Жылауға ұялмаңыз! Еркек болсаңыз да…

Қазаны қабылдау процесі төрт кезеңге созылады. Бірінші кезең – шок күйге түсу.

Кісі өлімін естігенде адамдар «Жоқ, олай болуы мүмкін емес» деп қазаны жоққа шығаруға тырысады. Бұл – «жоққа шығару» атты қорғаныш механизмінің іске қосылғанының белгісі.

Ол бірнеше минуттан бірнеше аптаға дейін созылады. Өмірдің астаң-кестеңі шығып жатқандай күйге түсіреді. Осы сәттегі «жоқ» деген сөз жанға демеу сыйлап, қайғыны жеңілдетеді. Оны 100 рет айтсаңыз да, ештеңке етпейді. Сіз бар болғаны қатты қорқып тұрсыз.

Екінші кезең – ашулану, әділетсіздікті бастан кешіргендей күйге түсу.

«Құдай, оны алып кететіндей саған не жамандық жасадым?!», «Неге бұлай қинадың мені?!», «Қалай ғана мені тастап кеттің?!» сияқты ауыр сөздер айтылуы мүмкін. Бұл кезде психикаңыз бар болғаны қорқыныш ұялатқан сезімдерден арылғысы келіп тұр – өзгені кінәлау сезімі де қалыпты, жан жараны жеңілдетуге тырысудың жолы.

Осы кезеңде денсаулық сыр беріп, көп адам дәрінің көмегіне жүгінеді. Ұйқысыздық мазалап, міндетті түрде жанында адам отырғанда ғана ұйықтай алатындай күйге жетеді. Марқұм көз алдына елестеп, онымен тілдеседі – есінен алжасты деуге асықпаңыз. Себебі бұл – психиканың марқұм тірі болған кезге немесе жөргекте жатқан шаққа дейін регрессия жасауы.

Үшінші кезең – қазаны қабылдай бастау.

Бұл кезеңде адам депрессияға шалдығып, жалғыздықпен бетпе-бет қалғандай күй кешеді. Марқұмның енді қайтып оралмайтынын мойындағанымен, күнделікті өмірге оралуға дайын болмайды. Қасындағылардан жырақтап, жалғыз қалудың амалын іздейді. Жалғыздыққа құштарлықтың ұзаққа созылмағаны жақсы.

Төртінші кезең оралу.

Адам қалыпты өмірге оралып, әрі қарай өмір сүре бастайды. Жаныңызды жегідей жеген қайғы-мұңыңызды жақындарыңызбен бөлісуден ұялмаңыз. Әсіресе, алғашқы 40 күн, алғашқы 1 жыл өте қиын.

Ата-анасымен эмоциялық байланыс болмаған адам мұндайда көзінен жас шығара алмауы мүмкін. Бірақ іштегі жағымсыз эмоция сыртқа шықпайынша, құдды улы капсула сияқты жанда сақталады. Уақыт өте келе еріп, жанды бұрынғысынан бетер ауыртады. Ал сана деңгейінде өңделмеген жан ауруы тәнге қарай ығысады. Сондай-ақ жылап жоқтау арқылы адам психикасындағы марқұмның егіз образынан сепарацияланып, өзінің либидосын қайтарады. Ал қайтарып алған либидо әрі қарай дами түсуге жол ашады.

«Ұрлық: не сен бересің, не өзім барып аламын»

Бала мен жасөспірімнің кез келген қылмысы үшін заң алдында ата-анасы жауап беретіні сөзсіз. Ал ұрлық жасаудың психологиялық аспектілерін қарастыратын болсақ – негізгі үш себепті атап көрсетуге болады.

1. «Менің жанымның қалай ауыратынын өзің сезініп көр». Балаңыздың ұрлық жасау сияқты әрекеті жаныңызға жара салған болса, өзіңіздің орныңызға балаңызды, керісінше оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Бұл ұрлықты балаңыздың сізді жек көргендіктен емес, бірнәрсе жанына қатты батқандықтан жасағанын түсінуге көмектеседі.

Ойыңызда артқа шегініп, балаңыздың жанына қашан жара салғаныңызды ойлап көріңіз. Әрекетіңіз үшін жауапкершілік алып, кешірім сұрау, жай ғана өміріңізде бар болғаны үшін көңіл мен махаббат бөлу барлығын қалпына келтіреді. Көптеген ерлі-зайыпты «Бастысы – баламды ұрып-соғып, ұрсып жатқан жоқпын» деп перзенттерінің көзінше жанжалдасып, қол жұмсауға дейін барады. Осындайда балаға ауырып қалу, теріс әрекеттер жасау ата-ананы табыстырудың жолы сияқты көрінеді.

2. Баланың жеке шекарасын сыйламау – сепарация-индивидуация кезеңіндегі қиындықтар. Нәресте бірнеше психожыныстық даму сатысынан өтеді. Алғашқылары: аутистік фаза – шақалақ жер бетіне шыр етіп түскен сәттен бастап алдағы 4-5 апта, симбиоз фазасы – 1,5 айдан бастап 5 айға дейінгі кезең, сепарация-индивидуация фазасы – келесі 5-30 ай аралығы.

Аутистік кезеңде нәресте айналасында не болып жатқанын түсінбей хаоста өмір сүрсе, симбиоз фазасында оның анасымен эмоциялық байланыс орнату қабілеті көрініс табады. Алдағы өмірде адамдармен қарым-қатынасты қалай құратыны дәл осы екі кезеңнің сапалы өтуіне байланысты. Аталған екі фазада анасы перзентін махаббатына тұншықтырмай немесе керісінше ұзақ уақытқа басқа біреуге тастап кетпей, базалық қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырса, онда нәресте келесі сепарация-индивидуация фазасына өтуге дайын болады.

Ал сепарация-индивидуация фазасы үй тұрғызу үшін жер таңдағанмен бірдей. Себебі, осы үш фаза нәрестенің тұлғалық құрылымының қандай болатынын анықтайды. Ал керісінше қандай да бір травма алатын болса, бұл үйді көлдің немесе құмның үстіне салғанмен бірдей.

Бұл фаза алдыңғы екеуіне қарағанда күрделірек. Маргарет Малер оны бес субфазаға бөліп қарастырады. Субфазалардың алдындағы кезеңде нәресте анасымен симбиоздық қарым-қатынастан ләззат алса, ол әрі қарай қоршаған ортаны танып-білуге ұмтылады. Ішкі тұрақты «мені», ең бастысы, өзінің тәні туралы басында образ қалыптасады, денесінің шекарасы барын сезінеді. Дәлірек шекараның бар екенін сездіретін үшінші объект – әке. Дәл осы кезеңде ана да, әке де баланың жеке шекарасын сыйласа, қалауымен санасса, бұл ересек шақта өзгенің ала жібін аттамауға көмектеседі.

3.  Қатал тәрбие. Кей ер адам ұлын да, қызын да ұрып тәрбиелейтінін мақтан тұтады. Кейін өскенде өзін қорғай алады деп ойлайды. Бірақ керісінше балаға әлем әкесі сияқты әділетсіз, қауіп төндіруші болып көрінеді. Психолог Эрик Берн өзінің «Адамдар ойнайтын» ойын кітабында әр индивидтің психикасында «ата-ана», «ересек», «бала» өмір сүретінін айтады.

«Ересек» – адамның «мені»: қай кезде ата-анаға айналып тыйым салу керегін, қай кезде «балаша» қалауын орындауына рұқсат беретінін реттеп отырады, қоғаммен санасады. Алайда отбасында қатал тәрбие болса, психиканың «ересек» бөлігі «сөніп», «ата-ана» мен «бала» арасында конфликт басталады. «Бала» ар-ұят шеңберінен шығып, бар қалағанын жасайды. Осылайша «ата-анаға» төтеп беремін деп ойлайды.

Сондай әрекеттердің бірі – ұрлық жасау. Балаға қол жұмсау оның болашағына балта шапқанмен бірдей. Бала ұрлығының емі – махаббат, әке мен ананың өз қателігін мойындап, кешірім сұрауы, жұмсақ және әділетті болу.

Жағымсыз ақпараттар легі

1990-жылдары нейробиологтар адам миының қарым-қатынас кезінде өзгеріске ұшырайтынын анықтады. Бұған дейін «әлеуметтік ми» туралы мүлдем айтылмайтын. Көп ұзамай жануарларға жасалған және визуализация процесінің күрделі түрін бақылау нәтижесінде жүйке дәрігерлері бала күнгі тәжірибенің мидағы нейрондар арасында химиялық байланыс болып орнығатынын дәлелдеді.

Әсіресе, адам жанына ауыр тиетін оқиғаларға негізделген сезімдер күрделі байланыс құрады. Химиялық заттардың бұдан да тығыз түрі нейромедиатрлар арқылы өтеді. Адам ауыр тиген оқиғадан алған сезімге ұқсас сезімді бастан өткергенде осы нейромедиатрлар арасындағы байланыс нығая түседі. Ұқсас конфликт болған кезде мидағы сол байланыс қайта жанданып, адамды бұрын басынан өткерген ситуацияға алып келеді. Ал терапия, яғни басқаша әрекет ету ми байланыстарын ақырындап істен шығарып жаңасын түзеді.

Мысалы, көз алдыңызға ауылға апаратын ойық жолдарды елестетіп көріңізші. Жаңа тегіс жол салынса, біз жаңа жолмен жүреміз. Ал егер байқамай көлігімізді ескі жолға бұрған болсақ, бірден оның тиімсіз екені еске түсіп, жаңа жолға қайта ораламыз. Күнделікті жаңалықтар да осы мидағы байланыстардың түзілуіне, нығаюына әсер етеді. Сол себепті қай толқында өмір сүретініңізді тек өзіңіз таңдайсыз.