге шегерілді.

Солай бола тұра, тіл курстары ұзақ уақыт жасай бермейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Оныңыз рас. Көп уақыттан кейін көрген таныстарым «жабылып қалған жоқсыңдар ма?» деп сұрайды.

Бұл курсқа келетін адамдарға байланысты. Тілді тұрақты түрде ұзақ уақыт оқитындар аз. Көбі «үйрену керек еді» деп бір-екі сабақтан соң келмей қалады.

Бәрін клиенттерге жаба салуға да болмайды. Мектептің оқушыларына беретіні құнды болса, клиент, кем дегенде, жарты жыл қатысады. Басқа адамдарға да курс туралы айтып, таратады. Оның үстіне, арнайы бизнес жүйелерімен жұмыс істеу керек.

Бизнесте CRM жүйелерін пайдаланасыз. Олардың қандай тиімділігі бар?

CRM (клиент, қарым-қатынас, басқару) жүйесі – компаниялар жұмысының тиімділігін, соның ішінде сатылымын ұлғайтуға арналған платформа. Біздің компанияға жіберілген өтінімнің, әлеуметтік желіде жазылған пікірдің және тағы басқа майда-шүйденің бәрі осы CRM-ге түседі. Қызығушылық танытқандардың аты-жөні мен телефон нөмірі көрініп тұрады.

Біз Ресейдің Amo CRM деген жүйесін пайдаланмыз. Бұл платформа өнімді сатуға екпін қояды.

Сатудың бірнеше кезеңі бар, кезең бойынша әрекетті жүйеге өзіміз енгіземіз. Мысалы, бір клиент бойынша әрекетті қарастырсақ, бір кезеңде «клиент байқау сабағына жазылды» деп шығады. Одан кейінгісінде «клиент байқау сабағына кірді», «шешім қабылдап жатыр», «сәтті жүзеге асты» немесе «жүзеге аспады, жабылды» деген сияқты әрекеттер көрсетіледі. Жалпы, бизнесті бір жүйеден басқарып отырасың.

Қырғызстанның IT компаниясы әзірлеген Codify CRM деген жүйені де қолданамыз. Бұл платформаны ішкі процесті автоматтандыру үшін жасаттық. Жалпы, маркетингіге, бизнес әрекеттеріне, қаржы жағына қатысты құрал өте көп. Біз өзімізге керегін қолданып жүрміз.

Бизнесті қалай аштыңыз? Кәсіптің не себепті осы түрін таңдадыңыз?

Бір голландиялық компанияда инженер болып жүргенмін. Еңбек демалысынан оралдым, жұмысқа құлшынысым болмады. Лайық боп, басшылықпен келіспей қалдым. Соның бәрі бір сәтте тоғысып, эмоциялық тұрғыда шаршадым. Біреуге бағынышты боп жұмыс істегенше, жеке кәсіп бастау керек деген ой келді.

Ағылшын тілін үйрететін мектепті таңдауымның екі себебі бар:

  1. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай бизнеске “входной порог” құюдың қажеті жоқ.
  2. Бойымда коммуникация жасайтын, ұйымдастыра алатын, былайша айтқанда дипломаттың қабілеті бар. Бұл қабілетті адамдармен қарым-қатынас орнатуды қажет ететін бизнесте қолдану керек.

Тіл үйрететін мектеп ашуды өзімнің жағдайым бойынша қадам-қадаммен айтайын.

  • Орынды жалға алу. Коммуникация жасау қабілетінің арқасында сабақ өтетін аудиторияның жалақысын 2 есе түсірттім. 80 мың теңге деп тұрған орынды алғашқы 2 ай 40 мың теңгеден төлеуге келістік. Оған қоса, орын иесін бұл соманы тек 2 аптадан соң беремін деп көндірдім.

Ол кезде жалға беру ақысын шынымен төлей алмадым. Қалтамдағы бар ақшам – 20 мың теңге. Демалыстан келгенмін, қалтаның түбі көрініп қалған.

  • Жиһаз. Аудиторияның қоймасында ескілеу орындықтар бар екен. Оларды тазалап сүрттім. 12 мың теңгеге қолданылған төрт парта сатып алдым. Оларды артып әкелуге таксиге ақша болмай, досым екеуміз жаяу тасыдық. «Барахолкаға» барып, 5 мың теңгеге тақта сатып алдым. 1-2 мың теңге қалған, оған курстың жарнамасын шығардым.
  • Оқытушы. Басында тек бір мұғалім болды. Әңгімелесу кезінде енді басталған бизнес екенін айтып істің басын ашып алдық. Ай соңында әр студенттен 40% беруге келістім.
  • Жарнама. Досым екеуіміз жарнама парақтарын күнде кешке подъездерге жабыстырып жүрдік. Бірақ ешкім хабарласпады. Сөйтсем, майда шрифтілерді ешкім оқымайды екен. Бұл саланы жақсы білетін бір досымның кеңесін тыңдадым. Үлкен шрифтімен «Ағылшын тілі курсы» деп жазып, нөмірімді қалдырдым. Содан бастап қоңырау шалатындар көбейді.

Әлгі аудиторияның жалға беру ақысын келген студенттердің ақшасынан төледім. 2 аптада 15-ке жуық студент жазылды, айына 9 600 теңге еді.

Сөйтіп мектепті 2017 жылғы 1 қазанда аштым. Қазір командамызда 25 адам жұмыс істейді, оның 17-сі – мұғалім. Үш мұғалім – ағылшын тілінде сөйлейтін шетел азаматтары. 350-ден астам оқушы бар. Пандемияға байланысты қазір көбі онлайн оқиды.

  • Бизнес құралдары. Бизнесті жүргізе келе түрлі құралдарды пайдалану керек болады. Бірақ кәсіпкер бұл жағынан қам жемесін. IT компаниялары өнімін ұсынып, сізді өзі тауып алады.

Мектеп ашудағы басты идеяның бірі мынау еді: Елімізде сала басшылығын біліктілігі сай келмейтін адамдар алып жүр. Олардың креслосына ертең бүгінгі студенттер, оқушылар жайғасады. Жастар қазірден бастап шетелге шығып, ол жақтың түсінігін, мәдениетін, мүмкіндіктерін көргені дұрыс. Сол кезде ертеңгі қызметінде ардан аттамайтын шығар деп үміттенемін.

Карантинде шығынға ұшырап қалмадыңыздар ма?

Карантин алдында кірісімізді екі есе өсірдік. Түскен пайданы аудиторияларды жөндеуге, олардың санын көбейтуге, жиһаздар алуға салдық. Ал карантин жарияланғанда оның бәрі керексіз боп қалды. Аудиторияларды қолданбасақ та, 3 айдың жалға беру ақысын төлеу қажет. Оған қоса, қызметкерлердің айлығын беру керек. Сөйтіп, 4 миллион теңгеден аса шығынға баттым.

2020 жылғы жаз. Ол кезде онға жуық адамға айлық төлеймін, соның өзі 1,5 миллион теңгедей болады. Қызметкерлерге айлық беретін күн келді. Қалтамда тек 5 мың теңге бар. Олардан айлықты 1,5-2 апта күте тұруын сұрадым. Көбі келісті, келіспегендері жұмыстан кетті. Жалақыны максимал кешіктіргенім – 1 ай.

Сол кезде еңсем қатты түсті, бірақ бизнесті тастағанда қайда барамын? Бизнеске қанша уақытым, энергиям кетті, ендеше тоқтамау керек.

Аудиториялардың жалдау ақысын төлемегендіктен, бізді орталыққа кіргізбей қойды. Админстратормен бірге бір досымның кішкентай кабинетіне көштік. Сәтін салып, бір компаниядан корпоративтік білім алуға өтінім түсті. Алдыңғы 3 айлық жалға беру ақысының 70%-ін солар төлеген ақшамен жауып алдық.

Курс ақысы қанша теңге?

Бір айда 1 сағаттан 12 сабақ өтеді. Оқушы оның біреуіне келмеуіне болады. Курстың айлық ақысы топтағы адам санына қарай өзгереді:

  • 3-8 адам бар топта (үлкен топ) оқу ақысы – 21 мың теңге, шетел мұғалімі өтсе, 36 мың теңге;
  • екі адамдық топта (кіші топ) оқу ақысы – 36 мың теңге, шетел мұғалімі өтсе, 48 мың теңге;
  • жеке адам оқыса, 54 мың теңге, шетел мұғалімі оқытса, 72 мың теңге.

Мұғалімдерді қалай таңдайсыз және оларға қалай төлейсіз?

Барлық мұғалімнің педагогика саласында дипломы, сабақ беруге қатысты, кем дегенде, үш сетрификаты болуы қажет. Ағылшын тілін үйретіп жүргеніне, кемінде, бір жыл толуға тиіс. Шетелде, кем дегенде, бір ай тағылымдамадан өткен болуға тиіс.

Ағылшын тілінде сөйлейтін мұғалімдердің TESOL, TEFL сияқты ағылшын тілін шет тілі ретінде оқытатынын растайтын халықаралық сертификаты бар.

Мұғалімнің айлығы бұрыннан істейтін, сағатына алатын, процентке, бонусқа істейтін және тағы басқа бойынша төленеді.

Бизнесіңіз ай сайын қандай кіріс әкеліп отыр?

Оқушылар көптеп келетін және олардың саны азаятын маусым болады. Соларды қосып, орташа есебін шығарғанда бір айда айналымда 5-6 миллион теңге жүреді. Бұдан қызметкерлердің айлығын, олардың әлеуметтік пакетін, бизнес орнының жалға беру ақысын, салықты алып қаламыз. Кірістің 30%-і – табыс, оның ішінен бизнестің болашағы үшін инвестицияға құятын қаржыны ұстаймыз. Оған қоса, бизнесменнің қалтасына кететін ақша бөлек болады және оның көлемі әр кезде әрқалай.